Бұзаутіс
26.09.2022
309
0

Құрманбек
ӘСКЕРМАНҰЛЫ

ТОҚАЛ БАСЫН ТОЗДЫРДЫ

Ағалардың бар ойы –
Жас тоқалдың болғаны.
Жас тоқалдың бар ойы –
Ағалардың доллары.
Бәйбішесі жол бермей,
Орта жолда сорлады.
Көбісінің осылай,
Жетпей-ақ жүр қолдары.

 

Айтып едік тоқалды,
Тағы бірі от алды.
– Бала санын көбейтіп,
Көркейтейік Отанды.

– Отбасымды шоу қылсам,
Кір-қоңымды жуғызсам,
Топырлатып тоқалға,
Тоғыз бала тудырсам, –
деп бір ағам көсілді.
Көсілді де шешілді,
Шығарды да шешімді,
Демографияны дамытып,
Халық санын өсірді.
Мен де қағып қоямын,
Өз әлімше төсімді.
Басын сұғып былыққа,
Ілінер деп құрыққа,
Барып жүрген клубқа,
Бір сылқымды тауып ап,
Ертіп кетіп курортқа,
Түсіп кетті бір «отқа».

Ертіп барып Дубайға,
Аунап жатып қунай ма?..
Тоқалымен қыдырып,
Бой үйренді мұндайға.

Іздегені тап болды.
Тоқал басқа «бақ» болды.
Жиғанының жартысын
Бір-ақ жылда ап болды.
Күннен-күнге алыстап,
Қатын-бала жат болды.

Жас тоқалдың арманы –
Ағалардың карманы.
Карман түгіл ақыры,
Қолына өтті бар малы.

Сөйтіп ойын оздырды,
Қолтықтап ап қоздырды.
Массаж жасап бетіне,
Аяқ-қолын создырды.
Туып бермей бір бала,
Тоқал басын тоздырды.

ӘУЕЛІ БАЮ КЕРЕК

Еліңе еткен еңбегің бар ма бағалар,
Атағың таудай, ағалар?
Депутат деген мандатың,
Сонымен ғана қалды атың.
Отырып алып мінбеде
Істейтініңді істейсің.
Күштейтініңді күштейсің.
Қара халықтың қамы үшін,
Қырылып дауға түспейсің.
Алдыға шықпай жұлқынып,
Отыра бересің галстугіңе қылқынып.
Жегенің көп қой, мойның отыр бұрғызбай,
Қамыр қарның тұрғызбай.
Ойнап отырсың шұқылап оны-мұныңды,
Ойлап отырсың қызыңды,
Ойлап отырсың ұлыңды,
Кемшілік демейміз мұныңды.
Ойламайсың, әй, елдеріңді,
Ойлай бер әйелдеріңді.
Топлыйың да әдемі,
костюмің қандай келіскен,
Рең-басыңнан көрініп тұрады, жеп-ішкен.
Халық та ойлайды деп іштен,
Шықпаса да дүркіреп, елге жақсы атың,
Орындала берсін мақсатың!
Әуелі сізге жақсылап баю керек қой,
Сонан соң таю керек қой.

Мырзабай
ТІЛЕУБЕРГЕНОВ

ЕРСІ

Түсіндіріп өз ойын көпке бөтен,
Бір бизнесмен пәлсапашы өткен екен.
Модадан да шет қалмай араласып,
Бір жаңалық енгізіп кеткен екен.

Айтуынша, кіндігіміз кесілген біз,
Кесілген соң киім киіп, шешінгенбіз.
Ес білмес ек тіземенен еңбектемей,
Есейсек те көп нәрсені кеш білгенбіз.

Екеуі де өте-мөте киелі екен,
Жауып жүрсек, мүшеге ауыр тиеді екен.
Пәлсапашы сүндетке отырмаған,
Болмаса жұрт көресіні көреді екен.

Біреулерге бәрін жауып жүрген ерсі,
Біреулерге бетті ашып жүрген ерсі.
Барлығы дұрыс санар өзінікін,
Мен де жазған шығармын-ау мүлдем ерсі.

ЖАРНАМА

(Қыз-келіншектерге)

Жаныңды қинап,
Тірнектеп жинап,
Арттырған ақшаң,
Тырнаққа тұрмақ.

Демеңдер қымбат,
Сапалы тырнақ.
Сыналған тырнап,
Батыстық тырнақ.

Әртүрлі түсі,
Алмаздан ұшы.
Маусымға қарай,
Жазғы һәм қысқы.

Тырнақсыз қысқан,
Ақшаң да – дұшпан.
Сынбайтын тырнақ
Алыңдар мыстан.

Бар және бірақ,
Қытайлық тырнақ,
Арзандау жасалған,
Еуродан ұрлап.
Еркіндік заман,
Модадан қалман.
Ресейлік тағы бар,
Санкциядан аман.

Көркісіз елдің,
Әйелдер, келің,
Он тырнақ алсаң,
Он бірінші тегін.

Әртүрлі түсі,
Айбынар кісі.
Айбынып қоймай,
Басылар мысы.

Таптырмас сауға,
Қалдырған таңба,
Сыналған тырнақ,
Өрмелеп тауға.

Көз жауын алар,
Өтімді тауар.
Қасыған жердің
Айызы қанар.
Хамелеондай дөңіп,
Қосады көрік,
Болады және
Төлеуге бөліп.

Бағалар ұшқан,
Заман ғой қысқан,
Мысықсыз-ақ үйден,
Қашады тышқан.

Береміз алда,
Бартерге малға,
Тырыссын әйелдер,
Намыс пен арға.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір