ДИССЕРТАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСТЫ НАЗАРДА
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің базасында «Қазақстандағы қазіргі қазақтілді контент: зерттеу парадигмалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Ғылыми жиын аясында «Тіл ғылыми зерттеулерін үйлестіру» орталығы салтанатты түрде ашылды. Аталған іс-шараға ҚР ҰҒА-ның көрнекті ғалымдары мен университеттің профессор-оқытушылары қатысты.

Конференцияны кіріспе сөзбен ашқан Абай университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры, философия ғылымдарының докторы Дархан Біләлов орталықтың ашылу өзектілігіне тоқталып, оның басты мақсаты – алдағы уақытта еліміздің жоғары оқу орындарындағы 10-нан астам диссертациялық кеңестердің тіл ғылыми зерттеулерін үйлестіруші ретінде ғылымды дамытудың басым бағыттарын айқындап, тіл ғылымы бойынша орындалатын докторлық диссертациялық жұмыстардың өзекті мәселелерге арналуын және тақырыптардың қайталанбауын қадағалайтынын айтты.

Ғылыми орталықтың басшысы болып сайланған ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы Кәрімбек Құрманәлиев орталықтың ашылу идеясын тілге тиек етті. «Көрнекті ғалым, рухани әкем, ұстазым – академик Шора Шамғалиұлы Сарыбаев негізін қалаған Тіл ғылымы зерттеулерін үйлестіру орталығының қызметі ұстазымның өмірден өтуіне байланысты біраз жыл тоқтап қалған болатын. Соңғы кезде тіл білімі бойынша қорғалатын диссертациялық жұмыстардың сапасына байланысты ғылыми жұртшылық тарапынан түрлі сындар айтыла бастады. Сын пікірлердің дені диссертацияның мақсат-міндеттерін, өзектілігін айқындаудағы нақтылықтың өз деңгейінде болмауы мен таңдалған тақырыптардың басқа диссертациялық жұмыстармен ұқсастығына байланысты қозғалып жатады. Осыған орай, Шөкең ізін салған сара жолды жалғастырып, жас ғалымдарға бағыт-бағдар беруде маңызы мол мәселені қолға алу идеясы туған еді», – деді академик алдағы жұмыс барысын да саралай келіп.
Ғылыми басқосуда сөйлеген ғалымдар университеттер мен Ұлттық ғылым академиясының арасындағы тығыз ынтымақтыстық – жас ғалымдардың зерттеулерінің жоғары деңгейде жүргізілуіне ықпал ететінін ерекше атап өтті.