Бар менен жоқ кеудемде майдан салып…
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ
Ел деген…
Елдің жайын қозға дейсің, дұрыс-ақ!
Сөз еттім бе тақырыпты тым ұсақ?
Өрдім бе әлде өлең қылып көр-жерді,
Атқа мініп, шабар кезде қылыш ап?!
Ежелден ақ етене едім елменен,
Ет жүректі елжіретіп келген ем.
Ту ғарышта жанайқай боп самғайды,
Елім жайлы менен шыққан шерлі өлең.
Жұрттың жайын жырла дейсің, білемін!
Сан тозаққа түссем дағы тірі едім.
Қабыстырсам деп едім-ау қазақпен,
Дүниенің дүрсілдеген жүрегін.
Кезім қайсы кеңес болса төрге озған?
Менен бөтен табылар ма сорлы азбан.
Бұл жалғанда бізден бөлек бар ма екен,
Өз-өзіне қақпан құрған, ор қазған.
Арай шашып атпады деп ақ таңым,
Сорым үшін қалай тағам жатқа мін.
Шыққыр көзім көрді емес пе бір-бірін,
Шылырдатып қамағанын, атқанын!
Аспанда күн, арман болып ай-сағым,
Демеу болған жөн емес пе тайса кім.
«Алаш» десе алқымынан аламыз…
Қанға бөкті жақсы менен жайсаңым.
Замананың бір серпілмей ызғары,
Ел дегенде жүрек неге сыздады?
Қанша айтсам да азаймастан келеді,
Тәлейіме табысталған мұң-зары.
Салып келем сар даланың саз-әнін,
Тарықсаң да тарқамағай базарың.
Ең алғашқы және соңғы айтылар,
Өлеңімнің мәңгі өзегі – қазағым!
…Қалам алып, бір парызды өтедім,
Шыңыраудан шырылдаған жетеді үн,
Қара бастың қайғысы емес, елді ойлап
Егілгенде жасқа толды етегім!…
Өмір деген…
Өмір деген уақыт дейді кесімді…
Қай тарапқа бағыттап ең көшіңді?
Таң атырып, тақап қалсаң тал түске,
Таңғаласың қарсы алғанда бесінді.
Өмір деген күрес дейді білгендер,
Бірде жеңіп, бір жеңіліп жүргендер.
Жазатайым жардан құлап мертігіп,
Жеңіс туын жоғары ұстап, күлгендер.
Өмір деген ғажап дейді бақ қонса,
Ардың ісі бағаланса, ақталса,
Азаматы адалдықты жалау қып,
Арамдары жат пиғылды жоқ болса.
Көңілдерден аққу ұшып, қаз қонса,
Ниет-тілек бір-біріне назданса,
Адамдары ақ сөйлейтін мол болып,
Арам пиғыл сатқындары аз болса.
Жақсылыққа толы болса жан-жағың,
Тіршілікке тіреу болса талғамың.
Достарыңмен күн кешірмей дүлдараз,
Қасың саған қайрамаса қанжарын.
Жайқала өсіп көкөрімдер көк талша,
Жүрек біткен бір-бірінен отты алса.
Көре алмастар көктей солып, ал енді,
Ізгілікті іздейтіндер көп болса.
Ақ арманы адамдардың ақталса,
Жер-әлемде әділеттік сақталса.
Алтын тектес асылдары мол болып,
Мыстан құйған «мешелдері» жоқ болса.
Өмір деген ақ пен қара шайқасы.
Өрге жүрген, кім біледі, қай тасы.
Адалдық пен аярлық бар тірлікте,
Сен қайсымен жүріп жүрсің, байқашы?!…
Бар мен жоқ…
Біле алмадым,
қиял ма, сағым ба әлде,
Шықпады ма, шықты ма бағым төрге?!
Бұл өмірді жартылай сүргендеймін,
Жарым көңіл…
Жарымжан…
Жарым кеуде…
Жүргендей-ақ желдіртіп күлікпенен,
Жазып келем күн сайын үмітті өлең.
Бұдан басқа тағы бір тірлік бардай,
Алаң көңіл бір ғұмыр сүріп келем.
Сағымына елітіп нұрлы елестің,
Беймәлім сол өмірде жыр боп естім.
Бүгініммен қатарлас тағы бір күн,
Ар жағында жүргендей бір белестің…
Салмасам да тірліктің жалған әнін,
Көңілімнің жұмбағы бар ма мәлім?
Бір асылым сол жақта қап қойғандай,
Демім жетпей, ауаны қарманамын.
Іс қылардай ол жақта ізгілікті,
Егіп жүрмін бәлкім мен мұзға үмітті.
Місе тұтпай мұндағы қуанышты,
Күнді күтем бұдан да қызғылықты.
Алауласа жүректің ән байрағы,
Қиял құсым көгімде самғайды әлі.
Кермек ойды жеңдіріп, келер күннің,
Тамсанамын дәміне таңдайдағы.
Жүгімді артып үкілі үмітке шын,
Келер күннің жүремін бұрып көшін.
Бар менен жоқ кеудемде майдан салып,
Шығарды ғой жанымның сілікпесін.
Бала емеспін,
білемін, боз өкпелі,
Санам сарсаң бұл жайды сөз еткелі.
Қолда бардың қайырын білсем нетті…
Қиялдағы сол ғұмыр қажет пе еді?!