Бұзаутіс
Белгілі сатирик Меңдібай Әбілұлының Әулиеатадағы «Тараз принтер» баспасынан «Қотыр ешкінің күші» атты әзіл-сықақ, мысал әңгімелер жинағы жарық көрді. Сол кітапқа енген бірер «көпжасағырларын» «Қонақкәде» ретінде ұсынып отырмыз. «Теңіздің дәмі – тамшысынан…» демекші, «татып» көріңіздер.
АСАБАНЫҢ «ӘЛЕГІ»
– Мына той басқаратын асабаларға тыйым салатын құзырлы орындар бар ма, жоқ па? Той десе көзі жайнап шығатын, микропонын жанына байлап шығатын, «жыны» бетіне «қайнап» шығатын асабалар көбейіп кетті, көбейіп кетті, – дейді тойдан қайтқан, қаны төбесіне шапшып шыққан Жылқыбек қария жол салуға пайдалануға қой тастарды өңешіне салып жіберіп, қышырлатып майдалап жатқан қытай компанияларының тракторларындай тісін шықыр-шықыр «қайрап».
– Қойсаңшы ақыра бермей, – дейді кемпірі асабаға жынданған шалының шапанының шалғайына жармасып. – Бетімен кеткен той басқарғыштарды жөнге саламын деп ширатылма. Жасың жетпістің алтауына келді, өзің «ширатылып» қаларсың. Ол не «бүлдіріп» еді? – деді кемпірі қамшысын жоғары көтерген «жынды» шалынан қорғанып, жалтара қашып.
– Залдың жарығын өшіріп тастап, қаракөлеңкеде, отшашудың астында қалыңдыққа асаба сұрақ қойды…
– Не деп?
– Күйеуіңнің көзіне шөп салмайсың ба?.. – деп.
– О, тұқымы толыққыр, – дейді кемпірі шалының басынан сипап, иегі кемсеңдей күліп. – Бәсе, шалым бекер күйінбесе керек. Қазағымның салт-дәстүрлеріне дақ түсірмеймін деп жүріп, өзің «шалынып» қалмасаң болар. Мұндайдың бәріне жүрегіңді ауырта берме.
– Жо-жоқ! – деді шалы. – Күйеу балаға «Той өткен соң сразы тоқал аласың ба?» – дейді.
– Ол жауап берді ме?
– Байғұс жігіт: «жоқ, «мүйіздісі» де жетер, тоқалдан аулақ», – деп жауап берді.
– Бір жағынан күйеу баланың «тоқалдан» дәметпеуін талап еткен шығар.
– Сен асабаның жетесіз сұрақтарын қостап тұрсың ба?
– Қостағаны несі, ұялғанымнан далбасалағаным ғой. Тағы не деді?
– Түнде шаршап ұйықтап қалып, келіншегіңді ренжітпейсің бе? – дейді бетсіз.
– Расында ақымақ асаба екен. Қазіргі жастар ақы берсең де ұйықтамайды ғой. Күйеу бала не деді?
– «Әр шаруадан» соң тып-тыныш ұйықтау керек. Ата-бабаларымыз күндіз де ұйықтай берген. Соған шыдамаған бір ақын: «Оян, қазақ!» деп ұран тастаған!» – деді.
– Жау іргеге келгенде ғана атойлайтын халықпыз ғой! «Шаруасын» тындырса, ұйықтай берсін, – дейді кемпірі кеңкілдеп күліп.
– Тыңда сен. Енді қалыңдықты мазалады ғой. Күйеуің вахтаға жұмысқа кеткенде, кешке қарай қыдырып кетпейсің бе? – дейді. Қалыңдық түгілі мен ұялып кеттім.
– Қалыңдық не деді?
– Қыдыру дегенді білмеймін, – деді беті қызарақтап.
– Қалыңдықтың шешесі болды ма, ол үндемеді ме?
– Болды, отырды қызының жауабына риза болып, қол шапалақтап.
– Ары қарай не болды? – дейді кемпірі қызықтай сұрап.
Осы кезде шалдың бет-ауызы күңгірттене қалды. Төмен қарап біраз отырды да:
– Масқара болды. Күйеу баладан: «Мына қалыңдығың алғашқы махаббатың ба, әлде бұрын басқа қызбен жүріп пе едің?» – деді.
– О, жүгенсіз! – деді кемпірі шалының шалғайынан қысымдап ұстап. – Қандай жауап алды?
– «Жұмысқа» бармын, «жүріске» жоқпын, – деді.
– Дұрыс болған…
– Асаба қалыңдыққа тағы да: «Сенің алғашқы махаббатың ба?» – деді.
– Жас келінді әбден «жұлмалаған» екен, – деп кемпірі отыра кетті.
– Осы жерден трагедия басталды! Дәл осы кезде қалыңдықтың шешесі орнынан атып тұрды! Келін: «Бірінші махаббатымнан ажырасқамын, бұл – екінші махаббатым» – деді, төмен қарап.
– Ой-бу-у-у-у-уу! Қап, әттеген-ай!.. Күйеу бала онысын біле ме екен?
– Білмейді екен! Менің «трагедия» деп тұрғаным осы ғой! Күйеу баланың дос-жарандары отырған оң жағымдағы үстелге қарасам, бәрі у-шу болып айқайласып, ысқырысып, қол соғып жатыр. Келінге қарасам, екі көзінен аққан мөп-мөлдір жасы электр шамымен шағылысып, моншақтап тұр екен…
– О, желім құрт, асаба! – деп күйінді кемпірі.
Енді Жылқыбек шал ішек-сілесі қатып күле жөнелді.
– Неменеңе мәз бола қалдың? – деді кемпірі.
– Асаба екі жігітті ортаға шақырды. «Он секөнт уақыт беремін. Екеуің де шалбарларыңды шешіп, қайта киесіңдер» деді.Асабаның берген белгісімен екі бала шалбарларын шешіп, киюге кірісті. Біреуінің шалбарының ішінде іш киімі жоқ екен, жарқ ете қалды!
– Не жарқ ете қалды? – дейді кемпірі аңқаусып.
– Түрсиі жоқ шалбар шешілгенде не жарқ ете қалушы еді?! – деп шал жерге жатып алып күлді.
– Ой-бу-у-у-у-у…– деді кемпірі бетін басып. – Қызықтың бәрі тойда екен ғой. Келесі тойға мен де барамын.
ТҮЙЕ ШЫҒАРАТЫН ЗАУЫТ
Балтай досы Малтайға қоңырау шалып тұр:
– Алло… Сүйінші!..
– Ненің сүйіншісі? Бәйбішең бе, тоқалың ба, қайсысы ұл тапқан? – дейді Малтай қарқылдап күліп.
– Қуанышың қойныңа сыймай тұр ғой…
– Әзірше олар құлыптаулы. Осы қазекем депутат сайлағанда шатаспайды, халықтың мүддесін иығымен көтеретіндерді таңдайды ғой. «Елім үшін» деп жанып тұратын, жаман менен жақсыны «танып» тұратын, жемқорлардың аяғынан «шалып» тұратын, баяндама жасағанда өтірікті-өтірікке қосып, «ағып» тұратындарды ыңғайлайды. Сол «жанып» тұратын депутатымыздың бірі жаңалық ашты!
– Сені таң қалдыратындай не жаңалық екен?
– Біздің сайлаған депутатымыз сені мен мені қойып, ,дүниежүзін таңдандыратын жаңалық ашты.
– Еліктіріп, желіктіре бермей, айтсаңшы.
– Депутатымыз түйе шығаратын зауыт құрды!
– А-а..? – Малтай таңырқап қалды. – Түйе шығаратын зауыт дейсің бе? Астапыралла! Түйені де зауыттан жасап шығара беруге болады екен-ау, ә!
– Иә, түйе шығаратын зауыт!
– О… о… Енді әп-әдемі боталарды зауыттың алдынан жетектеп әкете беретін болдық қой. Ол депутатқа рақмет! Оны қайдан, қашан естідің?
– Мәжілісте депутаттың өзі айтты!
– Мә-ә-ә-әәә… Мынауың расында керемет жаңалық екен!
– Депутаттың өз аузынан естідім! Бірақ депутаттың тілі күрмеліп, әрең айтты.
– Тапқан жаңалығына мастанып тұрған ғой.
Екеуі де «қуаныштарына» қарқылдап ұзақ күлді.
– Әдетте жаңа зауыттар бірде істеп, бірде тоқтап қалып жатушы еді, –деді Малтай жөткірініп алып. – Бұл да сөйтіп жабылып қалмаса болар.
– Тоқтамайды! Неге тоқтайды? – деді Балтай айғайлап. – Жамандыққа жорыма!
– Маңғыстауда мұнай қалдықтары ашық ауада жатқандықтан түйелер іш тастап жатыр дейді. Бұл енді инкубатор-зауыт ретінде өте төзімді боталар шығаратын болар?
– Әрине, зауыт болған соң шыңдап шығарады ғой. – Балтай іркіліп қалды.
– Иә, үлкейіп, түйе болған соң, боталайтын шығар, – дейді Малтай.
– Оны түйе зауытын құрған депутаттан сұрау керек. – Бұл Балтайдың жалтарма жауабы.
– Ә… ә… – деді Малтай. – Бұл жабылып қалатын зауыт болды ғой…
– Жоқ, олай жаман ойлама! Енді әлемнің ғалымдары назарын Қазақстандағы түйе зауытына аударатын болады.
– Дұрыс қой… Мәселен, инкубатордан алдымен шөжелер шығады, шөжелер үлкейіп тауық болады. Тауық жұмыртқа табады… Ал мына зауыттан бота шыға ма, түйе шыға ма? – Бұл – Малтайдың сұрағы.
– Түйе шығады. – Кесімді жауап.
– Зауыттан алдымен түйе шығады, олар сонан соң боталайды. Солай ма?
Балтай іркіліп қалды.
– Ол депутаттың құрғаны түйе зауыты емес, түйе фермасы болды ғой… – деп Малтай тағы ішек-сілесі қата күлді.
Балтай діңкесі құрығандай отырып қалды…