«МЕНІҢ ХАЛҚЫМ МЕНЕН ДЕ БИІК»
03.04.2023
4752
0

XX ғасырда қазақ халқының мәртебесін биіктеткен, ұлттық рухын асқақтатқан, ғылымның құзар шыңына айналған дара тұлға, ерекше дарын Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болғаны исі қазаққа, бүкіл әлемге әбден айқын. Қ.И.Сәтбаев Томск технология институтында оқып, тау-кен инженер-геолог мамандығын игеріп, өзінің туған еліне оралып, өлкеміздің геологиясын, минералдық ресурстарын зерттеуге және барлауға, ғылыми ізденістерінің нәтижелерін өндіріске енгізуге, республикамызда индустрия алыптарын салуға аса зор үлес қосты.

Металлогения ғылымының көшбасшысы

 Ол КСРО-дағы металлогения ғылы­мын жасаушылардың көшбасшысы болды. Осы уақытқа дейінгі кен барлау ісі көбінесе соқыр тәуекелге негізделген еді. Мәселен, бір ғана кен көзін ашу үшін жүздеген жерді бұрғылау қажет еді. Металлогения ғылымы Қ.И.Сәтбаев бастаған геолог-ғалымдардың зерттеулерінің арқасында пайдалы қазбалардың қай жерде шоғырлануы мүмкін екенін болжауға және геологтардың іздестіру жұмыстарын жеңілдететін болжамдық карталарды құрастыруға мүмкіндік берді. Бұл іске мемлекет те аса мүдделі еді. Сол кезде Орталық Қазақстанда ашылған 358 кен көзінің оннан тоғызы, яғни 331 кен Сәтбаев ұсынған карта бойынша табылыпты. Қысқасы, Қаныш Имантайұлының көп жылғы еңбегінің қорытындысы саналатын ғылыми нәтиже 1958 жылы академиктің атын әлемге бір-ақ шығарып еді. Осы төтенше еңбегі сол жылы-ақ Лениндік сыйлықпен атап өтілген болатын.
Академик Қ.И.Сәтбаевтың басшы­лығымен геологиядағы металлогения жаңа ғылым саласының өмірге келуіне байланысты осы істі атқарған ғалымдар тобының мүшелері Қазақ тау-кен металлургия институтының (осы күнгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) екі ғалым ұстазы И.И.Бок және Г.Ц.Медоев Лениндік сыйлыққа ие болды. Айтулы геолог-ұстаздар С.П.Анкинович пен Е.А.Анкинович КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Сондай-ақ жалғыз Жезқазған өңірі ғана емес, республикадағы көптеген кен ошақтарының ашылуы және пайдаға асырылуы – Қаныш Сәтбаев есімімен байланысты. Сонау 1940 жылы өзі аса көрегендікпен: «Шығыста – Алтай алқабы, оңтүстікте – Қаратау, Орталық Қазақстанның кенді жотасы, батыста – Маңғыстау түбегі, міне, осының бәрі кен байлықтың сарқылмас көздері» деп атап өткен өңірлерде Қанекеңнің атқарған ісінің іздері бүгінде сайрап жатыр деуге болады. 

Өткен ғасырдың 30-шы жылдарының басында Кеңестер Одағы елді индустрияландыру бағдарламасын қарқынды түрде іске асыруға құлшына кіріскені баршамызға тарихтан мәлім. Әсіресе құпиясын ішке бүгіп жатқан қазақ жерінің кен қойнауын игеру, алып өнеркәсіп орындарының құрылысын бастау аса маңызды іс болатын. Осыған орай инженер-техник мамандарды дайындау мәселесі қызу қолға алынып, Алматы қаласында құрамында тау-кен және түсті металдар факультеті бар Қазақ тау-кен металлургия институты ашылып, 1934 жылдың күзінен алғашқы студенттер қабылданып, бірінші оқу жылы басталды. Ауыр индустрияда үш сала бар: гео­логия, тау-кен өндірісі, металлургия. Геологтар кен орындарын іздеп тапса, оны игеру тау-кен мамандарының ісі. Әрі қарай қазылып алған кеннің құрамындағы қаншама элементтерді бөліп алу металлургиялық зауыттарда жүргізіледі. Кешегі Қазақ тау-кен металлургия институтының, бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың (Сәтбаев университетінің) іргетасы, өзегі осы үш сала бойынша маман кадр­лар дайындау болатын. Олай болса Қ.И.Сәтбаевтың Қазақстандағы осы тұңғыш инженер кадрларын дайындайтын жоғары оқу орнына құрылған күннен бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін ерекше назар аударып, ыстық ықылас көрсетіп, бар ынта-жігерімен қамқорлық жасағаны өзінен өзі түсінікті болмақ. Иә, ұлы ғалымның тигізген шарапаты аса мол болды. Ол 1937 жылдан бастап үнемі геология мамандықтары бойынша бітіретін түлектердің мемлекеттік емтихан комиссиясына төраға болды. Ғылыми ізденістерге бағыт сілтеді, ғылыми кадр­лар дайындауға басшылық жасады. Өзінің Ө.Байқоңыров, М.Бәкенов, С.Жаппарханов сияқты аса дарынды шәкірттерін институтқа ұстаздық қызметке жіберіп отырды. Тек институтты он жылдан астам басқарып, оқу орнының осы күнгі қалашығын өзі тікелей басқарып салдырған, көптеген заман талабына сай жаңа мамандықтар ашып, жаңа зертханаларды іске қосқан, оқу орнының Қазақ политехникалық институт болып қайта құрылуын жүзеге асырған, ұлттық инженер кадрларын даярлаудың арнасын ашқан Қанекеңнің сүйікті шәкірті, осы оқу орнының алғашқы түлегінің бірі академик Өмірхан Байқоңыровтың еңбегін атасақ та жеткілікті. Немесе, институттың түлегі, Қазақстан Ғылым академиясының алғашқы құрылтайшысының бірі, Ұлы ұстаз әл-Фарабиді отанына қайтарған, геомеханика ғылымының негізін қалаған Ақжан Машаниді еске алайықшы.
Қазақстан Республикасы үкіметінің 1999 жылғы 22 қыркүйегіндегі қау­лысымен біздің Қазақ Ұлттық техникалық университетіне (Қазақ политехникалық институты 1994 жылдан бері осындай атауға, мәртебеге ие болған) Қ.И.Сәтбаевтың есімі берілді.
Сөйтіп Қазақ елін бүкіл әлемге танытқан ұлы ғалым, ұлттық мақтанышымыз Қ.И.Сәтбаевтың есіміне ие болу – біздің ұжым үшін аса зор мәртебе деп білеміз және ерекше қадір тұтамыз. Сонымен бірге Қ.И.Сәтбаевтың есіміне ие болғанымыз біздің оқу орнының студенттеріне, түлектеріне, ұстаздарына үлкен жауапкершілік жүктейтінін терең сезінеміз.

«Алгебра», «Едіге батыр» және 25 ән

Қ.И.Сәтбаев – аса көрнекті ғалым-гео­лог қана емес, өз заманының жарық жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері және өте шебер ұйымдастыру қабілетінің арқасында Қазақстанда ғылымның барлық саласының және индустриалдық дамудың көшбасшысы болып, кемеңгер ғалым атанды.
Астанадағы Қаныш Сәтбаев ескерткішінің айналасына «Ұлылар сөзі» атты гранит сынтастар композициясы қойы­лыпты. Сонда Мұхтар Әуезовтың мынадай сөзі жазылған екен: «Қаныштың бір үлкен ерекшелігі – ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, тарихшымен де, филологпен де өздерінің ғылыми тілдерінде сөйлесе біледі. Жан-жақты ғалым, тынымсыз ізденгіш Қаныш – ғалымдар үшін нағыз ұстаз, барлық жағынан үлгі-өнеге».
Қ.И.Сәтбаев Қазақ ССР Ғылым академиясының іргетасын қалаушы, әрі тұңғыш Президенті, геология, минералогия ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының лауреаты атанды. Төрт мәрте Ленин орденімен, Ұлы Отан Соғысы орденімен, басқа да отандық және шетелдік сыйлықтармен марапатталған ғұлама ғалым еді.
1957 жылы сол кездегі КСРО-ның басшылары Н.С.Хрущев пен Н.А.Булганиннің Англияға сапары барысында, сол елдің Премьер-министрі Антони Иден академик Қаныш Сәтбаевты ерекше ауызға алып: «Ондай әлемге танылған тұлға біздің елде өте сирек» – депті. (Бұл туралы біздің академия­ның іс басқарушысы Г.Ц.Нечитайло өз естелігінде жазып кеткен).
«Болмысы сүттен таза,
нұрдан жарық,
Бақытты Сәтбаевты туған халық
Атасы сол деп қазақ ғылымының
Айтады сұрасаң да кімнен барып» –
деген өлең жолдары да Астанадағы Сәтбаев ескерткішінің айналасына қойылған гранит сынтасында өте орынды «кестеленген».
Қ.И.Сәтбаев жоғарыда атап өткеніміздей, республикамыздың Ғылым академиясының іргесін қалаушы, ұйымдастырушы, тұңғыш Президенті бола отырып, еліміз үшін аса маңызды ғылым салаларының қаз тұруына, өсіп өркендеп, қанат жаюына үлкен күш-жігерін жұмсап, айтулы нәтижелерге қол жеткізгенін, осыған орай ғылымның әр саласы бойынша аса дарынды ізденімпаз жастарды қанатының астына алып, оларға жол ашып, қамқорлық жасағанын баршамыз жақсы білеміз. Әсіресе, Қаныш Имантайұлының ұлтжандылығын, өз халқының тарихын, дәстүрін, мәдениеті мен әдебиетін, тілін, дінін, ұлттық өнерін терең білгенін, ерекше қастерлегенін мақтанышпен ауызға аламыз. Мәселен, сонау Томскіде институтта оқып жүргенде-ақ қазақ тіліндегі «Алгебра» оқулығын жазып, бастырып шығарған еді.
1927 жылы «Едіге батыр» дастанына алғысөз жазып, жариялағаны мәлім. Ал қазақтың мың әнін жинастырған әйгілі этнограф-музыкант, ғалым А.Затаевичке қазақтың 25 әнін өз орындауында жаздырғаны ғажап қой! Домбыраны тамаша шертіп, әдемі дауысымен «Бүркітбай» және «Кәмила» әндерін жиі айтып отыратынын замандастары тамсана еске алатын. Әсіресе «Кәмиланы» айтқанда Қанекең бүкіл жан сезімін, көңіл толқынын, шынайы ғашықтықтың, махаббаттың құдіретін осы ән арқылы өрнектеп көрсететін еді. «Кәмилаға» байланысты әңгіме өз алдына. Ұлттық рухы асқақ адамның арманы биік, көңілі көркем, ойы терең болатынында еш дау жоқ қой!
Қ.И.Сәтбаев туралы, оның өмір жолы, ғылымдағы күрескерліктері мен жетістіктері туралы көптеген ғалымдар, жазушылар естеліктер, зерттеу мақалалар, көркем шығармалар жазғанын жақсы білеміз.
Белгілі ақын Ханбибі Есенқарақызы «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялаған «СМС-хат» деген мақаласында (№8, 3 наурыз 2023 жыл) Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтың: «Мен туралы он жеті кітап шықты. Бәрі де менің жан дүниемді, жылап-күлгенімді, мұңайып, қуанғанымды ішіме түсіп жырлаған бірде-бір кітап шыққан жоқ» – деген сөзін еске алады. Өкінішке қарай, Қанекең туралы жазылған еңбектер туралы айтқанда да осындай біртектес, бір сыдырғы мақтауға толы еңбектер көз сүріндіреді. Бұл ретте біздің политехтың металлургия факультетінің түлегі, көрнекті жазушы Медеу Сәрсекенің атқарған ұшан теңіз еңбегін ілтипатпен атаймыз. Бүкіл шығармашылық өмірін Қанекеңе арнады десек болады. Кезінде Мәскеуден «ЖЗЛ» сериясынан Қаныш Сәтбаев туралы кітап шығарған да осы ағамыз. Сондай-ақ, Ш.Шокин, Ә.Марғұлан, Қ.Исабаев т.б. көптеген Қанекеңнің үзеңгілес замандастарының естеліктерін айтуға болады.
Классик жазушы Қабдеш Жұмаділовтің «Академиктің көз жасы» деп аталатын хикаятын Қанекеңнің адами, азаматтық болмысына, ішкі жан-дүние­сіне үңілген сәтті шығарма есебінде ерекше атаған жөн.
Сөйте тұра, мен осы мақаламда Қанекеңнің өмірінің өте күрделі, қайшылыққа, жан күйзелісіне толы болғанына назар аударғым келеді. Сол кездегі саяси жүйе, қоғамдық аума-төкпелер тудырған сан алуан кедергілер, іштен шалған, етектен тартқан әрекеттер, қазақ қауымын уландыра бастаған бодандық сана, жағымпаздық, іштарлық, пендешілік дүниелер Қанышты әуре сарсаңға әбден салғаны рас болатын. Осының бәрін жеңіп шығуға оған күш берген, қуат берген ерекше қасиет, құдіретті күш, ұлтына деген сүйіспеншілік, ұлт­тық рухты асқақтатуға деген ұмтылыс, қайраткерлік еді.

Сәтбаев отбасы: аштық, түрме, азаптау…

Жұртқа сыйлы, елге құрметті Сәтбай қажының баласы Имантай би құдай қосқан ұзақ жыл бойы бала көтермеген жары Нұрым ханымның ұсынысымен 45 жасқа келгенде күйеуінен жастай жесір қалған атақты Шорман ауылының келіні 27 жастағы Әлимамен отасады. Құдай оңдап тұңғыш сәби Ғазиза (1892 жылы туған), екі жылдан соң Ғабдулғазиз (Ғазиз), ал 1899 жылы Ғабдулғани (Қаныш) дүниеге келді. Қаныш бес жасқа келгенде анасы қайтыс болды. Ол анасының түсін тоқтатып үлгерген жоқ.
Ф.И.Голощекиннің «Кіші қазан төңкерісі» тұсында алты миллион қазақтың тең жарымы аштан өліп, шетке ауып жатқанда Қаныш Жезқазғанда кен іздеу жұмысында еді. Имантай би түрмеде қайтыс болды, немере ағалары Әбікей, Әбдікәрім және туған ағасы Ғазиз абақтыға жабылды. Ғазиза әпкесі аштықтан өлді. Ол кісіден қалған сегіз жасар Кемел мен бес жастағы Ришатқа Қаныш пана болды. Кейін Алатау бөктерінен «Алтын адамды» тапқан атақты археолог, ғалым осы Кемел Ақышев болатын. 1937 жылдың зобалаңында жоғарыда аты аталған үш ағасы да «Халық жауы» атанып, атылып кетті. Қаныштың жан күйзелісіне ұшырай отырып, терең түйгені мынау: «Билік құрып отырған саяси жүйеге, отаршыл өкіметке Қаныш та керек емес, басқасы да керек емес. Оның тек басындағы миы, қолындағы өнері өкіметке, билеушілерге керек. Сәтбаевтар керек болса үш бірдей ағасын жазықсыз атып тастай ма? Билеуші отаршыларға қазақ елі емес, оның жері, жер асты, жер үсті байлығы керек. Алтыны мен мысы, марганец-мырышы, ураны, көмірі, астығы мен малы керек. Халқың азат болмайынша, ұлтың бақытты болмайынша, жеке адам қанша шарықтап өссе де бақытты болмайды. Ендеше, ұлттың бодандық дертінен айығуы жолында, ұлттық рухтың оянуы жолында тер төгіп еңбектену керек. Ол бір күннің оп-оңай шаруасы емес. Өз басым бұл іске жан-тәніммен ғылым мен өнерді өркендету арқылы үлес қосуым керек». Қаныш Имантайұлы бүкіл өмірінде осы ұстанымынан айныған жоқ.
1947 жылы КСРО Жоғары Кеңесі депутаттарынан құралған делегация құрамында Ұлыбританияға барғанда, Лондонда Уинстон Черчиллдің қабылдауында болған. Ағылшын алпауытына орыстар пәлендей таңсық болмаса керек. Оның назары Сәтбаевқа ауа берген. Жөн сұрасқан. Ағылшын капиталының қазақ жеріне де жеткенін ести отырып, Черчилль: «Солай деңіз, Сәтбаев мырза, қазақтың бәрі өзіңіз секілді бойшаң бола ма? – деп кекете сұрақ қойғанда, Қаныш бөгелместен: «Менің халқым менен әлдеқайда биік!» – деп жауап берген. Ұлтқа қызмет ету, ұлт рухын асқақтату жолында тер төгу, оның өмірлік мақсаты болғанын тарих толық дәлелдеді.

Сәтбаевты қызметінен қуды…

Өткен ғасырдың 50-ші жылының басында Мәскеуден бастау алған «Ұлт­шылдыққа қарсы күрес», «тарихи еңбектерді маркстік-лениндік тұрғыдан қайта қарау» деп аталатын науқан жыл аяғына қарай Қазақстанға да жеткен болатын. 1950 жылдың 26-шы желтоқсанында Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якуниндердің авторлығымен арнайы дайындалып, «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихы маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала жарияланды. Мақаланың өзегі – 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихы» деген кітап еді. Әсіресе, кітаптың «Қазақ халқының Кенесары хан бастаған азаттық күресі» деген талантты жас ғалым Ермұқан Бекмаханов жазған тарауына шүйлігіп, «ескілікті аңсау», «хандықты көксеу», «тарихи оқиғаларға таптық тұрғыдан қарамау» деген айыптар тағылды. Дау-дамай, тартыс-күрес ұлғайып, тарихшы Е.Бекмаханов, Б.Сүлейменовтер, әдебиетші Х.Жұмалиев, Е.Ысмаилов, Қ.Мұқаметхановтар 25 жылға сотталып «итжеккенге» айдалып кетті. А.Жұбанов, М.Русаков бастаған ғалымдар академия мүшелігінен шығарылды. Бұл науқан Қ.Сәтбаевқа да келіп соқтықты. Мәскеуден келген комиссия оған: «Сіз қажының немересі, бидің баласы екенсіз?» — деп бастады тергеуді. Қаныш партия мүшелігіне 1944 жылы, қырық бес жасында өтті. Онда да өтейін деп өткен жоқ, академия Президенті міндетті түрде коммунист болуға тиіс деп, зорлап өткізген. «Менің тегім жат, сендердің шарттарыңа толмайды» дегеніне қарамаған. «Ұлтшыл, тарихты теріс түсіндіруші Бекмахановты айрықша қолдапсыз» — деген сияқты сан алуан айыптар тағылып жатты. Ақыры 1951 жылы 23-ші қарашада «Қазақ Ғылым академиясының президенті, коммунист Қаныш Сәтбаевтың ісі» Орталық комитет бюросында қаралып, өте қатаң, әрі дөрекі өтті. Ұлы ғалымды, ұлттың біртуар перзентін түкке тұрмайтын партократтар арадай талады. Ат тарта алмайтындай атақ дәрежелері кәдеге аспай қалды. Академия президенті, геология институтының директоры қызметінен босату туралы шешім қабылдап, партиялық ауыр сөгіс берді. Ең жанына батқаны замандас, әріптестері бірде-бірі бір ауыз қолдау айтуға жарамады.
Өз басында билігі жоқ сорлы қазақтың көрген күні осы, бірақ осы бишара халықты сүймей тағы тұра алмайсың!
Қанекеңдей алып тұлға, ұлт мақтанышы осындай әділетсіздіктерді басынан өткерді. Қанекеңнің жан дүниесі қатты күйзелді. Бірақ сынған жоқ. Бірнеше жылдан кейін (1955 жылы) өз қызметіне оралып, өз ісін ерекше құлшыныспен қайта жалғастырды.

Ғалымның ұрпақтары

Қанекеңнің кісілік болмысы, адамгершілік бет-бейнесі, терең де тұнық жан дүниесі туралы ойлағанда, оның отбасы, бала-шағасы жөнінде де бір-екі ауыз сөз айту керек сияқты. Қаныш Имантайұлының екі әйелі болды. Алғашқы әйелі – ата-анасы жастай айттырып алып берген Шарипа ханым да, екіншісі – Том технология институтында бірге оқыған әріптесі Таисия Алексеевна. Екі әйел де ынтымақты, ақылды, берекелі болды. Шарипа ауылдағы әке-шеше күтіміне жауапты болса, Таисия үнемі кен қопарып, дала кезген Қанышқа айнымас серік болды. Шарипадан Хайниса, Малыбай, Шамшиябану, ал Таисиядан Мейіз дейтін қызы бар (тұңғыш ұлы ерте шетінеп кеткен). Хайниса апаны Таисия ана тәрбиеледі. Кейіннен медицина саласында атақты ғалым болып, ұзақ ғұмыр кешті. Жары қазақтың үлкен ақыны, кезінде Қазақстан комсомолын басқарған Қайнекей Жармағанбетов еді. Хайниса ападан Әлимадай қыз (есімін Қанекең марқұм анасының құрметіне қойған), Нұрландай ұл өсіп-өнді. Әлима бүгінде медицина саласында үлкен ғалым. Нұрлан өткен жылы дүние салды. Мен Хайниса апамен, балаларымен араласып тұрдым. Өткен бір жылдары 12 сәуір, Қанекеңнің туған күніне орай радиодан сұхбат беріп жатсам, радионы құлағына тосып жатқан Хайниса апам менің дауысымды танып, айтқаныма разы болып, маған телефон шалып, бата бергені бар. Малыбай ерте дүние салыпты. Мәліметім аз. Ал Шамшиябану апамыз – филолог ғалым, академияның корреспондент-мүшесі, көптеген зерттеу кітаптарының авторы. Ол кісімен де кездесе алмадым. Ертерек дүние салыпты. Бірақ ол кісінің жары Оразай Батырбековпен аға-бауырдай араласқаным рас. Ал Мейіз апа – әке жолын қуған, әке мұрасына ие болған айтулы геолог-ғалым еді. Ол кісімен де көп пікірлесіп жүрдім. Жыл сайын 12 сәуірде, Қанекеңнің ұрпақтарымен шұрқыраса кездесіп, түрлі шараларды бірге атқаратынбыз. Ол кісі дүние салғанда біздің политех тарапынан құрылған комиссия құрамында соңғы сапарға шығарып салу рәсімін басқардым.
Қаныш Имантайұлы Әбікей ағасының бір баласы Ғалымтайды өз тәрбиесіне алған болатын. Ол аға жолын қуып, Ленинградтың геология институтын бітіріп келген. Ғалымтайдың баласы Әлішер біздің политехтың гидрогеология мамандығын бітірген талантты ғалым еді. Екеуміз өте жақын достық қарым-қатынаста болдық. Марқұм ерте дүние салып кетті…
Жоғарыда атап өткеніміздей, Қ.И.Сәтбаевтың есімінің біздің Қазақ Ұлттық техникалық университетіне (бүгінгі Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) берілуі біздің ұжымда үлкен серпіліс туғызды. XXI ғасырдың басынан бастап жыл сайын 12 сәуір – Қаныш Имантайұлының туған күні ( 12 сәуір – ғылым күні деп аталғанын білесіздер) біздің ұжымда үлкен думанды мерекеге айналады. Қ.И.Сәтбаевтың университет алаңындағы, яғни Сәтбаев көшесі мен А.Байтұрсынов көшесінің қиылысындағы ғұламаның алып ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімінен кейін, университетте өткен Сәтбаев оқуларының қорытындысы шығарылады. Жас ғалымдардың ғылыми конкурсының жеңімпаздары марапатталады. Сәтбаев атындағы сыйлықтың иегерлеріне құрмет көрсетіледі. Ұстаздар мен студент, магистрант жастардың алдында бір жыл бойғы атқарылған істер мен жетістіктер баяндалады. Жыл сайын өтетін «ҚазҰТЗУ көктемі» көркемөнер фестивалінің қорытынды гала-концертінде фестиваль лауреаттары марапатталады. Осы шараның барлығына Қ.Сәтбаевтың ұрпақтары қатысып, қошеметке бөленеді.
Айта кететін бір жайт, 2001 жылы университетте Сәтбаев ғылыми-танымдық орталығы ашылған. Оның мақсаты – Қаныш Имантайұлының ғылымдағы, білімдегі, өнердегі мұраларын студент жастар арасында насихаттау. Орталықты құрылған күнінен бастап Қанекеңнің сүйікті шәкірттерінің бірі – академик Мұқтар Бәкенов басқарып келді. Өкінішке қарай, 2016-2020 жылдар аралығында университет басшылығына инженерлік білім-ғылымға қатысы жоқ адамдар келген кезде бұл орталық жабылып қалды. Жүйелі түрде оқылып келе жатқан «Сәтбаевтану» факультатив пәні де бағдарламадан түсіп қалды.
Университетке жаңа басшылық келгелі бері Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың қадір-қасиетін асқақтату бағытында айтарлықтай істер қолға алынғанын атап өткім келеді.
Қазақ ғылымының құзар шыңы, ұлтым деп өткен асыл тұлға бізбен, біз тәрбиелеп жатқан ұрпақпен бірге жасай беретініне кәміл сенеміз!

Ұлықпан Сыдықов
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,

ҚР Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,

философия ғылымының докторы,

Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-дың профессоры,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір