Экология және сандық технология

Экология, яғни қоршаған ортаны қорғау жаһандық өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан білім беру жүйесінде экологиялық сандық технологиялық мәдениетті қалыптастыру болашақ үшін маңызды. Қазіргі таңда кітапханалар қосымша білім беру орталығы ретінде экологиялық білім беру мен қоршаған ортаны қорғау саласында маңызды рөл атқара алады.
Өскемен Қазақстанның шығысындағы ірі өнеркәсіптік қала және оның экологиялық жағдайы айтарлықтай күрделі. Қаланың экологиялық мәселелері, негізінен, ауыр өнеркәсіптің әсерінен туындайды. Бұл мәселелерді шешу үшін кешенді шаралар қажет. Осыған орай қаламызда бірнеше бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өскемен қаласындағы Оралхан Бөкей атындағы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мемлекеттік мекемесіндегі экологиялық білім беру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстары оқушылардың, студенттердің, қала тұрғындарының экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Кітапханада оқу орындарында алған экологиялық білімдерін одан әрі тереңдетуге, ақпараттық қызмет көрсетуден бастап, жаңа технология, оның ішінде, бүгінгі заман талабына сай жасанды интеллектпен жұмыс жасауға дейін үйретіледі.
2022 жылдан бастап кітапхана «Жасыл үй эко-орталығы» жобасы аясында жұмыс атқаруда. Жобаға жастар арасынан еріктілер тартылған. Жұмыс бағыттары экология тақырыбына арналған кітап көрмелері, ақпараттық бұрыштармен ғана шектелмей оқушылар, студенттер, қала тұрғындары үшін жоспарлы түрде өздерін қызықтыратын тақырыптарда эко-дәрістер, семинарлар жүргізіп тұрады.
Оқырмандарын кітап оқуға тартуда көркем әдебиеттер ғана емес, ғылыми әдебиеттерді пайдаланып, жоба аясында жаңа технологиямен жүргізілетін жұмыстың пайдалы әсері жоғары. Солардың бірі шығармашылық жұмыстарды айтуға болады.
«Мен зерттеушімін» айдарымен сандық эко-зертхана жұмыс істейді. Онда жергілікті жердегі топырақтың, судың, ауаның құрамын анықтап, зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл, әрине, оқушылар мен студенттердің ғылыми-шығармашылық зерттеу жұмыстарымен айналысуына мүмкіндік туғызады. Тағы да бір зерттеу жұмысы гидропоника әдісімен топырақсыз суда көкөністер мен өсімдіктер өсіру жұмысы жолға қойылған.
Шығыс Қазақстан – далалы, шөлейт, таулы-орманды болып келетін табиғаты жағынан Еуразияның сирек кездесер бірегей аймағы. Осыған орай, жануарлар мен өсімдіктер әлемі де алуан түрлі. Қазіргі таңда жойылып бара жатқан, жойылуға жақын тұрған түрлер жылдан-жылға артуда. Осыған орай, кітапхана қызметкерлері Қазақстанда аналогі жоқ Шығыс Қазақстанның Қызыл кітабының электронды сандық нұсқасын жасап шығарды. Онда түр туралы ақпараттан басқа толық мәлімет алу үшін аудио-бейне жазбалар да берілген. Дәстүрлі Қызыл кітаптан электронды сандық нұсқасының ерекшелігі тек қала тұрғындары ғана емес, алыс аудан, ауылдағы мұғалімдер, оқушылар мен осы саланы қызықтыратын оқырмандар үшін де қол жетімділігінде.
Кітапхана әртүрлі санатта мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап, ересектерге дейін қызмет етеді, жұмыс түрлері де жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылған. Жас оқырмандар үшін заманауи технологиялардың бірі «Эко-град» мультстудиясы жұмыс істейді. Мультстудияда әртүрлі экологиялық мазмұнда мультфильмдерді өздері жасауға мүмкіндік жасалған. Кітаптарды оқи отырып, сценарийлерін өздері жасайды, өздері актер болады, өздері дыбыстайды, осының бәрі ізденіспен, шығармашылықпен жұмыс істеуіне олардың жан-жақты дамуына әкелері сөзсіз.
Жаңа технологиялардың бірі – 3D принтер мен VR көзілдірік. Бұл – бағдарлама құрып үйренудің тиімді жолы. Алдын ала компьютерде бағдарлама жасап алып өз қиялдарымен құс ұяларын, гүл құмыралары мен қиялындағы кітап кейіпкерлерін жасап шығады. Вертуальды түрде әлемді танып- білуде VR көзілдіріктің рөлі ерекше.
2022 жылы «Жасыл үй эко-жобасы» халықаралық «Эифл» қорының сыйақысын жеңіп алды.
Осындай Оралхан Бөкей атындағы кітапхананың бастамалары арқылы экологиялық сананы қалыптастырып, қоғамның, жас ұрпақтың табиғатты аялауына ықпал ете алады. Жұмыстарына сәттілік тілейік!
Тоқтар Мағзұмов,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері, жазушы
Өскемен қаласы