Жазушылар одағының жанынан әдеби қор құрамыз
Менің алдағы Құрылтайда жария болатын бағдарламам бүгінгі заман талабынан туындап отыр
1. Мәдениет министрлігімен бірігіп, «Көркем аударма орталығын» құру. Мұндай орталықтар әлемнің біраз елінде бар. Мысалға, Түркияда мемлекеттен қаржыландыратын «Тедда» деген аудармамен айналысатын ұйым бар. Ресейде әдеби аудармашыларды да оқытатын Әдебиет институтынан басқа «Россотрудничество» мекемесі қаржыландыратын «Аударма институтының» ашылғанына екі жыл болды. Мұндай аударма ұйымдары Жапония мен Қытайда бар. Идеологиясы діни мекеменің қолында болып келген Сауд Арабиясы Мәдениет министрлігін ашқанына екі жыл болды. Сол жаңа ашылған Мәдениет министрлігінде «Көркем әдебиет және аударма» комитеті бар екен. Аударма – әдебиеттердің алтын көпірі. Басқаны айтпағанда, жақын көршіміз Өзбекстанда Науаи атындағы тіл-әдебиет университеті ашылған, онда көркем аударма бөлімінде болашақ аудармашыларды оқытып жатыр. Өзбекстан Президентінің Жарлығымен «Ижод» атты Қор құрылып, оған жолма-жол және көркем аударма үшін бөлінетін қаржыны жылма-жыл құйып отыр. Және біздегі Шет тілдер университетінде әдеби аудармашылар дайындайтын бөлім ашылып, әдебиетке, жазуға бейімі бар талапты жастардан құралған топтар оқуға қабылдануы керек.
2. Жазушыларға кітап жазуға грант бөлу. Бұл жұмыс та Мәдениет министрлігінің қолдауымен іске асырылады. Мұның Ережелері мен шарттарын, қаржыландыру тәртіптерін жасауды қолға алдық. Бұл жерде арнаулы Комиссия құрылып, сараптама арқылы қатаң сұрыптау жүргізіледі. Грант жазушыға 3 кезеңмен –
а) кітабының жобасына алғашқы төлем,
ә) қолжазбаның 60 пайызына екінші бөлігі,
б) кітап жазылып бітіп, баспаға дайын болғанда қалған ақшасы төленетін болады. Бұл жобаны іске асыруда біз ғалымдарға грант бөлу тәртібін, кино түсіруге тендер бөлу жүйесін зерделеп, зерттеп, тәжірибесін ескеретін боламыз.
3. Бір кезде дау-дамаймен жабылған Әдеби Қор қажет екенін уақыт дәлелдеп отыр. Бұрын Әдеби Қор қаржысы баспалардан шыққан әрбір кітапқа төленетін қаламақының титімдей пайызынан құралатын. Әр баспа Әдеби Қорға жарық көрген әрбір кітаптан болмашы тиын-тебен аударып отыратын. Басқаша айтсақ, «Көп түкірсе – көл». Ең алдымен баспалар төлейтін қаламақы саясаты дұрыс жолға қойылуы керек. Мемлекет есебінен шығатын және мемлекеттік сатып алумен шығатын кітаптар бағдарламасында осы мәселе ескеріліп, арнаулы бап енгізілуі тиіс. Бұл жерде осы тетікті жұмыс істету үшін Үкіметтің арнаулы қаулысы немесе Президент Жарлығы керек. Егер жоғарғы жақ қолдап, қол қоятын болса, ондай қаулының жобасын дайындау қолымыздан келеді. Билік шын көмектескісі келсе, бұл Әдеби Қорды ұлттық компанияларға теліп қою жолы да бар. Сондықтан бұл мәселе – жазушылар талабының бірі ретінде Құрылтайдың қорытынды қарарына енуі тиісті. Қазіргі Құрылтайға өз кандидатурамды ұсынамын деп жүргендердің көпшілігі өз бағдарламасында осы Әдеби Қорды ашамын дейді. Бірақ қалай ашу керегін түсіндірмейді. Қор ашқанға қаржы өздігінен құйылмайды. Біреуінен білсем, ол: «Менің екі бизнесмен інім бар, солардың әрқайсысы 100 мың доллардан беремін деп отыр, сол ақшамен Қор ашамын, Жазушылар одағын асыраймын» дейді. Тілектеспін.
4. Әдеби қормен еншілес, сабақтас бола алатын «Насихат» орталығын, яғни «Көркем әдебиетті насихаттау орталығын» ашу. Философияда «біздің жаңа дегеніміз – бұрын әбден ұмытылған ескі» деген сөз бар. XIV ғасырда өмір сүрген Джефри Чосер деген ағылшын ақыны «Жаңа дәстүр қайдан шықпақ, Ескі дәстүр болмаса» деп жазған. Сол айтқандай, белесебетті қайта ойлап таппай-ақ, бұрынғы әдебиетті насихаттау бюросының қаржы табу тәсілін жаңғыртып қолдану керек. Бұл Насихат орталығы қаламгерлердің елді, ауылды аралап, кездесулер өткізіп, өлкетану, өмір тану, бүгінгі ауыл, аудан тұрмысымен танысып, болашақ кітабына материал жинауына және кездесу өткізіп қайтқаны үшін қаламақы алуына мүмкіндік туғызар еді. Ол үшін жергілікті басшылармен, табысты кәсіпкерлермен, өндіріс және шаруашылық басшыларымен алдын ала мәмілеге келіп, келісім-шарт түзетін икемді де табанды бір директор мен бірнеше іскер менеджер қажет. Бұл жерде де Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Мемлекеттік кеңесшінің қол ұшын беріп, арнайы пәрмені шыққаны керек-ақ.
5. Шетелдермен әдеби байланыс агенттігін ашу. Бұл істе бәрін кадр шешеді. Шет тілдерін, әсіресе ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар керек. Бізде ондай қаламгерлер де бар. Шетелдерге қазақ кітабын шығарудың алғы қадамдары жасалды. 11 мемлекеттің жазушылар ұйымдарымен, баспаларымен кітап алмасу жөнінде келісім-шарттарымыз бар, меморандумдарға қол қойдық. Бұл мәселе енді «Аударма орталығының» ашылуына орай жоспарлы, жүйелі түрде жүргізілетін болады.
6. Сол меморандум аясында Белорусия өздерінде Қазақ әдебиеті күндерін өткізуге ұсыныс жіберді.
7. Келесі жылы Үндістан қаламгерлері мен баспагерлері делегациясы келмекші.
8. Түрік дүниесі Жазушылар одағының төрағасы ретінде қазақ кітабының түрік тілдес елдерге тәржімаланып, таралу мәселесін қолға алдым. Бірінші кезекте Ж.Аймауытовтың «Ақбілек» романы, Т.Жармағамбетовтың «Отамалы», О.Бөкейдің «Біздің жақта қыс ұзақ» шығармалары мен Мағжан ақынның 130 жылдығына орай 1 томдық таңдамалысы және 5 тілде шыққан екі томдық «Қазақ әдебиетінің антологиясын» тізімнен қалып қойған көрнекті қаламгерлер шығармаларымен толықтырып, түрікшеге аудартып шығаруды «Түріксой» жоспарына ұсындым. Сондай-ақ Ресейдің «Аударма институтымен» 5 кітап алмасатын болдық.
9. Түріктің ИЛЕСАМ ұйымымен «Қазақтың 100 ақыны» жобасын қолға алдық. Татарлар «Қазақтың қазіргі 30 әңгімесін» шығаратын болды.
10. Елімізде жас қаламгерлер легін қалыптастырып, оларға тиісті қолдау білдіру, әлемдік деңгейдегі тақырыптарға қалам тербеуіне мүмкіндік туғызу мақсатында 2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалады. Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады.
11. Өздеріңізге мәлім, біздің шығармашылық одақтар Мемлекеттің стратегиялық серіктесі мәртебесіне ие болып, тікелей қаржыландыруға көшпек. Оған бүкіл заңдық негіздер әзірленді. Енді бұл мәселенің тезірек іске асуына күш саламыз.
12. Әрқайсысы 5 млн тұратын «Айбоз» конкурстық сыйлығына биыл «Әдеби сын» номинациясын қостырғанымды хабарлаймын.
13. Қазіргі кезеңде аса қажет «Қазақ әдебиетін дамыту» Тұжырымдамасының бастапқы нұсқасы жасалды. Соны жаңа жағдайларға байланысты жетілдіріп, қаламгерлер назарына ұсынамыз және қабылдануы үшін Үкіметке жолдайтын боламыз.
Менің жоғарыдағы ұсыныстарым осы Тұжырымдамада заңдық тұрғыда негізделеді.
14. Жастарға арналған «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Ұлы дала», «Айтұмар» сияқты байқаулардың үзілмеуіне, қаржысын көбейтуге көңіл бөлеміз.
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ