ЕЛ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН МАЙДАНГЕР АҚЫН
26.06.2015
1626
0
(Қабыл Боранбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай)
888468_60544622____________1Ақын өлді демеңдер,
Қалды артында өлеңдер.
Өлең тірі тұрғанда
Ұмытпайды өрендер.
Қабыл Боранбайұлы Боранбаев 1943 жылы Қарағанды облысының бұрынғы Ворошилов, қа­зір­гі Бұқар жырау атындағы ауданда оқу бөлі­мінің инспекторы болып жүрген кезінде әскерге шақырылып, ортақ Отанымызды қорғауға аттанады.
Үш жыл бойы қандықасап – ауыр шай­қас­тарда екі рет өміріне қауіпті жарақат алған­ жауын­ге­р а­қын 1946 жылы елге аман оралып, бейбіт ө­мір­ге, еңбекке араласады, ұстаздық шығармашылық жолында елеулі жетістіктерге жетіп, «Оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталып, ел құр­ме­тіне бөленеді.
Қабыл Боранбайұлының қаламалды тұңғыш туындылары «Қарағанды пролетариаты» газе­тін­де басылып шығады. Кейін «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Әде­биет майданы», тағы басқа газет, журналдарда жарық көреді. 1949 жылы тұңғыш жинағы «Дәурен», одан кейін «Ант» (1950), «Дос отряд» (1955), «Балалар шаттығы», «Жаңарған жазық» (1962), «Тапқыр бала», «Дән дария» атты өлең жинақтары өмірге келеді. Бұлардың басым көпшілігі балаларға арналып, мазмұны қызықты уақиғаларға толы, ұғымға жеңіл де жайдары өлеңдер қатарынан орын алады. Оның жоғары талғамды аудармалары да кезінде әріптестері мен оқырманның лайықты бағасына ие болады. Қазақ тіліне ол Некрасов, Маяковский, Исаковский, Симонов, Гафур Гулям сынды ақындардың өлеңдерін, И.Василенконың «Звездочка» повестін, тағы басқа заман тынысының айнасындай, көкейкесті саяси-әлеуметтік туындыларды қазақ тіліне аударып, есімі ел аумағына әйгілі болады. Орыс тіліне аударылған шығар­ма­лары да баршылық. Бұр орайда отандас ақын­дар Федор Моргунның «Хантағы» балладасын, В. Копытинның «Потомки великого Ленина» өлеңін айрықша атар едік.
Ақынның жыр додасында да өзіндік таңбасы бар. Бұл орайда оның өзі мекен еткен ата қоныс аймағының намысы үшін, айтыстарға қатысып жеңім­паз атанып, халқының құрметіне бөлен­гені белгілі. Ауыл арасында оны «орақ ауыз, отты тілді, айтыс десе, жарыс сәйгүлігіндей ар­қа­сы қозады» дейді екен. Ол кезде еңбек же­місін арнайы жиын-тойларда атап өту дәстүр болды ғой. Ақындар да оған жақсы дайындалып келетін. Осындай бір мерекеге бәсекелес ауданнан арнайы келген айтыскер ақын Көшен Елеуовтың:
Бұл дәуір ойлайтұғын дәуір емес,
Пайданы әркім өзі бас қамына.
Ренжідім жолда көріп жүгеріңді
Сіңірмей топыраққа шашқаныңа, –
деген өктем үнді сөз тастамына Қабыл ақын:
Жараспас жасы үлкенге өктем келіс,
Әрине, бұл сөзіңіз өткендегі іс.
Дегенмен, айтыңызшы, аулыңызда
Неліктен созылды ұзақ көктемгі егіс? –
деген ұтымды жыр жолдарын алдына тартады. Әрі қарай Қабең қанатты Керқұла аттай әуелеп, бә­секелестер тарапынан жіберілген тағы бірер кем­шілікті келтіріп, қарсыласының мысын басады. Осы әдемі айтыс «Алтын күз» жинағында то­лық беріліпті. Сондағы жарасымды жыр жолдары­мен, көркем сөз алмасу үлгісімен бүгінгі жас та­лант­тарымыз да танысып, біле жүргені абзал.
Дарынды жыр тарланының философиялық, психологиялық толғаулары мен өмір өткелдері жайында толғамдары да өте толымды. Кеше мен бүгін, жақсы мен жаман, қас пен дос, адал мен арам, өмір мен өлім тәрізді қосарлы да қоспақты ұғымдар мен түсініктер төңірегіндегі ойтолғам­дары өрелі.
Заман өтер, ет қашып, азар денең,
Өмір көшер – тап кеше базар деген.
Сонда тулап жайындай теңіздегі
Тыным таппай бұл Қабыл жазар өлең, –
деген жолдар қарттардың бүгінгі болмысын көз алдыңызға келтіріп, аяныш сезімін тудырса, ары қарай ақын кәрілікпен келген азапты шаққа мойымай, қалған ғұмырымды жырыммен жалғап, мәңгілік етемін дегендей ойды меңзей­ді. Қабеңнің бұл бағыттағы ойлары терең, сөз­рері болат семсердей өткір.
Қабекең оқ пен оттың ортасында «жан алысып, жан берісіп» жүрген кездерінде де ойларын қағаз бетіне түсіруін тоқтатпаған. Мәселен, оның:
Соғыстың ардагері шықты саптан,
Сол соғыс болмасыншы қарғыс атқан.
Еңбектің ардагері құрыш сапта,
Еңбек қамал жеткізер зор мақсатқа! –
деп, соғысқа лағнет айтып, бейбітшілікке ақ жол тілейді.
Сондай-ақ, сұрапыл соғыс жылдары жазыл­ған «Төлеутайға» (Ақшолақовқа арналған), «Жарыма», «Жеңіс», «Батыр қыз» сияқты өлең­дері оның талғамы биік, сезімі сергек, нәзік жанды лирик ақын екенін танытатын таңдамалы туындылары деп білеміз. Ұлы Отан соғысы жылда­рын­дағы жырларын ерлік жырлары деуге тұрарлық. Олар – жас ұрпақты отансүйгіштікке, батылдыққа баулитын өмірлік жырлар.
Қабыл Боранбайұлы Кеңестік және Отандық қаламгерлер ұйымының 1949 жылдан бергі толыққанды мүшесі. Есімі 1969 жылы «Писатели Казахстана» кітабынан ойып орын алыпты. (76 бет). Ақын-жазушылардың Кеңестік және республикалық съездерінің делегаты, 1988 жылы «Алтын күз» жинағы жарық көреді. Оған 92 өлеңі мен «Дала батыры», «Өмір белестері», «Айжан» атты үш поэмасы енгізілген екен. Қа­был Боранбайұлы жазып қалдырған өлең-жыр­лары мен өмір жолына қатысты естелік заттар Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданының осы атаулы мұражайында сақтаулы. Мұндай құнды жәдігерлерді естелік үйіне ақынның қызы Сайран Боранбаева ханым өз қолымен әкеліп табыстаған көрінеді.
1995 жылы ақынның 80 жылдығына орай Қабыл Боранбайұлы есімі өмірінің соңына дейін ұс­таз­дық қызметте болған «Жаңақала» мек­тебіне берілді.

Мұрат Әбдірахманов.
Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір