ҚАЗЫНАЛЫ СЫР САНДЫҚ, ЖАЗИРАЛЫ ЖЫР САНДЫҚ
03.04.2023
2821
0

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Қалибекұлы – талғампаз оқырманның ілтипатына бөленіп, көңіл төрінен орын алған талант­ты жазушы екенін білетінмін. «Шерлі домбыра», «Өмір-ай», «Тоқинақ», «Ақ кербез», «Үш тоғыс» секілді кітаптары жұртшылықтың назарын өзіне аударуымен есте қалды. Оның мен оқыған әр шығармасы өзекті идеяға құрылып, алған тақырыбынан ауытқымай, бастан-аяқ бір ойды діт­теп шығатынымен ерекшеленетін. Осыдан да барып, бір композицияға бағынған сюжеті шымыр, оқиғалары жинақы да жұмыр болып келеді. Сонымен қатар автор тосын шешім жасауға шебер. Тақырыпты қалай таңдап, оқиғаны неліктен осылай өрбітіп отырғанын ең соңында бір-ақ сездіріп, оқырманға тосынсый жасай біледі. Шығармаға бұлайша күтпеген оқшау түйін (концовка) жасау оқырман көңілін күннің бұлт­тан шыға келгеніндей серпілтіп, шығарманы қайтадан ойша оқып шығуына жол ашады. Яғни, Ғалым шығармаларын оқырман бейжай қалыпта сүлесоқ оқи алмайды, ішкі назарын аудара, көңіл тоқтатып, ой бөліп оқиды.  
Автордың бұрынғы кітаптарын оқудан алған осы әсерімді оның бертінде жарық көрген «Ақ көке» (2020 ж.), «Шеген» (2022, «Дәуір») ат­ты кітаптары бекіте түсті. «Ақ көке» жинағына он сегіз әңгіме, екі хикаят еніпті. Автор көбіне лирикалық кейіпкердің атынан сөйлейді. Бұл – әрине, автордың өзі емес, шығармашылық стиліне тән сипат болса керек. Тағы бір көзге көрініп тұратын ерекшелік – автордың лирикалық кейіпкерлері де, «еместері» де, Кеңес дәуірінде сурет­телетіндей үнемі үлгі тұтуға болатын мінсіз періштелер емесі. Өмір ағысына қарай бірде өрге жүзіп, бірде кері ығысып, тіршілік талабына бейімделе жүретін кәдімгі жұмырбасты пенделер. Кезінде ащы суды бір кісідей сімірген, кейін «үлкен молда» атанған Ақ Тоқтар дейтін шалдың қылық-қияпатынан немесе сүйген жары жиырма жылдық қуғын-сүргінге айдалған Балқия есімді әйелдің тағдырынан да мұны аңғару қиын емес.
Автор кейіпкер характерін сомдағанда қазақтың ұлт­тық мінез-құлқын даралап көрсетуге ерекше мән береді. Тағы да әлгі Ақ Тоқтарды алайық (оны құрдастары Ақ Тоқтар, жан-жағы Ақ көке деп атап кеткен). Нарықтың темір шеңгелі қазақтың, әсіресе ауыл халқының алқымын әбжыланша қылғындыра қысқан сонау бір тоқсаныншы жылдардың бас кезінде көлік пен қоныс тапқанның көбі алыс-жақындағы қалаларға көшіп жат­ты ғой. Сонда Тоқаңның қалада тұратын «лирикалық» жиені оған «қалаға көшіңіз!» демей ме. Сондағы шалдың жауабы: «Кетпеймін. Ата-бабамның сүйегі жатқан атажұртымды тастап кетпеймін!» болады. Қазақ деген халықты білетіндердің бәрі бұл сөзге сенеді. Дәл сол тұста «Арал! Арал!» деп айғайладық емес пе. Қиналған шақта тұрғын халықтың қалаға көшуін дұрыс көргендер де болыпты. Сонда халық: «Ата қоныстан ажырамаймыз!» деп кетпей қалғанын газет­тен оқығанымыз бар. Бұл – қазақтың ұлт­тық мінезі ғана емес, өзіндік дара қасиеті. Қазақтың қастерлі екі қымбаты бар болса: біреуі – анасы, біреуі – туған жер, атамекені! Автор осыны «қыңыр» мінезді Тоқтар шалдың қылығы арқылы тайға таңба басқандай етіп көрсеткен. Браво! Айтпақшы, айтпақшы… Қазақ ата-бабасының сүйегін де жат жерде қалдырғысы келмейді ғой. Міржақып Дулатовтың қиырда қалған сүйегін іздеп тауып, туған топырағына әкеліп, қайта жерлегенінен де хабардармыз. Мұны қазақтан басқа ешбір халық істемейді. Отыз екінің аштығында амалсыздан Қытай асып кеткен атасы: «Атамекеннен бір уыс топырақ бұйыр­са не арман бар?» деп отыратынын сан рет естіген Қайнар деген жігіт, екі ел арасындағы темір шекараның жібі босаңсыған тұста, Алладан да, аруақтан да кешірім сұрап, әлдеқашан қайтыс болған сол атасының сүйегін көз байланған шақта көрден қазып алып, туған жеріне әкеліп, қайтадан жерлейді. Ата арманын орындайды. («Орындалған арман», 95-104-б.). Тек бұл ғана емес… Атасының Қазақ­станда тұратын, кезінде Ботагөз ару атанған жалғыз қарындасы Тұрдыхан кейіннен су қараңғы соқыр болып қалған. Қайнар әкеліп, ақ жайманың үстіне саудыратып төккен ағасының қу сүйектеріне саусағының ұшы тиюі мұң екен… Тұрдыхан ананың «қос жанарын найзағайдың от қамшысы осып өткендей, ақ басын темір құрсау бүргендей, екі шеке тысқа атылып шығардай күй кешті. Екі көздің түбі суырып ауырып, миы ұяшығынан шашырап кетердей солқылдап, ышқынып, шыңғырып жіберуге шақ қалды. Көз алды жап-жарық болып кет­ті де, екі жанары шырадай жанды!» (103-б.). Бұл жағдай болды ма, әлде ойдан қосты ма, мәселе онда емес, жазушының шығармашылық табысы, көркемдік тапқырлығы екені даусыз! Қазақы менталитет пен ұлт­тық колорит­тің қаймағы қарыс елі тұнған мұндай қанық бояуларды кітаптағы әр шығармадан табу қиын емес.
Автордың шығармашылық қырағы­лығы да айтуға тұрарлық. Ол нарықтың қыспағын ғана емес, ретін тапқандар реңін келтіре алатын «ұшпағын» да ұмыт қалдырмаған. Мұны жоғарыда айтқан Тоқтар шалдың тірлігінен де көруге болады. Оны «өзге жұрт­тан қадірлі көрсететін өнері – жансыз темірдің тілін суырып алатындығы. Содан біреуден бір қап ұн, біреуден тышқақ лақ ақы алып жүріп, ел қоңыз теріп кеткенде бұл күнкөріске жетерлік дәулет­тің басын құрап алған. Есік көзіне қаңтарып қойған Жәңгерейдің көк мәскеуішін бір ісек қой беріп алды да, қант­тай ғып қатырып, мерседес айдағандай жүйткіп жүреді» (5-б.). Яғни істің тетігін тауып, тетершігін айналдыра білгендер, Абай атамыз айтқандай, заманға күйлемей, керісінше, заманды билей алатындығын меңзейді. Бұл – әсіресе біздің қазаққа керек ақыл: нарық, ақылын тапқан – қарық! Мұндай білікті азамат­тар елімізде аз емес.
Автордың тағы бір шығармашылық табысы – айтыла-айтыла ақжем болған жайларға алданбай, оқырманның ойына келмеген оқыс та тосын шешімдер шығару арқылы шығарманың есте ұзақ сақталуына қол жеткізе алатындығы. Мұның біразын жоғарыда көрсет­тік те. Кітаптағы он сегіз әңгіменің кез келгенімен масат­тануға болады. Бұл жолы «Ақерке», «Өмір-ай» деген екі хикаятқа үңіліп көрейік. «Ақерке» хикаятындағы лирикалық кейіпкер, салынып кетпесе де, орайы келгенде тәт­ті шараппен де, тәуір келіншектермен де көңіл көтеруге кетәрі емес жас жігіт­тердің кейпін көзге елестетеді. Осы жігіт (бойдақ па, жоқ па, ашып айтылмайды) бір кеште кездескен Айдай сұлу Ақеркені ұнатып қалады. Жігіт­тің алғашқы ойы, бәлкім, «басқа» болғанымен, жас әйелдің жан сырын білгеннен кейін адамгершілік ары үстем шығып, оның жанашыр тілектесіне айналады. Сөйтсе: Ақеркедей сұлудың сүйгені де, түйгені де «мұрны шелектей тарбақ, көзі жіпсиген, құлағы шұнтиған, ерні дүрдиген, басында қырып алар қылтан жоқ, балшықтан жасалғандай» (188-б.) «бірдеме» екен. Есімі де ерсілеу – Көтібар, жұрт Көкіш деп атап кеткен. Алайда «еңбек десе жанын салатын» (189-б.) сол Көкіш достыққа адал, сертіне берік (193-б.) болып шығады. Өкінішке қарай, тыныш жүрген Көкішке соқтығып, оған пышақ сілтеген бұзақының пышағы арпалыс үстінде өзіне тиеді де, Көкіш «кісі өлтірген адам» ретінде сот­талып кетеді. «Мен оны сүйемін, – дейді Ақерке. – Оны барлық еркектен артық көрмесем, кем көрмеймін» (188-б.). Бұл жағдай сұлу келіншекке қырындағысы келген лирикалық кейіпкердің де арын оятады. Хикаят оның «Бордай егіліп, күйеуін сарғая күткен бес жылды өткізу нәзік жанды әйел үшін қандай қиын екенін жан баласы түсінсе ғой, шіркін!» (199-б.) деген ішкі толғанысымен аяқталады. Тосын ба? – Тосын! Автордың таптау­рынға аяқ баспай, соныға ден қоятыны осыдан көрінеді.
Өмір-ай! Осы бір сөзді әркімнің-ақ айтып қалатын сәт­тері болады ғой. Ал кезіндегі жас ақын Мәңкейдің аузына бұл сөзді сол өмірдің өзі салды! Неткен ұқсастық десеңізші: тарих та қайталанады екен. Қазақ­стандағы 1937-38 жылдары болған қым-қуыт қуғын-сүргін жағдайы, тура 10 жыл өткенде, 1957-58 жылдары Қытайдағы қазақтардың басына түсіпті. Ілияс Жансүгіровты КГБ жендет­тері үйінен алып кетісімен, аңдып тұрғандай іле-шала келіп, әйел, бала-шағасының көз жасына қарамай, жүгін далаға лақтырып тастап, үйіне басып кіріп алғанды да тарих көрді емес пе. Қуғын-сүргін желеуімен біреудің біреуді пасық кегін қайтарған, яки әйеліне, үйіне қызығып, айдатып жіберген фактілер – шаш-етектен: сол жағдай айна-қатесіз қайталанып, Шәку дейтін имансыз біреу Балқиядай арудың сүйген жары, жас ақын Мәңкейді «халық жауы» атандырып, Тарым түрмесіне жер аудартады. Ондағы мақсаты – «Балқия­ны алмасам, атым өшсін» (220-б) деген арам сертін орындау. Орындайды да. Өзінің әйелін бала-шағасымен үйден қуып шығып, көп итіс-тартыстан кейін, қасқырдың аузындағы көжектей дәрменсіз, пұшайман халге түскен Балқияны зорлықпен бауырына басады. Мәңкей мен Балқияның жалғыз қызы сәби Патиханы да үйден қуып шығып, қаңғыртып жібереді. Мұның соңы Патиханың ақылы кем қаңғыбас болып, Балқия­ның да жарымес есалаңға айналуына апарып соғады. Егер хикаят­та осыларды ғана айтумен тынса, көп шығарманың бірі болып қалар ма еді, кім білсін. «Қуырдақтың көкесі алда» демекші, хикаят­тың айтатын шындығы да, сұмдығы да осыдан кейін болады. Тарым түрмесінен 20 жылдан кейін босап шыққан Мәңкей күні бойы көлік таппай, өз ауылына баратын жалғыз машинаның үстіне шығып отырғаны сол, онда ақ жаймамен ораулы жатқан мәйіт­ті көреді. Жүргізуші ауылға жетіп, мәйіт­ті бір үйдің алдына түсірген кез­де, міне, сонда шындық ашылып, сұмдық басталады. Кенет, орта бойлы, әжімді, сарыкідір жұпыны әйел дауыс салып, мәйітке ұмтылады. Бар зарығын, сағынышын, қасіретін анау жансыз денеге арнайтындай-ақ, өлікті құша жығылады (232-б.). Сөйтсе, мәйіт дегені қаладан Мәңкеймен бір машинаның үстінде келген Шәкудің өлі денесі, ал оны жоқтап зарлаған әйел – бір кездегі Мәңкейдің өзінің сүйген жары Балқия болып шығады! Трагедия демей көріңіз. Мұны «аз» десеңіз, осы сәт­те Мәңкейді «қолтығына қысқан түйіншегі бар, өңі сатпақ-сатпақ, сауыс кір киімді, бейберекет күліп, мазасызданған, қолаң шашты, нәркес көзді сұлуша келген мәңгі бойжеткен» (232-б.) қағып өтеді. Мәңкейдің «үй, бала…» дегеніне сұстана қараған қыз: «жындының ұлы, әкең жынды, ә… Базарқұлды сүйем, хи-хи-хи» деп жүре береді. Бұл қыз бір кездегі Мәңкей мен Балқияның әлпештеген аяулы сәбиі Патиха екенін білгенде, Мәңкей түгіл, оқырманның да төбе шашы тік тұратыны сөзсіз… Қатыгез өгей «әке» Шәкудің тепкісі салдарынан осындай дертке шалдыққан сол сәби, ақыры жарыместік қалыпқа түскен екен. Осылайша, араға жиырма жыл салып, Тарымнан оралған ақын Мәңкей ару жары Балқия мен аяулы қызы Патиханың орнына қос жарыместің аянышты тағдырына куә болады. Хикаят­тың тағы бір құндылығы сонда: өткен күндердің өкініші – бүгінгілер үшін де үлкен сабақ! Шығармалардан үзінділер келтірген себебім де – сөзім құрғақ болмай, кейіпкер мен өмір бет­теулерін оқырманның тереңірек сезінуін ойладым.
Автордың әңгімелері мен хикаят­тарының қай-қайсысы болсын шебер шендестірулерге бай, көркем бояулармен көмкерілген. Сөзін саудалау, әлпеті бөлек, қасам ішіп, түңкелі өлке, тымсақтай батпан, жүда ет­ті, зерең жүзді деген секілді бүгінде сирек қолданылатын, кейбірі ұмытыла бастаған сөздер жиі кездеседі. «Ат­тан түссе де, үзеңгіден түспеген», «жансыз темірдің тілін суырып алатын», «арам қаны төбесіне теуіп» тәрізді теңеулер де екінің бірінің аузына түсе бермейді. Ақ көке, кәрі жезде, әже сияқты қарт адамдардың қазақы болмысымен мінез-құлқы шынайы да табиғи. Кітапта мұндай түпнұсқа ұлт­тық характерлер жиі ұшырасады. Автор әңгіменің соңын өткір де тапқыр юморға ұластыруға бейім. Кәрі жезденің қалжыңбас балдызына айтқан әңгімесі бастан-аяқ екеуінің диалогынан тұрады. Жезденің соғыстың қалың ортасына әне-міне қойып кетердей болып, төндіріп-төндіріп айт­қан әңгімесі ұзаққа созылады. Бірақ соғыс әлі «жоқ»! Сөйтсе, «батырың» майдан шебіне енді барып, табаны жерге тиген бет­те соғыс бітіп қалып, Жеңіс тойының үстінен түскен екен ғой. Мұны естіген балдыз ішегі түйілгенше күледі. Оқырманның да күлмеуге «шарасы» қалмайды. Бұл әңгімеге автор болуға қазақ юморының атасы Бейімбет «әканың» өзі де қарсы болмас па екен әлде?! Түйіндей келгенде, «Ақ көке» кітабы авторының профессионалдық биікте қадамын нақ басқан қаламгер екенін танытады. Оның үстіне, әңгіме, хикаят секілді шағын, орташа көлемді жанрлар ерекше шеберлікті қажет етеді. Мұнда оқырманды ұбақ-шұбақ оқиғамен алдарқата алмайсың. Ғалым бұл жағынан да Бейімбет ағасы мен Сайын ағасының сара жолын ұстанған секілді.
Өлең – қазақ жазушыларының алтын бесігі. Ұлт­тық әдебиетіміз де, мәдениетіміз де бесік жырынан, әже әлдиінен бастау алады. Сәбит Мұқанов пен Есенберлин, Тәкен Әлімқұловтардан бастап, кейін де, бүгін де классик мәртебесі мен мандатын иеленіп жүрген жазушыларымыздың бірсыпырасы шығармашылық қадамын өлеңнен бастап, тұңғыш кітаптарының бетін жырмен ашқаны да сондықтан болар. Бұл дәстүрден Ғалым да сырт қалмапты. Бұған оның жоғарыда біз атап өткен «Шеген» ат­ты жыр кітабы дәлел. Мемлекет­тік бағдарламамен жарық көрген жинаққа 100-ден аса өлең мен 7-8 поэма, толғау топтастырылыпты. Өзімнің оқырман ретіндегі тәжірибем көрсеткендей, прозалық шығарманы көз майын таусып мұқият оқып, ой сарабынан өткізбей тұрып үстірт баға беру мүмкін емес. Оның жықпыл-жықпылында не бір алтын қозы, не бір қотыр тоқты-торымдар көзге түспей жатып қалуы мүмкін. Ғалымның әңгіме-хикаят­тарына көбірек үңілген себебім де содан болар. Ал өлең жарықтықтың әр жерін шоқып оқып, шолып өтіп қана, ақынның талант қуатын тәуіпше тап басып тану қиын емес. Шыңғыс Айтматовтың шынашақтай «баласы» Шипалаққа ұқсап, өлеңнің әрбір шумағы «Мен мұндамын! Мен солмын!» деп, өзін-өзі айғайлап көрсетіп тұрады. Сондықтан мен Ғалымның әрбір өлеңіне жеке тоқталып жатпай-ақ, ақындық қуатын бірер мысалмен ғана аңғартуды жөн көрдім.
«Өлеңді бастау қиын…» демекші, жыр жинағының беташарында тұрған төрт шумақ өлеңнің алғашқы «жартысын» оқырман назарына ұсынайын.
Үркер ауып барады, үркер ауып,
Ақ сағымды жүзіне бүркеп алып.
Қара жолға қарайды қатпа жігіт,
Ақбозының тізгінін
ірке қалып.

Қыр астында қалғаны –
қара лашық,
Ай астында қалғаны –
бала ғашық.
Белден асып барады
желдей есіп,
Ақ мұнармен ақбозы
араласып…
Әркімге таныс сурет. Түсініктеме керек емес. Өлеңде бір сөздің өзінің де артық кетіп, кем қалуы – үлкен мін десек, бұл төрт жолдан ондай оғаштықты дүрбімен де қарап таба алмайсыз.
Кейде біздің өлеңнен ақынның «азамат­тық дауысын» естігіміз келіп тұратыны бар ғой. Мұндай өлеңнің басты критерийі таза көркемдіктен гөрі тәрбиелік, рухтылық болып келетіні бар. Онда «Бір жылда Бетпақдаланы мекендейтін 70 мыңнан аса ақбөкен қырылған» деген газет ақпаратына ақынның қосқан азамат­тық үніне құлақ түрейік:
Ақ селеулі боз дала, биік қырдан
Киік көрдім – күн көзін сүйіп тұрған.
Қызыл кітап бетінен оқы, бала,
Бетпақтағы сұмдықты
«киік қырған».
Осы бір азамат­тық жырды таза поэзия емес деп кім айта алады? «Күн көзін сүйіп тұрған киікті» көңіл көзі қырағы ақын ғана көре алатыны анық. Ал «бассыз қалған қырғыз» бен «бассыз қалған орысқа» басы керек болған хан Кенеге арнаған өлеңіндегі «Әкем басы Балқанда, апам басы Қалқада, інім басы Қытайда, ағам басы Арқада» дегені тарыдай шашылған қайран қазақтың тағдыры емес пе?!
«Қара Ертіс», «Бұлбұл», «Ана», «Ата», «Мұқағалимен мұңдасу» секілді толғау-дастандарында да ақын лирикалық-эмоциялық тебіреніс ауанынан айнымайды. Бірыңғай оқиға қуып кетпей, оқырманның жан дүниесін серпілтер көңіл күй толқыныстарын жиі сездіріп отырады. Бұлардың қай-қайсысында да ішкі сюжет басым. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» дегендей, осылардың өзі-ақ автордың ақындық қуатын танытады деп ойлаймыз.
Әдет­те автор жаңа шығармасына деген ең алғашқы бағаны оқырманнан күтетіні белгілі. Сондықтан мен Ғалым Қалибекұлының өзім оқыған «Ақ көке» және «Шеген» ат­ты екі кітабына әріптес әрі оқырман ретіндегі пікірімді білдірдім… Бұл шығармалардың қос өрмегінде алуан мінезді табиғат-ананың өз аузынан түсе қалғандай алмағайып өмірдің айла-сынағы мен жайма-шуағы қатар өріліпті. Ойлы оқырманға олжа болар құнары бар. Автордың қырық кілтпен ашылатын сыр сандығы қазыналы, ішкі әлемін жайып салған жыр сандығы жұлдызды аспандай жазиралы екен.
Әріптес ініме шығармашылық табыс тілеймін!

Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ,
ақын

 

 

«Жазушының тілі кестелі. Қазақы әдеп, салт-сананы, тұрмысты сабақтауға шебер. Шығармаларындағы кейіпкерлерінің мінез-құлқынан, сөйлеген сөзінен дала адамының аңқылдаған ақ пейілі бірден білінеді».
Мінуар Әкімханов,
ақын

«Шерлі домбыра» ауқымындағы шытырман желісіне өз-өзіңнен риза боласың. Бұл жырларда өзекті шалар өкініш те, ойламаған тұстан келетін ой тұжырым да өз ажарын, өз жарасымын таба білген».
«Өмір-ай!…» ат­ты әңгімелер мен хикаят­тар жинағы өз жүгін жақсы арқалап шыққан. Сол өрістің құндылығын алыстан байқаған заманымыздың қарасөзінің хас шебері Қалихан ағамыз бір ауыз лебіз айтпай тоқтай алмаған».

Сейфолла ОСПАН,
ақын, сыншы, Халық­-
аралық «Алаш» әдеби
сыйлығының
иегері

«Өмір-ай!…» Осының алдында «Қайран» деген бір сөз жасырынып тұрған секілді… Ғалымның «Құрдасы» мен «Құдалары» тірінің езуіне жұмыс тауып беріп, бақиға ат­танғандардың бет-жүзіне күлкі ертіп жіберетін құшынаштар тәрізді… Автор қызық деп отыр ма, бұзық деп отыр ма, оны өз еркіне қалдырдық, ал оқушының түйсігіне кептелетіні – қилы-қилы тағдыр мен қарағайға теріс біткен қу бұтақ секілді қырсық образдар.
Тағдыр демекші, осындағы «Ақерке», «Өмір-ай!…» ат­ты екі хикаят­тың әңгімелерге қарағанда салмағы да, сапасы да бөлек. Бұдан едәуір төселіп қалған профессионал прозашының қаламын таныдық. Жорғадай еркін тіл, еріксіз иландыратын өмір шындығы, жүрекке шым-шымдап бататын мұң сарыны мен қасірет ызғары оқушыны бей-жай қалдырмайды…
Проза дейтұғын сапқа бір сарбаз келді. Оның қаламы мен талабын алдан күте жатармыз».
«Прозаға өкпелімін. Алдымен, тілі кебір, қазақтың бай сәндік қорын пайдалана алмайды. Бұл рет­те маған Ғалым Қалибекұлының тіліндегі образ­дылығы, жазу мәнеріндегі суретшілігі ұнады. Тегі арғы бет­тен арқалап келген қоржыны ма деп ойлаймын. Прозаға басты керегі де
осы ғой».
Қалихан ЫСҚАҚ,
жазушы,
Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері,
Мемле­кет­тік сыйлықтың иегері

«Шерлі домбыра» – жыр жинағының оқырманға айтары көп. Әр парағынан өмір, тіршілік тартысының тынысы, саф таза шындық пен шынайы сұлулыққа деген сезім лүпілі сезіледі».
Қазтай ӘБІШ,
прозашы 

ДОСЫМА
(Ғалым Қалибекұлына)
Тауда тудың асқарлы,
Мінезің де тігілдеу.
Мен білмеймін басқаны,
Сенің сертің – бүгілмеу.

Екпетіңнен жығылмай,
Жығыларсың шалқадан.
Көлеңке боп тығылмай,
Қаққызбайсың арқадан.

Сары аязын, күмісін
Қыстың шексіз сүйесің.
Сыйлағанның бірісің,
Иті менен иесін.

Аптабында шілденің,
Маужыраған мамырда…
Тағы да бір гүлдедің,
Жоғалғаның табылды, ә!

Сөзге қысыр-сараңдау,
Шүлендігің бөлекше.
Жаныңда бар алаңдау,
Шөптің басын жел өпсе.

Бердім, досым, кіл саған
Кілегейін көңілдің.
Қабақ шытса кім саған,
Шашылып та төгілдім…

Серік Нүсіпұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір