Нармахан Бегалыұлы: Менің ең басты сыншым – өзімнің Нармаханым
22.05.2023
1544
0

Есігіміздің алдында үлкен алма ағашы болатын. Алма ағаштың көлеңкесінде ошақ соғылған, сол ошаққа қазан асылған. Оның ішіне, сірә, кір жууға деп анам су толтырып қойыпты. Енді үлкен қазанға ас салатындай ол кезде жағдай жоқ қой. Сол кезде ойнайтын ойыншығымыз да жоқ, көк шыбықты ат қылып есіктің алдында ары-бері шапқылап жүр едім. Әкем тоқта деді. Тоқтап едім, «мына қазанда су толып тұр, ә?» – деді маған. «Көріп тұрсыз ғой несін сұрайсыз?» – дедім «арғымағымның» арыны басылмай шауып кетейін деп тұрып. «Сен тұра-тұр, асықпа», – деді әкем. Ошақтың үстінде кішкентай тостаған тұр екен. «Анау тостақ шіреніп тұр. «Мен қазаннан биікте тұрмын. Пештің үстінде қазан толса, мен де толып тұрмын. Одан менің қай жерім кем?» деп. Бірақ қазанның ішіне кеткен су, өзінің ішіне сыймайтынын білмей тұр ол», – деді әкей. Осы сөз менің санама кәдімгі бұранда болып бұралып тұрып қалды.

Ақын, аудармашы, журналист Алаш халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Нармахан Бегалыұлы ағамыздың биыл 80 жылдық мерейтойы. Ұяң болмысы табиғат сұлулығымен үйлесім тапқан сыршыл ақынның көпті қызықтыратын қасиеті – қаламгердің өнерде де, өмірде де ұстамдылығы… Бойын жасырған текті тұлпардай болған бекзат болмысты ағамыздан сұхбат алудың сәті түсті.

– «Поэзия – Тәңірдің өзі таңдаған әулие жанр» депсіз бір сұхбатыңызда. Өзіңізді «Сөз киесі» қонған ақын ретінде бағалаймыз. Қазақ поэзиясына ойлы образдар, тың тіркестер қосқан ақынсыз. Ендеше, сөзіміздің әлқиссасын осы «әулие жанр» – өлеңнен бастасақ.
– Поэзия жөнінде көп айтуға болады. Поэзия алдыменен дыбыстардың үйлесімі ретінде дүниеге келген ғой. Сол дыбыстардан сөз құралып, одан кейін мағынаға ие болған. «Еркелеп-ап өткізетін әмірін, Поэзия – жүректегі өмірің». Поэзия шынайы, сұлу, нәзік болуға тиіс. Поэзияда нәзіктік қуатының жігері болуға тиіс. Көркемдігі болуға тиіс. Мен поэзияға осы тұрғыдан қараймын. Әсіресе көшпелі тұрмыс кешкен халықтардың өмірінде поэзия ең бірінші орынға шыққан. Мысал үшін арабтар да – көшпелі халық. Олардың поэзиясы да өте мықты. Тіпті Құранның өзі арабтарда дыбыс үндестігінен, мағынасының беріктігінен тұратын өлең. Біз оны қара сөзбен ғана аударып жүрміз. Арабша оқығанда құранды бір шумақ ішінде, не бір жол ішінде и дыбыстарының, с дыбыстарының бірнеше рет қайталануы – осы поэзияның үндестігі. Поэзия – халық өмірінің ажырамас бір бөлігі. Сондықтан поэзия біздің ұлтымыздың болмысын ұстап тұру үшін қажет.

– Ұлт­тық әдебиетімізде «Сөз зергері» атанған классик жазушы Ғабит Мүсіреповтің өткен жылы 120 жылдығы аталып өт­ті. «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді». «Оянған өлке» романынан алынған бұл үзінді шығарманың көркемдік қасиетін танытқандай. Қайран қазағым таласпай, тақаспай жүре ме дейді бір ой бізде. Мұны айтып жатқан себебіміз, тағы бір сұхбатыңызда «Мені о баста көркем әдебиетке алып келген – Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» шығармасы» депсіз. Қазіргі қара базар жайлаған заманда Ғабит есімі тасада қалып бара жатқандай көрінеді. Ғ.Мүсірепов шығармаларын бүгінгі уақыт өлшемімен бір таразыласаңыз.
– Мен Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлкесін» 6-сыныпта жүргенде оқып бітірдім. Кітапты оқу бар да, оның мән-мәнісін түсініп оқу бар. Екеуі екі бөлек дүние. Әлгі өзің келтіріп отырған «Оянған өлкенің» басында «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонып жатқан екі бай ауыл ақ үйлерін әлі тіккен жоқ еді. Жаз бойы Құланөтпес пен Құдайменденің кең шиырына сыйыса алмай, күнде қанат серпісіп, күнде қамшы сілтесіп, қақтығысып келген екі байдың аядай жерге арқа тіресіп қонып жатқандары жай да емес сияқты». (Нар аға осы жолдарды жатқа айт­ты. – Ғ.Е.) Осындағы тіркестерге қарасақ, барлығы да ақындық. Өзің айтқандай, бүгінгі заманымызға да келіп тұрса тұрған шығар, қазір де таласып, тақасып жүргеніміз, тіпті қанат серіп­песіп жүргеніміз рас нәрсе ғой. Ғабит ағаның қазіргі кезде көп оқылмайтыны, оқығанда да оның деңгейіне жететін оқырманның болмауынан деп түсінемін. Бұл кісінің күнделіктері қолыма түспей жүр. Күнделіктерінен басқасының барлығын қолыма қалам алып отырып, оқып шыққан адаммын. 1938 жылы «Әдебиет майданы» журналында Ғ.Мүсіреповтің «Өрлеу» повесі латын әрпімен басылған. Сол повесте «Ата-бабаңнан қалған жер түгілі беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер тап­пайсың әлі» деп жазыпты. Осыны бүгінгі оқырманға қайта-қайта айтып, жазып, сүйреп шығарған адамның біреуі менмін. Дәл осы повесін оқып біткен кезде Қазақстанда жерді сатуға қоямыз ба, қоймаймыз ба деген мәселе мәжілісте көтеріліп жат­ты. Біреулер сату керек деді, біреу сатпау керек деді. Мен ойладым, ойпыр-ай, осылардың төбесіне Ғабит ағаның рухы «Ата-бабалардан қалған жер түгілі, беліңдегі балаңның бесігін қоятын жер тап­пайсың әлі» деп төніп тұрған шығар деп. Осыны ескеретін адам болмады-ау деп өкіндім. Ғабит­тің қазіргі заманға келетін ойының барлығы астарлап жазылған. Бірақ оны ойлы оқырман ғана түсінуге тиіс. Бір пьесада Ғабит аға «Ұл өсірдік деп жүрсек құл өсірген екенбіз. Қыз өсірдік деп жүрсек, күң өсірген екенбіз» деп жазыпты. Бұл не? Қазіргі заман көзімен қарасақ, базарда арба сүйреп жүрген жігіт­тер. Біз соларды ұл өсірдік деп өсірдік қой. Ол негізінде күнкөрістің қамымен жүрген, біреудің тауарын тасып, соларға құл боп жүрген адам. Ал арбамен тасып жеткізген азық-түлігін не киімін қыздарымыз сатып жүр. Ол да біреу үшін сауда жасап, біреуге күң боп жүр ғой. Міне, Ғабит­тің кейде түсінбейтін жағдайлары осындай.

– Қазақ әдебиетінде көп сөз болмаған ақындық проза деген бар. Оған М.Жұмабаев, М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов прозасы жатады. Осы үрдісті жалғастыру жоспарыңызда бар ма? Осы ақындардың сіздің шығармашылық өміріңіздегі орны қандай болды?
– Жалғыз аяқ көпірменен жалғыз адам өтеді. Жалғыз аяқ жолменен жалғыз адам ғана жүреді… Жақында Асанәлі Әшімовтің бір кітабын оқып отырғанда «Кейде ұят­тан қысылғаным соншалықты космонавт болып көкке ұшып кетейін десем, төртінші болғым келмейді» деп айтқан екен. Сол сияқты біреуге еліктесеңіз, ессіз еліктеуді айтам, сөз жоқ екінші боласыз. Сондықтан екінші болмауға тырыстым. Прозашылар да ақыннан асырып жаза алады. Егер ол нағыз талант­ты болса. Әлгі өзіңіз айтып отырған Ғабит Мүсіреповтің «Темір пештің үстіндегі қара құман шырт-шырт түкіріп қояды» дейтін сөйлемі қандай керемет. Әрі сурет, әрі қайнап жатқан ойды білдіріп тұр. Қара құманның шырт-шырт түкіріп тұрғаны поэзия емес пе? Поэзия. Сол сияқты Оралхан Бөкейдің тіркестері. Ол да қара сөзбен жырлады. Тургеневтің де қара сөзбен жазған жырлары бар. Сол сияқты прозашылар прозада өлең жазамын дейтін болса, прозаны өлеңді қалып­пен қалыптаймын дейтін болса, мүмкіншіліктері мол деп ойлаймын.
Мен осы Шымкент пединститутында оқып жүргенде Мұхтар Шахановтың үйіне Төлеген Айбергенов, Әнуар Жақыпбековпен жиі баратынбыз. Сол кезде Жұмекен Нәжімеденов «Лениншіл жаста» әдебиет бөлімін басқаратын. Бір күні Жұмекең қоңырау шалып қалды. Мұхтар Шахановқа «не жаңалық?» деген еді, «Нармаханның үйіндегі келінді жұмысқа орналастыру керек» деді Мұхаң. Ар жағынан ол үшін не істеу керек деген болу керек. Аудандық комсомол комитетінен жолдама керек деді. «Күтіңдер. Мен барамын. Сол жолдаманы алып беремін» деді Жұмекең. Самолетпен ұшып келіп, бірден Мұхтарды ертіп, сол кездегі Бөген ауданынан жолдаманы алып, келініне өзі ұстатып кет­ті. Міне, енді жұмысыңды істе деп. Соның алдында ғана менің екі өлеңім Жұмекеннің қол қоюымен «Лениншіл жасқа» жарияланған. Жұмекен ағам самолетпен бір күнде ұшып келіп, әйелім Пернені ауданнан жолдама алуға көмектесіп, мектепке тұруына себепкер болды. Мұндай адамгершілік, мұндай мейірбандық мүмкін қаламгерді қаламгердің тануынан да болды ма екен деп ойлаймын. Қазір мейірім, шапағат азайып кеткен заманда осы нәрселер менің көңілімде тұрады. Жұмекеннің «Ақ шағылын» да, «Даңқ пен дақпыртын» да – барлығын оқып шыққанмын. Жеке кітапханам болғандықтан, әр сөйлемнің асты қызыл қаламмен сызылған. Бұл кітаптар керемет. Бұл еркін жазылған өлең деуге болады. Қара сөзбен еркін жазылған өлең. Таптаурынға түспеген. Жұмекен балалық шағынан бастап қай адам қандай сөз айт­ты соны жадына сақтап қалған романдары тіпті қазақтың ауызекі тіліне өте жақын.

– Сынды қалай қабылдайсыз. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» мақаласында Абайға сын да айтады. Жампоз жазушы, сыншы Тәкен Әлімқұлов «Жұмбақ жан» зерт­теу еңбегінде де ұлы ақынмен білім жарыстыра отырып, Абайға аздап сын айтатыны бар. Сіз ақын ретінде тұлғалар айтқан осы сынға қалай қарайсыз? Өзіңіз де сын мақала жазасыз. Әсіресе М.Байғұт­тың «Әдебиет пәнінің періштесі» туындысына жазылған «Қазақы құнар» мақалаңыз көптің көңілінен шықты. Алайда сирек жазуыңыздың сыры неде?
– М.Әуезовтің қанат­ты сөзге айналып кеткен «Сын шын болсын, шын сын болсын» деген сөзі ойыма оралады. Мұндағы Ахмет Байтұрсынұлының да Абай өлеңіндегі кемшіліктері жөніндегі жазғаны, Тәкен Әлімқұловтың да жазғаны бұл шындық. Өйткені Абай да періште емес. Абай да пенде. Пенде кемшіліксіз болмауы мүмкін емес қой. Пенде болғаннан кейін бәрімізде кемшілік болады. Мен Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» мақаласын оқығаннан кейін, өзімнің өлең жазу тәжірибеме бір тәсіл, әдіс енді деп айтуға болады. Мысал үшін әр шумақты жазғанда мен қазақтың «Елім-ай» әнінің ырғағына салып, іштей ыңылдайтын болдым. «Қаратаудың басынан көш келеді. Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді». Ахмет Байтұрсынұлының Абайға ескертіп отырғаны «осы сіздің өлеңдеріңіз кейде әнге түспей қалады. Әуезін жоғалтып алады» дегенге саяды. Тәкен Әлімқұловтың да жазғанына келісуге болады. Көп жеріне келіспеуге де болады. Білімді кісі ғой. Серік Нұғманұлы дейтін бір азамат Тәкеннің сынаған сынын сынап, мақала жазған кезінде. Ол Тәкен жазған сынды сынайды. Демек, бұл – әдебиет­тің өсуі үшін керек нәрсе. Ахмет Байтұрсынұлының айтқаны да, Тәкеннің айтқаны да киелі сөздің қадірін арт­тыру, соның әуезін бұзбау. Бірақ осыны қазіргі қолына қалам ұстағандар ескере бермейді. Өкініштісі сол, алысқа бармай-ақ қояйық. Шымкент­тің өзінен бір топ жастың өлеңдерін оқып отырғанда аздап тіксініп қалатын жағдайымыз бар. Өйткені Ахмет Байтұрсынұлы айтып отырған буын, бунақ мәселесіне ішкі әуезге мән бермейді, орыстың өлең түріне салғысы келеді. Ал енді біреуге ессіз еліктегендер ешқашан өзінің шығармашылығын жасай алмайды. Жалпы екі сын да дұрыс. Серік Нұғманұлының да сыны дұрыс. Тәкеннің де сыны дұрыс деп қабылдаймын. Сыншылардан Зейнолла Серікқалиевті оқып тұрамын. Сол сияқты сыншылар көп енді. Бірақ менің ең басты сыншым – өзімнің ішімдегі Нармаханым. Ішімдегі дауыс – менің қабылдауымша Тәңірдің даусы. Сол Тәңірдің даусы не айтса, мен сол сынға тұрамын. Бірінші сыншым өзім деп айтамын. Сынды сирек жазуымның сыры – біреуге сын айту үшін қазақтың мақалы бар емес пе, «Қонақ, қонақ өз үйіңе қарай отыр». Менің деңгейім қандай? Шығармасына сын жазып отырған қаламгермен деңгейлеспін бе, соған сын айтуға қақым бар ма деп отырамын. Сынды сирек жазатынымның бір сыры осында.

– Сіздің кезінде қазақ тарихында қазақ билерінің басын қосқан «Ордабасы» атауының оралуына үлкен еңбек сіңірген қайраткерлік ісіңізден хабарымыз бар. Одан бөлек «Ордабасы от­тары» газетін басқара жүріп, талай әдеби, мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болған еңбектеріңізді де білеміз. Бүгінде даналық жасқа жетіп отырсыз. Өзіңізді бақыт­тымын деп санайсыз ба?
– Әрине, бақыт­тымын деп айтуым керек. Шүкір, тәуба! Басым аман, бауырым бүтін. Бұл – бақыт­тың ең үлкені. Одан кейін ойға алған біраз тірліктерді орындадық. Бұл – ел алдындағы парыздың өтелгені. Ордабасы жөнінде айтатын болсақ, Ордабасы тауын сол Бөген ауданындағылардың өзі қайда екенін білмейтін кез еді. Сол кездегі КСРО-ның бірінші басшысы Горбачевқа дейін даусымызды жеткізіп, Мәскеуге тасылып жатқан Ордабасы тауының тасын талқандауды тоқтат­тық. Бұл да аз болатын. Одан кейін «Бөген» деп айтылатын ауданды Ордабасыға айналдыру үшін халықаралық ақындар айтысын өткіздік. Жезқазғаннан келген Қуаныш Мақсұтовтың аузына сөз салып, елдің бірінші басшысы Назарбаев-тұғын, «аға, Ордабасыңызды талқандатып қойып, қайда қарап отырсыз?» дегенді айтқыздық. Серік Байқонов қазақ радиотелевидениесінің редакторы еді, соған айтып, Қуаныш Мақсұтовтың сөзін эфирден үзбей бергіздік. Бәлкім, өзі көрмесе де, жандайшаптары айтып барған шығар, Назарбаевқа. Сөйтіп, өзімізден пәрмен болмағаннан кейін Горбачевқа дейін даусымызды жеткізген сол кездегі облыстың 1-секретары Терещенко болды. Мен М.Мақатаевтың 60 жылдығына кетіп бара жатыр едім, бұрынғы облыстық партия комитетінің алдында Терещенко жолығып қалды. «Нармахан, поздравляю!» деді. «С чем?» деп едім. «Сенің қоймай айтып жүрген нәрсеңді мен Горбачевқа айтып едім, осында келген сапарында ол «Зауыт жабылу керек болса, жауып тастаңдар» деді. Сонымен құт­тықтағым келеді. Сен жеңіске жет­тің», – деді. Осының бәрін біз міндет қылмаймыз. Қазір Ордабасыға ие де көп. Ордабысының атын ауданға әкелген мен едім деп жүргендер де көп.
Зауыт­ты тоқтатқаннан кейін Ордабасы ауданын жасадық. Бұрынғы Бөген ауданы да, Қуаныш Мақсұтов өлеңі жолында бар-тұғын, «Бөгенім, енді қанша бөгелесің» деп Ордабасы ауданы болды. Қалада «Ордабасы» футбол командасы шыға келді. Алматыға барсам, «Ордабасы» дейтін корпорация пайда болды. Мұның барлығы – менің ғана емес, менімен бірге ұжымдас болып, мені қолдаған адамдардың еңбегі деп ойлаймын.
1993 жылы Қазақстанның, Қыр­ғызстанның, Өзбекстанның барлық облыстарының өнерпаздарын жинап, «Ордабасыға оралу» деген концерт өткіздік. Бірақ ешкім бұл тарихты айтқысы келмейді. «Ордабасы» энциклопедиясына енгізіп қойдық. Барлығы «1993 жылы Н.Назарбаевтың бастамасымен, Қырғызстан, Өзбекстан президенті келіп осылай басталды» дейді. Олай емес. Ол жерде біздің ұжымның үлкен еңбегі тұр. Міндет қылмаймыз. Бұл сол елдің алдындағы парыздың бір өтелгені деп шүкірлік етеміз.
«Тутөбе» деген атауды бір көрнекті жазушы өз атына теліп жүр. «Тутөбе»деген атауды М.Мағауин бастаған бір топ қаламгерлерді Ордабасыға ертіп келіп, сонда тұрып Захардин Қыстаубайұлы айт­ты. Қандай ескерткіш қою керек дегенде, «оған ескерткіштің не керегі бар осы. Тәуелсіздік алып жатырмыз. Тәуелсіздіктің көк туын желбіретсек, мына төбеге ту тіксек» деді Захардин Қыстаубайұлы. «Ордабасыға оралу» дейтін тіркесті бір кезде облыстық мәдениет­ті басқарған Әлихан Асқаров термин етіп осыны енгізді. Ол кезде «Наурыз» дейтін бір ансамбль құрып, ол ансамбльге басшылық жасады. Алматыға барып «Ордабасыға оралу» деген атпен Республика сарайында концерт береміз дегенде жалға алуға қаражат­тары жоқ, Абай ескерткішінің жанында тұрып концерт берді. Сол концерт­ті «Ордабасыға оралу» деп атады. Бұл да өз егесін табуы керек. «Ордабасы» энциклопедиясына біреудің жаласына ұшырап кетпесін деп әдейі енгізіп қойдық. Шындық керек қой қай кезде де. Черчилльден қалған сөз бар: «Шындық шалбарын киіп үлгергенше, жалғандық жер жүзін аралап шығады». Сол сияқты жалғандықты қабылдап қоймасын, біздің зерделі оқырмандар.

– Адам дүниетанымының басты қабат­тары балалық күндердегі өмір сурет­тері мен танымдық түйсік-түсініктер тұрғысынан қалыптасатыны белгілі. Әрине, кім-кімнің де балалық шақ, жастық кезеңге деген жүрегіне ұялаған сағыныш сезімі болары хақ. Ендеше, сол кезеңдердің естелігінен бір сыр шертсеңіз.
– Бізде балалық болған жоқ деп те айтуға болмайды. Балалық шағымыз қиын кезеңге тура келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдар болатын: киетін киімге, ішетін асқа зәру кездер бастан өт­ті. Бірінші сыныпқа барған кезде жазатын дәптеріміз болмады. Ол кезде аудан Арыс ауданы деп аталатын. Арыс ауданының «Социалистік жол» деген газеті шығатын. Газет үйме-үй таратылатын. Осы газет­тің жиегіндегі ашық жерлерге әріп жазып үйренетінбіз. Менің әкем аурушаң болатын. Әкем көршіміз Тасыбай дейтін ақсақалдың үйіне барып әңгімелесіп жүретін. Сол Тасыбайдың Сасықбай дейтін баласы соғыстан оралып, біздің Темірланнан бір кішкентай дүңгіршек ашты. Ішінде азық-түлігі де, киімі де, кітабы да болатын. Бір күні сол Сасықбай көкеміз велосипедінің артқы тіркемесіне бір бума дәптерді қыстырып кетіп бара жатқанын көрдім. Содан әкеме айт­тым: «Сасықбай көкемнің велосипедінің артына бір бума дәптер қысып әкет­ті. Бір дәптер сұрап әкеп беріңізші» дедім. Әкем қиналды. «Неге қиналасыз, күнде барып жүрсіз, әкесімен сырлассыз, сыйлассыз. Сұрасаңыз береді ғой дәптерді» деген ем. «Мен бермейді деп отырғаным жоқ. Нармахан, есіңде болсын. Өзі жұрт­тың үстінен күн көріп жүрген кісіден ештеңе сұрама», – деді. Осы сөз менің жадымда бүгінге дейін жат­талып қалды. Адамдармен араласқанда да, біреуден бірдеңе сұрағың келген кезде де алдымнан шыға береді.
Есігіміздің алдында үлкен алма ағашы болатын. Алма ағаштың көлеңкесінде ошақ соғылған, сол ошаққа қазан асылған. Оның ішіне, сірә, кір жууға деп анам су толтырып қойыпты. Енді үлкен қазанға ас салатындай ол кезде жағдай жоқ қой. Сол кезде ойнайтын ойыншығымыз да жоқ, көк шыбықты ат қылып есіктің алдында ары-бері шапқылап жүр едім. Әкем тоқта деді. Тоқтап едім, «мына қазанда су толып тұр, ә?» – деді маған. «Көріп тұрсыз ғой несін сұрайсыз?» – дедім «арғымағымның» арыны басылмай шауып кетейін деп тұрып. «Сен тұра-тұр, асықпа», – деді әкем. Ошақтың үстінде кішкентай тостаған тұр екен. «Анау тостақ шіреніп тұр. «Мен қазаннан биікте тұрмын. Пештің үстінде қазан толса, мен де толып тұрмын. Одан менің қай жерім кем?» деп. Бірақ қазанның ішіне кеткен су, өзінің ішіне сыймайтынын білмей тұр ол», – деді әкей. Осы сөз менің санама кәдімгі бұранда болып бұралып тұрып қалды. Бір жанменен әңгімелескенде де кейде өзімді деңгейлестіктен әрі асырмай отыратыныма осы жағдай үлкен себеп. Ойлап отырам, мүмкін бұл қазан шығар, мұның ішіндегі байлық менің ішімде жоқ шығар деп. Міне, біздің балалық осылай боп өткен. Өткен жылдардың бірінде қайтыс болған жақсы ақын Тұрсынзада Есімжанұлы «Қара қайғы қара нан, Оралма сен менің бала шағыма» дейді ғой. Біздің балалығымызды бүгінгі ұрпақ көрмей-ақ қойсын. Олар бақыт­ты болып өссін.

– Сіздің ақындық лабораторияңызға қайта оралсақ. Сіздің бекзат болмысыңыз, сіздегі білім, интуиция барша оқырманның қызығушылығын туғызады. Шабыт­ты қайдан аласыз? Сізді шығармашылық жетістікке не жеткізді? Ә.Нүрпейісов «Мені тұлғалар өсірді» дейді. Сізді ше?
– Шығармашылығыма әсер еткен Ғабит жөнінде айт­тық. Мені тәрбиелеген фольклор, ауыз әдебиеті. Фольклор – халық даналығы. Мен осы халық даналығынан халықтық сөз саптауын үйреніп өстім. Мені өсірген нәрсе – осы. Екінші білім деп айтып қалдың. Ескере кететін жайт қазақта білік деген бар, білім деген сөз бар. Қазақта осы екеуін білім деп ойлайды. Білікті Алла береді. Алла ақыл-ой берді. Осы оймен ізденіп жүріп, өзімізді танимыз. Демек, білік – бізге Алланың берген мүмкіндігі. Алланың берген сыйы. Білім – біреулердің білігін оқи жүріп соны көшірме түрде аударуымыз. Білім басқа дүние. Сондықтан біздің ата-бабаларымызға білікті Алланың өзі берді. Сол білігін кеудемізге көшірсек, ол да аз тірлік емес. Мені өсірген керемет –фольклор.

– Өмірде «жақсы көру» мен «жек көру­дің» арасалмағын қалай ұстанасыз?
– Мүмкіндігінше әр адамды жақсы көруге тырысу керек. Өйткені әр пенде – Алланың туындысы. Алланың жетілдіріп жасаған туындысы. Мұны Абай айтып кет­ті ғой, «Адамзат­тың бәрін сүй, бауырым деп…» Әр адамға бауырым деп қарау керек. Егер жек көретін нәрсенің өзінде ой әлеміңізде көп ұстамаған жөн деп ойлаймын. Өйткені жек көрінішті нәрсенің де сізге әсері болады. Болмысыңызды бұзуы мүмкін. Жеккөрініш – адамға бас имей тұрған ібілістің амалы. Мен от­тан жаралғам, бұл топырақтан жаралған деп кердеңдеп басып кетуі. Сондықтан Ібілістік қылыққа бармау керек. Мүмкіндігінше ойыңызды таза ұстасаңыз, сол – бақыт­тың үлкені.
Арасалмақ дегенде де кеше ғана өмірден өткен ініміз Көпен Әмірбек «Абай» телеарнасынан берілетін «Тұлға» хабарында Талғат Теменов жөнінде «Шашқаның емес, тергенің қалады. Алғаның емес, бергенің қалады» дейді. Ойлы оқырман осыны да ойлай жүрсе болады. Өйткені Көпен – өмірде өте ақкөңіл дархан жігіт болды. Адамгершілігі мол еді. Жүрген жерінде қалтасына аз ғана ақша түссе, соны жұртқа үлестіріп беріп кететін. Бұрынғы сұхбатымда да айтқанмын. Кенже қызым Рауан оқуға түсіп келген күні Көпен үйге бас сұғып қалды да, «мына қарындасың оқуға түсті» деп сүйінші сұрап еді, қалтасын сипалап ештеңе тап­пады білем, қолында апталық қалың блокноты бар, соған «айналайын, Рауан, сен бүгіннен бастап Көпен Әмірбек атындағы сыйлықтың лауреатысың» деп жазып берді. Ол қыз институт­ты магистратурасымен қосқанда бес жыл оқыды. Бес жыл бойы Көпен сол қызға стипендия төлеп тұрды. Жаңағы алғаның емес, бергенің қалады деп. Мүмкін бізден бірдеңке алып кетсе, ол біздің есімізде қалмауы мүмкін еді, әпергені есте қалды.

P.S. Сұхбат барысында ақын «Жаз-Жалбыз» жыр кітабының жақында түрік тіліне аударылғанын қуанышпен хабарлады.

Сұхбат­тасқан
Жадыра Оразалиева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір