Мереке ҚҰЛКЕНОВ, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, жазушы ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ҚҰБЫЛЫСЫ
08.10.2024
196
0

Қазақтың классик жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толды. Ұлт қаламгеріне арналған мерейтойлық іс-шаралар ЮНЕСКО көлемінде бастау алып, ел ішінде жалғасын тауып жатыр. Күні кеше жазушы дүние есігін ашқан Алматы облысының Райымбек ауданында ұлан-асыр той өтті. Той туралы газетіміздің алдыңғы санында шолу жасаған болатынбыз. Ендігі кезекте мерейтой барысында сөз алған ұлт зиялыларының сөйлеген сөзін оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз. 

Мына жалғанда талантты тану жағынан қазақ халқы кішкене кемшін түсіп жатады. Бердібек Соқпақбаев көзі тірісінде қазаққа жиырма кітап, жиырма шығарма қалдырды. Сол жиырма шығарманың әрқайсысы классика. Қазақтың ұл-қыздарына, азаматтарына осы кітаптардың бәрін оқы деп айтуға болатын дүниелер.
Өйткені ол кісі – Кеңес үкіметі кезіндегі социалистік реализмге қарсы болған жалғыз жазушы. Ол өтірік парткомды, өтірік директорды, өтірік коммунистік партияның мүшелерін мақтап ештеңе жазған емес. Қаламгер көзінің тірісінде «Өзі туралы жазатын жалғыз жазушымын» деп еді, шынында да, ол солай еді. Бүкіл қазақ дәл осы Бердібек ағамыз сияқты болса, бүкіл қазақтың жазушысы дәл сондай дүниелер жазса, қазақтың шығармалары бүкіл әлемге тарар еді.
Бердібек Соқпақбаевтың шығармаларынан біз әділдікті, қайсарлықты, адалдықты сезіп тұрамыз. Себебі ол кісі тек қана шындықты айтуға тырысты. Содан таяқ та жеді. Кезінде Ташкентте өтіп жатқан Азия жазушыларының конференциясына телеграмма соққан жалғыз адам, жалғыз қазақ – Бердібек Соқпақбаев. Содан ол қуғын да көрді, сүргін де көрді. Көзі тірісінде кеудесіне бір награда тақпаған адам. Бірақ әділдік жеңеді қашан да. Біз ел болып, қазақ болып, тәуелсіз ел болғаннан кейін өзіміздің ұлы жазушымызды ұлықтап жатырмыз.
Мемлекет басшысы: «Балаларды ең бірінші әдебиетті оқытуға үйрете­йік», – деп отыр. Өте ғажап сөз. Осыған дейін мектептерде бұрынғы ескі кітаптардан басқа ештеңе жоқ болатын. Енді мына жаңа бағдарламадан бастап барлық мектептерде көркем шығармалар оқылатын болады. Көркем шығармалардың қатарында, Бердібектің кітаптары да мектеп кітапханаларында тұратын болады.
Бердібек ағамызды ұлықтап жатқан биылдан бастап қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің ғасыры басталады деп ойлаймын.

* * *

1880 жылы Ресейде тұңғыш ескерткіш ақынға қойылды. Ол орыстың ұлы ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің ескерткіші болатын. Ескерткіштің ашылуында Федор Достоевский: «А.С.Пушкин – орыс әдебиетінің құбылысы», – деген еді. Біз де сол сөзді бүгін қайталаймыз. Бердібек Соқпақбаев – қазақ әдебиетінің, балалар әдебиетінің құбылысы. Мына ескерткіштің бір иығында Бердібектің әкесі Ыдырыстың, бір иығында шешесі Әзбектің рухы тұр. Ең әуелі осы асыл адамдарға бас иіп, тағзым етуіміз керек. Бұл ескерткіштің өзінің тарихы бар. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда ескерткіш көбейіп бара жатыр, ескерткіштерді ретсіз салып жатырсыңдар, тоқтатыңыздар», – деп ескерту айтқан. Бірақ сөйтіп айтып тұрып, қазақтың Ұлы жазушысына осындай ескерткіш тұрғызуға рұқсат бергені үшін Жазушылар одағының атынан одаққа мүше мыңнан аса жазушылардың атынан Президентімізге алғыс айтамыз. Мына аспанымызда қазір біздің Абай бастаған бүкіл әулиелеріміз төніп тұр. Өйткені қазақ – қазақ болғалы тұңғыш рет қазақ балалар әдебиетінің классигіне ескерткіш қойды. Ескерткіш осы бойда бүкіл қазақпен, бүкіл қазақтың баласымен тілдесіп кетеді. Мен Құдайдан «Ескерткіштен сөйлеп тұрған, үндеп тұрған Бердібектің үлпілдеп тұрған жүрегін түсінетін, құлағы бар, сезімі бар балаларымызды көбейтсе екен», – деп сұраймын.

* * *

Бердібек Соқпақбаев дегенде, елде елең етпейтін қазақ жоқ. Мен егер бір керемет мемлекет қайраткерін көрсем, ол сөз жоқ «Менің атым Қожаны» оқыған шығар деп ойлаймын. Мен бір салиқалы, парасатты адамды көрсем, әй, осы кісі «Менің атым Қожаны» оқыған шығар деп ойлаймын. Өйткені «Менің атым Қожаны» оқымаған қазақ ол – қазақ емес, қазақ болуы мүмкін де емес. Жақсы адамдарды көрсем, көз алдыма Бердібек аға елестейді. Бердібектей жазушылар бізде Құдайға шүкір баршылық, көп деп те айтуға болады. Бірақ балаларға арнап өлмес, өшпес көркем туындылар жаза алған Бердібектей жазушы жалғыз. Мына қазақ әдебиеті – өскен, өнген әдебиет. Сол әдебиет әлі күнге дейін «Менің атым Қожаға» лайықты балалар шығармасын жаза алмай келе жатыр. Әрине, жақсы дүниелер бар, бірақ Бердібектің «Менің атым Қожасына» жететін шығарма әлі жазыла қойған жоқ. Өйткені «Менің атым Қожа» – қазақ әдебиетіндегі Хантәңірі. Хантәңіріне қандай шың төтеп бере алады! Сондықтан «Бердібек аға – біздің қазақ әдебиетінің Хантәңірі» деп айтсақ артық емес.
Жалпы, қазақта жазушылар бірін-бірі мойындамайды. Біреуі екіншісінің шығармасының көркемдігін мойындамайды. Енді бірі – оның шығармасының ішіндегі мінез-құлықты мойындамайды. Бірақ қазақ жазушыларының Сәбит Мұқанов бастаған классиктердің бәрі бір адамды, бір жазушыны мойындаған. Ол – тағы да Бердібек Соқпақбаев. Бердібек Соқпақбаевқа бір кісі сын айтқан емес. Сын айтуы да мүмкін емес. Өйткені ол социалистік реализм бағытында шығарма жазған жоқ. Ол өзінің көрген-білгенін жанымен сезініп, халқының жан дүниесін бүкіл әлемге жарқ еткізіп берді. Оның «Балалық шаққа саяхат» деген керемет шығармасы бар. Сол шығармасы да бүкіл әлем тіліне аударылса екен деп ойлаймын. Сондағы мына Сарыжаздың, Текестің, Қостөбенің, Нарынқолдың адамдарының жан дүниесі, характері қалай бейнеленген.
ЮНЕСКО-ға мүше 170 ел бар. Сол 170 елдің 70 елі Бердібек Соқпақбаевтай жазушының жазғандарынан қазақ деген халықты түсініп отыр. Керемет сұлу, қайратты, ақылды, парасатты халықтың Нарынқолда өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Мен соған қуанамын. Осы Бердібектердің, Дулаттардың, Төлендердің, Әбіштердің, Сайындардың соңынан ерген талантты қаламгерлердің бар екеніне сенемін.
Жақында Алматы облысы ұйымдастырған ЮНЕСКО-ның үлкен жиналысы болды. Ол жиналыс Бердібек ағамыздың шығармашылығына арналды. Біз де қатыстық. Жиында жақында ғана дүниеден өткен Якуп Өмерұғлы деген түріктің үлкен жазушысы: «Біздің Түрік елі әлі күнге дейін өзінің Қожасын жаза алмай жүр», – деп еді. Ал Қожа деген кім? Қожа дегеніміз – қазақ баласының мінез-құлқы, қазақ баласының ішкі жан дүниесі, қазақ баласының әлемге көзқарасы. Сондықтан да біздің Бердібек ағамыз тұрғанда,көркем әдебиетіміз аман тұрады. Бердібек ағамыздың шығармалары аман тұрғанда, қазақ деген халық аман болады.

Қасірет­ті адам, қасиет­ті қалам…

…Қарқара… 1916 жылы қансыраған Қарқара. Қарқара тұсынан жүрегіміз қанжылап өт­ті. Қарқара, қабатынан зәуіде жүрегі қанжыламай өткен жазушы болса, ол жазушы болуы мүмкін, бірақ адам емес, қазақ адамы емес, әсіресе… Қарқара – қазақтың 1916 жылы сынбаған рухы!
Егер де Қарқараның қанды оқиғасы болмаса, қазақта Сабыр Шариповтай жазушы болмас еді. Егер де Қарқара оқиғасы болмаса, Мұхтар Әуезов «жарамсыз» шығарма аталып зынданда жарты ғасыр жататын «Қилы заман» хикаясын жазбас еді. Егер Қарқараның қанды оқиғасы болмаса, Мұқағали қазақтың сынбас рухы, жығылмас жасампаздығын жырлап өтер ұлт ақыны болып тумас еді. «Райымбек, Райымбек» поэмасын жазбас еді. Егер де Қарқараның қанды оқиғасы болмаса, бұл өңірден Бердібек Соқпақбаевтай балалар жазушысы шықпас еді. Көп романшының бірі болар ма еді, егер іште жатып қанқұйлы Қарқара оқиғасын ананың зарымен бойына сіңірмесе. Егер де Қарқара оқиғасын бала жасынан бойына сіңіріп өспесе, Сағат Әшімбаев сергек сыншы болып қалыптаспас еді. Желтоқсан оқиғасы кезінде министрлік мансабын ұлт тәуелсіздігі жолына құрбан етпес еді… Сырлы, ішті жазушы Баққожа Мұқаи Желтоқсан жайында роман жазбас еді…
Сөйтіп, 1916 жылы қазақтың сынбаған рухы – Қарқара өз өңірінен кеңестік кезең қасіретін жерлеуден бір танбайтын, сынбайтын ұлт­тық рухты тынбай жырлайтын жазушылар шоғырын берді қазақ еліне. Олардың ешқайсысы да көйлегінің көктігін, тамағының тоқтығын малданып, өздерін бақыт­тымыз деп атаған емес. Сырласудан сырт адамдардың өзіне олардың адам райында бақытсыздығы байқалып тұратын. Олар Азат­тық үшін Патша әскерінің қарулы қысымына айбынбай қарсы тұрған, сол жолда шейіт болған ата-бабаларының рухында өскен қаламгерлер еді. Қай жанрда жазса да, Қарқара көтерілісі кезінде ерлікпен қаза тапқан ата-бабалар рухына адал болды олар.
ЮНЕСКО бойынша жүзжылдық тойын тойлауға бет­теп келе жатқан жазушы Бердібек Соқпақбаевымыз солардың бірі емес, бірегейі. Б.Соқпақбаев – бақытсыз адам ғана емес, қасірет­ті адам. Оны шыншыл жазушы еткен, дамылсыз азап шектірген оның ішіндегі Қарқараның қанды оқиғасы, 1920–1932 жылдардың жұты, ботқаны бір тойып ішіп көрмеген бақытсыз балалық шақ, сенімсіздік сергелдеңі (ФЗО), 1941–1945 жылғы Орыс-Алман соғысы жылдарының айықпас жан жарасы, 50-жылдардағы ұлт зиялыларын қуғындау… Қарқараның қаралы тарихын тұйық әкеден, ашық-жарқын анадан, ауылдастарынан естіді, елуінші жылдар қасіретін 25 жыл айдауда болған тарихшы Ермұқан Бекмахановтан тыңдады… Арасындағы тағдыр тақсіретін өзі бастан кешті. Бәрі де өзі ғана емес, туған халқы мықтап буынған Қасірет құрсауы. Жазушылық – дүниетаным! Жазушы дүниетанымы көрген-білгені, бойына сіңгенімен қалыптанады. Өмірі бірыңғай бақыт баспалдағынан тұратын адамнан жазушы шығуы мүмкін емес. Б.Соқпақбаевтың өмірі – бірыңғай бақытсыздық. Ол бақыт­тың жыршысы емес, бақытсыздықтың жаршысы болмағанда кім болмақ, жарқыным-ау?! Қазақ жазушысы Б.Соқпақбаевтың бар шығармашылық тақырыбы – өзі естіген, өзі көрген, білгені түгел бақытсыздық!
Қаймықбай айтып жүретін екі ауыз түйінді сөзі болатын. «Совет өкіметі – өтірік өкімет». «Совет жазушысы – өтірік жазушы». Ол шындықты жазғысы келді. Шындық – өзін бақытсыз еткен кермек татитын ащы өмір. Ащы өмірден тұщы сабақ ала алмады. Өзі бастан кешкен ащы өмір шындығын жазу – басына бұлт үйірер, қасірет әкелер қауіп. Бердібек осыған бел байлады. Басын бәйгеге тікті. Б.Соқпақбаевтың бар шығармасы – өтірік өкімет­ті әшкерелеу, ол орнатқан өтірік қоғамның шырылдаған шындығын жырлау!
Тақырып жазушы үшін – тағдыр. Тағдыр тақырыпқа айналғанда, тақырып мазмұнға айналады. Шын көркем шығарма – жазушының жан байлығынан жаралады. Бердібектің жан байлығы – жаралы жанның азасы. Жан азасы! Б.Соқпақбаевтың бар шығармасы – жазушының жан жарасы, жан азасы! Тақырыпты тағдыр тұтқан жазушы өзінің жан жарасын туған халқының тағдырымен ине батпайтын тығыздықта сабақтастырып, өзінің жаралы жан байлығын туған халқының тағдыр-тауқыметімен бауырластырып, қазақ елінің қасіреті дерлік жан азалы шыншыл шығармаларын жазды. Өз басым «Балалық шаққа саяхат­ты» Кнут Гамсунның «Жұтынан» сірә дә кем көрмеймін. Қай жағынан да. Бердібектің «Балалық шаққа саяхат» хикаятын Шевченконың «Бейшаралар» картинасымен ғана салыстыруға болады. Ғайыптан тайып көркем әдебиет­тен көркем картина туындатар талант­ты суретші шыға қалса, «Балалық шаққа саяхат­тан» тағы бір «Бейшаралар» туындар еді. Кеңестік кезеңнің әсіре сақ саясатынан Б.Соқпақбаевтың аман қалуы – «Балалық шаққа саяхат­тың» қазақ жазушылары көзге ілмейтін, бірақ аса мәртебелі, Балалар әдебиеті «қорасында» елеусіз ғана тууы. Әйтпесе бұл қаны шыққан шыншыл шығарма үшін Б.Соқпақбаевты қандай жазаға да тартуы әбден мүмкін еді. Құдай сақтады. «Балалық шаққа саяхат» – Б.Соқпақбаевтың классикасы!
Әңгіме балалар әдебиетіне ауды. Алдымен, тыжырынып қараған, кейін орыс тіліне аударылып, Абдолла Қарсақбаевтай еңбегі жанбаған, бірақ ерен режиссердің алқалауымен кино тіліне айналып, сүйкімді болып бір туғанда – екі туған шығармасы – «Менің атым Қожа». Альбер Камю «Мектеп бізді ғаламда жоқ өмірге тәрбиелейді» деген. Дж. Свифтің Гуливері секілді ме, әйтеуір жоқ әлем. Кеңестік кезеңдегі қазақ мектебін ескі мұғалім, есті мұғалімдердің оқушыларды қазақтың салт-дәстүрімен тәрбиелеуі ғана сақтап қалса керек. Қазір ол да жоқ. Бәрі бар. Бірақ мектеп жоқ. «Жайлы мектеп» те бар. Ол – көркем ғимарат. Көркем ғимарат­та ұлт­тық салт-дәстүрмен сабақтас көсем білім жоқ. Мөлдір бұлақтың бастауының лайлануын Б.Соқпақбаевтай сыншыл ракурста көрсеткен бірде-бір жазушы жоқ қазақ әдебиетінде. «Менің атым Қожа» – бала кейіпкерлердің мөлдір таза жан байлығынан жаралған шығарма. Кеңестік қоғамға қонымды, қонымсыз мінезімен көрінетін кейіпкерлер шығармада жан байлығымен жазаланбайды, жан байлығымен жазадан арашаланады. Шығарманың басты ерекшелігі осында! Балаларға арналған қаншама әңгіме, повест, роман бар. «Бұзық болма!» – болып зілді аяқталатын ол шығармаларда баланы қызықтырар оқиға, фабуладан өрілген әп-әдемі сюжет желісі, ол әрекет ететін орта… бәрі-бәрі болады. Бірақ «сотқар» Қожадай қабылданған бірі жоқ. Неге? Жаңағы көп көркемдік компонент­ті баланың жанына үңілмей, кейіпкер жанындағы тазалықпен байланыстырмай, сырт сурет­теу, кейіпкержандыланудан тыс сипат­таумен шектеледі олар. Ал, балажанды суреткер Бердібек Соқпақбаев «қара көже», «сотқар», «сотанақ» атанған Қожаның жанына үңіле біледі. Жазушы ашқан жан тазалығы сотанақ Қожаны сүйкімді етіп шығарады. Міне, суреткерлік! Поэзияда «Жүректен шықпаса, жүрекке жетпейді» (Қ.Мырза Әлі) деп аталатын аталы сөз бар. Балаларға арналған шығармаларда кейіпкердің жан тазалығы жан байлығына айналып ашылмаса, бала оқырман ол шығарманы жанымен қабылдамайды. Әлемдік балалар әдебиетінде Марк Твеннің Том Сойер секілді аналогтері бола тұра «Менің атым Қожа» қызықты хикаясындағы Қожа, Сұлтанды әлем балаларының жатсынбай, жатырқамай қабылдауының басты сыры – осында! Кейіпкер тілі, мінезі, оқыс әрекеті арқылы ашылатын Қожаның, Сұлтанның жан байлығы – қазақ баласының жан тазалығы! Жан тазалығына құрылған шығарма – оқырманның жан байлығына айналады. Б.Соқпақбаевтың бір ерекшелігі «Бұзық болма, бала!» – деген «ескертуді» баланың жанына кіріп, «Бұзық болмасайшы, балақан…» – деп айтады. Өзге жазушылар секілді леп белгілі ашық дауыспен (текспен) емес, астарлы мәтінмен әдемі жеткізеді ескертуін… Өйткені Б.Соқпақбаев – «тілді қай жерде, қалай қолдануды еркше меңгерген жазушы» (Т.Ахтан). Тілді бала жанын баспалап ашып, балбыратып бере білетін жазушы.
Аз жазған, аз жазса да саз жазған Жазушының әр шығармасын талдауға жер тар. Көз көрген, көрші тұрып, көп сырласқан, соқталдай «Өлгендер қайтып келмейді…» романын берген Бердібек Соқпақбаевты үлкендер жазушысы атамадық. Тыраштанбадық. Олай ету – балалар әдебиетін түсінбеушілік… Күрделі жазушы Ф.М.Достоевский балаларға шығарма жазғысы келген. Жаза алмаған. Бекең балалар әдебиетін мойындамайтын… Есесіне, балалар әдебиеті Соқпақбаевты сүйетін… Б.Соқпақбаев балалар жазушысы болып жүре қалыптаспаған, балалар жазушысы болып туған табиғат тумасы! Ендігісін, ішің білсін, әлуәй…
Соқпақбаевтың әр шығармасы – әдебиет­тегі салиқалы сөз. Әлеумет­тік әуен. Бір-біріне көлеңкесін емес, сәулесін түсіріп тұрған әуезді сөз, кейіпкердің мінезін ашатын усойқы сөз… Балалық шағы бақытсыз өт­ті. Оған халқының бақытсыз бастан кешулері қосылды. 25 жылын Сібірде өтеп келген тарихшы Ермұқан Бекмахановтың аузынан «Сұм өмір абақты ғой саналыға…» (Мағжан) деген зарды естіді. Өз өмірінің зарын жазды. Ол туған халқының зарлы өмірі болып шықты. Бердібек Соқпақбаев – қасірет­ті адам. Өз қасіретін халық тақсіретіне айналдырып жазған қасиет­ті қалам – Бердібек Соқпақбаев!

Құлбек ЕРГӨБЕК,
жазушы

Енді ол қайтып келмейді…

Әдет­те, жетімдіктің тақсыреті туралы сөз бола қалса, соғыс жылдары туып, әкесіз қалған, төрт-бес баласын қайтсем аман өсірем деп колхоздың бір тиын ақша бермейтін ауыр жұмысынан ауру тауып, сол аурудан көз жұмған аналарынан соң жетім қалған балалар әрқайсысы әртүрлі мұңын шағып, зарлап қоя береді. Бердібек Соқпақбаевтың өмірбаянын оқып шығып, біздің көрген жетімдік тақсыреті оның жетімдік тақсыретінің қасында тұсау есе алмайтындай боп көрінеді екен.
Ол сегіз жасқа толғанда анасы қайтыс болып, артында емізулі бала қалыпты. Өзі де ана қамқорлығына зәру жас бала жөргектегі сәби інісімен жалғыз қалды. Оның сол кездегі бастан кешірген тақсыреті мен өмір азабын тәптіштеп айтпаса да түсінікті. «Біз – жетімдерміз, жетім боп жүріп жетілгенбіз» деп Мұқағали ақын айтқандай, Бекең де адам айтса нанғысыз талай қиындықты бастан кешіріпті. Бекең өмірбаяндық жазбаларында өзінің қалай тірі қалғанын таңдана жазыпты. «Менің өліп қалуым керек еді, бірақ осы күнге жеткеніме таңғаламын» деп есейген шағында «Балалық шаққа саяхатында» толғана жазыпты.
Бірен-сараны болмаса, прозашылардың көпшілігі алғашқы шығармашылық жолын өлеңнен бастаған. Бекең де сол дәстүрден таймапты. Тұңғыш кітабы – «Бұлақ» өлеңдер жинағы 1950 жылы жарық көріпті. Өлең өрісінде тағы біршама шығармалар жазып, өзінің негізгі кредосы – мәртебелі проза ордасының табалдырығын ат­тады.
Бердібек Соқпақбаевты жалпы халыққа жазушы ретінде кеңінен танытқан жанр – поэзия емес, проза болды. Өлең өрісінен шығып, прозаға бет бұрды да, бұл салада өндіре еңбек ете бастады. Оның қаламынан әңгіме, повесть, романдар бірінен соң бірі жазылып Бердібек Соқпақбаевтың бұрынғы ақын атын ұмыт­тыра бастады. Әсіресе «Менің атым Қожа» хикаяты барша оқырман қауымды дүр сілкіндірген шығарма болды. Дүниеге келген күннен бастап «Менің атым Қожа» оқырманның қолынан түспейтін бестселлерге айналды. Бұл шығарманы оқымаған қазақ жоқ шығар. Қазақ қана емес, ол туынды әлем оқырмандарына да әйгілі болды.
Бердібек өмірдің шындығын жазды. Сендіре жазды. Күлдіре жазды. Күрсінте жазды. Шығармаларының шыншылдығы сол, сонау Нарынқол аулының адамдары біздің Арыстың адамдарынан айнымайды. Шынайы шығарма әмбеге ортақ деген – осы.
Бекең өмірде өте қарапайым болды. Өз шығармалары төңірегінде бір ауыз сөз айтпайтын. Тіпті ештеңе жазбағандай, ештеңе бітірмеген адамдай өз бетінше үнсіз жүретін.
1991 жылы тұңғыш немерем Мерейдің тұсаукесер рәсімін өткізу үшін «Алматы» қонақүйінің «Иссык» мейрамханасының басшылығымен келісу үшін сол ғимарат­та жүр едім, не шаруамен жүргенін білмеймін, Бекеңді сол жерде жолықтырдым. Мені көрді де сөзге тарт­ты. Қабағы салыңқы, сол кездегі өмірге өкпесі бар ма, салқын сөйлесті.
– Мына өмір не боп кет­ті? Бәрінің астан-кестені шықты. Еш нәрсенің қадірі қалмады. Әдебиет те өмірге қажет болмай қалды. Бәрін Мәскеу бүлдіріп жатыр. «Бұрынғы шығармалардың идеясы ескірді, «қайта құруға» сәйкес жаңа шығармалар жазу керек» деген талаптар қойылып жатыр. «Модернизм» дей ме, «постмодернизм» дей ме, бізге сол рухтағы шығармалар қажет. Бұрынғы әдебиет­тің халыққа керегі жоқ» деп айғайшылар жаппай ұран көтеріп жатыр. Мен оған дайын емеспін. Жазарымды жаздым. Ол шығармаларды енді ешкім оқымайтын болса, жазушы ретінде менің де ұмытылғаным ғой, – деп түңіле сөйледі.
– Ондай сөзді қойыңыз, Беке. Бәрі оқылмаса да, сіз оқыласыз…
– Әй, көңілімді көтеру үшін жұбату айтып тұрғаның ғой… Міне, сендер, Төлен екеуіңнің бәрін сызып тастап, басқа шығармалар жазуға мүмкіндіктерің бар. Менде жоқ.
– Аласапыран кезең де өтеді. Бәрі орнына келеді, – деп өктемсіп сөз айт­қаныма ол көңіл аудара қоймады.
– Бәрі біт­ті ғой. Балабақшалар жабылып, кітапханалар мал қораға айналып, ел лай су ішіп, көп адам жұмыссыз жүр. Жұмысы жоқ еркектер қазан-ошақтың басында қалды. Әйелдері қап арқалап базарда жүр. Оларға әдебиет керек пе?
– Керек, Беке. Айт­тым ғой, жұрт басқаны оқымаса да, сізді оқиды деп. Қазірдің өзінде сізді оқып жатыр. Қазақ деген жұрт әдебиетсіз өмір сүре алмайды. Олар әдебиетпен егіз жаралған. Тіпті бұдан да қиын кезде олардың қолынан кітап түспеген.
– Шын айтасың ба? Жұрт әлі кітаптан қол үзген жоқ па?
– Жоқ. Менен гөрі жоқшылық пен жетімдікті көп көрген адамсыз ғой. Есіңізге түсіріңізші, қайта сондай кезде жұрт кітапты көп оқып, содан жұбаныш таппаушы ма еді?
– Иә, солай да болған еді-ау!..
– Бала кезім, 6–7 жастамын ғой деймін. 48–49-жылдар ғой. Ауылда Шүкір деген кісі болды. Өзі соғысқа барып, бір қолынан жараланып қайтқан. Сол кісі жырқұмар еді. Ол кезде кітаптар көп шықпайтын. Қайдан екені белгісіз, көне жырларды тауып алып, біздің үйге келіп ондық шамның жарығымен «Алпамыс батыр», «Қозы мен Баян», «Кесік бас» сияқты жырларды дауыстап оқитын. Аш жүрсек те жырды елітіп тыңдаушы едік. Сол жырлардағы ерлік пен махаббатқа еліктеп біз де сондай болсақ деп қиял құшағында ұйықтап кетуші едік. Құдайға шүкір, қазір бәрі бар. Аш жүрген ешкім жоқ. Ал сіздің кітабыңыз – бүгінгі қолдан түспейтін ең көп оқылатын кітап.
Бекең бетіме ұзақ қарап тұрды да:
– Шын айтып тұрсың ба? – деді өз күдігінен әлі айықпаған күйде.
– Құдайы шыным. Кімнен сұрасаңыз да менің сөзімді бәрі қостайды.
Бекең сәл ойланып тұрды да: «Әй, қайдам» деп ой құшағынан арылмаған күйі қоштаспай үнсіз жүріп кет­ті. Көке­йіндегі көп ойларын айтпай, өзімен бірге ала кет­ті.
Бекеңнің ажалына да осы үнсіздік жет­ті ме екен деп ойлаймын қазір. Қоғам өміріндегі жекетұлғаға қатысты үлкен қайшылық оны психологиялық дертке ұшырататыны анық. Қожаның өмірі – Бекеңнің өмірі. Қожа болса өтірікке, жағымпаздыққа, жасандылыққа жаны қас. Ол мейлінше шындық әлемінде өмір сүреді. Бейімделгіш, жылтыр, жағымпаздыққа жақын Жантасты Қожаның жан-тәнімен жек көретіні сондықтан. Қожаның табиғаты еркіндікті, шыншылдықты сүйеді. Бекеңнің табиғаты – Қожаның табиғаты. Ол да шынайы өмір сүруге талпынады. Бірақ оған кеңестік қатып қалған қағида жол бермейді. Сондықтан да ол – кеңестік жүйемен шығармасы арқылы күрес әдісін таңдап алған қаламгер.
Бердібек Соқпақбаев тіршілігінде өзгелер сияқты қоғам өмірі, билік идеологиясы жайлы мақала жазбапты. Соған қарамастан, оның соңына тәртіп сақшылары тыңшыларды салып қойған көрінеді. Өз бетінше мақала жазбаған, қоғам өмірі жайлы бір ауыз келіспеушілік мақала жазбаған адамның соңына не себепті аңдушылар қойған? Талант­ты адам – қоғам үшін, билік жүйесі үшін әрқашан қауіпті. Барлық кезеңде билік осындай бағыт ұстанған. Әлем әдебиетін былай қойғанда, іргеміздегі орыс әдебиетінің таңдаулы өкілдерінің көпшілігінің ажалы мен азабы сол аңдушылардың «еңбегінің» нәтижесі емес пе еді?
Бердібек Соқпақбаев – жазғанынан жазатыны көп жазушылардың бірі. Тоталитарлық жүйе оның жазбақ болған шығармаларын ішінде тұншықтырды.
Қорыта айтқанда, бұл күнде жасы жүзге толып отырған Бердібек Соқпақбаев қаламынан туған дүниелер қазақ әдебиетінің, қала берді әлем әдебиетінің қазынасын молайта түсті. Оның шығармалары бүгінгі таңда ең көп оқылатын, қазақтың рухани байлығын арт­тырған өлмес шығармалар екені анық.
Осыншама әйгілі шығармалар жазған Бердібек Соқпақбаев мемлекет тарапынан лайықты бағаланбапты. «Өзгеге өгіз олжа тигенде, әкеме тана тиер ме еді?» – деп, ерлігі елеусіз қалған әкесі туралы баласының күйінгеніндей, Бекеңе де бұйырғаны тек «Мақтау грамотасы» екен. Өз қатарлары қаптатып «Халық жазушысы» деген атақ алып жатқанда, Бекеңе бар тигені әлгі грамота ғана болыпты. «Ретсіз бөлген дүниенің айтшы, Құдай, төресін» деген «Мың бір түндегі» араб бәйіті осындайда амалсыз еске түседі екен. Бітірген дүниелерін өзгелер секілді міндет етпейтін Бекең «мені лайықты бағаламадың» деп өкіметіне ренжіген жоқ. Баяғысынша еш нәрсеге алаңдамай жаңа шығармаларын үнсіз жаза берді. Жан ауруы ма, тән ауруы ма, қандай кеселдің кесірінен о дүниеге ат­танғаны белгісіз, жұмбақ өліммен қайтыс болған Бердібек Соқпақбаев бір өкініш, бір үміт құрсауында үндемеген күйі ана дүниеге ат­танды да кете барды. Өзімен бірге жазылатын талай шығармаларды алып кет­ті. Енді ол қайтып келмейді.
«Өлгендер қайтып келмейді».

Дулат ИСАБЕКОВ,
жазушы,
Қазақстанның еңбек ері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір