Азаматтық қоғамның құрылуына мемлекет мүдделі болуы керек
25.04.2023
194
0

Азаматтық қоғамның қалыптасуы атқарушы билік пен белгілі бір ұйым аясында, заң шеберінде әрекет етіп, ортақ шешімге келуіне, мемлекетке пайдасы бар мәселелерді шешуге ыңғайлы. Халық пен биліктің бірге жұмыс істеуі азаматтық қоғамды дамытуға көмектеседі.

Жалпы халық пен атқарушы үкіметтің әрекет етуі орта ғасырдан басталған деген пікір бар. Алайда оның қазіргі формасының қалыптасқанына үш ғасырдай уақыт болды. Ол әлі де қалыптасып, әлі де эволюцияға ұшырап келеді. Азамат­тық қоғамы дамыған мемлекеттерде, әсіресе Батыс Еуропа, Ұлыбритания, АҚШ-та халық билік ісіне етене араласып келеді. Экологиялық мәселелерден тартып, адам құқығы, денсаулық сақтау, демократиялық құндылықтар, босқындарды қабылдауға дейін атсалысып, оң шешімін табуға тырысады. Бұл дегеніміз – халық пен билік өзара дұрыс шешім табу үшін мәмлеге келе алады деген сөз.
Мемлекеттік істерді былай қойғанда, әлемдік деңгейдегі мәселелерді шешуге тырысатындары да бар. Әлемде мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтық қоғамды дамытуға келгенде қосқан үлесі зор. Мемлекеттік емес ұйымдар халықтың атынан сөйлейтін мінбер секілді немесе мемлекеттік маңызды мәселелерді көтеруде белгілі бір адамдар тобының бір мүдде үшін бірігуі десек артық болмас.
Жоғарыда атап өткеніміздей дамыған елдердің ұйымдары мемлекеттік және әлемдік деңгейдегі мәселелерге де араласады. Мысалы, әртүрлі қорлар, ұйымдар дамушы мемлекеттерге көмектесу үшін жұмыс істейді. Өз елінен тыс, өзге бір елге гуманитарлық, мәдени, құқықтық көмек көрсетеді. Айталық, «Сорос» қоры, халықаралық құқық қорғау ұйымдары, Гете институты, т.б. ұйымдар жетерлік. Гете институты, Германия қаржысымен біздің елдің, Орталық Азия елдерінің әдебиетшілерін, ақындарын, аудармашыларына стипендия тағайындап, екі ел арасындағы мәдени байланысты жақсартып, әдеби-мәдени өміріне араласады. Қол ұшын созады. Берлиндегі немесе басқа елдегі фестиваль­дарға, тәжірибе алмасуы үшін жағдай жасайды.
Оған қоса экологиялық мәселені шешу үшін құрылған ұйымдар да көп. Олардың дені Арал мәселелесіне де алаңдаулы. Қазақстанға арнайы келіп, әлемдік деңгейде осы трагедияның салдарымен күресуге шақырады. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғау, өнерді қолдау, әйелдер мен балалар құқығының сақталуын қадағалау үшін арнайы жасақталған ұйымдар қазірдің өзінде БҰҰ деңгейінде мәселе көтеруге шамасы жетеді.
Бұл дегеніміз не? Асылы, мемлекеттік емес ұйымдар – азаматтық қоғамның құрылуына тікелей әсер ететін маңызды тетік. Біздің елдегі мұндай ұйымдар болашақта билікпен терезесі тең сұхбаттаса алатын азаматтық қоғам құруға зор үлес қосуы керек. Мәселелерді көтеріп қана қоймай, оны шешудің оңтайлы жолын да табуға тырысып, атқарушы билік алдында дәлелдеп шыққаны ләзім. Бұл өз кезегінде тек мәселе көтеруші ғана емес, оның шешіміне де ықпал ете алатын азаматтық қоғамның қалыптасуына зор үлес қосады.
Енді бір мәселе қаржыға тіреледі. Бұлар сонша жұмысты атқаратын болса, қаржыны қайдан алмақ? Шетелдің практикасына жүгінсек, біріншіден ұйым­ды бір-екі компания қолдап отырады. Филантроп бизнесмендер көп және ақшасын қай бағытқа жұмсаймын деп, толып жатқан ұйымдардың арасынан таңдауы да бек мүмкін. Алайда үкіметтік емес ұйымдар мемлекет тапсырысын орындамайды деген сөз емес бұл. Билік оларды жанама қолдап, қызметін бақылаумен ғана шектелсе де, кейде ұйымдар мемлекеттік тапсырыспен де жұмыс істейді. Бір ғана айырмашылығы бар, оларда ұйымдар емес, үкімет өзі келіп тапсырыс береді. Себебі тәжірибесі мол, ірі ұйымдарға кей мемлекеттерде үкіметтің өзі тәуелді.
Бұл азаматтық қоғамның қалыптасуындағы ең бір көзге көрінетін жетістік десек болады. Біздің елде де осы бағытта реформалар қабылданып, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына барынша дұрыс орта қалыптастыруға тырысып жатқанын көріп жүрміз. Ендігі кезек азаматтардың өзіне келіп тіреледі. Ел болып азаматтық қоғам қалыптастырмасақ, демократияның орнауын кешеуілдете береміз.

А.ӘБИТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір