БҰЗАУТІС
15.08.2022
577
0

«ТОСТ ЖІБЕРГЕМ», – ДЕЙДІ!

Қалада тұратын Қаспақ ауылдан келген құ рдасы Қисықпен көр-жөрді әңгімелеп отыр.
– Мен өткенде саған пост жібергем. Көрдің бе, – деді Қаспақ.
– Немене, немене? – деді құлағының аздап мүкісі бар Қисық. – Тост жібергем дейді. Тост жібергені несі! Тосты жіберетін бе еді! Мен сенен тост сұрадым ба?
– Ау, Қисық , тост емес, пост жібергем деймін, пост.
– Посы несі! Бұл не, посылка деген сөздің қысқарған түрі ме?
– Атаңның басы! Қайдағы посылканы айтып отырсың? Қазір мен сенің телефоныңа «бірдеңе» жазып жіберсем, яғни менің жазған сөзімді, жазбамды, «өсек-аяңымды» пост дейді.
– Ау, оны ойымды, пікірімді, лебізімді жазып жібердім деп қазақша жазуға болмай ма, «тост жібердім» дегенше.
– Тост емес деймін, қашанғы айтамын. Пост, пост, пост. Бұл ағылшын сөзі, оны қазақша жазуға болмайды. Қазір бәрі де пост деп жазады. Қаптап жүрген пост. Өзің хайп жасамасаң жүре алмайсың — ау.
– Немене?! – деп Қисықтың көзі ақиланып кетті. Кайф жасамасаң жүре алмайсың дейді! Немене, мені кайф жасап жүретін алқаш деп пе едің? Қашан көріп едің кайф жасағанымды.
– Ау, Қисеке, кайф емес, хайп, хайп, хайп! Қане, қайталап айтып көрші.
– Білгішсінбе! Бұл ешқандай да хайп емес. Бұл – «хайл» деген немістің сөзі. Хайл, хайл, хайл! Хайл, Гитлер! дегенді естімеп пе едің? Сөзді бұзбай сөйле.
– Қап, мынау Қисық құртты-ау, – деп Қаспақ күйгелектеніп кетті. – Әй, әумесер, хайлың не сенің? Хайл емес, хайп, хайп, хайп! Бұл да – ағылшын сөзі. Шулату, дүрліктіру, айқай-шу тудыру деген мағынаны білдіреді. Мысалы, сен қатыныңның «қорлық-зорлығына» шыдай алмай, «митингіге» шықсаң, әнеки, Қисық хайп жасады дейді. Өйткені митингіге саған еріп, өзің сияқты «қорлықта жүрген» басқа еркектер де шығады. Бәрің шулайсың, жұртты дүрліктіресің. Соны хайп дейді.
– Сонда мұны қазақша айтуға болмай ма?
– Болмайды, – деді Қаспақ. Ақпарат құралдарын «ақтарып» көрші. Көретінің де, еститінің де хайп. Қаптаған хайп. Біз орыс болдық. Бірақ «ақыл кірмеді». Орыстан «көңіл қалды». Енді «ақыл кіретін шығар» деп, ағылшын болып жатырмыз.
– Қаспақ, сен олай сандалма! – деді Қисық. Қазақтан артық ақылды халық жоқ. Қазақ керемет халық!
– Сен олай фейк сөйлеме.
– Мен кейіп сөйлеп тұрған жоқпын, – деді Қисық. Неменеге кейіп сөйлеймін? Шындықты айтып тұрмын.
– О, Құдай, – деді Қаспақ күйгелектеніп. Мен саған кейіп деген жоқпын ғой. Фейк деп тұрмын ғой.
– Жейік дейді! Нені жейік деп тұрсың?
– Атаңның басын, – деп Қаспақ айқай салды. Әй, таскерең, мен саған жейік дедім бе? Фейк деп тұрған жоқпын ба? Фейк, фейк, фейк! Бұл да ағылшын сөзі. Қазір орыс та, қазақ та осылай сөйлейтін болды.
– Е, орыстың аузы қалай қисайса, қазақтікі де солай қисаятын әдеті ғой. Өзбек те осылай сөйлей ме?
– Оны білмедім. Өзбек деген діні мен тіліне берік халық қой. Қазақ сияқты далақтап, жалпылдай бермейді.
– Сонда әлгі жейік деген сөзің қандай ұғымды білдіреді?
– О, жеуде басың қалғыр. Мен саған жейік дедім бе? Фейк деп тұрған жоқпын ба? Фейк, фейк, фейк. Бұл жалған, өтірік деген ұғымды білдіреді. Фейк сөйлеме дегенім, өтірік сөйлеме дегенім. Енді «қауашағыңа» бірдеңе жетті ме?
– Сонда мұны қазақша айтуға болмай ма?
– Сен немене-ей, қазақша, қазақша деп қақылдап қалдың. Қазақты қайтесің? Біз ағылшын болып жатқан жоқпыз ба?.. Қара, көр, тыңда. «Айналаңның» бәрі қаптаған фейк. «Скоро» итімізге дейін ағылшынша үретін болады. Сонда ақылды боламыз.
– Ғажап екен, – деді Қисық. Әсіресе, ағылшынша сөйлесе, ақыл кіретіні ғажап екен. Енді қазақтан ақылды халық болмайтын шығар.
– Лух шин инка китау муска, – деді Қаспақ.
– Астапыралла! – деді Қисық. Тағы не оттап тұрсың?
– Мен «қытайша» сөйлеп тұрған жоқпын ба? Қытай тілін үйреніңдер деп жатыр ғой. Сонда экономикамыз «аспандап», байитын көрінеміз.
– Апыр-ай, ә! – деді Қисық . Байитын боламыз дейсің бе? Біз өзі қазақша сөйлеп, «ит» болған екенбіз ғой. Не қылған қырсық тіл бұл!
– «Ақылдың кірмейтіні» де, «экономиканың өспейтіні» де қазақша сөйлегендіктен екен. Осыны «түсінген» биліктегілер «коммунизмге, яғни «жұмаққа» орыс тілі жеткізеді» деген Хрущевтің баяғы «көл-көсір» ақылын басшылыққа алып, күні бүгінге дейін «сайрап» жүргенімен, бұл тіл де көгертпеді, «қайыршы қылды», «ақымақ болдық». Ендігі біздің ұлы мақсатымыз – «ақыл кіргізетін» «сиқырлы» ағылшын тілі мен «көл-көсір байытатын» қытай тілін үйрену.
– Ғажап!
– Ли хуа мин сими хуан микл шикл кутуан жухи, – деп айқай салды Қаспақ.
«Мына пәле қытайшаны қалай үйреніп алған? Шамасы, ел-жұрттан бұрын байып алғысы келіп жүр-ау», – деп ойлады Қисық. Байи ғой, байи ғой.

ЕСТИТІН МЕН ЕСТІМЕЙТІН ҚҰЛАҚТАР

Министр Көкірек Кеудебаевтың алдындағы телефон шырылдай жөнелді.
– Алло, – деді ар жақтағы дауыс, – бұл еститін үкіметтің еститін министрі ме екен?
– Иә, тыңдап тұрмын, өзіңіз кім боласыз?
– Мен шалғайдағы көгермегір Көктемес деген ауылдың арыз-шағым жазумен атағы шыққан Қисық Түзелмесұлы деген пендесімін.
– Иә, Қисеке, не айтайын деп едіңіз?
– Айтқанда енді мәселе былай ғой. Біздің «алжып» кеткен ауылымыздың қырық жыл бойы жөндеу көрмей «қартайған» мектебінің «қабырғалары майы­сып», құлағалы тұр.
– Оны неғыл дейсіз?
– Неғыл дейсізіңіз не? Жөндеуге көмектеспейсіздер ме?
– Ау, Қисеке, оны алдымен жергілікті биліктегілерге, аудан басшыларына айтпайсыздар ма?
– Айттық қой, айттық. Бірақ аудан әкімінің құлағы естімейді екен.
– Естімегені қалай?
– Бұл кісі бұрын әкім болмай тұрғанда керемет саққұлақ болыпты. Әкім болғаннан кейін бүкіл мінез-құлқы өзгеріп, мінез-құлқымен бірге құлағы да өзгеріп шыға келіпті.
– Құлағы өзгергені қалай?
– Енді «иесіне» тартып, «оған» да «кеу­де» біткен ғой. «Анау-мынау», «кәкір-шүкір» адамдар мұң-мұқтажын айта бастаса, бітеліп қалады екен.
– Астапыралла, не дейт! Сонда екі құлағы да бітеліп қала ма екен?
– Екі құлағы да. Мүлде естімей қалатын көрінеді.
– Дәрігерге қаралмап па?
– Оның құлағына ешқандай дәрігердің де, дәрі-дәрмектің «әлі» жетпейтін көрінеді. Тек «Жылы-жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады» дегендей, ол әкімнің құлағы да мақтау сөздер естісе «ыржиып», арыз-шағым, сын-мін естісе «тыржиып», бітеліп қалады екен.
– Жарайды, құрысын. Аудан әкімі естімейді екен. Енді еститін облыс басшылары бар емес пе? Арызыңызды соларға айтпадыңыз ба?
– Айттым ғой, айттым. Облыс әкімінің орынбасарлары әкім болуды көксейді екен, бірақ ешқандай мәселе шешпейді екен. Ал әкімнің бір құлағы ғана естіп, екінші құлағы естімейтін көрінеді.
– Екінші құлағына не болыпты?
– Айтсам, сенбейсіз ғой. Өзім де сенер-сенбесімді білмедім.
– Айта бер енді.
– Айтсам, былай. Әкімнің екі құлағының «мінезі» екі түрлі болған екен.
– Немене?! Мінезі дейді. Құлақта мінез бола ма?
– Болады екен ғой, болады екен. Әкімнің оң құлағы «иесіне» тартып, тек мақтағанды ғана еститін бет қаратпайтын «автократ» болса, сол құлағы тек шындықты ғана еститін «демократ» болыпты. Яғни оң құлағына сол құлағы оппозиция болған.
– Немене болған дейді?
– Оппозиция деймін, оппозиция.
– Ау, Қисық Түзелмесұлы, сіз осы құлақ «мәселесін» зерттеп жүрген ғалым емессіз бе?
– Мынау биліктегі шындықты естігісі келмейтін шенеуніктердің «құлақ мәселесі» зерттеуіме итермелеп тұр. Бұл бүкіл еліміз үшін үлкен проблема, өте өткір мәселеге айналды. «Естімейтін құлақтарды қалай естіртеміз»? Осы тақырыпта докторлық диссертация қорғау ойымда бар.
– Ойыңыз керемет екен. Жарайды, содан не болды? Әкімнің «демократ» құлағы арызыңызды естіді ме?
– Қайдан естісін. Автократ пен демократтың басы бір қазанға сыя ма? Мақтаудан әбден есірген автократ құлақ бірте-бірте «диктаторға» айналып, демократ «байғұсты» қуғынға ұшыратып, құлағында «найзағай ойнатып», саңырау қылып тастапты.
– Не қылып тастапты дейді?
– Саңырау қылып тастапты деймін, саңырау қылып. Министр мырза, сіздің де құлағыңыз «тұмауратып» жүр ғой деймін. Менің пайымдауымша, сіздің құлағыңыз шала-шарпы еститін құлақ. Құлақтың мұндай да түрі бар. Абай атамыз: «Көңілсіз құлақ – ойға олақ» деп жазған жоқ па. Сіздің құлағыңыздың да «настроениясы» жоқ. Көңілсіз. Бір сөзді естіп, бір сөзді естімейді. Өйткені жүрдім-бардым тыңдайды. «Алаңғасарлау» сияқты. Бірақ қорықпаңыз, мұндай құлақ жалғыз сізде ғана емес, жетеді. Сондықтан да бізде өзекті де өткір мәселелер дұрыс шешілмейді. Соның бір мысалы біздің құлағалы тұрған мектеп. «Байғұс» мектеп шенеуніктері саңырау елде «туғанына» «өкінетін көрінеді». Ендігі мәселе сізге тіреліп тұр. Не дейміз ел-жұртқа? Бірдеңе шешесіз бе?
– Немене, «бірдеңе ішесіз бе?» дейді?
– Иә, ішесіз бе деймін. Біздің ауылға келіп, «ауру» мектебіміздің «денсаулығы» үшін қатырып тұрып тост көтеріңіз. Құлағыңыз саңырау болса да, аузыңыз дуалы шығар. Көзі тірі министрді «көрген» «ауру» мектебіміз қуанғаннан мүмкін «аяғынан тік тұрып кетер».
– Немене?
– Өй, немененің астында қалғыр, қу саңырау.

 

 

Дамир
ӘБІШЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір