Азаматтық қоғамның азаматтары… алақан жаймайды
26.02.2023
339
0

Азаматтық қоғамның орнығуы демократиялық құндылықтардың қалыптасуына ықпал етеді. Бұл дегеніміз – мемлекеттік емес ұйымдардың, ел азаматтарының бірлесіп, өзінің қоғамдық-саяси құқықтарының орындалуын талап етуі және соған атсалысу.

Ал азаматтық қоғамның алғышарт­тарының бірі – тәуелсіз БАҚ-тың болуы. Сөз бостандығы, еркіндік бой көтеретін азаматтық қоғамда өмір сүру адам эволюциясының жаңа бір деңгейі ретінде де көрсетіледі. Алайда бұған дейін де «азаматтық қоғам» тіркесін Аристотель­дің еңбектерімен байланыстыратын зерттеушілер де бар. Ежелгі философ мемлекет ең алдымен азамат туралы түсінікті ашатынын, өйткені мемлекет – азаматтардың, азаматтық ұйымның жиынтығы екенін алға тартқан. Аристотельдің пайымдауынша, «мемлекет» және «азаматтық қоғам» егіз ұғым, былайша айтқанда синоним сөздер. Яғни, азаматтық қоғам құру идеясының тарихы мыңдаған жыл бұрын басталған.
И.Канттың «Мәңгілік өмірге жол» атты еңбегін оқығанда сол замандағы тарихи оқиғаларға куә боласың. И.Кант «мәңгілік өмірге» тек қана құқықтық негізде дербес, тәуелсіз федеративті нысанда қалыптасқан республикалық типте дамыған мемлекеттер жете алады дейді. И.Кант құқықтық мемлекеттің философиялық негізін ғылыми тұрғыдан зерттеді. Мемлекеттік жұмыстың өзекті мәселесі жеке адамның қадір-қасиетін, ар-намысын, бостандығын, теңдігін қорғау, адамның қоғамдағы үстемдігін қалыптастыру деп түсіндірді.
Расында азаматтық қоғамның негізі – адам құқығы мен бостандығының қорғалуы. Мемлекет те, қоғам да бір-бірінен алшақ болмауы тиіс деп айтамыз. Сол себепті мемлекеттің механизмін қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар: парламент, үкімет, сот азаматтық қоғамды қоғамның қалыптасуына ықпал етуі үшін нормативтік-құқықтық актілер базасымен толыққанды қамтамасыз ету керек, ал ол үшін халықтың әлеуметтік, экономикалық, саяси және т.б. қажеттіліктері ескерілуі тиіс.
Жалпы мұндай қоғамның болуы мемлекет үшін де пайдалы. Себебі, азаматтық қоғамдағы елдерде адамдар мемлекеттің ісіне бас ауыртпайды. Мемлекеттен қол жайып көмек сұрамайды. Азаматтық қоғам орнаған Англияда бұған қатысты әзіл де бар: «Англияда адамдардың мемлекетке екі жағдайда ғана ісі түседі: поштаны алғанда және жол жүру ережесін бұзғанда». Бұл елде әр адамның мүдде еркіндігі, сөз бостандығы, әрекеті толықтай қорғалған. Демек бұл Англияда адамның еркін жұмыс істеуіне, өмір сүруіне толық жағдай жасалған деген сөз. Ал, азаматтық қоғам нашар дамыған елдерде адамдар мемлекеттен жиі көмек сұрауға мәжбүр болады және ережелерге бағынуына тура келеді.
Қазақстан нарық бәрін өзі реттейді, бәрін өз орнына қояды, тек асқан шыдамдылықпен күту қажет деген біржақты «ғажайып әрекет етуші» ережені басшылыққа алған кезеңнен өтіп жатыр немесе одан өтіп болды. Бұл экономикада үлкен көлеңкелі, қылмыстық сектордың, сыбайлас жемқорлықтың, мафияның пайда болуына, сонымен қатар жабайы жекешелендіруге әкеп соқтырды. Бүгінде нарықтық қатынастардың қалыптасуында, анархия мен басқарудағы берекесіздікті тиюда мемлекеттің белсенділігі аса қажетті.
Қазақстанда құқықтық мемлекет, азаматтық қоғам орнауының алғышарттары бар, әрине. Дегенмен бұл бастамалар күнделікті өмірімізде пәрмен ала түсуі керек. Бұл түптеп келгенде билік орындарының жұмысын жеңілдетіп, тұрақтылығын да қамтамасыз етеді. Ал ел азаматтары үкіметке алақан жаймай кез келген мәселені шеше алатын қабілетке ие болады.

А.Әбитұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір