Бұзаутіс
15.06.2023
264
0

Сотыби 

Мен білсем бүгінде қалаңа, далаңа, балаңа,
Маған да, саған да осы би.
Бірі арзан, бірі қымбат,
Бірі – «Нокиа», бірі – «Лджи»,
Сотыби!
О, сотыбисыз қазір күн жоқ.
О, сотыбисыз қазір түн жоқ.
Жүргенімізді де білмейміз,
Күні кеше онсыз кім боп?!.
Алғаш осы сотыби шыққанда,
Аузыма құдай салған шығар,
Енді екі-үш жылдан кейін,
Бала екеш балада да осы сотыби
жүреді дегем.
Яғни қазақтың әр ұл-қызы
сотыбимен еркелеп,
Сотыбимен күледі дегем.
Сол айтқанымның дәл келуін-ай,
Кешегі тәй-тәй
басқан сәбидей жаңалықтың,
«Сотка» болып желуін-ай.
– Бәке, сіздің нөміріңіз қандай?
– Төке, сіздің нөміріңіз қандай?
– Е, сондай, сондай, – деп шіркін,
Байқайсыз ба, тақылдайды кеп таңдай.
– Қарындас, айып болмаса, танысайық,
Сотыбимен SMS жазысайық.
Нөміріңізді бере салыңызшы,
Мә, менікін де алыңызшы, –
деген де жігіт көп,
Махаббаттың өзі осы соткамен от алып,
Осы соткамен жалындайды бүгін кеп.
Ал әйелдер, келіншектер, қыздар,
Сөздерінде кейде шуақ, кейде ыз бар,
Демейді-ау, мына халық, біз бар…
Автобуста, кезекте ананы-мынаны
бастайды,
Сөйтіп, біраз нәрсені,
Сотыбимен-ақ шешіп тастайды.
– Ладно, жаным, кешке кездесеміз…
– Ой, қойыңызшы соны, мен десеңіз.
– Алло, Сонисың ба,
Мен кіммін, танисың ба?..
– Өзі бір крутой, ақшасы пішен,
Демейді не кием, не ішем…
Осылай сөз деген кете береді,
Сотыби ма, сотыби,
Аман болса, барлығын да көтереді.
Оу, оған салса, тіпті бұл сөзіңді,
Қалтаңды түгел қағып,
Круглосуточный етер еді.
Өйткені қызмет көрсетуші сондай,
Ксел, Актив, Билайн дейсіз бе, тарифтері,
Қатып қалған тоңдай, қысқасы, удай.
Қазақстан үшін қарапайым халықтың,
Өзіндей қойды ғой бір компания тумай.
Сонда да сен бе, сен, сотыби,
Бәрібір елдің еркесісің,
Бүгінгі байланыстың серкесісің.
Балада да сенсің, шағада да сенсің,
Шалда да сенсің, кемпірде де сенсің.
Бұл күнде не десем екен, ә,
Е, ең әйдіктермен теңсің.
Барлық жастар қазір сеніменен елтиді,
Құлаққа тағып алған,
Бір-бір сыммен кім-кімді естиді?!.
Айтпақшы, әу бастағы,
«Сони», «Ериксон» дейсіз бе, бәрі қалған,
Бұл күнде «Самсунг», «Айфон» ең сыйлы.
– Әй, сотыбиың збандап жатыр,
алмайсың ба?
– Әй, мана сотыбимен айтып еді,
бармайсың ба?..
Сөздің көбі бүгін осы,
Әй, сотыби-ай, сотыби, өзгені қойып,
Менің де үш жастағы Мәйкөшімнің досы.
Сынған сотка қолында, әкесімен,
шешесімен,
Бір сөйлесіп алғанша, тағаты жоқ оның да.
Е, ол бала ғой, балаға бәрі қызық,
Ал енді сотыби дегенде үлкендердің де,
Кететіні бар арқасы қызып.
Оларға бәрібір,
Жаназаның үстінде ме, театрдың ішінде ме,
Шыдай алмай ескерткен,
«Сөйлемеңіздер» деген сөз күшінде ме?!.
Сөйлей береді, төпелеп өрлей береді.
Сол үшін ұяттан мына бар ғой,
Сіз өлдіңіз, мен өлдім.
Қайсыбірін айтайын,
басында тұрып көрдің,
Соткамен ауыз жаппаған имамды
да көрдім…
Сондықтан жаным, сотка,
саған бір өтініш,
Мұндайда тына қалшы,
Иеңе қай жерде де тоқтау
жоғын ұға қалшы.
Сонда бәлкім, сотка менікі, тіл менікі деп,
Әдепті білмейтіндер сәл ығатын шығар.
Әйтпесе, соткасы бар, ал
шыдамы жоқтар,
Төбемізге біржола шығатын шығар!.. 

Ипотека 

– Ипотека дегенді бұрын біліп пе едің?
– Білмегем, ол түгілі, оның әкесіндей,
Сөзді де құлағыма ілмегем…
– Қазір қалай, білесің бе?
– Білемін!
Құдай маған қайдан үйір қылды деп жүремін.
– Осы жуырда өзін мақтап, то есть боқтап,
Жіберіпсің ғой, шын ба?..
– Ең алдымен, тыңда.
Ауырдым, ауырған соң белгілі,
Аурухана төсегінен табылдым.
Сөйтіп, онсыз да аз-мұз айлықтың,
Жартысынан қағылдым.
Әрине, үйдегі жеңгең ептейді,
Бірақ былай тартсаң, былай,
Олай тартсаң, олай жетпейді.
Осындай бір кері заман ғой,
Жә, оқасы жоқ, мал-жан аман ғой.
Содан әлгі банкке біразырақ кешігіп,
Ауырғаным бар, жіберер деп кешіріп.
Барсам, қай-да-ан, көп қабатты
үйлердей,
Сомасын қойған өсіріп.
Олай айттым, былай айттым,
тыңдамайды.
Бюллетенімді көрсеттім, ұнамайды.
Қанша жерден жалынып-жалпай,
Білетұғын қулар ғой, тек «давайды»…
Сонда да боқтамауын боқтамадым,
Бірақ біразға дейін ашу қысып,
тоқтамадым…
Е-е, басқа түскен біледі,
Осылай банк дегенің қатырып тұр сілені.
Жұғысып кетсең,
мойныңа бір-бір қамыт іледі.
Алмасаң үй жоқ, алсаң, күй жоқ,
Мұным қашан бітеді?!.
– Енді не істемексің?
– Не істеймін? Төлеймін.
Жиырма жылға үкімін ипотека шығарған,
Сол баяғы шыр бітпес,
культурный кедеймін… 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір