САНДЫҚ (новелла)
29.10.2022
3432
0

Екі мың шақырым жерде отырып та тума-туыстың даусын естіп қана қоймай, бет-жүзін де көрсететін қолтелефонның құдіретінен бұрынғыдай сағынып үлгермей ме, әлде «баяғыдай емешегі езіліп, өндіршегі үзіліп күтіп отырған кім бар дейсің?..» деген ой о бастағы елжіреуік көңілін бастықтырып тастаған ба, Сая соңғы жылдары түкпірдегі ауылына сирек келетін болған. Алыстан теректері санап алардай көрініп, көлік жүріп өтсе болды, шаңы шошымал болып аспанға шапшитын, қара жолы шұбалған ауыл баяғысы екен, түк өзгермепті.
Ағасының несие алып ескі үйге жөндеу жүргізгенін естіген еді, «бәрің көшіп қалаға кет­тің» деп жапанда жабырқамай-ақ, қара шаңырақты жықпай отырған ниетіне іші елжірейді. Қырық жылғы ақ сыры сарғайып, сызат-сызықтарының үстінен қап-қара шегесі бадырайып көрініп тұратын баяғы бөренелерді осы күнгі бит­тің қабы­ғындай жұқа төбежабынмен жауып, тегістеп қойғанының өзі ескі қонысқа өзінше ажар беріп тұр. Әр жерінен ұсақ дөңгелек шамдар жарқырап, осы күйінде төбенің аласарып қалғаны да байқалмайтындай. Бірі ақ бірі көк сырмен боялған, қырық жылғы ағаш есіктердің орнына салған қытайлық арзан есіктен олақ есікшінің қолы көрінеді, қиюласып жабылмайтын тұтқаларына шүберек байлап қойыпты. Пластик терезелерден еркін құйылған күн сәулесі үй ішін жап-жарық қылып, терезе жабынның алтын зерлі шашақтары жалт-жұлт етеді.
Саяның көзіне бөлмелер де кеңіп қалғандай көрінді. Көңілі көз үйренген сурет­тің орнын іздей ме… Мына бұрышта о заманғы демесең, міні құрымаған сары буфет тұрушы еді, сарайға жылжыпты. Беті лакталған шкаф та көзге түспейтін жерден орын тауыпты. Ал енді мына жерде… бірінің үстіне бірі мінгескен екі сандық тұратын. Әжесінің сандығы. Астындағысы бетіне жезден өрнек салып, шет­терін темірмен айқұш-ұйқыш қапсырып шыққан көне сандық еді. Көзімен іздеп көрді де, келе-сала сандық іздеп кеткені ерсі көрінер деп сыпайы қонақтың кейпіне еніп, басылып отырды.
Дәу қара сандық қораның бір бұры­шында қалыпты. Айналасында қыт-қыт­тап тауықтар жүр. Бұл ес білгенде ішінде атасынан қалған тұлып пен сәнді ер-тұрман жататын. Сая жақындап келіп бір шетіндегі алақандай тесікке үңіліп еді, іші жемге толы, тауықтардың сандықты айналшықтап жүргені содан екен. Есіне түсті, баяғыда оқушы кезінде бір келгенде үй ішін әктеп, жинастырып, бөлмеге үйлеспей тұрғандай көрінген сол ескі сандықты шығарып тастайық дегені бар Саяның. Сол кезде әжесі бұған жалт қараған.
– Ие деген, ол сандықта не шаруаң бар? Осы үйдің билігі саған қалған ба?
Осылай дегенде әжімді жүзіндегі от­ты, өткір көзінен қаймығып қалғаны есін­де.
– Мен өлгесін онсыз да шығарып тас­тайсыңдар ғой. Қазір шаруаларың болмасын!
Көзі кеткесін сандықтарына да орын табылмайтынын білген екен-ау әже­сі. Осы қара сандықта Саяның өзіне мә­лім бір сыр бар. Бірде сандық түбінен әл­дебір солдат­тың майданнан жазған хат­тарын тауып оқыған.
Дұғай сәлем жазамын сүйген жарға,
Сағынышым жүк болып ат пен нарға.
Жауды жеңіп, оралса туған жерге,
Ер жігіт­те, шіркін-ай, арман бар ма?.. – деп төгіліп кететін өлеңмен жазған сол хат­ты оқып, айран-асыр болған. Әжесінің танымайтын адамнан келген бұл хат­тарды сақтап жүргеніне өкпелеп қалғаны да бар. Саяның ескі хат­ты оқып қойғанын білген әжесі қат­ты ренжіген. Кейін ол хат­тар жоғалып кет­ті. Осыгүні ғой… әжесін күйеуі соғыста шейіт кеткен соң басқа адамға тұрмысқа шықса да, осы жылдар ішінде санасында сарытап болып бұғып қалған сағынышы мен сезімін аялап жүрді ме екен деген ойдан іші елжіреп кетеді.
Бірде күніге екі рет бір-бірінің ха­лін сұрап, шай ішіп жүретін үш-төрт кемпір моншаға түспек болды. Әжесін жуындырмаққа Сая бірге кірді. Он үшке енді шыққан қыз үшін кәрілердің әңгімесі қашанда қызық, әсіресе тарамыс қараторы әжей мен бары аузында жүретін салдырлаған ақкөңіл әженің әңгімесін тыңдауға құмар. Өз әжесі тұйық, кешкен ғұмыры, көрген бейнеті, татқан дәмі туралы о бір жылғыны айтып, кәрі жүйкесін босата бермейді кейде: «Қайдағыны қозғап, не айтып отырсың?» – деп ақкөңіл әжейді тыйып тастайтыны бар.
Төрт кемпір ақ будың астында пы­­сылдап, ыңқылдап, уһілеп жүріп, жуы­нып жат­ты.
– Біз байғұс ағаш болып кеуіп қал­ғалы қашан, бізге тіпті кір де жұқпайды-ау дейм,– деді тарамыс кемпір қы­­зыл иегін көрсете күліп. Монша іші шылп-шылп, легенді қолапайсыз ұстап, кейде құлатып алғаннан қаңғыр-күңгір. Бу арасында біреуі өкшесі тайып сүрініп кете жаздап, Сая ұстап қалды.
– Көп жаса, айналайын.
– Қой, ыстық екен, көп жүрмей шы­ғайық, кілең терісіне ілініп әрең жүргендер құлап қалармыз да Саяжанға бейнет болармыз, – деді бірі.
– Соны айтшы, өзімді өткен жұмада ғана келінім суға түсіріп, жуындырып алған. «Шеше-ау, қу сүйек болып қалыпсыз ғой», – деп… Бәлду-бәлду бәрі өтірік, біздің толықсыған керім келіншек болғанымызды көргендер де қалмады ғой, бәрі кет­ті, – деп мұңайған тарамыс әже. – Кейінгілерге шешемізден осы күйімізде туғандай көрінеміз ғой. Мына қызым таңғалып қарайды, біз де сендей қыз болғанбыз, қарағым, – деді қолтоқпақтай қара кемпір бұған пейілденіп қарап. Сол кезде ақ будың арасында тұрса да кәрі адамның бетіндегі әжімдері таралып, бұрынғыдан жасарып, жанарына нұр үйірілгендей көрінді Саяға. – Сендердің замандарың жақсы, біз ғой ерте есейдік, күйеулерімізді соғысқа жіберіп… ерте қартайдық. Әйтпесе, біз де кезінде жап-жас, әдемі болғанбыз.
Сая бұл әжелердің әжім жапқан жүз­дерін, жастай колхоз жұмысының ауыр бейнетіне жегілгеннен қарайып, майысып кеткен саусақтарын, суық өткеннен тізесі ұстамай әрең басылатын шидей аяқтарын күнде көріп, сирек ауыстыратын көйлектеріне, сол көйлектерден шығып тұратын күн мен тер, ащы құрт араласқан иісіне де үйренген. Енді оларды киімсіз көріп тұр. Ағарып кеткен сирек шаштар, кедір-бұдыр омыртқаға тарам-тарам шашылып, башпайлары мен өкшелері кәрі ағаштың тамырлары сияқты бұратылып, саусақтары жер түстеніп кеткенімен, кәрі кісілердің денелерін күн шалмаған. Бұның алдында тұрғаны – бір кездері сұлу болып, сымбатымен көз арбаған әйел денелерінен қалғаны. Осы қисық-қисық сүйектер мен әбден босап, салбырап, шалбарланған теріден бір кездегі жастық пен сұлулықты қалай аңдауға болады? Осы сәт­те «Қартайғанда мен де осындай олпы-солпы, мыж-тыж болам ба?» деген ойдан Саяның арқасы мұздап кеткені есінде. Жоқ, ол қартаймайды. Мүмкін, қартаятын шығар, бірақ кейін… жүз жылдан соң, бәлкім…
– Мен де қараторының әдемісі бол­ғам. Шалым: «Қыпша беліңе қызықтым ғой», – дейтін, ах-ха-ха. Сөйтіп, қойдың алдынан шыққан кезімде ен далада көршісінің атына салып, алып қашты ғой, ой, жалған-ай, ол дәурен де өт­ті де кет­ті…
– Бізді қойшы, мына кісі тіпті керім сұлу болып еді, жанары жарқыраған, шашы қандай еді, бұрымы тоқпақтай, ақ күмістен соқтырған сырғасы жарасып, ой дүние-ай… – деп ақкөңіл кемпір Сая­ның әжесін иегімен нұсқаған. – Баяғы керім шебер зергердің қолынан шыққан сол сырғаң бар ма, жеңеше?
Жас кезінде алтын-күміс тағынып кербезденгені шамалы, қазір де қызақайлығы жоқ Саяның әжесі:
– Тұрған шығар бір жерде… – деген немқұрайды.
– Қой, қара сандығыңда жатқан шығар. Ол сандықта не жоқ дейсің?
– Иә, жеңешеңнің қара сандығынан орыстың басынан басқаның бәрі табылар. Кезінде сол қара сандыққа жинап сақтаған тамақ осы ауылдағы талай адамға әл бергенін, сол қара сандықтан шыққан көйлек-көншектің талай жетімді жылытқанын көрдік қой, – деп қызыл шырайлы жастауы от­тың астын қарап келіп бір әңгіменің ұшын шығарды: – Ол кездегі сандықтар да бөлек қой, құрт-құмырсқа кірмеу үшін су құйып көреді дейді, рас-өтірігін білмедім.
– Қара талдың сүрегінен жасаған кәдімгі сандық емес пе?
– Е, білмеймін, әйтеуір, тамақ салсаң – бұзылмайтын, киім салсаң – міні құрымайтын бір керімі бар еді, – айтпақшы, апа-ау, баяғыда Әбен деген оқымыстыны ескі мешіт­тің кітаптарын оқып жүр деп қудалаған кезде сол сандыққа жасырып, қашырып жіберді деген не әңгіме осы? Сонда осы қара сандыққа жасырыпты дейді, ауа кіріп тұратын жері болды ма өзінің?
– Иә, бұл апамдар талай адамға жақ­сылық жасады ғой. Сол оқиғаны Жақай қарт айтып отыратын. Менің де естігенім, әйтпесе бұл кісілер сыр ашпайды ғой… уфф, жүрегім қысылып кет­ті, – деп тарамыс кейуана ауыз бөлмеге бет­теді. Қызыл шырайлысы қайтадан:
– Ие, рас, сол Әбен кейін балалы-шағалы болып, қызметке де тұ­рып­ты. Сөйтіп, бір азамат­тың басын нақақ жаладан сот­талып кетуден сақтап қалған қара сандық ол, – деп әңгімені қыздыра бергенде әжесі килігіп:
– Әй, қызыл келіншек, сенің де есіңе алмайтының жоқ. Баяғы өткенді қозғап қайтесің, өт­ті ғой небір қыспақ заман, енді келмей-ақ қойсын! Одан да келіп арқамды ыс, мына бала қат­ты ысып жүрер, сен ыңғайын білесің ғой, – деп оның сөзін үзіп жіберген. Сол күні он үштегі қыз моншадан есейіп шыққандай болды. Балалығы ма, әлде бейқамдығы ма, әжесінен оңашада қара сандық туралы сұрау Саяның ойынан шығып кетіпті.
Сандықтың екіншісін мақы­ра-мүкәммал тұратын ескі шоланнан көр­ді. Төртбұрышты мыс жапсырмалар салынып, орта тұсын қатырма өрнекпен бедерлеген сандық қараңғы бұрышта тұр екен, құлпы жоқ, ашық. Ескі-құсқы киім бе, көліктің темірі ме, бірдеңелер үйіліп көрінеді. Жасалғанына жүз жыл асқан сандық әлі қызмет етіп тұр.
Әжесі осы сандықты қалай жақсы көруші еді. Есікті ішінен іліп алып, түн демей, таң демей, сандықтың ішіндегісін шықыр-шықыр еткізіп, құдайдың құт­ты күні ақтарып жатушы еді. Кейде ол шықыр біразға дейін үзіліп қалатын, шамасы, сандықтан әлдебір затын шығарып алып, үнсіз тамашалап, ұзақ отыратын болу керек. Сол кезде Сая мына жақта жатып алып, «үлкен кісі сандықтан не іздейді екен, оның ішінде соншама не бар?» деп ойланатын, өйткені әжесінің сауысқан сияқты жылтырағанды іліп алып, сандыққа сала беретін мінезі жоғын білетін. «Сонда не іздейді екен сандықтан?» Бұрынғыдай зіл-батпан көрінбейтін сандықтың темір құлақтарын ұстап аз-кем бөгелді. Сүрдің иісі мен ескі-құсқының иісі шығатын шолан іші сәуірдің сызы тарап үлгермегеннен әлі салқын болса да, тоңа қоймады. Әлдеқайдан ескен майса самалдай төңіректеген естелігі жанын жылытқан.
Тоқсаныншы жылдары бұл ауылда бәрі қат болатын. Жалғыз дүкен жабылып, жұрт азықты коммерсант­тардан алатын. Онда да бала сүйетін тәт­ті-құт­тыға ақша ауысса де, әйтпесе, рожки мен шай-шекерден тарықпаса, ол да – олжа болған кездер. Кейде әжесі сандығын ашып, бала-шағаны жарылқайтын. Осы жолы да жаулығының астындағы селдір ақшулан бұрымының ұшына байланған кілтшені құлыпқа салып, сырт еткізіп ашқан сәт­те нафталиннің иісі мұрынды жарып жібере жаздады. Алдымен қызыл қоңыр мақпал, жасыл барқыт, гүлді жібек дейсің бе, құшақ матаны бір шетке үйді. Сая осы үйілген матаның арасындағы тым шымқай түсін көз жатырқайтын жасыл плащ пен сұр пальтоны ешкімнің үстінен көрмеген. Этикеткасы түгел болғанына қарамастан, алпысыншы, әлде жетпісінші жылдардың сәні болса да, Құдай біледі… Әжесінің сандық ашқан сайын бір бума ақ матаны алақанымен сипап өтетін әдеті. Бұнысы – «кебінім ғой» деп әспет­теп, арасына қалампыр салып жинап қойған кәдімгі ағзон мата. Келіні мен қыздарын шақырып алып: «Ертең мен өлгенде ішіме кіретін жеті адамға үлестіретіндерің», – деп тәптіштей беретін таза маталар мен «Қарама, үшіме пайдаланып, жеті күндігімді бергенде қазан басындағы келіншектерге үлестіресіңдер», – деп жинап қойған пілдің суреті бар шайлар мен ақ орамалдар бір шет­тен көзге шалынды.
Әжесінің бойы шағын. Екі қатар сандықтан қолына алдымен пешеней ілінді. Қашаннан тұрғаны белгісіз кәбірешке жұп-жұмсақ болып үгіліп тұр. Аузына салып еді… біртүрлі сабынның дәмі шығады. Сая пешенейді жұта алмады. Мұны жеген адамның аузы көпіретіндей. Мұнысы несі? Әжесімен жағаласып бұл да сандықтың ішіне еміне түседі.
–Қайда барасың, ей, бала, қақпағы жабылып қалып мойның үзілер.
Сол бойда мойнын тартып алғанымен көзі шалып үлгерді, пешеней тұрған жерде дөңгелек сабын жатыр екен. Әжесі оны «енди» сабын дейді. Сол заманда қолға түсе бермейтін сабынның төресі. Әжесі әуп деп сандық түбіне ұмтылып, бір дорба толы жаңғақ алып шықты. «Алақай!»… Ауыл баласы үшін жаңғақ шаққаннан асқан мереке болушы ма еді! Немересі бар, жиені бар, төрт-бесеуі, ал кеп үймеле! Жаңғақты ортаға алып, бір-біріне ұрғылап, қат­ты қысып, пышақпен әурелеп ашып жатыр, ашып жатыр. Шырт-шырт. Шырт-шырт. Анау­сын ашса да – бос қауақ, мынаусын ашса да – іші қарайып кеткен, бос. Қайран әжесі осыдан екі жыл бұрын бір қонақтың әкелген сәлем-сауқатын бала-шағаға кейін бір берермін деп сандыққа салып, сол күйі ұмыт қалса керек. Әйтпесе, оңашада жаңғақ шағып, кәрі етіме қуат болсын дейтін адам емес, оны шағатын тісі де жоқ қой. Еріп, езіліп, бір-біріне жабысқан кәмпит­терді де балалар ақыры жемеді, сабын дәмі шығып тұрғандықтан, пешеней де желінбеді, ішінен бір дәнегі шықпаған жаңғақтың қабығы ол жатыр шашылып. Қалайда немерелерді қуантайын деген кемпір үһілеп қойып, сандықты ақтарып-ақтарып, екі консерві томат шырыны мен бір банка абрикос компотын алып шықты. Компот­тың суы мөлдіреп тұр екен. Балалардың көздері шырадай жанып, даурығып, олжаларын ортаға алысты. Әжесі ақтарған кезде шығып қалған кестеленген ақ сүлгілерін, сәбет заманында дүкеннен алған аппақ жамылғы, ешуақыт­та ұсталмаған сүт құятын су жаңа бидонды қайтадан орнына салып, қолына «енди» шайын ұстаған күйі тысқа бет­теді.
«Енди шай» – әжесінің «көңілашары». Баяғыда үнді шай таптырмайтын кезде де Саяның атасы Оралға барып, айдаладағы танымайтын орысқа ақшасын беріп күтеді екен, сол заманның адамдары да бөлек пе, әлгі орыстар екі күн өткенде елу грамдық кірпіш шайдың поштаның сары қағазына ораған бес келілігін әкеліп беретін көрінеді. Осы әңгімені айтқан сайын әжесі «енди шайдың» дәмі таңдайына жағып, тамсана түседі.
Әжесі түске таман аман-саулық сұ­рау­ға кіретін дос кемпірлердің алдына жаңа тартқан қаймақ, екі түрлі талқан қояды. Кейде Сая талқанның біреуін дастарханға әкелмей қалатын кезде әжесі бірден байқайды.
– Екеуі де талқан емес пе, бір түрін қойса жетпей ме?
– Баламысың деген, – әжесі басын шайқайды, – бірі тарының талқаны, бірі бидайдың талқаны емес пе?
Қайнатқан құрт та екітүрлі, бірі – тұз­ды, сұйықтау құрт, сорпаға тәуір дейді, бірі – қант салып сап-сары қылып қайнатқан тәт­ті құрт. Шайтабақтың көлеміндей дөңгелек сарысекердің қа­сында арнайы қысқышы жатады. Мұның бәрі шайға келетін кемпірлер үшін, әйтпесе әжесінің шайға тәт­ті салғанын көрген емес. Бұл көргелі тұз салып ішеді. Базары тарқаған шағында көрген жалғыз рахаты осы секілденіп, үлкен кеседегі қою шайды қабағы жазылып, маңдайы жіпсіп, былайғы уақыт­та сұсты жүзі жұмсарып отырып сораптар еді. Шоқсамаурын әндетіп тұрады. Тасқұман да шоқтан түспейді. Шоқтың иісі мен әжесі тасқұманға салған 2-3 түйір қалампырдың иісі мұрынға қатар келетін. Сүт­тің қою қаймағын салып, қызылкүрең түсін келтіріп, кесенің ортасына жеткізбей құймасаң, бәлеге қаласың. Бабын келтірер келіні болмай қалғанда, Саяның шүпілдетіп құйып берген шайын ішпей, ұрсып қайырғаны бар. Осының бәрін көргеннен бе, Саяға шай құю да, шай ішу де шарт­ты ережелерден тұратын, асықпай жасалуға тиіс салт-жора сияқты көрінетіні бар. Әжесінің шай ішкені де ерекше. Дәмін келтіреді деп шайға тары салып (өзінің келдекке барып жинап әкелген, аптап ыстықтың астында қазандыққа қуырып, түйіп, ақтап, әбден еңбегі сіңген тарысы), тұмауға жақсы деп пияз турап, нан қиқымын қоса салған кезде әжесінің шайы жуындыға ұқсап көрінеді. Онсыз да азғантай шай мүлде азайып, бір жұтқаннан қалмайды.
Кемпірлер көбіне бестің шайына келеді. Тура бір уағдаласқандай немесе бәрі бір үйде тұратындай, есіктен бір мезгілде бірге кіретіндері қызық. Сая олардың есік алдында жататын кәлөштеріне дейін таниды. Бірі шүйкесін шығарып, бірі ұршығын ыңғайлап, құнжыңдасып, Саяның әжесі өрнек салып, әдемілеп тіккен құрақ көрпеге отырады. «Апамның қарынға сақтаған майына жететіні жоқ», – деп жаңа піскен таба нанға сары майды жағып жатып, қызыл шырайлысы жайраңдай күліп, естіген жаңалығын ортаға салады.
– Көршісінің қызына Қособадан құда түседі дей ме?..
– Бағы ашылсын, қыз кетсе қуанам, – дейді әжесі қашанғы әдетімен.
– Мәкөштің былтыр қысыр қалған сиыры бұзаулапты.
– Бала-шағасының аузы аққа жариды екен, тәуір бопты…
– Ана көшенің басында үлкен мәшине тұр, шамасы, мал алатындар-ау…
– Е-е, қайбір қарық қылады дейсің, үш жыл баққан малды су тегінге сұрайды, одан өзің бірдеңе қылып қалаға апарған жақсы, – мұны айтқан қараторы әжей өткен жолы сатқан сиырының ақшасы дым болмай қалғанын айтып кет­ті.
Әңгіме қызған сайын мойындар қызара терлеп, орамалдар самай жаққа жиі барғыштап, шай ішіле түседі. Шай ішілген сайын күлкі молайып, арасында «ойпырым-ай!», «не дейді, көтек!», «пой-пой, шіркін деші!» деген сөздер жиі естіліп, әңгімеге жан кіре түседі. Әжесі кейде бұл естімеген жаңа мақал айтып, айтқан сайын: «Бұрынғының сөзінің бір қатасы жоқ», – деп таңдайын қағады. Тізе қақсағанда, бел шойырылып, самай шаншығанда қалай емделетінін ортаға салып, кімнің үйінде борсықтың майы бар екені де жария болады. Осы кезде тарамыс әжей жігіт болған немересінің жөтелі басылмай, түнімен күркілдеп шыққанын уайым етіп, оған қалғаны жарыса ем-домын айтады.
– Суық жабысқан ғой бір жерден, жастар терлеп отырып желге шығып, қаладелніктен мұздай су ішеді емес пе?.. Жел-құздан арылуға қара қойдың терісі мың да бір ем.
– Кеше қызыл мияның тамырын қайнатып бердім, көршім: «Тауықтың өті өкпеге ем», – дейді.
– Тауықтан бұрын, сасық қурайдың тамырын қойдың сорпасына салып ішкізсейші, жөтелі сап басылмаса, маған кел. Тұсақ қойдың сүті де – ем. Күшала бар ма еді үйіңде, болмаса, менен алар­сың, сүтке ашытып ішкізсе, керім болады.
Екі сағат шай ішіп, бір кезде мал-жан естеріне түскен кемпірлер бірінен соң бірі түрегеледі. Кетерде екі үй әрі тұратын ақкөңіл әжей майдың суын қосқан бидай көжеден ашытқы сұрап алып бара жатады.
Ауладағы орындыққа тізе бүкті. Әже­сі баяғыда осы жерге киіз төсеп, арқасын шуаққа сипатып қойып, ұршық иіріп отыратын. Арасында күбірлеп қояды. Балалықпен әуес қылып, осы кісі не айтады екен деп құлақ түргенде тіссіз кемиектен: «Шебер құдай, бергеніңе шүкір», – дегенді естиді. Отырса да – шүкір, тұрса да – шүкір. Шайға келген кемпірлердің естелігін қанша тыңдаса да олар кешкен тірліктің балдәурен қызығы мен қызылды-жасылды шағы қандай болғанын елестете алмайды, бірақ бейнеті көп болғаны анық. Суықтау, тұйықтау әжесі онысын айта бермесе де, баяғы күндер бұл кісінің де тағдырын қақпақыл еткенге ұқсайды. Енді, ұл-қызы жетілді, заман тыныш, ал­дын­да наны бар, әжесінің ескі ай күн өткен сайын жұқарып, дөп-дөңгелек болып жаңасы туған сайын: «Құдай шебер», – деп бетін сипайтыны содан.
Көңілінің кірін айтып отырмайтын, көзінің жасын да көрсетпейтін қатал адам матаның қалдығын жинап құрақ көрпе тігетін, жыртылған нәрсені жамап қоюға асығып, үнемшілдігі сондай, сабынның қалдығын да бұлар сияқты лақтырып тастамайтын. «Алқындыны тастамаңдар, бәңкіге су құйып салып қойсаң, езіліп, керім болып тұрады! Жүн жууға таптырмайды», – дейтін ол ақ қойдың жүнін бір бөлек алып, күншуақта асықпай жуып отырар еді. Кейде бұлар нан қиқымын тастаған адаммен араз болып: «Қатқан нанды сорпаға салып же», – деп бала-шағаға жағалай үлестіріп беретін, бұлар жемей қойса өкпелеп, шайына салып жібітіп жейтін кемпірге ысырапшылдықты сөгіп тастайтын қаталдығы үшін ауыздарын томпайтып жүретін. Кейін ғой… Ақ патша тақтан ауған тұста дүниеге келіп, ақтар ауылдарды шауып, қызылдар ақтарды қуып жүрген кезде ес жиып, бала шағында аштықты көрген, буыны бекімей жатып колхозда масақ терген, жас кезінде майдан үшін деп бел жазбаған, соғыстан кейінгі жүдеу жылдарда бала-шағасы аш қалмасын деп тыным көрмеген қарияның әр зат­ты мұқият ұстап, әрнәрсенің қадірін білетінін түсінгені… «Ой, дүние-ай!» – деді Сая ішінен тап әжесінің өзі құсап. Енді әжесі де, оның құрбылары да жоқ, қара сандық та бір бұрышта қалды…

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір