БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ – БАСТЫ БАЙЛЫҚ КЕПІЛІ
Халық саулығының басты кепілі – салауатты өмір салты. Жан саулығы тән саулығынан басталады. Күнделікті аздаған уақыт спортпен айналысып, дене шынықтырудың адам ағзасына тигізер оң әсері орасан. Елдегі бұқаралық спортты дамытып, насихаттаудың маңыздылығы да осында.
Өткен жылғы көрсеткіштерге сенсек, қазақстандықтардың 38,5 пайызы жүйелі түрде спортпен айналысады екен. Өңірлер арасында тұрғындарының 42 пайызы тұрақты түрде шынығатын Шымкент қаласы көш бастап тұр. Екінші орынға Қостанай облысы тұрақтаса, үшінші орында Қызылжар өңірі. Бүгінде ақ қайыңдар өлкесі халқының 40 пайыздан астамы спортқа бейім екен. Бұлай болатын жөні де бар. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын жаңа спорт кешендері қолданысқа беріліп, ел игілігіне жарап тұр. Ауыл, аудандардағы жаңа спорттық нысандардың арасында мемлекет қаржысынан бөлек жеке кәсіпкерлер тұрғызған ғимараттар да бар.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының өткен жылғы қорытынды мәліметіне сенсек, өңірде 223 мыңнан астам адам спортпен айналысады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,8 пайызға артық. Жұртшылықтың спортқа деген қызығушылығын оятуда бұқаралық іс-шаралардың маңызы зор. 2023 жылы өңірде осындай 1200-ден астам іс-шара өткен. Жыл сайын Қызылжарда ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған облыстық спартакиада, «Ақ бидай» облыстық жазғы спорттық спартакиадасы, ұлттық спорт түрлерінен «Қызылжар» фестивалі, жастар арасында «Жастар» облыстық спартакиадасы, «Солтүстік» қысқы спорт спартакиадасын өткізу дәстүрге айналған. Бұл жарыстардың аудандық іріктеуіне, облыстық кезеңіне мыңдаған ауыл тұрғыны қатысып, бақ сынайды.
Өңірдегі ауқымды шаралар, мерейтойлардың бәрі де спорттық іс-шараларсыз өткен емес. Онда келушілердің асық атудан бастап, қолкүрес, тоғызқұмалақ, қой көтеру, жілік сындыру, қазақ күресі, жағажай волейболы т.б. спорт сайыстарына қатысуға мүмкіндігі бар.
Жасөспірімдер мен балалардың спортпен айналысуына да жағдай жасалуда. Қазіргі таңда 27 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, олимпиада резервін даярлау орталығы жұмыс істейді. Мемлекеттік тапсырыс негізінде балалар каратэ, дзюдо, таэквондо, бокс, еркін күрес, грек-рим күресі, футбол, жүзу, көркем гимнастика – жалпы саны 15 спорт түрі бойынша секцияларға барады.
Халықтың спортпен белсенді айналысуы үшін облыста 2 мыңнан астам нысан жұмыс істейді. Өткен жылы Айыртау, Есіл, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Шал ақын, Ақжар, Тайынша аудандарында жаңа жабық хоккей корттары жұмыс істейді. Өткен бір жыл ішінде 22 футбол алаңы пайдалануға берілген.
Бұқаралық спортта жетістіктерге жеткен аудандардың бір – Тимирязев. Былтыр мұнда ауданның 60 жылдық мерейтойына орай бірқатар нысандардың таспасы қиылып, біразы жөндеу көрген. 2022 жылы мұнда «Aq sunqar» дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған. Нысан құрылысына «Ауыл аманаты» жобасы аясында 502 млн теңге бөлінген. Соның арқасында ауданда бұқаралық спорт дамып, кәсіби спортшылар жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
– Спорттық нысандар жаңғырып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Жаңа денешынықтыру-сауықтыру кешенінде спортшыларымызға барлық жағдай жасалған. Екі жыл бұрын жабық хоккей корты пайдалануға берілді. Былтыр ауданның 60 жылдығына орай аудан спортшыларына жаңа автокөлік табысталды. Бүгінде біз жаздық спорт түрлері бойынша өңірде алдыңғы қатарға шықтық. Спортшыларымыз облыстық сайыстарда ерлер арасындағы волейболдан 1-орын, әйелдер волейболынан 3-орын, футболдан 2-орын иеленді. Үстел теннисінде өзге аудандар арасында ең үздік атандық. Садақ ату мен штанга көтеруден де жүлдесіз қалып көрген емеспіз. Алдағы уақытта қыстық спорт түрлерін де дамытсақ деп отырмыз, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армиде Макунян.
Облыс орталығынан ең шалғайдағы, 90 пайыз қаракөздеріміз тұратын Уәлиханов ауданында да жүзеге асырылып жатқан жобалар аз емес. Биыл мұнда стадионды жөндеп, жабық хоккей кортын, бассейн салу жоспарда бар. Алыс аудандағы Кішкенекөл ауылында жаңа бассейннің іске қосылуы тек уәлихановтықтар үшін ғана емес, өңір халқы үшін үлкен жаңалық болмақ. Суға түсерлік өзен-көлі жоқтың қасы аудан халқына арнап жүзуге жағдай жасалған нысанның ашылуы биылға жоспарланған. Жаңа бассейнде 25 метрлік 4 жүзу жолағы қарастырылған. Сонымен қатар шынығу залы да бар. Спорттық нысан тәулігіне 200 адамға қызмет көрсететін болады.
Өңірде бұқаралық спорттың дамуын аталған салаға бөлінген қаржы көлемінен де байқауға болады. Облыстық қаржы басқармасы басшысы Наталья Дышканттың сөзінше соңғы төрт жылда қазынадан спорт саласына бағытталған қаржы 2 есеге артқан.
– Былтыр дене шынықтыру мен спортты дамытуға 10,9 млрд теңге жұмсалды. Бұл 4 жыл бұрынғы көрсеткіштен 2 есе артық. Оның ішінде спорт нысандарын салуға 3,1 млрд, күрделі жөндеуге 270 млн, материалды-техникалық базаны нығайтуға 382 млн теңге қарастырылды. Соңғы жылдары жаттықтырушы мұғалімдердің айлығы 100, медицина қызметкерлерінікі 20 пайызға өсті. Былтыр 3 мыңдай баланың үйірмелерге тегін баруы үшін 403 млн теңге жұмсалды. Спорттық шараларды ұйымдастыруға кеткен 247 млн теңгенің 24 миллионы бұқаралық шараларға бағытталды. Аудандарда 7 облыстық кешенді спартакиадалар өтті. 7 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жөнделіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Тимирязев ауданындағы стадионды қалыпқа келтіруге 203 млн теңге бөлінді, – дейді басқарма басшысы.
Спортшыларды түрлі деңгейдегі жарыстарға апару үшін бес жолаушылар көлігі сатып алынған. Облыс орталығындағы стадион мен шаңғы жолағын күтіп ұстау үшін де жаңа техникалар алынған. Айыртау, Шал ақын аудандарында хоккей корттарының құрылысы жалғасып жатыр.
Былтыр «Қарасай» стадионын халықаралық стандарттарға сай ету үшін жаңғыртудың бірінші кезеңі аяқталды. Жұмыстар биыл да қарқынды жүргізіліп келеді.
– Жөндеуден кейін мұнда UEFA стандарттарына сай спорттық шаралар өткізу мүмкіндігі пайда болмақ. Жаңғыртудың екінші кезеңінің құны 1,5 млрд теңге. Мұнда келушілерге арналған массаж кабинеттері мен өзге де бөлмелер жұмыс істейді. Трибуналар, киім ауыстыратын орындар, орындықтар жаңарады. Қала тұрғындары көп келетін жүгіру жолағы да қайта төселеді, – дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелехов.
Бұдан бөлек облыс орталығында жаңа теннис орталығы да бой көтеруде. Бұған дейін қалада үлкен тенниске арналған бір орталық болса, жаңа нысан үстел теннисіне қызығушылар үшін жиі келетін орынға айналмақ. Ғимаратқа халықаралық талаптарға сай 24 теннис үстелі қойылады. Аумағы 3,6 мың шаршы метр ғимарат осыдан екі жыл бұрын елордада ашылған орталықтың үлгісімен салынып жатыр. Құрылысқа жауаптылар заманауи орталық 1 тамызда есігін айқара ашады дейді.
Облыс орталығында марафондар мен велошерулердің жиі өтуі де бұқаралық спорттың дамуының дәлелі. Мәселен, жуырда 40 қызылжарлық Мемлекеттік рәміздер күніне орай 2 шақырымды жүгіріп өткен. Ал күні кеше Париж олимпиадасына қатысушы қазақстандықтарға қолдау білдіруші 500 солтүстік қазақстандық қаланың орталық көшесіне жиналып, велошеру өткізді.
– Париж олимпиадасына еліміздің атынан велоспорттан жерлесіміз Алексей Луценко қатысады. Спортшыдан зор үміт күтеміз. Солтүстік Қазақстан халқы үшін велоспорт – аса танымал спорт түрі. Қалада жыл сайын осындай велошерулер өтіп тұрады. Жергілікті клуб та жұмыс істейді. Биылғы шараның мақсаты – қазақстандық олимпиадашыларға қолдауымызды көрсетіп, жастардың қызығушылығын ояту, – дейді ардагер спортшы Бауыржан Құлжанов.
Салауатты өмір салтын насихаттаушылар халықаралық есірткімен күрес күнінде де бас қосып, 2,5 шақырымды жүгіріп өтті. Спорттық акцияға түрлі жастағы 300 тұрғын қатысты. Оларға белсенділігі үшін арнайы сыйлықтар табысталды.
Жоғарыда айтылған көрсеткіштерге қарамастан, өңірде спорт саласында шешімін таппаған түйткілдер де аз емес. Дегенмен алдағы уақытта ол мәселелер де ретімен шешімін табар деген үміттеміз.
Көктемгі су тасқыны өңірдегі бұқаралық спортқа қатысты бірқатар шаралардың өтуін кешеуілдеткені анық. Қызылжарға жаз келгелі бір айдан асса да, жазғы спорт маусымы енді ғана қыза бастады. Бүгінде аудандарда облыстық жарыстардың іріктеулері өтіп жатыр. Демек, қызылжарлықтардың спорт мерекелерінде бас қосатын жеңісті күндері әлі алда.
Диас АЯҒАН