МЕНІҢ ФАРИЗАМ
Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА
Фариза тұрып бара жатқан орындығына қайта отыра кетті де, әңгімені өте пәс дауыспен өзі жалғады.
– Ол Алматының дәрігерлік институтында оқыған, болашақ хирург болуды армандаған еді. Мені «Фари» дейтін. Ол кезде студентте не болушы еді?! Каникулға келгенде маған бірде дәрігер пинцетін, бірде скальпель әкелетін, «кейін үйімізге керек болады» деп. «Мені кесіп көресің бе?» деп күлетінмін. 3-курсты бітірген жылы Гурьевте мотоциклден құлап, жазым болды. Мен тілдесе де алғаным жоқ. Жерлеуіне баруға да батылым жетпеді. Келер жылы құда түсірем деген арман солай үзілген. Мен есімді жия алмадым, ешкімді сүйе алмадым. Сөз салғандар болды, біріне де қарағым келмеді. Көз алдымда тек соның бейнесі, тек соның мінезі, күлкісі, қазір де сол алақанның жылуын қолыммен сезем. Ұмыту түгілі, жыл өткен сайын сағына түсемін. Тіптен есімнен кетпейді ол. Сенің көзіңде оған ұқсас бірдеңе бар. Ол да ақсары еді. Енді сен маған соны елестетесің де тұрасың. Соңғы кезде сен келем десең, сол тіріліп келетіндей күй кешемін, күтемін. Осы мен жынданатын шығармын, – деп мойнымнан тас қылып құшақтап алып, ағыл-тегіл жыласын.
Мен жұбатпай отыра бердім. Жібек кеудешемнің иығы су болып, жеңсіз білегімнен тамшы жас жылжып ақты. Біраздан соң өзі жылауын қойды, бетін жууға кетті. Одан кейін мен Фаризаның көзіне жас алғанын көргенім жоқ, тас мүсіндей қатты да қалды. Тор көз дәптерінің екі бетін ашып, алдыма қойды. Мен үнсіз оқи бастадым.
* * *
Лүпілдей соқты жас жүрек,
Еркелеп назбен қарадым.
«Пойызға хатты жазшы» деп
Елжірей қалды жанарым.
Албырттау жүрек, жас жаным –
Бәрі де сен деп талпынды.
Білдіріп аяқ басқаның
Абыржып тұрған қалпыңды.
Сөз таппай үнсіз тұрмыз кеп,
Теңіздей жүрек толқыды.
Ышқынды гудок «жүр-жүрлеп»,
Мұңая қарап ол тұрды.
Сөйткенше қолдар бұлғанды,
Мөлдіреп көздер соңғы рет.
Айтылмай талай сыр қалды,
Қимастық сезім толды кеп…
Қоштасарда
Қоштасу кезі келгенде
Жаутаңдап маған қарадың.
«Жүрмейсің бірге сен неге?»
Дегендей болды жанарың.
Елжіреп тұрды жас жүрек
Жеңе алмай күшін сезімнің.
Кеудеме жалын түсті кеп
Жаныңдай ыстық өзіңнің.
Перронға шықтың, қарадың,
Тұрдың ба мені қия алмай?
Сыр ашпай қалай қаламын,
«Сүйіктім» дер ме ем ұялмай.
Айта алмай қалдым. Жалынға
Өртеніп кеудем тұрды-ау бір…
Қалды да қойды жанымда
Жауғалы тұрған бір жаңбыр.
Бұл өлең жолдары алғаш бастаған жас ақын қыздың аяқ алысы, алғаш сыры екеніне күмән жоқ. Бұл өлеңдер Фаризаның әлі өз қолтаңбасы айқын қалыптаспаған кезде жазылғанын аңғару қиын емес еді. Менің көз алдымда мөп-мөлдір қара көзі сезімге толы жап-жас Фариза тұрды. Өзі ашып берген екі беттен моншақтай тізілген сұлу жазумен жазылған дәптерден осы екі өлеңді оқып, басқа беттерін ашпастан, жылжытып қойдым.
Біраз үнсіздіктен кейін: – Мен өлең жазуды оны Алматыға шығарып салып, күтіп жүрген жылдарда бастап едім ғой, – деді. Содан соң мен ол жігіт жайлы ауыз ашпадым. Тек келер жазда Гурьевте мамасының бөлмесінде терезе алдында жатқан көне пинцетке көзім түсіп, жүрегім шым ете қалды. Фариза байқаған жоқ. Мен терезе алдында тұрған кітаптың тасасына итере салдым.
Сол сапарда Гурьевте көңілді бір апта өткіздік. Махиз ағай өте қонақжай адам еді. Бір кеште үйіне ағайындарын түгел жинады. Айбарша жеңгеміз жаны қалмай жүгіріп жүр. Гурьев университетінің сол кездегі ректоры (қазір де Атырауда тұрады) Дайыров Ғафуролла ағай туысқандарымен қоса, бүкіл әдебиетшілерін, өнерпаздарын жинап келді. Әңгіме, ән, домбыра – бір ғажап отырыс болғаны әлі көз алдымда. Ол кезде Фариза тым тәуір домбыра шертіп, ән айтатын. Мен де кезектесіп, халық әндеріне қосылатынбыз. Алматыда да шуы мол әдеби кештермен той думан кешіп, бұған дейін де бірге біраз әнді орындауға жаттығып қалған едік. Бірінен көңілді, бірінен шаршап қайтып жүретінбіз. Шаршауға себеп болатын, жасыратыны жоқ, Фариза-мінез еді. Өйткені, ол бәрін өз дегеніне бағындырып алғысы келетін. Кейде көңіліңе қараса, кейде қарамайтын еді ғой…
Сол аптада Гурьев қаласында тұратын өнерлі отбасында да қонақта болдық. Сол сапарымызды ары қарай Грузияға, дәлірек айтсам, Абхазиядағы «Новый-Афон» курортына жалғастырдық. Ол кезде жолдамалар 21 күндік болатын. Демалдық деген аты ғана. Өз басым қатты шаршап қайттым. Кей күндері Фариза өз-өзінен шамданып, бабын таптырмай-ақ қойды. Ол өлең жазарда осылай түсініксіз күйге түсетінін білуші едім. Соған жорыдым да, шыдап бақтым. Теңіз жағасы болғасын таңғы шәйдан кейін суға шомылуға шығамыз. Фариза екі-үш күнде күнге күйіп шыға келді, мен болсам, күнді тез қабылдамаймын. Жақын арада қараятын түрім жоқ.
Бір күні соны сылтау етіп жатып алды. «Мен суға түспеймін, сен күймейсің» деген сылтаумен. Жалғыз қалдырып кету ыңғайсыз, сонымен 20 күн оның көңіліне қараумен өтті.
Қайтадан Гурьевке ұштық. Мен: «Оралға бірге соғайық, менің де анама барайық. Машинамен Индер арқылы тәуекел етсек, жер көреміз. Бәрі таниды, күтеді», – дедім. Фариза жұлып алғандай, «Ендігәрі Индер дегенді айтпашы маған, қайдағы-жайдағы еске түседі», – деп зірк ете қалды. Ендеше, сол жігіт Индер ауданында туған, не тұрған деп жорыдым. Тағы да Фаризаның көңіліне қарап, Алматыға бірге ұштық. Мен оған көп қиналмадым, көп кешікпей менің анам Ағзила екі немересімен келуі тиіс еді.
Сол жолы бізді Атыраудан Махиз ағай шығарып салған еді. Бүкіл Гурьевті танитын ақжарқын азамат самолет баспалдағына дейін қолжүгімізді өзі көтеріп келді. Багажға ап-ауыр қорап өткізді. Ол әр түрлі қара икра болатын. Алматыға келген соң Фариза екеуміз машинаға әзер жеткізіп салдық. 180-ші «Волганың» жүргізушісі Сашаға Фариза «Қайда жүрсің?» деп жатыр. Сонымен, қазіргі Достық даңғылы, бұрынғы Ленин көшесіндегі жазушы Кәдірбек Сегізбаевпен көрші қонған Фаризаның пәтеріне Сашаның көмегімен әзер көтерілдік. Ол кезде холодильник, морозильник деген қолға түсе бермейді. Киім ілетін жардағы қуысқа қоя салдық. Бір айдан кейін икралар бұзылды. Екеуміз шелектеп қоқысқа төктік. Шикі балық исі үйді алып кетті. Сыртында бекіренің суреті бар көк банканың 2-3 түрін тазалап алып, біріне тұз, біріне ине-жіп салатын ыдыс жасадық. Өзіміз абыржып, біресе күліп, мәзбіз. «Не қайғыратыны бар, керек болса, тағы беріп жібереді», – дейді Фариза. Өзінің қара икра жеуге құлқы жоқ.
Ол заман Гурьевте балықты құмға көміп, икраны суға төгіп жүрген молшылық дәурен еді-ау, шіркін…
Кешікпей Алматыға менің анам келген соң Фариза бірге қыдырып, мәз болды. Сол кезде Тимирязев көшесінде көршілес қонған Сыдықов Хабиболла ағамыздың үйінен қонақтық басталды. Әбу Сәрсенбаев атамыз, Әбіштің анасы Айсәуле әжеміз менің анамды Фариза екеумізбен құрметтеп-ақ бақты. Фариза бұл жолы менің анамды өз анасындай құрметтеп, еркелеп, «Апамның әкелген ірімшігін өзім ғана жеймін» деп балаша иемденгені есімде. «Біздің үй де толып тұрсыншы» деп күнара кешкісін машинамен келіп, алып кететін. Алдағы жазда Оралға баруға уәде беріп, анамды шығарып салысты.
Фариза өлең жазарда қатты тебіренеді, толқиды, қатты қиналады. Жыр толғағы жанын жеп қоятын. Мен оның барлық көңіл күйін қабағынан айтқызбай-ақ түсініп, алдын ала сақтандырып отырушы ем. Оқыс біреудің сөзі жанына тиген сәтінде бірден сезем. Жұмыстан келгенде кешкі тамағын қадағалап отырамын. Кей күндері тамақ ішпей қоятын. Ол түнімен өлең жазуға кірісетін. Түні бойы таңға дейін көз ілмейтін сәттерде жұмысқа өте шаршап баратын. Ол күндері ұжымда өшін кімнен алар екен деп ойлайтынмын. Болған жайтты кеште өзі-ақ айтатын. Кейде оның дұрысын, не қатесін жәймен отырып мойындататынмын. Ол алғашында бір шапшып алады да, сабасына түсіп, қатесін мойындайтын. Маған сәл жымиып, риза көңілмен қараушы еді. Жанарында «Менің ақын жанымды кім түсінер?» деген сұрақ тұратын.
Бұл жылдары біз Алматыда да, іссапарда да жұп жазбай бірге жүрдік. Өлең жайлы, өмір жайлы көзқарасымыз кейде жымдасып, кейде келіспей, керісіп те қалатынбыз. Фариза қай кезде де алдымен өзінің дегені болғанын қалайтын. Бірақ біраз уақыт өткеннен кейін дұрыс емес жерлерін мойындайтын еді. Сонымен, кейде шекісіп, кейде бекісіп, бір-бірімізге үлкен сеніммен қарап, бір-бірімізді сыйлап, аялап, қос ақын қыз боп, қос құрбы боп жазушы ағаларымызға еркелеп, әдеби ортада ылғи бірге жүрдік.
1973 жылы көктемде екеуміз Қызылорда облысына бірге бардық. Арманы Сырдың «Шиелі вальсі» шырқалып тұрған шақ еді бұл. Шерхан Мұртаза ағамыз шақырып алып, сол жақтан очерк жазып келу керектігін тапсырды. Он баламен күріш егіп, «Еңбек ері» атанған Ұлбала Алтайбаева мен Шырынкүл Қазанбаева жайлы екі қыз «Жұлдызға» очерк әкелуге тапсырма алып, Сыр бойына аттандық. Екі күрішші «Еңбек ерлерімен» кездестік, сөйлестік, дәмдес болдық. Шиеліні аралауға қыз-қырқын толы автобуспен әндетіп шықтық. Қауынға да, қымыранға да тойдық. Ыбырай Жақаевтың кетпендерін көрдік, Жадыра Тастанбекқызының ерлігін естідік. Қызыордадағы атақты Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық колледжде кездесу өткіздік. Ол кезгі директор Ұлмекен Рысбекова апамыз (иманды болғай) өте парасатты ұстаз болатын. Колледж бітірген қыздарын түгендеп отыратын анасындай кісі еді. Қазақтың әйелі мен нағыз ұстазы осындай деп көрсететін эталон сияқты көрінді. Біздің алдымызда келіп кеткен шәкірті, әнші Бақыт Әшімоваға той көйлек тігіп, сыйға тартқан. Бізге де отау тігу бақытын тілеп, екеумізге алтыннан алқа тақты. Бұл колледж түлектерімен мен бірге Қыздар университетінде оқыдым. Олар – Шәмшә Беркінбаева, Мәрия Жүйріктаева, Қуанышкүл Меңдіаяқова сияқты ұстаздық жолда ерекше көрінген қыздар еді. Ұлмекен апай бәрін сұрап, өз туған қыздарындай еске алып отырды. Фариза екеуміз бұл сапардан өте көңілді қайттық, блокнот толы қызық деректер мен көкірек толы сағынышты, сазды жүздесулермен қанаттанып оралдық. «Жұлдызға» очеркімізді бердік. Шерхан аға да арқамыздан қағып, мадақтап жатыр. Кешікпей мені шақырды кабинетіне. «Бізде қалам ұстаған батыл қыздар әлі аздау. Сен келер жылы партияға өтуің керек. Әзірше Мұқағали ағаңның орнына поэзия бөліміне отырғызамын, бірақ ол орынға нық отыруың үшін коммунист болуың керек», – деді. Мен үнсіз тыңдап, үнсіз шығып кеттім.
Қарт әжем Қатира тәрбиесі менің коммунист болуымды жүрегім қаламайтын көзқараста қалыптастырған еді. Институтта комсорг, оқу озаты, ақын, активист деп ұсынған партияға мен кірмей қойдым. Әжем ата-бабасының большевиктен көрген қорлығын айтса, төбе шашым тік тұратын. Бала жүрек суып қалған еді. Әсіресе, ауырып жатқанда «Ленин, Сталинге табын, бәлкім солар көмектесер» деп мысқалдағаны көкейімде мәңгі қалып қойған. Енді не болмақшы? Жүрегім мүлде қаламайды сол партияның мүшелігін…
Кеште келіп, бар әңгімені Фаризаға жайып салдым. Фариза тіс жармады. Тіпті, естімеген адамдай көңіл де бөлмеді. Менің сөзімнің бәрін жауапсыз қалдырды.
Мен бір күні кеште әңгімені Фаризаның «Мазасыз шақ» жинағын дайындаған кездегі оның қатты ашуланғанынан бастадым. «Мазасыз шақты» «Жазушы» баспасына тапсырдық қой. Бір күні қолжазбаны қайта алып қара демей ме Есет Әукебаев, әлде Қайрат Жұмағалиев. Екеуміз қосақтасып барып, баспадан қолжазбаны алып, Фаризаның үйіне келдік. Бірден пікір жазған хаттарға үңілдік. Біреу «Өлең жолдарында размері сақталмайды» депті, біреу «Поэзия емес, қара дүрсін сөздер көп» депті, біреу «Кей буынын оқуға дем жетпейді» депті, әйтеуір, біраз сын айтылған екен. Фариза оқып болды да, түрі өзгеріп, түтеп ашуланды. Ол кезде пластика ыдыстар жоқ, қоқыс салатын темір шелек тұрған, соны әкеліп, асүйдің ортасына қойды да, жинақты жын қаққандай ызалана жыртып, соған лақтыра бастады. Мен түгел жыртылмағанына жармасып, шығарып алып жатырмын. Суырмаларды жұлқылап, сіріңке тауып алды да, от қойды. «Қой!» деп едім, тыңдаған жоқ. Үй көк түтін, өлең жанып жатыр. Әрине, жүрегім жұлынып, шаншып кетті. Сөзімді тыңдата алмадым, көңілім суып барады. Су құйып отты сөндіріп, үнсіз отырмыз. Мұндай сәтте жалғыз тастап кетуге болмайды. Қалайын десем, ызадан бет қаратпайды. Амал жоқ, қалдым. Аядым…
Бұл апта ауыр апта болды. Қатты шаршадым.
Бір күні жұмыс аяғында Фариза телефон шалды. «Мен саған соғамын, шығып тұр», – деді. «Жазушы» баспасынан звондапты, жоспарда тұрған «Мазасыз шақты» қатесін түзеп, алып кел» депті. Екеуміз қайта жинақтап, бір жұма әбігер болдық. Түгендедік, жоғын еске түсірдік, өрттен қалғанның шетін іздедік, сөйтіп, «Мазасыз шақ» өрттен шықты. Кітап тез таралып кетті. Авторға 10 дана ғана тиді.
Бір күні «Қазақстан пионері» редакциясында отыр едік, қабылдау бөлмесінен келіп, Өмірзақ Қожамұратов деген ақын кіргісі келетінін айтты. «Кірсін», – деді Фариза. Танымадық, ол өзін «ақынмын, өлең жазамын» деп таныстырды.
– Газетке өлең берейін деп пе едің? Балаларға жазасың ба? – деп сұрады Фәкең. Ол бірінші көріп тұрса да, «сен» деп сөйлей беретін.
– Жоқ, – деді Өмірзақ.
– Онда менде не шаруаң бар? – деп дүңк етті Фариза.
Өмірзақ төсқалтасынан кіп-кішкентай кітап алды, бірінші бетіне автограф жаза бастады. Оның да мінезі қырсық сияқты. Мен сөзге араласпадым. Фариза алып оқыды, Өмірзақ «Сау болыңдар!» деп шығып та кетті. Автографты маған ұсынды.
– Кім көрінген мені үйретпек пе? Мынау кім өзі? – деді Фариза.
– Танымадым, – дедім мен.
Ол ақынмен одан соң да еш жерден кездеспедік. Сол автографты мен бірден жаттап алдым. Фариза кітапты қоқыс жәшікке лақтырып жіберді, мен ара түскенім жоқ. Оның бәрібір тыңдамайтынын білемін. Өмірзақ былай деп жазыпты:
«Әрқайсың сияқтанып қия шыңдар,
Білмеймін, қай белестен құясыңдар.
Тұлпар болсаң, тұлданба!
Айналайын,
Аспан сыйған далаға сыясыңдар.
Құрметпен, Өмірзақ Қожамұратов».
Бұл кеште де үн-түнсіз үйге қайттық. Бейтаныс ақынның мінезіне ренжіген Фариза кеш бойы қабағын бір ашпай қойды. Маған ол бүгін түнде де өлең жазатындай көрінді.
Фаризаның қатқыл сөйлейтіні оның сақтану құралы еді. Ол ақынмын деп тұлданған емес, өз басына түскен өмір жүгіне майыспау, сынбаудың амалы болатын. Егер сәл жұмсарса, оны ұқпағандар төбесіне шығып кетеді-ау деп сескене ме, қалай?! Қайткен күнде де, бағынбау, жуасымау керегін мақсат еткенге ұқсайды. Иә, бұл өмірмен күресу үшін өжеттік те, өткірлік те, қаталдық та қажет. Әйтпесе, жүрегі нәзік, сезімтал ақын қыз сынбаса да, майысып кетуден қорқады. Сүйенері болса, әлде қайтер еді. Бәлкім, жуасыр ма?! Мен оны түсінген сайын шаршайтын болдым. Жаным ашитын.
Сол жылы жазушы Тахауи Ахтанов ағамыз 50-ге толды. Алматы жоғары оқу орындарының студенттері түгел кездесті-ау. Фариза екеуміз де творчестволық кешке бірге бардық, сөз алып, тілек айттық. ҚазГУ – қазіргі әл-Фараби атындағы университетте ең тамаша кеш өтсін. Ақын Сырбай Мәуленов өлең оқыды, жазушының досы Қуандық Шаңғытбаев қызғылықты естеліктер айтты, Фариза қысқаша қара сөзбен тілек білдірді. Маған сөз тигенде экспромт шумақтар келе қалды. Ол өлең былай аяқталды:
Лапылдап сезім отына,
Жас дәурен кештік баршамыз.
Бойжеткен кезде оқыған
«Махаббат мұңын» қанша қыз.
Жылдарды, аға, елеме,
Көңілді бөлме мұңға еш.
Елу жас сізге немене,
Екі рет келген жиырма бес, – дедім.
Зал гулеп кетті. Өйткені, залдағы студенттердің жартысы өлең жазатын ақындар ғой. Сырбай Мәуленов ағамыз оқ тиген саусақтарымен мұрнын бір сипап, «Мұндай тапқыр жол біздің поэзияда алғаш рет айтылып тұр, Ақұштап қарындасымды бүгінгі өлеңімен құттықтайық» деп акцент жасап, қайта қол соқтырды.
Ректорат жайған шәй дастарқанынан екеуміз дәм таттық. Сол күні кеште Фариза маған «Енді сен өлең оқыған жерге мен бармаймын. Өйткені, сен жатқа оқисың. Өзің де көз тартып тұрасың, ендігі кездесулерге бөлек барайық», – десін. Бұл тосын шешімге мен жеңіл әзілмен «Жарайды, Фару, сенің дегенің болсын», – дей салдым. Бірақ жүрегімнен бір салқын леп өтіп кетті…
ПІКІРЛЕР1