ПЕКИН, ШАНХАЙ ЖЫРЛАРЫ
05.02.2016
2176
0

СариевШөмішбай САРИЕВ


 

Қазақстан-Қытай достығына арнаймын.

Автор.

ПЕКИН

Қытай елі Пекинің,
Мен түсіндім ұлы қала екенін.
Адамы да ұлы болмас ешқашан,
Ұлы болмай мекенің.

Қытай елі Бейжінің,
Қарасы мен ағы екен көзінің.
Мақтанышпен айту үшін жаралған,
Бейжін деген сөзінің.

Жауап қатар сауалы мен сұрағы,
Пекин-Бейжін көкейіңде тұнады.
Бұл шаһарды үш мақтаныш сезім бар,
Біріншісі – Ұлы Аспан храмы!

Ғасырлардан бұралаң ғой жолдары,
Аналардай тоғыз ай күн толғағы.
Ғажайыбы Пекиннің,
Тағы да сол Ұлы Қытай қорғаны!

Тұнжырап бір шашылмастай арайы,
Басы кеткен басын сұғып талайы.
Мәңгі бақи Жабық қала атанған,
Үшіншісі – Император сарайы!

Ойлап тұрсақ расында,
Бәрі осында адам сенбес асыл да.
Әлем үшін құпиялы Бейжіннің,
Үш қасиет, үш керемет басында.

Жүрегі оның көктем бе екен, гүл ме екен,
Құпиясын шаһар сақтап тұр ма екен.
Әр астана көсеміне ұқсайды,
Ұлы Мао тұлғасындай бұл Пекин!

ҰЛЫ ҚЫТАЙ ҚОРҒАНЫ

Сыйып кеткен жолдағы,
Зәулім зәузүт орманы,
Он бір мың шақырымдық қамал,
Ұлы Қытай қорғаны.

Тарих басында болған күн,
Жан-жағы тұнған толған күн,
Қытай тарихындағы
Көктем және күз аталатын,
Чуньцю атты қорған бұл!

Асатын көкжиектен көзі қырдан,
Болмаған патша болды сөзі құрбан,
Император Цин атты патшалықтың басын қосқан,
Ұлы Қытай империясын өзі құрған.

Қандай керемет бұл нағылған,
Айдаһардың құйрығындай ағылған,
Ұлы Қытай қорғанында,
Күндіз түтін түтетіп,
Түнінде алау жағылған.

Дәл осылай жүзді ме аспан,
Талай дәуір мұзды басқан.
Екі жарым мың жылдай уақыттан бері,
Ұлы Қытай қорғаны тұр –
Талай ғасыр мызғымастан.

Тарихтың шың – аралары,
Кім қайтып кім оралады.
Әлі де дабылдап тұрғандай
Ұлы Қытай қорғанының,
Дабыл мұнаралары!

ЖАБЫҚ ҚАЛА

Сыр ашпайтын өмірде халыққа да,
Арасынан өтетін жарық қана.
Империя сарайы атын алған,
Бұл өзі құпиялы Жабық қала!

Ұлы тарих ызғарынан мұз қарып,
Іздерінен ғасыр қалып, жыл қалып.
Көшпенділермен күресем деп,
Ұлы болған бұл халық.

Сансыз сырлар сан бір ұшып сан қонар,
Ғасырлардан ұлы сабақ алды олар.
Сондықтан да Жабық қала ішінде,
Біздің ұлы тарихымыз да бар болар.

Жазылғасын борыштар ғой әр ұлты,
Жорық жылдар бұзылған ғой сан ұйқы.
Деректеме ұлы Қытай тілінде,
Біздің ұлттың ұлан-ғайыр тарихы.

Ертеңді ойлар Ел ұғар,
Шежірелер кені бар.
Үлкен секіріс саясатын ұстаған,
Жабық қала! Ұлы Мао демі бар.

Бозала түтін,
Көрінбейді маңайы,
Қайда кеткен күннің мынау арайы,
Ол – өйткені ұлы Бейжін қаласы,
Жабық қала! Империя сарайы!

Сан сырлар бар қабір мен табытта да,
Керегі жоқ оған дәлел анықтама.
Империя сарайы атын алған,
Ол – өйткені Жабық қала,
Мәңгілік Жабық қала!

ШАНХАЙ

Ұлы бір дүниенің орны толмас,
Ұлы Қытай елінде болдым алғаш.
Әр қаланың болатын бір Шанхайы,
Нағыз Шанхай қаласын көрдім алғаш.

Шанхай деген әр аймақта бірнеше,
Бала кезде, білдірейін білмесе.
Қызылорда шаһарында болатын,
Шанхай деген өз алдына бір көше.

Қырық миллион тұрғыны бар толғана,
Бір өзінде тұрады екен бір ғана.
Сол Шанхайдың өзін көрдім мен алғаш,
Шанхай десе Шанхай екен бұл қала!

Арман қала екенін де аңғартты,
Шанхайда осы жан жүйені таңғалттық.
Сексен қабат үйде биік мейманхана бар екен,
Сол биіктен,
Сол биіктен дәм таттық.

Өмірі – озық,
Салынса да жаңадан,
Бір қалаға сыйып кеткен бар адам,
Шанхай бағы –
Ұлы Қытай елінің,
Ағылшындар бар негізін қалаған.

Түлкі құйрық үміт деген қашты алдан,
Сары теңіз арнасынан асты арман.
Бұл қалада Шанхайлатып шалқытып,
Маоның да алғаш жолы басталған.

Әрбір көше, әр тасыңмен асыл ең,
Бұл бір шаһар – тұнған тарих, ғасыр ең.
Үйге биік шалқайтып бір қаратқан,
Шанхай саған бас ием!

Әлем жатыр бір өзінің басында,
Биіктеген арқа сүйеп ғасырға.
Таңырқатқан дүниені әлемді,
Шанхай деген Шанхай екен расында!

 

***

Тәуелсіздік – белдігім,
Тәуелсіздік –Елдігім,
Сәбең салған ізбенен,
Пекинге келдім мен бүгін!
Басталды қытай әуезі,
Тұлғасы тұлға тау өзі,
Пекинде келем алаңда
Қарсы алғандай Мао – өзі!

Сөйлесем ұлы өмірмен
Ақындық ұлы көңілмен
Тәуелсіз Елге мен ақын
Аттаймын қадам сеніммен!

Өмірдің тоғай орманы
Тарихтың тылсым жолдары
Алдымнан шықты ақын деп,
Ұлы Қытай қорғаны!

Мен ақынмын қалайда,
Ақын көңіл қарай ма,
«Болмасаң да ұқсап бақ»,
Сүйендім Ұлы Абайға!

Мен, Ақынмын Еліммен!
Мен Қазақпын берілмен.
Осылайша сезіндім
Қытайдың ұлы Елін мен!

ЕЛШІМЕН ТАНЫСУ

Ақынның бар ма қызық талғамынан,
Сыр тартар ұлы өмірдің орманынан!
Мен бүгін жаңа оралдым, жаңа келдім,
Аты мәшһүр – ұлы Қытай қорғанынан!

Жүрегім көрген сәттен елең етті,
Көз алдымнан бір ғажап өлең өтті.
Әлемді жиһангердей кезсең-дағы
Көру бақыт жеті бір кереметті.

Жыр жиһазын өмірде үкіледім,
Ғұмырын өлең жазу бүкіл менің.
Ұлы Қытай қорғанын көрген сәтте,
Жүрегіммен Аллаға шүкір дедім.

Теңіз-Мұхит өрлейді шалқар кеңді,
Міндет-жүкке абырой артар елді.
Қытайдағы Қазақтың Елшісімен!
Сол сәттен соң жолығу – Мәртебелі!

Жыр үшін туған екем мұнда менде,
Айтамын Қазақ деген ырзаны елге.
Қытайда Елші болу – ұлы Бақыт!
Жолықтым бүгін Шакірат мырзамен де.

Тарихтың, ғасырлардың жолдарынан,
Кеудемде асау теңіз толғағынан,
Ұлы Дала, Алатау Елшісіне,
Сәлемді алып келдім мен осынау.
Жыр жазып Ұлы Қытай қорғанынан!

Малынып асау теңіз сезімге мен,
Ұлы Қытай қорғаны – кезінде мен.
Қазағымның Елшісі Шәке бүгін,
Осы өлеңмен таныстым Өзіңменен!

 

КӨКТҮРІК

Қадым ғасыр – Көктүрікпен ғасыр ғой,
Ата-бабам арғы тегім асыл ғой.
Дүркіреген тұлпар-тұяқ жасын ғой,
Көктүрікпен ағытылып ашылды ой,
Көктүрікпен шашудайын шашылды ой…

Қадым ғасыр – Көктүріктер заманы,
Тұлпарлардың жерге тимес табаны,
Айналайын Ана тілі бағалы.
Найзағайдай жарқыл қаққан жанары,
Көктүрік деп қанаттарын қағады.

Қадым ғасыр – Көктүріктер дәуірі,
Жүйткіп ағып жерге тимес сауыры,
Дұшпандарын орға жыққан дауылы,
Нұрын шашып нөсерлеген жауыны,
Түркі елі – бар қазақтың бауыры.

 

***

Тіліміз бір,
Түріміз бір,
Тегіміз бір Көктүрік.
Көктүрікті туабіткен тек біліп,
Өзектерін өртеген өрт от біліп,
Нөсерлетіп бұлтты аспаннан
төкті үміт.
Арғытегім Алаш Елі – Қазағым,
Арғытегім ата-бабам –
Ата-бабам Көктүрік!

 

ҰЛЫЛЫҚ

Көргенімнің қайсы бірін айтайын,
Ең әуелі аман-есен қайтайын,
Елге келіп, Елді көріп, содан соң,
Жүрегімнің жан жылуын байқайын.

Патша көңілім ақтарылып шерте ғой,
Бәрін айту Елге келмей ерте ғой
Менің осы әрбір сәтім – бір тарих
Қайталанбас, қайта оралмас көркем ой.

Көріп барып толғамасаң қасірет,
Адам-адам көргеніне бас иет
Қас қағым сәт
Көрінісінде Қытайдың
Ғасыр сыйып кететіндей қасиет!

Бола ма әсте бойыма өрнек қоспасам,
Сырларымды өзім сүйген досқа ашам,
Адам құйттай болғанымен өмірде,
Халық кіші бола алмайды ешқашан.

Жан болғасын тартпай тұрмас тегіне
Бәрі тартар билері мен бегіне
Сиқыр күші – ғасырлардан қаланған,
Ұлы халық – ұлы Қытай Елі де!

Құдайлардың бәрі адаммен тірі екен,
Қытайлардың ұстанымын ту етем,
Аш бол, тоқ бол,
Бар бол, жоқ бол, бір ғана,
Әрбір халық ұрпағымен ұлы екен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір