Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілі: «Қаламгер беделі – ұлт беделі»
11.11.2024
249
0

– Әлия Бекежанқызы, Атырау топырағы қазақ әдебиетіне шоқтығы биік қаламгерлерді сыйлады. Ұлт руханиятын өркендеткен ұлы тұлғалардан бастап, қазіргі жас ақын-жазушыларға дейінгі аралықта жауһар жырдың, кестелі сөздің алтын арқауы үзілген жоқ. Әңгімемізді Атыраудағы әдеби қауымдастықтың қазіргі ахуа­лынан бастасақ…
– Иә, біз бітімі бөлек, дабылы сойқан ұлы қаламгерлерімізбен мақтанамыз. Еділ-Жайық арасын ен жайлаған жауынгер рухты өңірдің о заманғы дауылпаздары – Қазтуғаннан Махамбетке дейінгі даңқты жырауларды айтпағанда, біздің жұрт ұлт мәдениетіне «Әдебиет­тің ақша бұлты» – Әбу бастаған тамаша дарынды ұлдарды сыйлады. Теңіздей терең Хамиты, Жұмекені мен Фаризасын, Меңдекеші мен Маратын, қос Зейнолласын, Есенжолы мен Рақымжанын Атырау елі әманда мақтан етеді. Алайда бұл аталған алыптар жалпыұлт­тық құнды есімдердің қатарына әлдеқашан еніп кеткен. Қазіргі күні бұл алтын желі үзілген жоқ. Өңірдің өзінде одаққа мүше 32 қаламгерден бөлек, жазуды серік еткен біраз талант­ты жастар өсіп келеді. Атырауда Қазақстан Жазушылар одағының өкілі ретінде қызмет жасағаныма жылдан астам уақыт өт­ті. Осы кезеңде аңғарғаным, айдынды Атырауда талант топырағы тусыраған жоқ екен. 


– Сіз – Қазақстан Жазушылар одағының Атырау облысындағы өкілісіз. Өңірдегі ақын-жазушылардың шығармашылық тұрғыда дамуы үшін қандай жобалар қолға алынды, алда қандай жоспар бар?
– Бұрын бұл міндет­ті өңірдегі филиалдар атқаратын. Қазіргі таңда өкілдіктер әр өңірдегі әдеби ортаның қазанын қайнатуға атсалысып келеді. Біздің бірінші міндет – алыс аймақтардағы ақын-жазушылардың өз ортасын қалыптастыру, шығармашылық жетістіктерін насихат­тау, әдеби-мәдени іс-шараларға қатысын, қоғаммен байланысын нығайту. Осы тұрғыда бірқатар жаңа жобаларды қолға алдық. Атырау жазушыларының «ALDASPAN» ат­ты сайты жасақталды. Облыстық «Атырау» телеарнасымен бірлескен «Муза» жобасы дүниеге келді. Белгілі ақын Бақытгүл Бабаштың редакторлығымен өңір ақын-жазушыларының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін бұл жобаның рейтингі жоғары болды. Қаламгерлердің мерейтойлық даталары мен жаңа кітаптарының таныстырылымдарынан бөлек, өкілдік «AMANAT» партиясының Атырау облыстық филиалымен, «ARIZAR» сауда желісіне қарасты «ARIZAR» кітап дүкенімен меморандумға отырды. Қазіргі заманғы сұранысты қанағат­тандыру үшін «тыңдалатын кітап» аудиокітаптар жазуды қолға алдық. Осы орайда «Атырау толқындары» ат­ты жаңа жоба дүниеге келді. Атырау топырағында дүниеге келген отыз қаламгердің туындылары «Яндекс-Кітаптар» платформасына орналастырылып жатыр.
Бұл жерде өңір әкімдігінің әдебие­т­­ке, жалпы руханиятқа қамқорлығы туралы айтпай кетпеске болмайды. Ел экономикасының күретамыры саналатын өндірісті өңірден мәдениет пен әдебиет­ті алып тастасаңыз, көзіңізге не елестер еді?.. Қоғамның бас тәрбиешісі – кітап екенін, ақын-жазушы халықтың үні екенін жергілікті билік жақсы түсінеді. Тіпті кешегі су тасқыны кезіндегі жаға бекіту жұмыстарына жаппай жұмылған атыраулықтардың арасында жасы сексеннен асқан даңқты жазушы, композитор Ілия Жақанов пен профессор, ақын Қадір Жүсіп бастаған қаламгерлер де болды. Осы бір табиғат апаты кезінде қаншама жалынды жыр өмірге келді. Өңірлік билік ақын-жазушылардың мерейжастарына орай құрмет көрсетіп, шығармашылық белестеріне орай мәртебесін көтеріп келеді. Нағыз жазушы өзінің материалдық мұқтаждығынан жұртының мұңын жоғары қояды. Осы тұрғыда мен атыраулық қалам иелерінің жағдайы материалдық та, рухани жағынан да жаман емес дер едім.

– Көркем әдебиет­тің қоғамдағы мәні туралы пікіріңізді білсек. Жергілікті тұрғындардың әдебиетке деген қызығушылығы қандай деңгейде? Кітап клубтары, шығармашылық орта қалыптасқан ба?
– Мен «қазіргі жастар кітап оқымайды, рухы жұтаң, санасы таяз» деген пессимистік көзқарасты қолдамаймын. Атыраудағы кітапханалар мен кітап дүкендерінің қайсысына барсам да алдымнан жастар шығады. Ай аралатып жастар ұйымдары поэзия кештерін өткізіп жатады. Ғ.Сланов атындағы Облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының залдары бір күн бос тұрмайды. Атырауда «ARIZAR» деген керемет кітап дүкені бар. Осы сауда желісінің қожайындарына бір разы болатыным, қазақша кітаптарды бірінші орынға қояды. Олардың тіпті кітап оқитындар клубы да бар. Одан бөлек, кітапхана, мектептер жанынан құрылған оқырмандар клубтары да жұмыс істейді.

– Әр заман поэзиясының өз үні болады. ЖұмекенНәжімеденов айтқандай, «Менің от­ты толқындарым бүгінгі» деп, мұнайлы аймақтағы жаңа буын-жас толқынның аяқ алысы қалай?
– Бізді бұл сұрақ біраздан толғандырып жүрген еді. Көп жағдайда шын талант­ты адамдар біреу іздемесе, көбіне өзімен-өзі тұйық өмір сүріп жатады. Кездесу, жиындарда бір талант­ты, кеудесінде сәулесі бар жас кезіктірсек, алтын тапқандай қуанамын. Осыдан оншақты жыл бұрын өңірдің әр түкпірінде, әр салада жүрген дарынды, қабілет­ті жастарды іздестіріп, басын қосып, «Фариза жұлдыздары» деген клуб құрған болатынбыз. Жиырманың үстінде қыз-жігіт­тер мүше болды. Сол кездерде шынында да, бір талант­ты толқын болды. Қазір олардың басым бөлігі Астана, Алматы қалаларына жұмыс бабымен қоныс аударып кет­ті. Нұржан Өмірбай, Асланбек Шығыров, Рахымжан Асқар, Нұрай Талап, Ұлмекен Шәукенова, Асылай Ниязбаева, Нұртай Мәжит сынды ақындардың келешегінен үлкен үміт күтемін. Қалың оқырманға жазушы Бақытгүл Сәрмекованың есімі жақсы таныс. Шетелдерде әдеби агенті бар санаулы қазақ қаламгерінің бірі ретінде оның әр жетістігіне тілеулес болып келеміз.

– Әдебиет­тің, қаламгердің беделін көтеру үшін не істеу керек деп ойлайсыз? Атырау облысында бұрын республикалық «Махамбет» сыйлығы тағайындалып келгенінен хабардармыз. Қазіргі жағдай қалай?
– Шын талантқа қамқорлық керек. Барлық тараптан… Ал қаламгердің беделін көтеру дегенді қалай түсінеміз… Ең бірінші, әдебиетке адал, Құдай берген таланты бар қаламгер өз миссиясына адал болуы керек шығар. Қазіргі қоғамда талғам таразысы дұрыс жұмыс істемей тұрғаны тағы бар. Оқырман дегеніңіз – тұтынушы, рухани тұтынушы. Оған бір қайнауы ішіндегі дарынсыз музыканы, кембағал киноны, шала-жансар шығармаларды ұсыну арқылы тұтас халықты сана сырқатына ұшыратуға болатын шығар. Бірақ бұл ағынға қарсы тосқауылды әзір көріп тұрғаным жоқ.
Республикалық «Махамбет» сыйлығы Атырау облысы тағайындап келген қазақ әдебиетіндегі ең беделді сыйлықтардың бірі болды. Соңғы рет 2016 жылы берілді. Махамбет – біздің арымыз, намысымыз ғой. Демек, оның атындағы сыйлықтың да беделі, құны жоғары болуы керек шығар… Осыған орай Қазақстан Жазушылар одағы «Махамбет» атындағы сыйлықтың жаңа ережесін жасақтап отыр. Ережеге сай бабамыз атындағы бәйге екі жылда бір рет 15-інші мамыр Махамбет поэзиясы күнінде бір ақын, бір жазушыға табыс етілмек. Махамбет туралы жазған, Махамбетше жазған азамат­тық өр-екпіні басым шығармашылық өкілдеріне табыс етілетін бұл сыйлықтың беделін көтеру үшін осы қадамға баруға тура келді. Махамбет – ешкімнің меншігі емес. Махамбет – ұлт­тың құндылығы. Оның үстіне қазір халықаралық, республикалық түрлі ұйымдар мен қорлар толып кет­ті. Солардың ішінде «Махамбет» медалін тапсырып жүргендерді де көрдік.
Тағы бір айта кетер жағымды жаңалығымыз бар. Атырау облысы әкімдігі биылдан бастап, өңірде тұратын он қаламгерге арнайы стипендия тағайындап отыр.

– Биыл поэзия падишасы, халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың туғанына – 85 жыл. Осы мерейлі датаға байланысты Атырау облысында қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Фариза апамыздың 85 жылдығына орай іс-шаралар Атырау облысында жыл бойы жүргізіліп келеді. Биыл қаңтарда ақынның дүниеден озғанына 10 жыл толуына орай ел азамат­тары үлкен ас берді. Атырауда қараша айы­ның үшінші аптасында «Фариза – рух жанартауы» ат­ты республикалық деңгейдегі апталық өтеді. «Фариза және ақын сіңлілері» ат­ты еліміздің ақын қыздарының поэтикалық кеші, республикалық әдеби-танымдық конференция, «Фариза – жыр планетасы» ат­ты салтанат­ты кеш, ақынның туған жері Исатай ауданында ақын сөзіне жазылған әндер фестивалі сынды көптеген мәдени іс-шаралар жалғасын табады деп отырмыз.

Сұхбат­тасқан
Мөлдір Райымбекова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір