ЖЕЛТОҚСАН ҚҰРМЕТІНЕ ТАРТУ
Тәуелсіздікке жол ашқан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне биыл 38 жыл толып отыр. Осыған орай, белгілі журналист-жазушы, Қазақстан Журналистер одағы мен Қазақстан Жастар одағы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Қайым-Мұнар Табеевтің қос кітабы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасы бойынша жарық көрді.
Алматыдағы «Сардар» баспасынан шыққан «Құйынға түскен ғұмыр» кітабы толықтай Желтоқсан тарихына арналған. Ал Қарағандыдағы «Тengri Ltd» баспасынан шыққан «Ең соңғы майдан» жинағы Жаңаөзен, Шаңырақ, Қордай оқиғаларын қамти отырып, 2022 жылғы Қаңтар қасіретімен аяқталады. Автор тарапынан қазақ қоғамындағы тәуелсіздік жылдарындағы саяси-әлеуметтік маңызы зор демократиялық қозғалыстардың шығу себептері мен салдары кеңінен таразыланып, жан-жақты терең зерттелген. Маңызы жағынан ауқымды, тамыры тереңде жатқан күрделі тақырыптар құпия архивтік құжаттармен кестеленіп, сол уақытта ел басқарған лауазымды басшылар мен қатардағы куәларды сөйлету арқылы тарқатылып көрсетілген.
Бұл құнды кітаптар жаңа Қазақстан құруды мақсат тұтқан еліміздің ендігі жаңа тарихын түзу барысында ұлы Тәуелсіздіктің қандай қиындықтармен келгенін жас ұрпаққа түсіндірумен қатар, азаттықтың ақ таңын көрмей кеткен боздақтар алдындағы ескерткіш десе де болады. Қаламгер әріптесімізді жаңа туындыларымен құттықтай отырып, алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тілейміз!