МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МЕРЕЙЛІ СӘТІ
21-мамыр күні елімізде Мәдениет және өнер қызметкерлері күні аталып өтті. Астана қаласында өткен жиында Президент, ең алдымен, шараға жиналғандарды құттықтап, тілегін айтты.
– Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі деуге болады. Оны сақтап, байыта түсу – ортақ парыз. Әбіш Кекілбайұлы: «Мәдениет тарихы – түптеп келгенде адамзат тарихы» деген. Қазақтың бітім-болмысын оның төл өнерінен көруге болады. Былтыр Мәдени саясаттың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын қабылдадық. Бүгінде мемлекет осы маңызды саланың инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән береді. Тек соңғы үш жылда ел аумағында 700-ден астам ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 168 жаңа нысан салынды. Мәдениет және өнер мекемелерін жабдықтау деңгейі біртіндеп жақсарып келеді. Соңғы отыз жылда алғаш рет бейінді оқу орындары мен мемлекеттік концерт ұйымдарына музыкалық аспаптар сатып алуға бюджеттен қаржы бөлінді. Былтыр менің Жарлығыммен еліміздегі іргелі мәдениет ордаларына «ұлттық» және «академиялық» мәртебе берілді. Бұл шешім өнер ұжымдарының шығармашылық өрісін кеңейтіп, олардың кәсіби тұрғыда шыңдала түсуіне жол ашатыны сөзсіз. Осы бағыттағы жұмыс биыл да жалғасады, – деген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі ең басты үш музейге ұлттық мәртебе берілетінін, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетіне Күләш Байсейітованың есімін беру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сонымен қатар осы салада қызмет етіп жүрген бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Түрлі бағыттағы мәдениет саласы мамандары мен өнер адамдары «Парасат», «Құрмет» ордендеріне, «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанған А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатының оқытушысы Саян Ақмолдаев пен өзге де марапат иелерін мерейлі сәтімен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз!