АЗАМАТ­тЫҚ ҚОҒАМ. ОРНЫҒУ МЕН ӨРКЕНДЕУ
03.05.2023
207
0

Азамат­тық қоғам туралы әртүрлі көзқарастар, әртүрлі пікірлер айтылады. Оның жалпыға ортақ анықтамасы, барлығына бірдей қалыбы жоқ екені рас. Десе де ол (азамат­тық қоғам) – адамның жеке тұлғасының және бейресми, мемлекет­тік емес қоғамдық ұйымдардың дамуына қолайлы жағдай туғызатын әлеумет­тік тәртіп түрі екені даусыз. Азамат­тық қоғам дамыған шет елдерде өткен ғасырдың орта шенінде-ақ қалыптаса бастаса, біздің қоғамда жетпісінші, сексенінші жылдары сондай қоғамға талпыныстардың нышаны жүз берді деуге болады. Ол нышандар – сол уақыт­тағы кеңестік тоталитаризмге қарсы жекелеген азамат­тардың қарсылығы, Желтоқсан көтерілісі еді.

Тәуелсіздіктен кейінгі азамат­тық қоғам институт­тарының қалыптасуы мен даму тарихы екі кезеңді қамтитынын айтады сарапшылар. «Бірінші кезең – өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бұрынғы посткеңестік мемлекет­терде демократиялық реформалар жасалып, тәуелсіз кәсіподақ ұйымдарының құрылуы және әлеумет­тік қорғау коалициясы пайда болған уақыты. Бұл коалицияға сол уақыт­тағы аса өзекті әлеумет­тік мәселелердің түйін­ін тарқату үшін әлеумет­тік әріптестік негізінде жиырма сегіз әртүрлі ұйымдар, партиялар, қозғалыстар бірікті» дейді. «Әрі қарай азамат­тық қоғамның алғашқы қалыптасуындағы маңызды қадам 1994 жылы Мемлекет басшысының әлеумет­тік әріптестік бойынша республикалық үшжақты комиссияның құрылуы туралы шешім қабылдауы болды. 2000 жылдың желтоқсан айында «Қазақ­стан Республикасындағы әлеумет­тік әріптестік туралы» заң қабылданды және ол биліктің, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін келісу мәселелерін мемлекет­тік саясат дәрежесіне көтерді» дейді сарапшылар.
Сарапшылар азамат­тық қоғам дамуы­ның екінші кезеңін – 2006 жылдың тамыз айында қабылданған «Қазақ­стан Республикасында 2006-2011 жылдары Азамат­тық қоғамды дамыту тұжырымдамасының» қабылдануымен байланыстырады. «Тұжырымдамада 2011 жылға дейінгі азамат­тық қоғам институтын дамыту тетіктері мен жолдары бойынша нақты шаралар ұсынылды. Екінші кезеңнің басында Қазақ­станның азамат­тық секторында ресми түрде бар-жоғы 5820 үкімет­тік емес ұйым тіркелген болатын. Оның ішінде – 12 саяси партия, 3340 қоғамдық қор, 1072 заңды тұлғалар қауымдастығы, 471 ұлт­тық мәдени орталықтар, 3340 діни ұйымдар болған. Осылайша ел өміріндегі маңызды институтқа айналған қазақ­стандық азамат­тық қоғамды жүйелі қалыптастыру мен дамыту ісі басталды» дейді.
Бүгін де азамат­тық қоғамның орнығуы, дамуы, оның маңызы қақында президент жолдауында, мемлекет­тік маңызы бар жиналыстарда, қоғам белсенділері тарапынан да әрқашан айтылып келеді. Сәл бұрынырақ президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында: «Азамат­тық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекет­тік міндет­терді шешу үшін талқылау жұмыстарына азамат­тық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», – деген болатын. Ендеше, барлығымыз да еліміздің ішкі мәселелеріне белсене араласып, қуат­ты мемлекет құру жолында күш-жігерімізді көрсетуге тиіспіз.

Медина Бахыт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір