Ұлт­ты ұйыстырған ұйым…
17.12.2024
94
0

Ұлы даланың төсінде жаратылып, жарты әлемге жарлығын жүргізген түркілер сан ғасырлық ғұмырында қандай замандарды басынан кешпеді дейсіз. Кезінде әлемдегі барлық жолдар тоғысатын жұмақ қала – Римнің қақпасын қағып, дәргейіне келтірген Еділ патша да, жауынан жеңіліп көрмеген парсының билеушісі Кирді тізерлеткен Тұмар ханым да, ат аяғы жетер жердің барлығын жаулаған Шыңғыс хан мен Темірлан қолбасшы да тарихымыздың алтын арқауы болып қала беретіні сөзсіз. Дегенмен халық өткенін еске алғанда, алдымен, жаһангер жаулаушыларды емес, аузымен құс тістеген ақын-жырауларын еске алатыны жасырын емес.

Тіпті әріге кетпегенде, артынан «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген нақыл қалған, қазақ қана емес, түбі түрік – өзбек, татар, башқұрт жұртының да төл перзенті болып саналатын Майқы биден бері тартып, зар заман шайырлары саналатын Асан қайғы мен Қазтуған, Доспанбет пен Шалкиіздерді ауызға алсақ та жеткілікті болар.
Тектіліктің тамырындай ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан осы бір асыл қасиет кешегі күндері «қазақ әдебиетінің алтын ғасыры» саналатын ХХ ғасырда тың екпінмен, жаңа бір леппен көрініс тапқан еді. Ғасыр басында жарық көрген «Түркістан уәлаяты», «Айқап» пен «Қазақ» қатарлы газет­тердің төңірегінде топтасқан Ахмет, Міржақып, Мағжан, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт сынды Алаш арыстары елінің еркіндігі мен жерінің тұтастығы жолында танымдық мақалаларымен, қылыштай өткір өлеңдерімен майдан ашқан болатын.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де қазақтың басына үйірілген қара бұлт бір сейілмей, ұлт­тың сүт бетіне шығар қаймағы саналатын қаламгерлерін қынадай қырғаны белгілі. Өмірлеріне қауіп төніп тұрғанына қарамастан, ақын-жазушыларымыз халқының болашағы үшін күресті жалғастыра берген. Сөйте жүріп, қазақ сөз өнерінің дамуына, ұрт руханиятының орталанбауына өлшеусіз үлес қосқаны да ақиқат.
Әрідегі шайырлар мен жыраулардан бері тартып, Абай мен Шәкәрім салған қасқа жолды дара даңғылға айналдырған жаңа ұрпақ әдебиетке тың дүниелер әкелумен қатар, қаламгерлердің ұйымдаса, ұжымдаса еңбек етуіне, бас біріктіріп, тізе түйістіріп тың шығармалар тудыруына да еңбек еткені айқын. Осылайша, 1925 жылы, 12 шілдеде Қазақстан пролетариат жазушыларының ассоциациясы құрылып, оның төрағасы болып Сәкен Сейфуллин сайланған еді.
Сәкеннің поэзия мен прозада, драматургия мен публицистика жанрында болмысы бөлек туындылар жаза жүріп, жаңа құрылым арқылы қазақ қаламгерлерінің жұмысын ұйымдастыруға сіңірген еңбегін айта кету керек.
Араға жылдар салып, 1932 жылы Қазақстан кеңестік Жазушылар одағы дүниеге келген болатын. Дегенмен 1934 жылдың 12–18 маусымы аралығында Алматы қаласында өткен Қазақстан кеңес жазушыларының 1 съезіде Жазушылар одағы жаңадан құрылып, оның төрағасы болып ақын Ілияс Жансүгіров сайланады. Міне, содан бастап бұл күн Қазақстан Жазушылар одағының құрылған күні ретінде тойлануда.
Ілиястан кейін аталған ұйымды басқару мәртебесі Алаштың айтулы азаматы Ғаббас Тоғжановқа бұйырған болатын. Өкінішке қарай, қазақ халқының болашағы үшін тер төгіп жүрген көзі ашық, көкірегі ояу осындай азамат­тар 1937 жылы тұтқынға алынып, келер жылы «халық жауы» деген айыппен атылып кеткені тарихтан белгілі. Бұл арыстардың қатарында Сәкен мен Ілияс, Бейімбет сынды біртуар тұлғалар да бар еді.
Жазушылар одағына жетекшілік жасағандардың ішінде біршама ұзақ отырған Сәбең, Сәбит Мұқанов екені даусыз. Ол Жазушылар одағын, алдымен, 1936 жылы қолға алып, бір жылдан кейін академик-жазушы Мұхаметжан Қаратаевқа тапсырады. Кейіннен 1943 жылы бұл лауазымға қайтып оралып, 1951 жылға дейін басқарады. Сәбит Мұқановтың поэзия, проза жанрында жазған еңбектері жұртшылыққа кеңінен таныс.
Ақын Дихан Әбілов Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметіне қазақ даласын аштық жайлаған 1932-жылы келіп, күйзелген жұртқа қолынан келгенше көмек көрсеткені белгілі. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер аман-есен оралғаннан кейін де қаламын қолынан тастамай, «Қуат», «Мұңсыз Мәрия», «Шалқыма», «Москва түбінде», «Дала солдаты» сынды поэмалары мен көптеген өлеңдер жинағын, зерт­теу еңбектерін жазып, талғампаз оқырманның бағасын алған болатын.
Әбділдә Тәжібаевты жұртшылыққа таныстырып жатудың қажеті жоқ болар. Қара өлеңнің шебері, қазақ сөз өнерінің қамқоршысы Әбекең Қазақ­стан Жазушылар одағын 1939 жылдан 1943 жылға дейін басқарып, майдандағы жауынгерлерді ерлікке үндейтін жырларымен, тылдағы жұртшылықты еңбек пен бірлікке шақыратын туындыларымен ерекшеленді. Оның «Жаңа ырғақтар», «Аралдар», «Кешеден бүгінге», «Жартас», «Көне қоңырау» секілді жыр кітаптары, «Өмір мен поэзия», «Ойлар, толғаныстар», «Жаданның хат­тары» қатарлы сын, эссе, прозалық кітаптары бар. Әбділда драматургия саласында да тер төгіп, «Қазақ драматургиясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған.
Қаламгерлердің бірлестігін басқарғандардың ішінде физика-математика мұғалімі мамандығын меңгеріп, институт­та математика пәнінен дәріс берген Әбдірахим Жаймурзин деген азамат­тың болғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Негізінен комсомол, партия қызмет­терінде еңбек етіп, философия тарихымен, қазақ халқының сая­си-әлеумет­тік ой-пікірімен шұғылданған ол одақты 1951 жылдан 1953 жылға дейін басқарған еді.
Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы қызметін 1953–1956 жылдары атқарып, араға жылдар салып, қайта оралған қаламгерлердің бірі – Ғабиден Мұстафин. Көп уақыт қарапайым жұмыс істеген ол, әдебиетке Қарағанды шахтерлерінің өмірінен жазылған «Өмір не өлім» романымен келген болатын. Ол сонымен қатар «Қарағанды», «Шығанақ», «Дауылдан кейін», «Миллионер», «Көз көрген» романдарымен қалың оқырманның ілтипатына бөленген.
Қазақстанның халық жазушысы – Ғабиден Мұстафин, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, екі мәрте Ленин орденімен, екінші дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен марапат­талған.
Қазақ сөз өнерінің корифейі, жазушы Ғабит Мүсірепов те Қазақстан Жазушылар одағын екі рет басқарғандардың қатарында аталады. Ол, алдымен, 1956–1962 жылдары төраға болып сайланып, араға екі жыл салып қайта оралған екен. Көптеген мемлекет­тік жоғары лауазымдарды атқарып, үш мәрте Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапат­талған. Есімі Алматыдағы балалар мен жасөспірімдер театрына, Алматы мен Астана көшелеріне берілген.
Ұлы Отан соғысына қатысып, партизан отрядтарының құрамында жаумен шайқасқан Әди Шәріпов майданнан оралғаннан кейін бірқатар жоғары лауазымды қызмет­тер атқарыпты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры қызметінде болып, филология ғылымының докторы дәрежесін қорғаған ол «Партизан қыз», «Ормандағы от», «Тон», «Қапастағы жұлдыздар», «Сахара қызы», «Дос сыры» романдарымен оқырман жүрегіне жол тартқан.
Әди Шәріпов екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, Құрмет белгісі ондендерімен және алғысхат­тармен марапат­талған.
Романдарын орыс тілінде жазған Әнуар Әлімжановты кім білмейді. Оның «Махамбет­тің жебесі», «Жаушы», «Ұстаздың оралуы» қатарлы романдары кезінде оқырмандардың бағасын алған. 1971–1979 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы қызметін атқарған тұста, Азия және Африка елдері жазушыларының халықаралық форумын өткізгені айта қаларлық оқиға болған еді. Ол сонымен бірге «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, республикалық тарихи ескерткіштер мен мәдениет­ті қорғау жөніндегі Қазақ қоғамының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлт­тар палатасының төрағасы қызмет­терін де атқарған. Кеңестер Одағы деп аталатын алып империяны тарқату жөніндегі құжатқа қол қойған да осы Әнуар Әлімжанов екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Осыдан кейін одақтың тізгіні Жұбан Молдағалиевтің қолына тиген болатын. 1979 жылдан 1983 жылға жейін Жазушылар одағын басқарған ақынның еңбегі бағаланып, КСРО Жоғарғы кеңесінің, Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің депутаты, Президиум мүшесі қызмет­терін атқарған. 1986 жылғы Желтоқсанда жастардың бейбіт шеруін жаныштап басқан Колбиндік билікті алғаш сынға алған да Жұбан еді. Халық жазушысы елге сіңірген еңбегі мен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Ленин орденімен, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, екі рет Отан соғысы және Құрмет белгісі ордендерімен марапат­талған.
Еліміз тәуелсіздігін алған жылы Жазушылар одағының басшылығына келіп, бұл қызмет­ті 1996 жылға дейін атқарған Қалдарбек Найманбаев «Білім және еңбек», «Жалын», «Ара-Шмель» журналдарында жемісті еңбек еткен еді. Ол сонымен бірге Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары бола жүріп, шалғайда қалған қандастарымызды атажұртына қайтаруға бір адамдай еңбек сіңіргенін айту керек. Қаламгердің «Даңқ тұғырында», «Қоштасқым келмейді», «Бастау», «Сол бір түн», «Үміт өткелі», «Беймаза қонақ», «Аптап», «Шілде» әңгімелер мен повестер жинағы, «Ерлі-зайыпты екеуі және басқалары», «Біз сені күтеміз, Гүлзат», «Домалақ арыз», «Көктөбе», «От пен ойын» романдары жарық көрген.
Арамызда аман-есен жүрген өзге төрағалар жайлы айтуды олардың өз үлестеріне қалдыра отырып, аз ғана баянымызды аяқтаймыз.

Қуат Қайранбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір