Басты бағыт – тұрақты экономикалық өсу
01.04.2024
213
0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділет­ті Қазақ­станның экономикалық өсуі» ат­ты халқымызға арналған Жолдауында: «Экономика мен халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климат­тың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айт­қанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік көрсеткіштерге қол жеткізу емес, шын мәнінде, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады», – деп атап көрсеткен.

Жақында Атырау қаласында өткен III Ұлт­тық құрылтайда мемлекет басшысы ауқымды инфрақұрылымдық және инженерлік жүйелерді жаңғырту, жаңа тұрғын үй бағдарламасын енгізу, көлік-логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, бюджет қаржысын үнемдеу, қаражат­ты ең қажет жобаларға, ең маңызды мәселелерді шешуге жұмсау, IT технологияларды игеру және отандық кәсіпкерлердің қажет­ті жобаларға қаржы салып, ұлт­тық экономикамызды дамытуға үлес қосуы арқылы еліміздің бәсекедегі артықшылықтарын түгел пайдалану керегі жайлы өте орынды һәм ауқымды экономикалық мәселелерді көтерді.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбымен өткен осы құрылтайда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мен бүгін тағы бір өзекті мәселеге қатысты ойымды ортаға салғым келеді. Біз соңғы жылдары кәсіпкерлікті дамытуға айрықша мән беріп келеміз. Басты мақсат – елімізді аймақтағы ашық нарықтық экономикасы бар маңызды орталыққа айналдыру. Осы орайда, ұлт­тық буржуазияға зор міндет жүктеледі. Мен ұлт­тық буржуазия туралы ой-тұжырымды осыдан 24 жыл бұрын Давос экономикалық форумында атап өт­тім. Бұл жерде «ұлт­тық» деген сөз кәсіпкердің ұлтына емес, оның азамат­тық сана-сезіміне қатысты айтылып отыр, яғни елімізге қоғам алдындағы жоғары жауапкершілігін сезінетін және Қазақ­станды дамытуға елеулі үлес қосатын ұлт­тық буржуазия керек. Бизнес өкілдері белгілі бір саладағы саясат­ты жетілдіруге қатысты стратегиялық бастама көтереді деп сенемін. Олар экономиканың түрлі саласын дамыту туралы нақты ұсыныс айтады деп үміт­тенемін.
Алайда кейбір кәсіпкерлер алдымен елдің емес, өзінің мәселесін айтып қалуға тырысады. Тіпті бизнес жобасына қолдау көрсетуді, өзіне жеңілдік беруді сұрайды. Сол үшін мемлекет­тік органдарға тапсырма беруімді өтінеді. Бір сөзбен айтсақ, баяғы, үйреншікті жолмен жүргісі келеді. Өз мүддесін бәрінен жоғары қойып, жеке мәселесін мемлекет есебінен шешуге ұмтылады. Басқа жұртқа қараңыздар. Көптеген елдің, тіпті көрші елдердің өзінде ірі кәсіпкерлер мемлекетке алақан жаймайды. Керісінше, туған елін дамытуға өз еркімен қыр­уар қаржы жұмсайды. Осы елде кәсібін жасап, байыған адамдар қара басының ғана емес, елдің де қамын ойлауы тиіс деп санаймын. Олар жеке мүддесін қоғам мүддесімен үйлестіре білуі қажет.
Елге жанашыр азамат­тар бізде де аз емес. Мұндай азамат­тар қоғамға қажет­ті көптеген жобаға қаржы салып, игі істердің басы-қасында жүр. Қайырымдылық және волентерлік бастамаларға демеушілік жасап келеді. Мемлекет те отаншыл азамат­тарды өзгелерге үлгі етіп, оларға қолдау көрсетеді.
Әрине, аймақтарда өз қаржысына мешіт салған кәсіпкерлердің ниеті түзу, оны түсінуге болады. Алайда жаңа мектеп жатақхана, аурухана, кітапхана, мұражай немесе спорт сарайын тұрғызу әлдеқайда маңыздырақ. Мұның сауабы мол. Ке­йінгі ұрпақ та осындай игі істерге алғыс айтары анық. Бизнес өкілдері барлық салада белсенді болуы қажет. Мұқтаж жандарға барынша қолдан келгенше көмек көрсетіп, әрдайым әлеумет­тік жауапкершілік танытуы керек. Сонда ғана шын мәнінде, ұлт­тық буржуазия қалыптасады деп айта аламыз. Дәл осындай ұлт­тық буржуазия өкілдері бәсекеге қабілет­ті экономика құруға және халқына қалтқысыз қызмет етуге қашан да дайын болады», – деуінің өзі қазіргідей жаһандық сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістердің, ғылым мен технологияның ғасырында экономикамызды әлемдік бәсекеге қабілет­ті дәрежеге көтеретін һәм қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға бағыт­талған тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін ұлтына қарамастан әрбір ірі кәсіпкерлердің азамат­тық сана-сезімі алдымен туған елін дамытуға жеткізетін, отандық стратегиялық маңызды өндірістік және ұрпағымыздың жан-жақты дамуына әкелетін сауабы мол басқа да түрлі әлеумет­тік жобаларға қаржы салулары керегін басты бағдар ретінде көрсетуін толық қолдаймын.
Атап айт­қанда, Мемлекет басшысы мешіт салғаннан гөрі өзге әлеумет­тік нысан тұрғызған жанның ел дамуына пайдасының тиетінін, ұлт­тық буржуазияның мемлекет пен халық алдындағы әлеумет­тік жауапкершілігін санасымен сезінуі, тек бас пайдасын ойлап мемлекетке шектен тыс талаптар қоймауы керегі жайлы ойы да оралымды шықты.
Отандық өндіріс дамыса, ішкі нарығымызды қорғауға, инфляцияның өсуін баяулатуға, басқа салалардағы дамуға тежеу болатын монополияны жоюға, шынайы бәсекелестікті және мемлекет­тік-жекеменшіктік әріптестікті дамытуға жол ашылатыны да өте орынды айтылды.
Сонымен бірге нағыз дамыған ел болу үшін тек экономикалық мақсат қою жеткіліксіз екені, әлеумет­тік, шаруашылық, идеологиялық, рухани, мәдени һәм тарихи салалардағы басты деген бағдарларды қоса айқындап, нақты шараларды қолға алу керегіне де ерекше тоқталды. Қазіргідей халықаралық жағдайдың ұшығып тұрған сын-қатерлі кезеңінде халқымыздың мызғымас ынтымағы мен бірлігін сақтау, сөз бен істің бірлігін қамтамасыз ету, отаншылдық, креативті индустрияны дамыту, ұлт­тық бірегейлігімізді нығайту, тарихи әділдікті қалпына келтіру, адамзатқа жат жағымсыз әрекет­терден арылу керегі туралы да мәселелер дер кезінде көтеріліп отыр.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық ұлт­тың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтар екенін де жеке-жеке саралады.
Мемлекет басшысы: «Еліміз біртіндеп постиндустриалды қоғам үлгісіне көшіп келеді, идея мен инновация оның басты қозғаушы күші саналады. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз қажет. Қазақ­стан жап­пай цифрланған және жасанды интелект жүйесі дамыған елге айналуы тиіс. Бұл – біздің стратегиялық міндетіміз Осы технология таяу болашақта әлемді түбегейлі өзгертеді.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырмайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деуінің өзі әсіресе жас ұрпақты аға ұрпақтың ерлік һәм еңбек дәстүрлерінен үлгі алуға шақырады және отаншылдыққа, еңбекқорлыққа, адал табыс табуға тәрбиелеуге үндейді.
Қорыта айт­қанда, Ұлт­тық құрылтайда белгіленген жоғарыда атап өткен кешенді һәм маңызды іс-шаралар барлық қазақ­стандықтың әл-ауқатын арт­тыруға бағыт­талған тұрақты экономикалық өсуге әкелетін басты стратегиялық бағдар ретінде барлық салада берік һәм негізгі басшылыққа алынуы тиіс деп есептеймін.

Бекмұхамет СЕРІКБАЕВ,
заңгер-журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір