«SHYGYS САХНА FEST-І»: ТЕАТР ІШІНДЕГІ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ДИАЛОГ
Соңғы жылдары отандық сахна өнері кеңістігінде театрішілік фестивальдер өткізу тәжірибесі қарқынды дамып келеді. Бұл театр ұжымдарының маусым бойы атқарған жұмысын кәсіби тұрғыдан саралап, репертуарлық және көркемдік бағытты айқындауына мүмкіндік береді. Уақыт өте келе бұл формат режиссерлік ізденістер мен актерлік мектептің деңгейін бағалайтын маңызды мәдени механизмге айналады деп ойлаймыз. Осы ретте, жақын күндері Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрында өткен «SHYGYS САХНА FEST-І» театрішілік фестивалінің орны ерекше. Аталған фестивальге қазылар алқасының мүшесі ретінде келген театр сыншылары, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің мүшелері – өнертану кандидаты, профессор Анар Еркебай, өнертану кандидаты, профессор Меруерт Жақсылықова және өнертану магистрі Айжан Ахмет театр құрамындағы төрт труппаның жұмысын тамашалап, кәсіби тұрғыда сараптап, талқылау жүргізді. Фестиваль аясында көрсетілген 10 қойылым жайында жазылған сыншылар пікірін назарларыңызға ұсынамыз.

Айжан АХМЕТ:
Сахнадағы сан түрлі образдар қилы ойға жетеледі
Фестиваль аясында оперетта труппасы көрермен назарына «Mamma Mia» мюзиклін ұсынды. Бұл қойылым ұжымның репертуарына 2025 жылы қосылыпты. Алайда қойылым толыққанды мюзикл деңгейіне көтерілмеген. Актерлер вокалдық партияларын сауатты орындағанымен, кейіпкерлердің жан күйін ішкі толғаныспен жеткізу жағы әлсіз болды. Актерлер оркестрге тәуелді күйде қалып, сахналық әрекеттен гөрі ән айтуға көбірек ден қойғандай әсер қалдырды. Қойылымның өзегін құрайтын Донна мен Софи тағдырындағы шешуші сәттер – қыздың әкесін іздеуі, үш ер азаматтың бір мезетте келуі сахнада қажетті эмоциялық серпінмен ашылмады. Бір тәуліктің ішінде тағдырлар тоғысатын мұндай жағдайда жастыққа тән толқу, абыржу, асығыс шешім мен ішкі арпалыс айқын көрінуі тиіс еді. Арника Байбусынованың орындауындағы Доннаның үш ер адамға деген үш түрлі сезімі – Сэмге деген шынайы махаббат, өткенге деген өкініш, кездейсоқ байланыстардың ізі актерлік бояумен дараланбады. Сол сияқты Донна бейнесінде де диалогтық көріністерде дауыс ырғағы мен эмоционалдық бояу бірқалыпты болып қалды. Актер Абзал Естің орындауындағы Сэм бейнесінде ішкі тартыс, өткен мен бүгіннің қақтығысы жеткілікті сезілмеді. Жалпы спектакль бір ғана ырғақта өтіп, эмоциялық өрлеу мен құлдырау аз байқалды. Кейіпкерлер бастан кешірген оқиғалар олардың болмысына қалай әсер еткені нақты айқындалмады. Нәтижесінде, мюзикл кей тұста концерттік бағдарламаға ұқсап кетті. Ал мюзикл – тек вокалдық шеберлікті көрсету емес, актерлік әрекет пен сахналық өмірдің тұтас болуын қамтитын күрделі жанр екенін режиссер ескермеген. Көпшілік сахналарда да динамика жеткіліксіз болды. Қыз-келіншектер бас қосатын көріністе алдыңғы қатарда балет труппасы билегенімен, артқы қатардағы актерлер әрекетке толық араласпады. Мұндай эпизодтарда көпшілік сахнасының қуаты – темп пен драйв арқылы ашылуы қажет.
Қорыта айтқанда, қойылым вокалдық тұрғыдан жинақы болғанымен, драмалық және актерлік тереңдік бағытында ізденісті қажет етеді. Мюзикл жанры сахнадағы шынайы өмірді, ішкі тартысты, эмоционалдық құбылысты талап етеді. Осы бағыттағы жұмыс күшейсе, спектакльдің көркемдік деңгейі әлдеқайда жоғары болар еді.
Ұжымның қазақ труппасы фестиваль аясында көрермен назарына үш қойылым ұсынды. Иран-Ғайыптың қуатты қаламынан туған «Алтын ажал» пьесасы адамзаттық
мәселелерді көтереді. Бұл бір отбасының немесе ағайынды үш жігіттің басынан өткен оқиға емес, жер бетінде тіршілік пайда болғаннан бері келе жатқан күрделі мәселеге негізделген. Дүниенің тірегі, тіршіліктің бастауы болған ана өзінен тараған ұрпақтарына өсиет айтып, жол көрсетеді. Бірі – аузы дуалы бітімгер, екіншісі – мыңғырған малы бар бай, кенжесі – жауға шапқан жауынгер. Міне, осындай айшықты ерекшеліктер бізге кейіпкерлердің мінезі мен болмысындағы даралықтарды толық анықтауға мүмкіндік береді. Көрермен үш ұлдың бойынан көрген қасиеттердің дұрысына сүйсініп, нашарынан жиреніп отырады.
Ана балаларына теңдей тәрбие берген. Бойындағы барын үшеуінің жолында сарп етті. Спектакль басталғанда балаларына өсиетін айтып, зарын шығарған ананы көреміз. Ана рөліндегі Мадина Кумароваға сахнада өте қиын болғаны көрініп тұр. Орындаушы ана бейнесін сомдауға бұрыннан қалыптасқан жалпылама ұғымдармен келген екен. Бұл түсінікті де! Қазақтың үш жүзінің тарауының бастауы осындай анадан екені баршаға мәлім. Дегенмен әлі де нақтылық бере түссе екен дегіміз келеді. Үш ұлдың рөліндегі Нәдір Сұңғатолда, Мирас Разханов, Еділ Мекешов алғаш сахнаға шыққанда араздасып қалғандарын анық көрсетті. Аналары шаңырақтың діңгегі ретінде үш бастырманы ұлдарына бергенде әркім әртүрлі ниетпен алғанын орындаушылар ойынынан көре алдық.
Қазақ труппасы көрсеткен келесі туынды – Ақмоншақ Батырқызының «Бейтаныс таныстар» пьесасының желісімен жүзеге асырылған «Жалғыздық» қойылымы. Монодрама қоюда режиссерге де, актерге де оңай болмайтыны түсінікті. Абай Дәулетұлы режиссер ретінде моноспектакльде актриса Айым Бегматтың шығармашылық мүмкіндіктерін толық ашуға жұмыс жасағаны аңғарылып тұр. Спектакль пьесадан тыс перформативтік тәсілді қолданумен басталғаны креативті ұтымды шешім болған. «Актриса грим бөлмесінде жоқ, өкінішке қарай, спектакль болмайды», – дегенде біз шынайы алаңдап қалдық. Кейін бұл спектакльдің прологы екенін түсінгенімізде тың режиссерлік тәсіл екен деп қуандық. Бірақ спектакльді көрерменмен ойын ретінде бастап, соңына дейін сол жолмен жүрмегендері өкінішті. Жалпы, актрисаға бұл пьесада ойнау оңайға соқпады. Себебі сахнадағы төрт тағдыр да қайғылы, трагедияға толы. Орындаушы бір бояудан шығып, келесі кейіпкеріне басқаша еніп ойнайын десе, сол бұрынғы күңгірт реңк, сүреңсіз тағдыр… А.Бегмат көптеген қазақ әйелдерінің осындай қиын өмірлерін көрсету арқылы, басқаларға ой салуды көздеген. Актриса сырты сұлу, іші булыққан ызаға, өкінішке, кекке толып қалған әйелдердің жиынтық бейнесін көрсетті. Күнделігіндегі күндердің саны өзгергенімен, айтар, жазар сөзінің сарыны өзгермеген «қырық жанды» әйелдердің жиынтық тағдырынан сыр шертті. Сахнада төрт бұрышты қауыз, айналасында орындықтар, киім ілгіш секілді заттар қойылған екен. Көрерменге жақындатып бірнеше сатылы жанып тұрған балауыз шамдар қойған. Бұл – ауыр тағдырлардың көп екенін меңзеген символдық шешім. Аталған қойылым фестивальге сұранып-ақ тұр.
Фестиваль аясында көрсетілген келесі шығарма Асыл Қозықановтың режиссурасымен жарыққа шыққан Шыңғыс Айтматовтың «Шынарым менің, шырайлым менің» қойылымы болды. Спектакльде режиссер Айтматовтың көркем мәтініне ерекше мән беріп, қырғыздың әсем музыкаларын орынды таңдағаны байқалады. Жалпы қойылымда оқиғадан гөрі кейіпкерлердің сезім иірімдері мен ішкі арпалысы алдыңғы қатарға шығарылған. Бұл режиссерлік шешім спектакльдің романтикалық атмосферасын күшейтеді. Сценография тұрғысынан спектакльде оқиғаға тікелей қатысып тұрған декорациялар қолданылған. Дегенмен кейбір техникалық тұстарда есіктің қатты жабылуы, баспалдақпен жүргендегі аяқ дыбыстары спектакльдегі нәзік сезімдік атмосфераны бұзып, көрерменді романтикалық көңіл күйден сәл шығарып жіберетін сәттер болды. Әселдің Ілияспен алғаш кездесетін сахнасында актрисаның әрекеті біршама түсініксіз көрінді. Мақпал Елтайқызы кейіпкердің алаңдаулы күйін нақты драмалық себеппен байланыстыра алмағандай әсер қалдырды. Сол сияқты Ілиястың етегінен ұстап кету шешімі де соңғы сәтте қабылданғандай көрінді. Ілияс рөлін сомдаған актер Еркебұлан Какимов кейіпкердің романтикалық болмысын әсерлі жеткізеді. Дегенмен оның Қадишаға бет бұруының драмалық себептері мен ішкі күйзелісі сахнада толық ашылмағандай әсер қалдырды. Бұл тұста кейіпкердің ішкі сын сәтін, ашу-ыза мен күйзелісін айқынырақ көрсету мүмкіндігі бар. Спектакльдегі ең сәтті бейненің бірі – Мирас Разхановтың сомдауындағы Жантай. Актер кейіпкердің әрекеттерін дәл, сенімді жеткізіп, әрбір туындаған ыңғайсыз жағдайда өзіндік мінезін айқын аңғартты. Әсіресе оның Әселмен кездесу сахнасы режиссерлік шешімі жағынан да, актерлік орындалуы жағынан да спектакльдің есте қаларлық көріністерінің бірі болды. Сонымен қатар спектакльдің музыкалық шешімі ерекше әсер қалдырды. Жанды орындаудағы әндер мен музыкалық сүйемелдеу спектакльдің романтикалық лейтмотивін күшейтіп, көрерменге эмоционалдық тұрғыдан әсерлі жеткізілді.
Меруерт ЖАҚСЫЛЫҚОВА:
Шығармашылық мүмкіндік жаңа белестерге жол салады
Жастар театры фестиваль бағдарламасында жанрлық және тақырыптық тұрғыдан әркелкі спектакльдерімен көрінді. Ұжым ұсынған қойылымдардан театр жастарының шығармашылық ізденісі, актерлік
ансамбль құрудағы талпынысы және режиссерлік шешімдердің түрлі бағытта дамып келе жатқаны байқалды. Сонымен қатар кейбір спектакльдер театрдың көркемдік мүмкіндіктерін айқындай түссе, енді біреулерінде сахналық тартыс пен бейнелердің тереңдігін күшейту қажеттігі байқалды.
Көрнекті ресейлік драматург Степан Лобозеровтың «Бөтен адаммен отбасылық сурет» атты пьесасы бойынша сахналанған «Ауылдағы оқиға» комедиясы – театр репертуарының ажарын ашқан жарқын туынды. Шығарманы қазақша сөйлеткен Әлімбек Оразбеков драматургтің көркем стилін сақтай отырып, кейіпкерлердің тіл ерекшелігін дәлме-дәл тауып, ұлттық таным-түсінікке жақындата алғанын айта кеткен жөн. Бас кейіпкер Мейрамбектің қызғаныштан ойлап тапқан негізсіз өтірігінен басталған комедия желісі жаңсақ ақпараттың кесірінен абсурдтық әрі күлкілі жайттарға ұласады. Қойылымда режиссер Абай Дәулетұлы мен суретші Еркебұлан Сванов мамыражай жатқан ауыл тұрмысындағы барлық ұсақ-түйек детальдарды дәлдікпен көрсете отырып, аңғал әрі ақкөңіл кейіпкерлердің тіршілік ортасын ерекше табиғилықпен жасаған. Спектакльдің ұтымдылығы сол, мұнда режиссер қойылымдық сыртқы жылтырақ эффектке бой ұрмай, актерлік ойындардағы, кейіпкер бейнесін жасаудағы штрихтарға, психологиялық детальдерге көп көңіл бөлген. Әжей рөліндегі – Аяулым Тұрысбекова, Тоқтар – Ерназар
Мұхаметалиев, Мейрамбек – Жантай Тұрысбеков, Сәуле – Алмажай Төремұрат, Әсем – Тахмина Архатова, Аян – Қанат Саматов өз кейіпкерлерінің мінез-құлық ерекшеліктерін сезініп, шебер жеткізе алғаны мақтауға лайықты. Комедияда ойнау орындаушыдан екі есе жауапкершілікті талап ететінін ескерсек, «не артық алмай, не кем салмай» өлшемін тура тапқан актерлік ойындарды көргенде тамаша әсерде болдық. Әсіресе Әжей – Аяулым Тұрысбекова, Аян – Қанат Саматов және Мейрамбек – Жантай Тұрысбеков актерлік шеберліктері сыртқы кескін мен ішкі болмысы бір арнада шебер тоғысуымен есімізде қалды. Қойылымда актерлік ансамбль шебер түзіліп, спектакль атмосферасын қуаттандыра түскен.
Театр репертуарындағы Валентин Ежовтың «Бұлбұлдар түні» мелодрамасы көңілімізге түрлі ой салды. Аты өшкір соғыс атаулының адамзат баласына тигізер зұлымдығын қайыра бір еске салатын спектакльде жекелеген актерлік жетістіктер болмаса, қым-қуыт шарпысқан адам сезімдерін, ашық мінез қақтығыстарын байқай алмадық. Ширыққан тартыс, жүректі тебірентер драмалық сәттер, күрделі интрига жағы жетіспеді. Актерлер мен режиссердің назарынан оқиғаларды ойнату, бағалау және ақтау сынды сахналық элементтер тыс қалып қойғаны байқалады. Сұрқай соғыстың қиындығына қарамай, бүршік жарған алғашқы махаббат сезімін де толыққанды сезіне алмағанымызды жасырудың жөні жоқ. Алайда актерлік құрамның жанды дауыспен орындалған әсем әндері мен көрікті билері өте әсерлі шыққаны қуантады. Жинақтай айтқанда, спектакльді жасаушы құрам бейнелермен жұмыс жасауды күшейтіп, адам болмысының терең қабаттарын ашуға әлі де күш жұмсауы тиіс екенін айтқымыз келеді.
Жастар театрының тынымсыз шығармашылық ізденісінің жарқын көрінісі деп қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романы бойынша сахналанған осы аттас спектаклін тануға болады. Романның атауындағы «Жармақ» сөзі бір бүтіннің екіге жарылуы ұғымын білдіреді. Осылайша, туынды адамның ішкі әлеміндегі екіге жарылуды, рухани дағдарысты және моральдік таңдау мәселелерін көрсетеді. Романда басты кейіпкер екіге бөлінгендей болып, оның бір жағы адалдық пен ұлттық құндылықтарды, ал екінші жағы мансапқорлық пен жеке бастың пайдасын күйттейтін кейіпке енеді. Инсценировка авторы әрі қойылым режиссері Мейрам Хабибуллинді де жазушының бүгінгі қоғамның келбетіне, адамдардың рухани азғындауына деген көзқарастары қызықтырған деп ойлаймыз. Алайда романның сахналық нұсқасында әсіре әдебилік, «ұлт үшін, халық үшін» деген сынды жалаң ұрандар, ой қайталаушылық та жоқ емес. Сондықтан инсценировканы жүйелеуде романдағы қайсыбір ақылмандық бастауды, плакаттық үнді әлі де азайтуға болады. Есесіне «кейіпкер неліктен, қашан және қалай екіге жарылды» деген сияқты қарапайым көрерменнің қабылдауына түсінікті болатын себептерді анықтай түскеннің артығы жоқ еді. Спектакль жанры «трагифарс» деп анықталғанымен осы жанрды ақтайтын ойындық кеңістікті сезіне алмадық. Дегенмен, билік басындағы саясаткерлердің мәжілістерін көрсету арқылы елімзідегі бюрократия мен қоғамдық ахуалдың бет-бейнесін режиссер театрлық сатира, сахналық гротеск тәсілдерімен ашады. «Жармаққа» айналған кейіпкерлер – Мұрат пен Марат рөлдерін актерлер Балташ Абылхақов пен Едіге Ақылбеков орындайды. Бір адамның екі түрлі болмысын жеткізуде актерлердің ізденістері байқалады, алайда қос сахнагер трагифарс жанрына тән орындаушылық бейнелеу тәсілдерін, ойын өрнектерін тиімді қолдана алмады. Спектакльдің жанрлық ерекшелігін ашуда актер Ақжол Сақанов жасаған Көмекші бейнесі дөп түсіп жатты. Мансап баспалдағымен көтерілу үшін «туфли жалағышқа» (Мұхтар Шахановтан) айналған кейіпкердің болмысын, характері мен сыртқы суретін, мұрат-мақсатын жеткізетін іс-әрекеттерін актер өте дәл тапқан. Сондықтан бұл бейне көкірегімізде сақталып қалды. Жалпы алғанда, «мен кіммін, керекпін бе бұл қоғамға?» деп көрерменді ойлануға итермелеп, жоғары интеллектуалдық қойылым шығаруға деген театр жастарының талпынысы қолдауға тұрарлық дейміз.
Фестивальде келесі көрсетілген жазушы Әлібек Қаңтарбаевтың «Көзімді жұмсам да көрем сені…» атты лирикалық драмасы – көрерменнің көңіл пернелерін оятып, керемет әсерге бөлейтін шығарма. Естелік-драма ретінде жазылған пьеса махаббат пен достық сезіміне толы, жедел ауысып отыратын оқиғалар легі шығармашылық тұлғаның өмірбаянын, ғұмырының күрделі өткелдері мен қуанышты сәттерін кезең-кезеңмен әрі сыршыл поэтикалық нәзіктікпен суреттейді. Алайда пьесада әдемі ұйқас қуып кететін тұстары жоқ емес, сондай-ақ кейіпкерлердің мінездері мен сөз саптаулары өзара ұқсас шыққан. Суретші Евгения Макаревич пен режиссер Абай Дәулетұлы қойылымның сыртқы бейнелік шешімін өте ұтымды ойластырып, оның семиотикалық мәнін ашуға бағыттаған. Сахна төріне орналастырылған жазушының қаламымен жазылған хаттардың үлкейтілген қалпын көрсететін бірнеше backdrop қойылған. Кейіпкер өмірінің жаңа белесіне ауысқанда олар көрерменге қарай бұрылып, жаңа мағына жеткізуге қолданылады. Ал сахна төбесіне ілінген қағаз парақтары – шығармашылық тұлғаның жазушы екенінен мол хабар береді. Режиссер пьесаның құрылымдық кемшіліктерін жамап-жасқауда көптеген көркемдік амал-айлалар тауып, сахнаны тұрмыстық заттармен толтырмай, поэтикалық рухын жеткізуді мақсат тұтқан. Жанды дауыспен орындалған әуезді әндер қойылымның романтикалық сарынын ашса, драмалық сәттер әсем ойластырылған бейвербалды әрекеттермен (қыз алып-қашу, ауырған әйелінің күтімін жасау, т.б.) астасып, оның көркемдік мазмұнын арттырған. Актерлік құрамдағы Әлібек рөліндегі актерлер: Ерназар Мұхаметалиев, Ермахан Мұхаметбеков, Думан Дулатұлы және Гүлжан рөліндегі актрисалар: Айгүл Хамит, Үміт Аманболова, Тахмина Архатовалар режиссер ойын дамытып, драманың сәтті шығуына тыңғылықты еңбек еткен. Осы аталған актерлік құрам спектакльдегі эпизодтық рөлдерді де өздері орындап, әр рөлін бір-біріне ұқсатпаудың жолдарын қарастырған. Жинақтай айтқанда, қойылым сыршыл үнімен, атмосферасымен, актерлік ойындардың көркемдігімен, режиссерлік шешімдердің сонылығымен есте қалды.
Жалпы, жастар труппасының шығармашылық мол мүмкіндігін ерекше атап айтқан жөн. Болашақта олардан тың ізденістер күтетініміз сөзсіз.
Анар ЕРКЕБАЙ:
Классика мен заманауи ізденістердің үйлесімі
Орыс труппасы – театр құрамындағы ең көне шығармашылық ұжым. Оның тарихы 1936 жылдан бастау алады. Сол уақыттан бері бұл театр өңірдегі сахна өнерінің қалыптасуына елеулі үлес қосып, кәсіби актерлік мектеп қалыптастырған ұжым ретінде белгілі. Жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен дәстүр бұл труппаның репертуарлық саясатынан да, актерлік ансамбль мәдениетінен де айқын көрінеді.
Фестивальге орыс труппасы ұсынған Мольердің «Тартюф» комедиясы – әлеуметтік сатираның ең өткір үлгілерінің бірі. Қойылым режиссері Олег Плаксиннің Мәскеуден арнайы шақыртылуы бұл спектакльге белгілі бір кәсіби үміт жүктейтіні анық. Сонымен қатар сценография мен костюм суретшісі Анна Бовинаның да Мәскеуден шақырылуы қойылымның визуалдық шешіміне ерекше мән берілгенін көрсетеді. Барокко стилін заманауи элементтермен ұштастырған стилизацияланған костюмдер сахналық образдарды айқындап, қойылымның эстетикалық келбетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарды.
Режиссер спектакль жанрын «абсурдтық трагикомедия» ретінде көрген. Бұл классикалық мәтінді абсурд театрының эстетикасымен байланыстыруға бағытталған батыл қадам болғанымен, толыққанды көркемдік жүйеге айнала алмай қалған. Қойылым құрылымында фарс, гротеск, пластика, би және заманауи музыкалық элементтер қатар қолданылғанымен, олардың арасындағы ішкі драматургиялық байланыс әлсіз. Нәтижесінде стильдік эклектика басым болып, режиссерлік ой шашыраңқы шыққан. Актерлік ансамбльде де осы екіұдайлық байқалды. Бір жағынан, орындаушылардың пластикалық мүмкіндіктері, сахналық еркіндігі мен техникалық дайындығы жоғары деңгейде көрінді. Екінші жағынан, режиссерлік міндеттердің айқындалмауы кейіпкерлердің ішкі логикасын толық ашуға кедергі келтірді. Оргон рөліндегі Максим Горбанев кейіпкердің негізгі драмалық өзегін жеткізуге ұмтылғанымен, оның Тартюфке деген соқыр сенімінің психологиялық табиғаты толық тереңдікке жете алмағандықтан финалдағы күйреу сәті де қажетті драмалық салмаққа ие болмай қалды. Игорь Снегиревтің интерпретациясындағы Тартюфтің де әлеуметтік қауіптілігі мен ішкі айлакерлігі толық ашылмай, сыртқы пластика мен жеңіл комизм деңгейінде қалып қойған. Ал бұл бейне, керісінше, бүгінгі қоғамдағы екіжүзділік пен манипуляцияның символы ретінде терең әрі үрейлі сипатта көрінуі тиіс еді. Ал, Дорина рөлін сомдаған Дина Епимахованы ерекше атап өткен жөн. Оның сахнадағы табиғилығы және ішкі еркіндігі қойылымға шынайылық дарытып, актерлік ансамбльдің ішінде айқын ерекшеленіп, көрермен сенетін тірі бейне қалыптасты. Сонымен қатар спектакльдің пластикалық құрылымында сәтті шешілген тұстар да бар (хореограф – Анна Татаренко). Қимылдардың синхрондылығы, сахналық кеңістікті игеру мәдениеті және заманауи хореография элементтерінің классикалық пластикамен үйлесуі спектакльдің визуалдық құрылымына белгілі бір эстетикалық толықтық берді.
Михаил Ивановтың «Явление» атты авторлық спектаклі – қазіргі театр кеңістігінде кең тараған режиссер-драматург феноменінің айқын көрінісі. Қойылымда автор мәтінді де, сахналық шешімді де өзі қалыптастыра отырып, тұтас көркемдік әлем құруға ұмтылған. Спектакльдің идеялық өзегі философиядағы «құбылыс» пен «мән» ұғымдарының арақатынасын сахналық тіл арқылы пайымдауға бағытталған. Қойылым «эзотерикалық экшн» жанрында ұсынылғанымен, әрекет динамикасы толық ашылмай, салмақ символикалық әрі рефлексивті қабатқа ауысады. Нәтижесінде жанрлық атау мен сахналық жүзеге асу арасында сәйкессіздік байқалады. Ер мен әйелдің арқасын түйістірген бейне Инь – Янь немесе Адам мен Хауа архетиптерін меңзегенімен, бұл метафора да терең драмалық дамуға ие бола алмады. Керісінше, сахна сыртындағы балалар диалогы метатеатрлық қабатты күшейтіп, философиялық рефлексияға жетеледі. Ол «жоғары күш» бақылауы идеясын меңзеді. Қойылымның драматургиялық өзегінде уақыттың циклдік табиғаты айқын көрінеді. Басты кейіпкердің оқиғаларды қайта бастан өткеруі, финалдағы бастапқы нүктеге оралу – адам еркіндігінің шарттылығы мен «алдын ала жазылған сценарий» идеясын көрсетті. Бұл – спектакльдің көркемдік тұрғыдан сәтті табылған шешімдерінің бірі. Ал Анатолий Кобловтың жарық шешімі мистикалық атмосфераны күшейтіп, кеңістікті түрлендіретін көркемдік құрал ретінде әсерлі шыққан. Сонымен қатар қойылымда жасанды интеллект бейнесі («Элис») енгізіліп, қазіргі қоғам үшін өзекті тақырып көтерілді. Алгоритмдік жүйенің біртіндеп «кейіпкерге» айналуы адам санасы мен технология арасындағы шекараны қайта ойлауға жетелейді. Актерлік ансамбль – спектакльдің әсерін күшейтетін негізгі факторлардың бірі. Юрий Миронов, Юлия Забавская, Виктор Исаев, Никита Дерябин, Юлия Володуева және басқа да орындаушылар сахнада пластикалық еркіндік пен энергия танытты. Жекелеген диалогтар мен сахналық эпизодтарда актерлердің кәсіби әлеуеті айқын көрінді. Дегенмен режиссер тарапынан әр кейіпкердің ішкі психологиялық міндеттерін нақтылау мен рөлдік тереңдікке жетелеу жұмысы толық жүйеленбегеннен кейбір образдар сыртқы әрекет деңгейінде қалып, ішкі драмалық даму жеткіліксіз сезілді.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Үміт» номинациясы төрт труппа өкілдеріне табысталды. Атап айтқанда, оперетта театрынан «Mamma mia» қойылымындағы Софи рөлі үшін Юлия Юрочкина, Жастар театрынан «Бұлбұлдар түні» қойылымындағы Федоровский рөлі үшін Тимур Тұраров, қазақ труппасынан «Жалғыздық» қойылымындағы Әйел рөлі үшін Айым Бегмат, ал орыс труппасынан «Явление» қойылымының режиссері Михаил Иванов марапатталды.
Шығармашылық қауым өкілдері арасында «Үздік жарықпен көркемдеуші» номинациясы «Явление» спектаклінің жарық суретшісі Анатолий Кобловқа берілсе, «Үздік костюм суретшісі» аталымында «Алтын ажал» қойылымының костюм суретшісі Қарлығаш Дәуітбекова үздік деп танылды. «Үздік сценограф» номинациясы «Көзімді жұмсам да көрем сені…» қойылымының суретшісі Евгений Макаревичке бұйырды. Ал «Үздік музыкамен көркемдеу» жүлдесі «Mamma mia» қойылымындағы Александр Галсанов жетекшілік еткен оркестрге табысталды.
Актерлік құрам арасында «Эпизодтық рөлдегі үздік актриса» аталымын «Шынарым менің, шырайлым менің» спектакліндегі Апа рөлі үшін Майра Арғынбекова иеленді. «Эпизодтық рөлдегі үздік актер» номинациясы «Бұлбұлдар түні» қойылымындағы Зубов рөлі үшін Қанат Саматовқа берілді. «Екінші пландағы үздік актриса» ретінде «Тартюф» спектакліндегі Дорина рөлін сомдаған Дина Епимахова марапатталса, «Екінші пландағы үздік актер» аталымы «Бұлбұлдар түні» қойылымындағы
Лукьянов рөлі үшін Қанат Ниязбековке табысталды. Сонымен қатар «Бейне
жасаудағы кәсібилігі үшін» номинациясы «Жармақ» қойылымындағы Көмекші рөлі үшін Ақжол Сақановқа берілді.
Фестивальдің басты актерлік жүлделері «Ауылдағы оқиға» спектаклімен байланысты болды: «Үздік актриса» атағын Әже рөлі үшін Аяулым Тұрысбекова, ал «Үздік актер» жүлдесін Мейрамбек рөлі үшін Жантай Тұрысбеков иеленді.
Бас жүлделер қатарында «Үздік режиссер» номинациясын «Ауылдағы оқиға» қойылымының режиссері Абай Дәулетұлы қанжығаласа. «Үздік актерлік ансамбль» деп Жастар труппасының «Ауылдағы оқиға» спектаклі танылды. «Үздік қойылым» бас жүлдесімен қазақ труппасының «Шынарым менің, шырайлым менің» спектаклі марапатталды.
Өскеменде өткен «SHYGYS САХНА FEST-І» театрішілік фестивалі сахналық ұжымның шығармашылық әлеуетін айқындап, төрт труппаның көркемдік бағыттары мен кәсіби деңгейін кешенді түрде көрсетуге мүмкіндік берді. Фестиваль аясында ұсынылған қойылымдар арқылы театрдың классика мен заманауи ізденістерді қатар игеруге ұмтылысы, жаңа формалар мен мазмұндарға деген талпынысы айқын байқалды.
Сонымен қатар кәсіби талдау мен ашық талқылаулар шығармашылық рефлексияны күшейтіп, ұжымның алдағы даму бағытын айқындауға негіз қалады. Осы тұрғыдан алғанда, фестиваль тек маусым қорытындысы емес, театрдың ішкі көркемдік диалогын жандандыратын маңызды алаң ретінде өз маңызын айқындады.