АЗАМАТ­тЫҚ СЫЙЛЫҚПЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ
23.05.2024
308
0

Көнеге көз жүгіртіп қарасақ, кеудесінде Құдай берген түпсіз тұңғиық таланты бар атақты ақындар мен жазушылар сол бір «атақты», «даңқты»» «ұлы» деген көпірме анықтауыштан ат-тонын ала қашып жүреді екен. Сол сияқты әлемге әйгілі француз жазушысы Флобер және тағы бір атақты қаламгер (аты-жөні есімде жоқ): «Сізге Нобель атындағы сыйлықты беруге шешім шықты, сол атақты салтанат­ты түрде тапсыратын жиынға келіңіз», – дегенде: «Қазір уақытым жоқ, бара алмаймын», – депті. Оны былай қойғанда күні кеше бақилық болған Әбдіжәміл Нұрпейісов өзі туралы баспасөзде жарияланғалы жатқан материалда «Атақты жазушы», «Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты», «Халық жазушысы» деген сөздерді алып тастаңдар», – деп қатаң ескертіп отыратын. Әнебір жылдары белгілі әдебиет сыншысы Алла Марченко әдебиет туралы бір мақаласында: «Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясынан мықтырақ деп ойлаймын», – дегендей сыңайда бір ауыз сөз айт­қаны үшін марқұм Әбең әдет­тегідей: «слушайдан бастап, «кто тебя просил, что бы ты меня сравнивал с М.Ауезовым», – дегенімен қоймай, сөзін бір-екі «русское нецензурное выражениемен» тәмамдап тастаған екен.
Ал біздің бүгінгі үлкенді-кішілі қаламгер ше? Осындайда еске түседі. Сонау жылдары бір ақынымыз қайта-қайта мемлекет­тік сыйлық жүлдесіне түсіп, ала алмаған соң республикалық газетке зар илеп мақала жазды. Сонда қазақ фантастикасының көшбасшыларының бірі – үлкен ғалым жазушы Абдул-Хамид Мархабаев: «Адам баласында атаққұмарлық деген ауру бар. Ол – ауыр дерт. Оған күлуге болмайды», – деген еді. Оның дұрыс-бұрысын кім білсін, бірақ біздің бүгінгі қаламдастардың жазған-сызғанына бірауыз сын айтсаң ер-тоқымын бауырына алып тулайды, онысы жоғы смартфонын алып әлеужеліні у-шу қылады: «Қызғаншақсың іштарлығыңды көрсетіп отырсың», – дейді. Ал Ермахан Шайхыұлы деген сықақшы: «Үш кітап шығарып, «Алаш» сыйлығын ала алмадым. Сөйтсем, Одақ кітапқа қарамайды екен. Мәселе – география мен биографияда», – деп жазыпты. Албырт­тығы басылмаған бозбала да, қаны тасып алаулап тұрған жас жігіт те емес, жасы жер ортасына келген жоғары білімді, сықақшы деген аты бар адам «Алаш» сыйлығын алу кітап санына байланысты, яғни кемінде үш кітап болуы керек деп ойласа, басқалар қайтеді дедік іштей. Әлде ол мейлі Жазушылар одағы болсын, мейлі, «Алаш» сыйлығы жөніндегі қазылар алқасы болсын, бұл сыйлықты кітаптың санына қарап емес, оның мазмұны, көркемдігі, идеясы. Жалпы оқырман қауымға берер әлеумет­тік, қоғамдық тұрғыдағы пайдасы, бағасына қарай берілетінінен расында бейхабар ма?! Олай емес десе, Одақ пен алқа мүшелері «Алаш» сыйлығын беруде басты мәселе Ермахан айт­қандай, география мен биография деп білетінін дәлелдейтін мысал-деректер келтіруі керек еді ғой. Сонда кеудесінде иманы бар кім болса да: «Апыр-ай, мына Ермахан деген таза талант еді ғой, оған обал жасаған екен», – деп қоса күңіренбес пе еді?! Әйтеуір сықақшы ғой, әлде Ерекең Одақ пен алқаға бағыштаған бұл сөзін география, биография деген ұйқас сөз арқылы бір күлдіру үшін айта салды ма екен?
Иә, қазір біреудің жазғанына бір ауыз сын айтсаң, арты айғай-шуға ұласатын болды.
Ермахан бауырымның ең үлкен реніші де осы бір сын деген «бәледен» басталды. Оған Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Қазыхан Әшенің биылғы әдеби жыл қорытындысында қазіргі сатира жанры туралы жасаған баяндамасында Ермахан Шайхыұлының сатирасына бағышталған бір-екі ауыз сыны себеп болды. Сол бір-екі ауыз сынға қарсы «Қазақ әдебиеті» газетінде Ерекеңнің «Қазыханның қаперіне: Әшенің әлегі» деген екі бетке жуық жазбасы шықты. Оған сәл ке­йінірек…
Неге екенін қайдам, әйтеуір, Ермахан «Алаш» әдеби сыйлығын алуды армандағалы талай жылдың жүзі болған сияқты. Оны қарт жазушы-сатирик ағамыз Ғаббас Қабышұлының осыдан тура он бір жыл бұрын, яғни 2013 жылдың қазан айынның 18-жұлдызында сол кез­дегі Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалинге жазған хатынан да байқадық. Ермахан ол хат­ты «Сатира сарқыты» деген кітабына да енгізіпті. Сонда Ғаббас ағамыз: «Ермаханды «Алаш» әдеби сыйлығын алуға әбден лайық сатирик деп қол қойып, жолдадым», – деп өзі қарар қабылдағанын айтыпты. Әрине, «Алаш» сыйлығын беруді не Н.Оразалиннің, не одан ке­йін төраға Ұ.Есдәулет­тің, бүгінгі төраға М.Құлкеновтың жеке өздері емес, оған кім лайықты, кім лайықсыз екенін талдап, талқылап барып арнаулы алқа ғана шешетінін, ал қарт сатирик Ғ.Қабышевтікі жай өзінің пікірін білдіру екенін Ермахан Шайхыұлы білмейді емес, біледі. Бірақ біле тұра «оны шешуге одақта география мен биография мәселесінің рөлі бар» дегенді еш дәйексіз айта салады.
Сонымен жоғарыда берген уәдемізге орай Қазыхан Әше жыл қорытындысында айт­қан бір-екі ауыз ескертпеге қарсы «Қазақ әдебиеті» газетіне Ермахан жазған жазбаға сәл тоқтала кетейік. Екі ауыз ескертпе айтам деп Қ.Әше байғұстың естімеген сөзі қалмапты. Ерекең оның жер-жебіріне жете келе: «Қазыхан Әшедей пенделер жүргенде бәледен басымыз арылмас», – деген үкім шығарады. Баяндамада Ермаханға екі ауыз ескерту айт­қан Қазыхан Әшеге Ермахан «күншіл сорлы көре алмай өледі» деген мәтел қолданады, қызғаншақсың, «ішің күйсе, тұз жала», – дейді. Біз де пендеміз ғой, осындай жолдарды оқып отырып, «апыр-ау, Нобельдік сыйлық, Мемлекет­тік сыйлықтар түгіл қол созым жердегі «Алаш» сыйлығының иегері деген атаққа лайық делінбей жүрген Ермахан Шайхыұлынан Қазыхан Әше деген қаламгер нені қызғанып, оны не үшін күндеп жүр екен» деген де ойға кет­тік.
Ерекеңнің көлемі 25,5 баспатабақтан тұратын «Алаш» сыйлығын ала алмаған «Сатира сарқытын» ерінбей-жалықпай қарап-ақ шықтық. Біз сатирик емеспіз. Бірақ сол кітаптың ішінде сатира жанрында жазылған шығармалардан гөрі осы жанрда жазған қаламгерлер, олардың өмірі, кейбір жүрген-тұрған сәт­тері, сахналық қойылымдар, әртүрлі сұхбат­тар, фотосурет­тер көбірек сияқты. Ермаханға бағышталып айтылған жақсы-жақсы лебіздер өз алдына. Өзіне болар-болмасын айт­қан Қ.Әшені әбден мұқата келе оны енді қайтып орнынан тұрып, қарсы пікір айта алмастай қылғысы келді ме қайдам. «Қазыханның қаперіне: Әшенің әлегі» жазбасында да Ерекең осы кітапта өзіне айтылған сол жылы сөздерді де сыншыға қарсы қару қып келтіруін де тым ретсіздеу көрдік. Сөйте келе: «Менің сатирамды егжей-тегжейлі талдап, мақтап, мадақтағандарды сіз жоққа шығарасыз, оларда қандай өшіңіз бар?» – дейді. Сосын «Сатира сарқыты» кітабындағы Қансейіт Әбдезұлының Сәкен Сыбанбайдың өзіне білдірген жылы лебіздерін қайталап береді.
Негізгі сықақшы адам өзіне бағыш­тал­ған сын-сықақты да дұрыс қабылдай білгені жөн, тіпті ол өте ащы айтылса да жалма-жан оны айт­қан адамды бет­тен алып, төске шауып жұлмалауға кірісуі абырой әпермейді. Ол өте ерсілік, мәдениетсіздік болады.
Қазыхан Әше Одақ жиынында жасаған баяндамасында Ермаханнан «Депутат дауыс жинарда шынығады. Мәжіліс отырысында тынығады» және «Үш рет депутат болсаң да, халықтың қарызынан құтыла алмайсың» деген екі-ақ мысал келтіреді де оларды «Анаңды үш мәрте Меккеге апарсаң да, ана сүтін ақтай алмайсың» деген халық мақалымен салыстырады. Ермахан «Депутат­ты сайрай бер деп дауға қой, Министрді сата бер деп малға қой, ал халықты қару беріп жауға қой» десе, Қазыхан оның ел аузында ежелден келе жатқан қанат­ты сөздің көшірмесі сияқты екенін ескертіп: «Атам қазақ Ұлы жүзді қауға беріп малға қой, Орта жүзді қалам беріп дауға қой, Кіші жүзді найза беріп жауға қой» демейтін бе еді. Сонда Ермаханның бұдан ұтқан жері қайсы? Қолданыста бар мақал-мәтелді өзгертпей, оның ұйқасы мен мазмұнын пайдалану кімге абырой әпереді деген бір-екі ауыз сөзге бола Ермаханның осынша күйіп-пісіп аласұра түсуін қалай деуге болады? Әлде ол өзін аузынан шыққан әр сөзі қылаудай қатесіз інжу-маржан боп төгіліп жататын, тал бойында бір мін жоқ періштедей көреді ме? Алланың сүйікті құлы Мұхаммед пайғамбар да (с.ғ.с.) жанындағылар айт­қан ұлағат­ына разы болып мақтай бастаса, дереу оларға тоқтау айтып: «Бәріміздің бір-бірімізден артықшылығымыз жоқ, бәріміз де бір Алланың құлы ғанамыз», – дейді екен. Өзіне айтылған бірнеше жылы лебізді жинап-теріп, алып оны мақалалардан, сұхбат­тар мен фотосурет­терден тұратын «Сатира сарқыты» деген жинаққа да енгізіп, айтылған сынға қарсы қару қып та пайдаланып бұлқан-талқан болатындай, еш сын айтуға болмайтындай Ерекең пайғамбарымыздан өткен кіршіксіз пәкизат пенде емес шығар, ә?! Ал оның «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялаған осы жазбасының тақырыбына қараңыз: Ол «Қазыханның қаперіне: Әшенің әлегі» деп аталыпты. Қазыхан – Қазыхан ғой, ал анау әлек салып жүрген Әше кім деп сұрастырсақ, ол – Қазыханның әкесінің баяғыда бақилық болған әкесі, яғни атасы екенін естігенде: «Астағфираллаһ», – деп жағамызды ұстадық. Неге дейсіз ғой? Бұл тақырыпты оқыған кімде-кім әуелі Әше деген біреу әлдекімдерге әлек салып, одан зәбір көргендер Қазыхан дегеннен жәрдем сұрап жатыр екен деп қалары әбден ықтимал емес пе? Әрине, сатира жүрген жерде күлкі жүреді. Бірақ «Қ» мен «Ә» деп аллитерация жасап күлдірем деп, әлдеқашан сүйегі қурап қалған Әше атамызды әлек салушы қылу Ермахан Шайхыұлының «Алаш» сыйлығын алуына кесірін тигізбесе де септігін тигізбейді.

 

 

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір