«СИМУЛЯКР – АДАМЗАТ ОЙЛАП ТАПҚАН ТАЖАЛ»
04.12.2022
1540
0

Ғылыми айналым

Біздің ғасырда мәтіндер арасынан симуляция деген сөзді көп кезіктіруге болады. Соған қарағанда, өнер мен өмірде симулякрлерге өте жиі жолығып жатсақ керек. Постмодернистік әдебиеттің теориясымен танысқанға дейін мәтіндерде, киноөнерінде, ауызекі сөйлеу кезінде айтылатын симуляция сөзіне соншалықты мән бермеген едім. Постмодернизм философиясының негізгі терминдерінің бірі саналатын бұл ұғымды Платон еңбектерінен кезіктіруге болады. Тіпті француз философы Жиль Делездің «Платон және симулякр» деген еңбегі бар, яғни ғалым симулякр ұғымын философиялық тұрғыда тереңірек зерттеді. Егер постмодернистік философиямен танысқан адамға нақ осы симулякр деген не деп сұрақ қоятын болсақ, ол қысқа ғана сөзбен: «көшірменің көшірмесі» деген жауап айтар еді. Бірақ көшірменің көшірмесі деген тіркестен менің ойымда ондайлық бір мәнді ұғым қалыптаса қоймады. Ал «Платон және симулякрде» ғалым ол ұғымды «ұқсастығынан айрылған бейне мен сәйкестігінен айрылған образ» деп түсіндіреді. Жиль Делез «симулякр түпнұсқа мен көшірменің өзін теріске шығарады» дейді де, бұл ойын Платонның пұт бейнелер туралы талдауымен сабақтайды. Платон пұт бейнелерді екіге бөліп қарастырады. Бірі – көшірме иконалар. Расында адамдар өздері жасаған иконаларды бір-бірінен көшіріп алып, жалбарыну рәсімін жасайды. Бұл көшірмелердің барлығы тұпнұсқаға ұқсайды. Бірақ түпнұсқаның өзі емес қой. Екіншісі – симулякр қиялдар. Бізге керегі осы. Көшірмеде ұқсастық бар болса, симулякрде сәйкестік мүлде жоқ.
Платонға тоқталып, Ж.Делездің философиялық ұғым ретінде қарастырғанын не үшін жазып отырмыз? Біз өмір сүріп жатқан ғасырда симулякрлер өте көп. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Ол өнерде, әдебиетте, өмірде жасалып жатқан процесс десек болғандай. Бірақ бұл құбылыс адамзат тарихында бүгін пайда бола қалған жоқ. Айталық, Платон сол кездің өзінде-ақ симулякрді саясаткерлер жиі пайдаланады деп айтып кеткен. Аталмыш терминді ғылыми айналымға Ж.Бодрийар енгізді. Ғалым 1980 жылы осы терминге постмодернистік көзқарас тұрғысынан анықтама берді. Ж.Бодрийар: «Симулякрдің өзі әу баста ақиқаттан пайда болады, бірақ уақыт өте келе бұрмаланып, басқаша сипат алады», – деп түсіндіреді.

Өмірдегі кездесу

Біздің метафоралық ойлау дағдымызға сәйкестендіріп, симулякрді Н.Б.Манковская былай түсіндіреді: «Симулякр – макияж сияқты. Адамның шынайы бейнесін жасырып қалып, біздің эстетикалық танымда қалыптасқан модельге жақындатады».
Расында, телебағдарламаларға, киноларға боянып, жарық эффектілерін пайдаланып шыққан өнерпазды өмірде танымай қалуымыз мүмкін. Себебі эфирден біз оның шынайы бейнесін емес, симулякрін көрдік. Симулякрді әлеуметтік желіден көп кезіктіруге болады. Парақшаға қойылған суреттер түрлі өңдеуден өткен болуы ықтимал. Суретті былай қойғанда, әлеуметтік желіні пайдаланушылардың жазғаны мен өмірдегі көзқарасы мүлдем сәйкес келмеуі кәдік. «Ол» симулякрді пайдаланып өзі жасаған «шындыққа» оқырмандарын сендіруі әбден мүмкін ғой. Сонымен қатар ­Н.Б.Манковская «симуляциалық тұтыну» деген тіркесті түсіндіреді. Мұның астарында еліктіру жатқанын жазады. Мәселен, жарнаманың көбінде күлкі симуляциясы жиі пайдаланады. Қандай да бір тауарды сатып алсаңыз, сіз ылғи күліп жүретіндей, бақытты болатындай етіп еліктіреді. Адамдарды сән өнеріндегі симуляцияға тіпті еліктіріп алады. Тырнақ жабыстыру, ерінді дүрдиту, кірпікті ұзарту, парик кию, шаштың түсін өзгерту – бұның бәрі симуляцияның «жемісі».

Киномен түсіндірсек

Симулякр бұрыннан бар, оны саясаткерлер жиі пайданады деп айттық қой. Дегенмен біздің ғасырда адамдардың мінсіз жасалған симулякрлерге сеніп, одан кейінгі шындықты қабылдағысы келмейтінін АҚШ киногерлері дер кезінде байқаған. Осылайша олар 2002 жылы «Симона» деген көркем фильм дайындайды. Эндрю Никколдың сценарийімен түсірілген фильмді фантастикалық трагиикомедия жанрына жатқызыпты. Симона деген есім сол симулякр деген түбірден алынған.
Сонымен, қысқаша сюжет: Виктор Тарански деген режиссердің кино түсіруде жолы болмай қояды. Басты рөлді сомдайтын актриса орта жолға келгенде киноға түсуден бас тартады. Киностудиялар келісімшартты бұзады. Әбден күйзеліске түскен Викторға Хэнк деген бағдарламашы (программист) жолығады. Хэнк те ажал алдындағы адам еді. Ол өлер шағында өзі ойлап тапқан симулякр актрисаны режиссерге мұраға қалдырып кетеді. Компьютер бағдарламасы арқылы басқарылатын актриса – Симонамен режиссер жетістіктерге жетеді. Енді көрермен дәл сол Симонаны көргісі келеді. Журналистер сұхбатқа шақырса, Симона қашықтан, онлайн-сұхбат қана береді. Себебі ол өмірде жоқ қой. Бірақ осы өмірде жоқ адамды көргісі келетіндер көбейе береді. Тіпті соңында қауіпсіздік қызметіндегілері адамды неге тығып ұстап отырсың дегенге дейін барады. Бұл машақаттан құтылу үшін режиссер әлгі компьютер бағдарламасын жойып, Симонаны өліп қалды деп хабарлайды. Актрисаны жерлеуге жиналған нөпір халық. Бос табытты көтеріп кетіп бара жатады. Табыт ішінде өмірде жоқ Симонаның суреті ғана бар. Табытты ашып тексереді. Симона табытта жоқ болған соң, оның денесін теңізге лақтырып жіберді деген күдікпен режиссерді қамайды. Ал енді оны өмірде болған емес, ол жай ғана симулякр деп түсіндіріп көріңіз. Кім сенер екен. Ешкім сенбейді. Тергеушілер режиссер есінен адаса бастады деп ойлайды. Көрдіңіз бе? Симулякр қалай жүзеге асты. Мән-жайды түсіне қойған Таранскийдің қызы компьютерде жойылған бағдарламаны қалпына келтіреді де, Симонаны сөйлетеді. Атақты симулякр-актриса эфирден «мен тірімін» деп мәлімдейді. Ал оған қалың қауым сенеді. Жоқтың сөзіне сенеді. Режиссер қамаудан шығады. Шынашақтай ғана қыздың сөзіне киногерлер көп дүниені сыйғызыпты. Бағдарламаны қалпына келтіріп, әкесін қамаудан босатқан Лени былай дейді: «Адамдар алдағаныңды кешіреді. Бірақ олардың көзін ашып, шындықты айтқаныңды ешқашан кешіре алмайды». Сондықтан көрермен кешірсін десек, оларды өзі сенген өтірікпен қайта қауыштыру керек.

Қазақ әдебиетіндегі симулякрлер

Әрине, әдебиетіміздегі барлық симулякрлерді теріп әкеліп, осында жазып көрсетуге мұрша бола қоймас. Дегенмен ғалым, қазақ әдебиетіндегі постмодернизм теориясын зерттеген PHD Гүлмира Сәулембек Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы» хикаяты мен Жүсіпбек Қорғасбектің «Өлмейтін құстар», «Жаконданың жанары» әңгімелеріндегі симулякрлерді талдап көрсеткен. Үш шығарма да кино түсіруге дайын сценарий сияқты. Айталық, Т.Әсемқұлов шығармасында кейіпкер Қайырболдының перінің қызы Бекторымен кездес­кеніне бар ынтаңмен сеніп отырасың, хикаят соңында Бекторы туралы жазып отырған Сағындық Тілешов деген авторға жолығамыз. Демек, ешқандай да Бекторы болмағаны ма? Әрине, Бекторы – симулякр ғой.
Ж.Қорғасбек Атағұл деген кейіпкеріне де симулякр әдісін пайдаланады. Жалғанды жалпағынан басқан баукеспе Атағұл махаббат сезімі үшін қылмыстық жолдан бас тартып, жаңа бір өмір бастайды екен деп сеніп отырасың. Қылмыскердің де жүрегінен нәзіктік көргің келеді. Бірақ бұл да – шығарманы оқып отырған оқырманның өз қиялымен жасап алған «шындығы». Ал «Өлмейтін құстар» әңгімесінде автор симулякрді өлмейтін сарыала құстар арқылы баяндайды. Оқырман әңгімедегі әлгі өзгеше құстардың бар екеніне нанады (Сәулембек Г.Р «Ж.Қорғасбектің «Өлмейтін құстар», «Жаконданың жанары», Т.Әсемқұлов «Бекторының қазынасы» әңгімелеріндегі симулякрдің көрінісі». Қазақстан ғылымы мен өмірі. №2 (77) 2019. ISSN 2073-333X).
Бірақ жазушы әңгіме соңында былай дейді: «Сарыала құстар содан қайтып келген жоқ. Үрмет шалдың айтқан әңгімесіне де ешкім сенген жоқ. Сардар да атасының сөзін расқа шығаратындай ештеңе айтқан жоқ. Тек ауылда бұрын көрмеген қызыл қанат үнді құстарының қаптап кеткені рас болатын. Не кезіксе соны талғамай жайпап жұта беретін бұл үнді құстарын отырса да, тұрса да жұрт көп әңгімелеп жүрді. Кейін ол құстар да өзінен-өзі жоқ болып кетті». Анығында Үрмет қарт құстан емес, құсадан қайтқан еді. Отбасын тастап, баласына да, әке-шешесіне де қайырылмай кеткен ұлын сағынған.

Пайымсөз

Қазақ әдебиетінде де посмодернистік бағыттағы шығармаларға арналған зерттеулер пайда болды. Дегенмен ғылыми ортадан бөлек, жалпы оқырман қауымның да бұндай жаңалықтан хабары болуға тиіс. Постмодернистік туындыларды талдаудан бөлек, осы бағытта жазылған шығармалар бар ма деп таңғалатын оқырмандар да, бұл бағытты әлі мойындағысы келмейтіндер де кездеседі екен. Алайда мойындамағаннан бар дүние жоқ боп кетпейді. Өмірімізге дендеп енген құбылыстарды танып, таразылап, түйсінуге тиіспіз. Постмодернистік шығармаларда біз үйреніп қалған құрылымдық жүйе жоқ. Сырттай қарағанда, бірді айтып, үшке кететін сияқты көрінетін бұл бағыттың симулякрден бөлек, шизофрениялық дискурс, қосарлы кодтау, реминисценция, метапроза, постмодернистік ирония, автордың ажалы, бедел дағдарысы сияқты толып жатқан әдіс-тәсілдері бар. Біз соның біріне ғана тоқталдық. Ж. Бодрийардың «Симулякр – адамзат ойлап тапқан тажал» деген де пікірі бар. Кім білсін…

Айнұр ТӨЛЕУ,
ақын, әдебиеттанушы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір