«СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ» соғылмаған жыл…
28.05.2024
111
0

Оқу жылы аяқталды. Еліміздің барлық мектептерінде сабақ аяқталып, жазғы демалыс маусымы басталмақ. Дерек бойынша, биыл ел мектептерінде 3,8 млн оқушы білім алып, оқуын аяқтап отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты 374 мың бала, ал негізгі мектепті 341 мың оқушы бітірсе, 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшпақ.

Биылғы оқу жылы да өзіндік ерекшелігімен есте қалып отыр. Оның ішінде білім беру саласының тарихында алғаш рет қазақ тілін меңгеру бойынша аралық емтихан тапсыру міндеті енгізілді.
– Биыл алғаш рет 5-8, 10-сыныптарда қазақ тілін меңгеруді бағалау мақсатында қазақ тілінде және басқа тілде оқытатын мектептердің білім алушылары үшін аралық емтихандар өткізіледі. Жалпы, оқу жылын «Білімім – Отаныма» ат­ты бірыңғай сынып сағат­тарын өткізумен аяқтау жоспарланды. Сонымен қатар, мектеп түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» ат­ты салтанат­ты іс-шара 25-мамырда өтеді. Келесі кезекте оқушыларды қорытынды емтихан сынақтары күтеді. 9 және 11-сыныпты бітірушілердің қорытынды емтихандары 29-мамыр – 1- маусым аралығына белгіленді. Бұл қорытынды ат­тестат­тауды 9-сыныптың 341 мың оқушысы тапсырады. Ал 11-сыныпты 186 мың оқушы аяқтады. Оның ішінде, 7 704 бала «Алтын белгіден» үміткер, – дейді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Өкінішке қарай, биыл еліміздің бірқатар өңіріндегі мектептерде соңғы қоңырау үні естілмей қалды. Төтенше жағдай салдарынан Атырау, Ақтөбе және Солтүстік Қазақ­стан облыстарындағы білім ордаларының 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылған. Атап айт­қанда, Атырау облысындағы 3 мектептің 1531 оқушысы, Ақтөбе облысындағы 9 мектептің 1296 оқушысы, Солтүстік Қазақ­стан облысындағы 5 мектептің 754 оқушысы мектепті жылдық баға негізінде аяқтады. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде қашықтан оқыған 2622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31-мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылмақ. Мұндағы мақсат – оқушының білім алуы барысында кез­дескен себепті олқылықтардың орынын толтыру болып отыр.
Сөз орайы келгенде, төтенше жағдайдан зардап шеккен аймақ тұрғындарының мәселесіне мемлекет барынша назар аударып отырғанын қайталап айт­қанымыз жөн. Әсіресе осы өңірлердегі балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бірінші кезекте жолға қойылған. Бүгінге дейін 614 бала демалыспен қамтылса, тағы 628 бала түрлі демалыс лагерлерінде жүр. Алдағы уақыт­та 3 883 балаға сауықтыру орталықтарына жолдама берілмек.
Жалпы, оқу жылының аяқталуы мектептердегі білім берудің қорытындысы ғана емес, білімге құштар ұрпақтың болашаққа деген көзқарасы мен таңдауына қатысты ұстанымдарды екшейтін кезең де болса керек. Деректерге ден қойсақ, биыл негізгі білімге сусындаған оқушылардың арасында жаратылыстану-математикалық бағыт­та ізденушілердің қатары көбейгені байқалады. Оқушылардың білім дәрежесін анықтайтын түрлі олимпиадалардың қорытындысы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы көш бастап тұр екен. Мысалы, NIS пәндік олимпиадалар бойынша биыл да үздік команда жасақтаған білім ордасы санатынан түспеді. Жалпы білім беретін пәндерден өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» құрамасы «Үздік олимпиадалық команда – 2024» номинациясында топ жарып, Гран-приге ие болды. Бұл байқауда NIS оқушылары әртүрлі үлгідегі 89 медаль жеңіп алған. Сондай-ақ, биыл зияткерлік мектептің командасы алғаш рет қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша да үздік деп танылған екен.
Айтпақшы, биыл қазақ балалары­ның арасынан тұрғыш рет халықаралық «Scopus» базасында мақаласы жарық көрген оқушы анықталды. Ол – Қызылордадағы Назарбаев Зият­кер­лік мектебінің 11-сынып оқушысы Алдияр Аппаз. Алдиярдың «Изовалериан қышқылының моноглицеридтер синтезін мик­ротолқынды белсендіру және оның микробқа қарсы белсенділігі» тақырыбындағы зерт­теуі «Scopus» дерекқор жүйесіне енетін «Bulgarian Chemical Communications» журналында жарияланды. Мақала жарық көргеннен кейін әлемнің ғалымдары қазақ баласының ғылымға деген құштарлығына сүйсініп, байланысқа шыққан көрінеді.
Әрине, өткен оқу жылында ғы­лыми-шығармашылық байқаулар да көп­теп ұйымдастырылды. Балаларды әдебиетке, мәдениетке баулитын іс-шаралар легі жазғы демалыс кезінде де толастамайды. Оқушылардың мұндай байқауларға қатысуға деген құштарлықтары да арта түскен. Мәселен, биылғы республикалық «Абай оқуларына» 131 оқушы қатысқан. Ал «Әбіш оқулары» республикалық ғылыми-шығармашылық конкурсына 154 оқушы талаптаныпты. Осы қатарда әр өңірде өткен «Мағжан оқулары», «Мәшһүр Жүсіп оқулары», «Мұқағали оқулары», «Ілияс оқулары», «Жамбыл оқулары» сияқты шығармашылық бағыт­тағы байқаулар бар.
Осы жерде бізді қазір технократ ұрпақ өсіп келеді, солардың арасында әдебиетке құмар бала бар ма екен деген сұрақ қызықтыратыны рас. Бұл жайында Талдықорған қаласындағы Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Раушан Құрманғалиева өз ойын білдіреді.
– «Бала көргенін істейді», – дейміз. Осы күні жас жеткіншек не көріп, нені танып-біліп жатыр соған қатаң қараған жөн. Ұлт­тық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Осы орайда өз тәжірибемнен кітап оқытуға қалай қызықтыруға болатынын айт­қым келеді. Оқушылар оқыған кітабының мазмұны бойынша комикстер, анимациялық мультфильмдер түсіреді. Бірі жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып сурет салып келеді, бірі үйде үлкендердің көмегіне жүгініп, мәтін мазмұнын өз шығармашылығымен өзгерте отырып киносюжет жасайды деген сияқты. «Балалар әдебиеті» жанры бойынша «Ең үздік оқырман», «Comic Con – ІТ №28» – комикстер индустриясы, кинематография, аниме және өзге де заманауи бағыт­тарға арналған байқау­лар өткізіп тұрамын. Әрқашан білім мен мәдениет­тің бір қазанда қайнап, бірлесе дамуын дұрыс деп бағамдаймын. Жалпы тәжірибемде соның дұрыстығына көз жеткіздім десем де болады. Неге десеңіз, мұндай байқаулар арқылы балалардың абстрактілі ойлауы мен санасын дамытуына, қазақ балалар әдебиетін кеңінен насихат­тап, балалардың оқуға деген құштарлығын арт­тыруға, кітап оқу дәстүрін сақтау және дамыту мен оқырманның ойлануына түрткі болады, – дейді Раушан мұғалім.
Түйіндей келе, балалар арасында көркем әдебиет­ті насихат­тау, оқуға құштар ұрпақ тәрбиелеу бағытындағы сөз мұнымен шектелмейтінін айт­қымыз келеді. Бұл – кең де келелі әңгіменің өзегіне айналатын тақырып.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір