Азаматтық қоғам «флешмоб» өткізумен құрылмайды
03.05.2023
275
0

Азамат­тық қоғам – демократия мен либерализмнің орнауына әсер ететін қоғамдық институт. Жалпы бұл тақырыпта сөз қозғалғанда осы бір анықтама қоса айтылады. Иә, осы сөз тіркесіне қосарлама жүретін бейресми ережесі десек болар. Былай қарағанда бұл ұранға ұқсап кетуі әбден мүмкін. Тіпті көбі бұл сөзді солай қолданып та жүр. Президент азамат­тық қоғамды дамыту туралы айтқалы бері, осы жолда нақты іспен айналысудың орнына тәуір жұмысты «флешмобқа» айналдырып жібергендер қаншама!


Билік – халық жалдаған жұмысшылар тобы

Азамат­тық қоғам туралы айтсақ, үкімет­тік емес ұйымдарды қоса айтамыз. Себебі бұл ұйымдар – оны құрайтын негізгі бөлігі. Азамат­тық қоғам қалыптасудың алғышарты да осы. Оларды кейде «үшінші сектор» деп атайды. Неге десеңіз, бірінші сектор – мемлекет­тік қызмет, екінші сектор – коммерциялық ұйымдар, ал үшіншісі – коммерциялық емес, белсенді азамат­тардың ұйымдары. Яғни кәсіби қызығушылығы, ортақ мүдде үшін, болмаса азамат­тық құқығын қорғау мақсатында белсенді азамат­тар біріккен одақтардың, ассоциациялардың, қауымдастықтардың (community) немесе бірлестіктердің жиынтығы дегенге келтіруге болады. Мұндай үкімет­тік емес ұйымдар билікпен диалог құру үшін таптырмас алаң және елдің экономикалық өсуіне, саяси тұрақтылығы мен жалпы қоғамның көңіл күйіне жақсы әсер етеді. Бұның ғылыми дәлелі де бар. Америкалық саясат­танушы Роберт Патнемнің «Демократия іске ассын десеңіз. Қазіргі Италияның азамат­тық дәстүрі» деп аталатын жұмысында Италияның оңтүстігі мен солтүстігіндегі азамат­тық қоғамды зерт­теу, бақылау нәтижесі жазылған. Тарихи деректермен түсіндіргенде, солтүстіктегі азамат­тық қоғам әлдеқайда мықты, белсенді, қалыптасқан, ықпалды еді. Патнемнің пайымдауынша, бұл елдің солтүстігі мен оңтүстігіндегі экономиканың әртүрлі болуына әсер еткен.
Бір діндегі, бір ұлт­тың, бір тілде сөйлейтін, бір мемлекет­те тұратын халықты зерт­теу барысында осындай нәтиже шығып отыр. Солтүстіктің қарыштап дамуы, экономикасының өсуі азамат­тық қоғамның мықты болуына себеп емес, керісінше, азамат­тық қоғамның белсенді болғанының арқасында әлеумет­тік жағдай да өскен деп ойлайды Патнем.
Азамат­тық қоғам – биліктің істес серіктесі, жеке азамат­тардың өкілі ретінде бақылаушысы. Қоғам ешкімге тәуелді емес және билік оның жұмысын істеуші, яғни оларды тыңдаушы және қоғамға қарай жұмысын икемдейтін халық жалдаған жұмысшылар тобы. Екеуара диалог қашанда керек. Себебі мемлекет, билік шеше алмайтын, болмаса күрмеуі қиын мәселеде азамат­тық қоғамның атқаратын ісі зор. Сайып келгенде, демократиялық құндылықтардың да сақталуы үшін билік пен қоғам байланысты жоғалтпауы керек. Бұл жерде тек саяси талаптар ғана емес, экологиялық жағдай, экономикалық үрдіс, ұлт­тық құндылықтар болмаса белгілі бір кәсіп төңірегіндегі пікірталас та болуы мүмкін.

Үкімет­тік емес ұйымдардың функциясы не?

Азамат­тық қоғамның орнауы – жаңағы үкімет­тік емес ұйымдардың болуы, билікпен диалог, сөз бостандығы секілді талаптардан ғана тұрмайды. Бұл – азамат­тық қоғамның орнауы үшін, дамуы үшін жасалатын алғышарт қана. Қалғаны халықтың өзіне байланысты, үкімет­тік емес ұйымдардың азамат­тармен жұмыс істеуіне орай дамиды, өседі. Халықтың ойын осы бағытқа қарай өзгерту керек. Ел азамат­тары санасын азамат­тық қоғам құру, қалыптастыру және дамыту, билікпен диалог, әр жеке адамның құқығын қорғау және оны естірте алу, ықпалды болуға бейімдеу керек. Бұл – үкімет­тік емес ұйымдардың міндеті. Былайша айтқанда, үкімет­тік емес ұйымдардың тағы бір функциясы – ағартушылық.
«Үкімет­тік емес ұйым» термині 1945 жылы құрылған Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Жарғысының 71-бабына алғаш енгізілді. Осы құжат бойынша «мемлекет­тің ықпалынан тәуелсіз және коммерциялық емес кез келген ұйым – ҮЕҰ деп аталады». Кейбір деректерге сәйкес бүкіл әлем бойынша 10 миллионнан астам ҮЕҰ бар. Дүниежүзі бойынша ҮЕҰ-ға қаржылай қолдау жасайтын адамдардың саны 2011 жылы 1,2 миллиардтан 2014 жылы 1,4 миллиард адамға дейін көбейген. Ал 2030 жылға қарай олардың саны 2,5 млрд-қа жетуі ықтимал. Бүгінде Еуропада 129 000-нан астам қайырымдылық қоры бар. Бұл үкімет­тік емес ұйымдар жыл сайын 53 миллиард еуродан астам қаражат­ты қайырымдылыққа жұмсайды.
Ал strategy2050.kz ақпаратына сүйенсек, Қазақ­станда түрлі бағыт­тағы 22 мыңнан астам үкімет­тік емес ұйым, 3,7 мың діни бірлестік, әртүрлі меншік нысанындағы 3,5 мың БАҚ, 234 қоғамдық кеңес, 36 салалық және 19 аумақтық ұйым­дарды қамтитын 3 ірі республикалық деңгейдегі кәсіподақ тіркелген.

Азамат­тық қоғамды дамыту Тұжырымдамасы

Жалпы азамат­тық қоғамды құру бойын­ша мемлекет тарапынан да біраз құжат дайындалып, жолдаулар да айтылып, биік мінберлерде де талқыланды. Барды бар деп айтқан да дұрыс. Билік азамат­тық қоғамды қалыптастыру үшін тек жағдай ғана жасай алады. Қалғаны халықтың өз қолында. Халық белсенді болса, азамат­тық қоғамды қалыптастыруға тырысса, үкімет санаспай қоймайды.
2020 жылы Президент Жарлығымен ұзақ мерзімді перспективада азамат­тық секторды дамытудың негізгі бағыт­тарын айқындайтын жаңа стратегиялық құжат – Қазақ­стан Республикасында азамат­тық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілді. Бұл құжат туралы сол кездегі Қазақ­стан Республикасы ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілепов былай деп еді:
«Құжат азамат­тық қоғам мен билік органдарының өзара іс-қимыл саласындағы негізгі міндет­тер мен басымдықтарды айқындайды. Тұжырымдамада азамат­тық сектор қызметін трансформациялау бойынша жаңа тәсілдер көзделген.
Тұжырымдамаға енгізілген шаралар кешенін іске асыру 2030 жылға де­йін есептелген. Тұжырымдаманы іске асыру жүйелілік, дәйектілік және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қағидат­тарына негізделетін болады. Осыған байланысты Тұжырымдама екі кезеңде іске асырылады: бірінші кезең 2020-2025 жылдарды және екінші кезең 2026-2030 жылдарды қамтиды.
Қазіргі уақыт­та Министрлік Тұжы­рым­даманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірледі.
Азамат­тық қоғамды дамыту тұжы­рым­дамасында 5 негізгі бағыт белгіленген.
Азамат­тық қоғам мен оның институт­тарын, оның ішінде қоғамдық-саяси саланы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау.
Қолайлы жағдайлар деп біз заңнамалық деңгейде ҮЕҰ қызметін дамыту және жетілдіру үшін қажет­ті жағдайлар жасауды айтамыз. Осы норманы іске асыру үшін азамат­тық қоғамды дамыту үшін заңнамалық және институционалдық негіздерді жетілдіру жөніндегі жұмыс күшейтілетін болады. Сондай-ақ азамат­тар мен азамат­тық қоғам институт­тарының, оның ішінде қоғамдық кеңестердің, консультативтік-кеңесші құрылымдардың және шешімдер қабылдауда кері байланыстың басқа да арналарының қатысу нысандары мен рәсімдерін жетілдіру жөніндегі жұмыстар жүргізіледі», – деді.
Қазір Қазақ­станда 22 мыңнан астам ҮЕҰ бар, оған қоса мемлекет тарапынан тұжырымдама да қабылданды, енді іс тек белсенділікті арт­тыру ғана. Ел санасын ағарту және азамат­тық қоғамның дамуы­ның арқасында ғана елді де дамытуға болатынын түсіндіру. Қалғанын уақыт еншісіне қалдырайық.

А. ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір