ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА МӘДЕНИЕТ ЖАНДАНУДА
04.05.2024
856
0

Түркістан облысында мәдени ахуалдың жанданып келе жатқанына көпшілік куә. Өңірдегі өнер адамдары облыста ғана емес, басқа аймақтарда да руханияттың серпін алуына күш салып жүр. Түркістан облыстық Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры Қызылорда облысына гастрольдік сапармен барып қайтты. Өнер ұжымы Жаңақорған ауданына қарасты ауылдарда және аудан орталығында бірнеше қойылымды сахналады.

Театр труппасы Қожакент және Бірлік ауылдық округіндегі мәдениет ошақтарында драматург А.Бекмұхаметовтің «Тастамашы, анашым» драмасын және драматург В.Орловтың «Алтын балапан» ертегісін көрермен назарына ұсынды.
«Отбасын жасайтын және нығайтатын күш – махаббат. Әке мен шешенің балаларға деген адал, шын берілген махаббаты басқа бір жақтан, сырттан келетін шабыт немесе таң шапағы емес. Махаббат дегеніміз – орасан зор еңбек. Осынау қасиеттерден жұрдай болған отбасының балалары жетімдіктің қамытын киеді. Топ етіп жетімдер үйіне түседі. Одан кейінгі өмір «Тастамашы, анашым» драмасындағыдай тағдыр талауына түседі. Ғасырлар өтсе де жетімнің күйі өзгермеген. Басқа түскен тауқымет, күштінің әлсізді жаншуы – драманың өзегі», – дейді театртанушы.
Жетісай драма театрының әртістері драманың тақырыбын аша білді. Отбасында өзара сүйіспеншілік болғанда ғана отбасылық тұрмыс зор бақытқа кенелетінін шынайы ойындарымен көрсетті. Ал қызықты ертегі «Алтын балапан» жаңақорғандық жас көрерменнің қуанышына айналды. Әдемі оқиға, әсерлі музыка балалардың жүздеріне жылылық, күлкі оятты.
Гастроль мақсаты – көрерменді рухани азықпен сусындатып, өнердің құдіретін сезіндіру, отаншылдық қасиетті дарыту, туған тілдің айбынын асқақтату.
Сондай-ақ жуырда Келес ауданының халық театры республикалық байқаудан жүлделі оралды. Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай халық театрларының «Жүз шымшыма…» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалі өтті. 25-26 сәуір аралығында өткен шараны Шона Смаханұлының қазақ халқының рухани дуниесіне қосқан баға жетпес туындыларын дәріптеу мақсатында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған. Аталған байқауға еліміздің 14 облысынан барлығы 14 халық театры қатысты. Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жамбыл облысына, І орын Маңғыстау облысына, ІІ орын Түркістан облысына, ІІІ орын Абай облысына бұйырды.
«Айта кетейік, Келес ауданындағы «Күлкі терапиясы» әзіл-сықақ театрының ерекшелігі, әртістердің арасында экономист, аккомпаниатор сынды өзге саланың да мамандары бар. Бүгінде өнер ұжымының «Дәрігер», «Мектеп», «Лунатик», «Шипажай», «Соғыс ардагері» сынды интермедиялары көрерменнің көңілінен шығып жүр», – дейді Түркістан облысындағы мәдениет саласына жауапты маман.
Сонымен қатар Түркістан облысында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында үйірмелер жұмыс істеп келеді. Соның бірі – «ТалантSTAR» шығармашылық өнер мектебі. Түркістан қаласындағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрында мемлекеттік шығармашылық тапсырыс есептік кеші өтті. Аталған шараға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орын­басары Ержан Исатаев арнайы қатысып, сәттілік тіледі.
Жиын барысында балдырғандар мың бұрала билеп, әншілер әуелетіп ән салды. Үйірмеге қатысушылар түрлі жанрда өнер көрсетіп, көптің ықыласына бөленді. Кеш соңында мұғалімдер мен оқушыларға мектеп атынан сый-құрмет көрсетілді.
«ТалантSTAR» шығармашылық өнер мектебі 2021 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда 500-ден астам шәкірт өнер үйірмелеріне тегін қатысып, халықаралық Қырғызстан мен Өзбекстан, Түркия елінде өткен байқауларда жетістіктерге жетіп жүр. Қазіргі таңда өнер мектебінде 8 үйірме бар. Атап айтсақ, хореография, эстрадалық вокал, сурет салу, театр және кино актері, домбыра, заманауи би, вокалдық ансамбль, шешендік өнер. Өткен жылы қаңтар айында 98 шәкірт тегін қатысуға мүмкіндік алса, биылғы жылдың басында кезекке тұрған 164 оқушы қамтылды. Бүгінде өнер мектебінде 200-ден астам шәкірт аталған үйірмелерде білім алып жатыр.
Айта кетейік, өңірімізде мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында биыл 14 мың баланы қамту жоспарланған. Қазіргі таңда artsport.edu.kz платформасында облыс көлемінде 96 кәсіпкер тарапынан 413 шығармашылық үйірме ашылып, 14 695 бала 45 шығармашылық үйірме түрімен шұғылданып жатыр.

Түркістан облысы Мәдениет және
Туризм басқармасының баспасөз қызметі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір