«МЕНЕН ОЗАТЫНЫҢА СЕНЕМІН!»
04.05.2023
2174
0

«Сең» романы шыққан соң, кітаптың сүйінші данасын қолтығыма қысып алып ағамыздың үйіне тартпаймын ба, әспет­тей ұстап ұсынбаймын ба… Бұрынғыдай емес, бұ жолы Әбеңнің қабағы жылы көрінген. Кітапты арлы-берлі аударыстырып отырды да, бірінші бетіне: «Талант­ты інім Серікке, түптің-түбінде менен озатыныңа сенемін!» – деп қолтаңба жазды да берді. Студент кезінде «Курландияны» жазып, сыйлыққа Ғабаңның «Қазақ солдатымен» қатар ұсынылған романы үшін Жамбыл атындағы Мемлекет­тік сыйлықты жеке-дара иеленген ағамыз жасы отызға таяп қалған інінің өзінен өлсе де оза алмайтынын сол кезде-ақ білген болар-ау деп ойлап қоямын қазір» (Серік Байхонов. «Алып пен қалып» Әбді-Жәмил әлемі роман-элегия. 22-бет)

Бүгінде 70-ке толып отырған жазушы Серік Байхоновтың аты аталған кітабын оқығаннан кейін ендігі жерде ойдан құраған сылдыр сөзге емес, тек… тек деректерге сүйенгің келеді екен. Өйткені қайшылықты алып туралы жазылған «Алып пен қалып» деректі кітабы Нұрпейісов туралы тек… тек қана бетқаратпас удай ащы шындықтарға құрылған. Ең қызығы сол, Серік не жазса да сылдыр сөзге сүйенбей, алыптың аузынан шыққан сөзге ғана сүйеніпті. Диктафонын қосып отырса керек. Олай етуге онда керемет мүмкіндік болған. Екі жылдай Серік атышулы классиктің жанында отырған, «Қан мен тер» мен «Соңғы парызға» редакторлық етіп… Әбекеңді біз де білуші едік. Бірақ Серікке ілесе алмайды екенбіз. Серіктің бізден бір артығы – ағасымен құрдасындай қалжыңдасады екен. Сондықтан да ағасы оған «Қыршубай!» деп ат қойған. Үңіле түссеңіз, осы сөздің арғы жағында ағаның әзілі жарасқан інісіне деген кіршіксіз көңілі жатыр.
Әбе туралы деректі де дәйекті ақиқат пен аңызды ажыратып жазу үшін алдымен Серік болу керек екен. Серік болып қиқар шалдың қасында отыру керек екен. Біз сияқты сағат­тап емес, Серік сияқты жылдап. Біз қиқар шалдың қасында сағатқа шыдаса, есікке қарап қипақтай беретін едік. Сонда ол зекіп: «Немене, от ала келдің бе?! Отыр!» – дейтін. Отырамыз. Алайда шыдамымыз тағы бір жарты сағатқа жеткенде тағы да қипақтай береміз. Ондайды қалт жібермейтін қисық шал бізден әбден түңіліп: «Таң атқанша әңгімеміз бітпейтін қайран Зейнулла… Қайран Қалтай, Тахауи…» – деп, жыламсырай бастайтын, жалғыздығын еске алып.
«Алып пен қалыпта» айна-қатесіз осы Әбе бар. Біз Әбе туралы бұндай қызықты кітапты бұрын-соңды көрмеп едік. Қызықты болатын себебі бұндағы Әбе туралы әңгіме біржақты емес. Яғни тек жазушының жұрт білетін суреткерлік шеберлігіне ғана тамсана беру емес. Қызықты болатын себебі, Әбе ат­ты алыптың қалтарыстарын қақырата білгендігінде. Соның бірін Серік былай ашады, Әбенің өз аузымен: «Әй, бала! Сен мені дұрыстап оқымаған екенсің! Менің «Көткеншек Көшен» деген кейіпкерімді білесің бе?! Сол – менмін! Өмірімде адам баласының айтқанына көнген адам емеспін»
«Көткеншек Көшен ғана емес, біз білетін Әбе өз үйінде айнымаған Судыр Ахмет те еді. Бір мысал. Дастархан басында қаумалаған жұрт ақсақал деп одан бата сұрайды. Жұрт қолын жайып отыр. Ал ақсақалымыз болса, аз-кем ойланып алып, бата орнына ұзыннан-шұбақ тост айтып кетеді. Әнебір жылы мен оны осы бір келеңсіздіктен құтқарғым кеп бата үйретпекші болдым. Жазып бердім бір-екі дұғаны. Жат­тауға уәде берді. Екінші кездескенде дұға жайын сұрадым. «Ой-бұй, жоғалтып алыппын, қап, қағазы құрымағырды!» деп қарап отыр. Қайта жазып бердім. Араға айлар салып үшінші рет кездескенде «шәкіртімнің» дұғаны судырататынына шәк келтірмей келдім. Сөйтсем: «Ой-бұй, қап, қайда еді, әлгі қағазы құрғыр!?» деп, тағы тайқып тұр. Ойпыр-ай, ұқсамасаң тумағыр, тура Судыр Ахмет! Содан кейін Әбекеңді «тәрбиелеуді» қойдым. Одан тұшымды тақуа шықпасын білдім. Қазір ойлаймын. Әбе сол кемшіліктерімен «Әбе» екен ғой деп. Сол кемшіліктерін алып тастасақ, Әбе «Әбе» болмай қалады екен. Осы болмысымен ол біздің өзімізді үйреткендей. Адамды кемшіліктерімен қоса қабылдау керек деп үйреткендей»…
Серік бұны біледі. Деректі кітапты қызықты етуді біледі. Қулығын асырып, Әбенің кемшіліктерін қисық шалдың тура өзіне айтқызады немесе жан дегендегі жақыны Мырзанға айтқызады. Ал Мырзан – әділет­ті қорғаумен шашы ағарған «Тәңірдің тоқпағы» ғой. Кемшілік атаулыны жайпап жүрген – «жалғыз батыр». Батырдың аты – батыр. Әлем мақтаған Әбені ол оп-оңай таптай салады. «Қан мен терді» қан қақсатып, «Соңғы парызды» сойып салыпты. Баспасөзде жарияланған жиеннің осы Әбеге осы шабуылын Серік жасырмапты. Жариялапты. Әбемен жарты ғасырлық араластығымыз бар бізге қиын болды. Әбені Мырзанның сынынан арашалау қиын болды. Өйткені әділет – «Тәңірдің тоқпағы» жағында екен. Сонда «Тәңірдің тоқпағы» нағашысын қалай соқты дейсіз ғой?! Оны айтуға ауыз бармайды. Танысқыңыз келсе, Серіктің «Алып пен қалыбын» оқыңыз. Бүгінгі әңгіме дегенмен Серік туралы, жетпіске жаңа толған. Серік Байхонов. Бөлмей-жармай Құдай берген кемшілігімен қоса алсаңыз, бұл да – ешкімге ұқсамайтын Серік. Өзіне ғана ұқсайтын Серік. Ешкімге ұқсамайтыны – бала көңіл болмысынан. Серікті алғаш 80-жылдары Алматы көшесінде көрдім. Ұзын бойлы, ұзын шашты, жанары тұнық сырлы, сылыңғыр сымбат­ты жігіт жымиып келіп сәлем берді. Ә дегеннен: «Сәке, мен – Серік Байхоновпын. Сізге ұқсайын деп ұзын шаш қойған жас жазушымын!» – деп қарап тұр. Табиғаты мөлдір таза екені көрініп тұр. Содан кейін Серіктен көз жазып қалдым. Біз Прагаға кет­тік. Ол қайда кеткенін білмеймін. Содан кейін Әбенің жанында қайта кездестік. Өткен жылы Әбе өмірден өт­ті. Іле Серіктің Әбе туралы «Алып пен қалып» роман-элегиясы шықты. Романын маған сыйлап тұрып Серік: «Сіз туралы да бір кітап жазғым келеді», – деп қалды. Үйге келіп «Алып пен қалыпты» оқи бастадым. Өзімізге белгілі де беймәлім Әбемен қайта қауышу, кейбір мінездеріне мәз болып күліп отыру біз үшін қызық болды. Серікке телефон соғып Әбе туралы жазылған қызық кітабымен құт­тықтадым. Бұған дейінгі: «Сіз туралы да жазғым келеді» дегенін жай көңіл алдас шығар деп қоя салғам. Кітап кейіпкері болатындай біз кім едік, шыннан да?! Сөйтсек, Серіктің ойы шын сияқты. Тағы ескерт­ті. Ал менің қолымда – «Алып пен қалып» тұр ғой! Серік пен Мырзанның Әбеңе кигізген «әуселесін» көріп отырмын емес пе?! Ендеше, ондай «әуселені» киюге кім әуес болар?! Оған берер жауабым белгілі болды.
Қайран, Әбе! Қазақ руханиятының орны толмас Әбесі. «Алып пен қалыпты» оқи отырып, оның алыс бақи түкпірінен мұңайып қарап тұрған көзін көрдім. Кірпік қақпай қарайды. Не айтқысы келеді екен?! Ренжіп жүрмесе жарар еді, әйтеуір…
Барзақта жүрген барлығына арнап баяғы дұға-намазымызға отырамыз.
Одан басқа не келеді қолдан?!

Смағұл ЕЛУБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір