Бұзаутіс
01.04.2023
436
0

ҚАРА ҚОЯН КЕЛЕДІ… 

Қояндардың қырылысып жатқанына он бір жыл өтіп барады. Бұлар да бірнеше жүзге, түрге бөлінеді екен. Сұр қояндар сұңқылдап жатыр: «Келер жылды өзіміз басқарамыз. Қанымыз таза. Жанымыз таза. Адамнан бұрын жаратылғанбыз…»
Ақ қояндар да қат­ты кетіп отыр: «Біздің жолымыз. Жан-жануарларға біздей аңқылдаған адал, жайлы жыл болған емес…»
Мұндай саяси тартыстардан көпшілік біле қоймайтын алапес қояндар, қызыл көз қояндар, қайқы бас қояндар және тағы басқалары да шет қалған жоқ. Олар сұр қояндарды да, ақ қояндарды да жетпіс жеті атасынан боқтап, өздерін ұсынып жат­ты. «Боқтау туралы шу шықса, кешірім сұрай саламыз ғой», – дейтін көрінеді. Бабаларының бірнеше рет жұт әкелгені, қырғын әкелгені естерінде жоқ. Бұл әңгіме үй қояндарының да мазасын алып біт­ті. Ағайындардан келіп-кетіп жатқан жансыздар: «Кімді қолдайсыңдар, ашығын айтыңдар?» – деп зірк-зірк етеді. Зәресі ұшқан үй қояндары адамдардан көргенін істеп, күнде төрт-бес рет жиналыс өткізеді. Қолдарынан келгенше бір-бірінің миын жейді. Өздері әбден қажыды. Көздері алақандай болып жүдеп кет­ті. Құлақтары ұзарып жерге жет­ті. Бит­тері торғайдай болып, түнімен тыр-тыр қасынатын болды.
Бір күні осы қораның құты, махаббат­тан басқаны білмейтін, айқай-шуға қатыса қоймайтын егде үй қояны сөз сұрады.
– Қожайыны бар жануарлар сая­сатпен айналыспауы керек, – деді ол. –Тірлікті өзгерту оңай емес. Дау­рығып жүргендердің қайсысы жеңсе, соны қолдай салармыз…
Айтпағымыз, кешеден бері қояндар әлемі үнсіз қалды. Жансыздардың сөзіне қарағанда, көпке беймәлім, Қара Қоян деген ноян келе жатыр екен. Өзі будан дейді. Бойында барлық қоянның қаны бар. Жолшыбай соққан ағайындары бірдеңе деген екен: «Қояншығым ұстамай тұрғанда, құйрықтарыңды қысыңдар», – депті. Депті де келесі жылы қанша алаяқ миллиардер болатынын, қанша жемқор ұсталатынын, қаншасы құтылып, қанша депутат пен министрдің орнынан ұшып кететінін, жаңадан салынған қанша тұрғын үйлер мен мектептердің және түрлі ғимарат­тардың жантая бастайтынын, тұралап біткен жылу электр орталықтарының бір теңгеге мемлекетке қайтарылатынын сарт-сұрт айтып тастапты.
«Келер жылы сәбізден басқа тамақ жеуге болмайды. Менің штаб-пәтерім орналасатын жерде билігінің мінезі кроликтерге ұқсайтын бір ел бар екен. Соларға ғана ет жеуге рұқсат. Әйтпесе, аяқ астынан жүректері көтеріліп кетуі мүмкін», – деп бірінші бұйрығын жазып шықты.
Жансыздардың ақпаратына сүйенсек, тағы бірнеше бұйрықтың жобасы дайын екен. Соның бірі – «Кірмелер туралы, – дейді – Аузына келгенін от­тайтындар он жылға жер аударылады немесе сот­талады…» Бір жерде сәбіз шырынына қызара бөртіп отырып: «Соғысқұмарлар өкінеді!» – депті. Өзі тек мемлекет­тік тілде сөйлеп, жазады екен.
Қысқасы, Қара Қоян келе жатыр. Жандайшаптарының айтысына қарағанда, Наурыз мейрамына дейін жететін сияқты. «Түк тауар шығармаса да, саяси жиналыстары көп ел екен. Соларын бітіріп алсын, – депті», – дейді… 

АДАМ ЕМЕС ШЫҒАРСЫҢДАР 

Жауын-шашыннан гөрі, ракета қалдықтары жиірек жауатын аймақта тұрамыз. Басшылардың айтуына қарағанда, адамға тит­тей зия­ны жоқ. Қайта жақсы. Шөп қалың өседі. Егін бітік шығады. Іле-шала жаңбыр құяды… Сондай-ақ басқа да қызықтар болып жатады. Мәселен, шілденің қапырығында қалың қар жауып, рахатқа батасың. Шаң басылып, салқындап дегендей… Әсіресе ойын балалары бір жетісіп қалады. Аппақ қардан асап-асап жібереді де, аяз ата мен ақшақар соғып алады. Кәдімгідей шана тебеді. Өйткені үш ай демалыста барар жер, басар таулары жоқ. Бұрынғыдай құшақ жайып қарсы алатын ауыл да жоқ. Өзен-көлдер тартылған. Балықтары бақаға айналған. Қайтсін, өйтіп-бүйтіп олар да күн көруі керек қой.
Балықтар сияқты адамдар да өзгеріп барады. Соңғы жиналыста сөз сөйлемесе іші кебетін, қаламыздың құрмет­ті пендесі, 69-дағы Бақырбек былай деді: «Ракета құлаған сайын жасарып барамын. Таз басыма шаш шықты. Өз тойымдағы төбелесте ағып кеткен көзім өсіп, қалпына келді. Тағы үйленгім кеп жүр».
Келесі жылы, 70-ке толуына байланысты орден алатын Бақырбекті білмейді екенбіз. Батырдың ұрпағы көрінеді. Қол бастаған аталары дүниеден өткенше әйел алып өтіпті. Нағашылар жағынан хандарға жиен… Төрде отырған басшылар бастарын изеңдесіп, шыбындап қалды.
Одан кейін орта жастағы, кеше ғана орден алған Орақбай шығып, ракета қалдықтарынан қойына қотан жасап алғанын жария ет­ті. Содан бері қойлары үшем туады екен. Сиырлары мен биелері егіздеп жатыр. Енді жалғыз ұлға «жылтыр материалдан» отау салып бермекші. Ұрпақ көбейту үшін. Бұл да – жеті атасынан батырдың тұқымы. Нағашылары жағынан әйгілі билерге жақын. Қысқасы, ұрпақсыз қалуға болмайды!
Тағы біреу сөз алды. Аты – Ракета. Негізгі кәсібі – блогер. Өзінің айтысына қарағанда, мұны көрген басшылар бұтына жіберіп қояды екен. Түрі әйелге де, еркекке де ұқсап тұр. Жынысын жын-шайтан да айыра алмайтындай. Кіндігін алғаш құлаған протон тасығыштың сынығымен кесіпті. Содан ба, өзін космонавт сезінеді. Күйеуге тимепті. Өйткені бұл аймақта мұның теңі жоқ.
Осы арада гу етіп жағамызды ұстадық. «Әйел екен ғой», – деп. Әйел жолдастар келіспей жатыр: «Қыз деңдер. Күйеуге тимеген. Бізден сұрамайсыңдар ма?» Дегенмен денсаулығы мықты. Алты жасар айғырдың құйрығына қолы тисе, шалқасынан түсіріп, буып тастайтын күші бар. Ракета қалдықтарын ұстаса, қуат­тана түседі екен. Бақсақ, бұл да тегін емес. Батырлардың ұрпағы, бақсы-балгерлердің жиені!
Төрде отырғандар қызу қол шапалақтап, кейбіреулері байқамай бастарын үстелге ұрып алып жат­ты. Бір кезде кеңестік кезеңнен қалған горнды азынатып, барабанды дүңкілдетіп, мектептің үлкенді-кішілі белсенділері кірді шұбырып. Бұл мәңгі дос елден осы жиынға арнайы келген генералға құрмет еді. Ол фуражкісін әкімнің мисыз басына милықтыра кигізіп, орнынан атып тұрды. Отырғандарға қазандай басын қайта-қайта иіп, сәлем салғандай болды.
Көздері шарасынан шығып сөз сөйледі. «Сұмдық төзімдісіңдер. Таңғаламын. Жандарың қандай сірі еді. Адам емес шығарсыңдар», – деді ол аюдай қорбаңдап. Ішегіміз қатып, түрегеп тұрып қол шапалақтадық. Сонымен, жиналыс та бітуге жақындады.
Өкпесі сырылдаған демікпелер мен қан қысымы түспейтін бәлеқорларды, дыр-дыр қасынған қотыраштарды, аузын жаппайтын көксауларды, арбаларымен бітісіп кеткен мүгедек-кентаврларды кіргізбегендері қандай жақсы болған. Бұлар – біздің жақтың оппозиционерлері. Әкімдік пен мәслихат­тың саяси бағасы – осы. Әсіресе екі көзі су қараңғы экологты жолатпағандары оңды болды.
«Өмір бойы ракетаның зияны жоқ, комбинат­тың зияны жоқ деп өтірік анықтама жазғанмын. Қазақтың қарғысына қалдым» деп маңдайын тоқпақтап, зар илер еді ол. Жетектеп жүретін кемпірі: «Аузыңа келгенді от­тамай, үй сұра. Еңбек сіңірген мүгедек екеніңді айт. Ел сияқты корпорацияны мақта, әкімдікті мақта» деп қақсап тұрар еді. Генералдан ыңғайсыз болар еді…
Қонақ кетпей жатып тағы ракета құлады. Қаңтардың сары аязы самалдай есіп, ауа райы плюс болып кет­ті. Балалар шалшық кезіп, қағаздан қайық жүзгізіп мәз. Өмірі тазаланбайтын жолдардың мұзы еріп басшылар да мәз. Жалпы, бір жасап қалдық.
Төрде отырғандар қайта жиналыс шақырып, ракета қалдықтарының зиянсыз екенін жарыса айтып жат­ты. Бұл кезде генерал ауа жетпей есінен танып, тиісті маман-дәрігері жоқ ауруханаға түскен еді. Аман қалса екен аю-аға. Басқа тілек жоқ… 

Базарбай ӘУЕЛХАНҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір