БҰЗАУТІС
ӨНЕР-БІЛІМ ЖОҚ
ҚЫРТТАР
Өнер-білім жоқ қырттар,
«Қызыққа» елді қалғызды.
«Туғаныңа үйлен», – деп,
Талайды естен танғызды.
Жұмыр жерді жалпақ деп,
Картопты да «жарғызды».
Жайша жүрген байғұсты,
У-ды құйып миына
Сирияға барғызды.
Салмақ салып бюджетке
«Жусанменен» алғызды.
Қос-қостап қатын некелеп,
Ұнамаса шетінен,
Талақ қыла салғызды.
Ертегі соқты шалықтай,
Жұмақты кезді жалықпай.
Хор қызын түстеп, сипаттап,
Санады санын анықтай.
Құлқуалланы бір айтса,
Каспиіне миллиондап,
Қаражат түсе қалыпты-ай.
Садақа жинап жағалай,
Теспей де сорды халықты-ай,
Джип мініп,
коттедж салдырып,
Тіршілік кешті қамықпай.
Сөзіне жұртты игізді,
Хиджаптан киім кигізді.
Жалбыратып сақалды,
Балақты қысқа қиғызды.
Еңбектен келер табысты,
Садақадан жиғызды.
Домбыраны харам деп,
Дәстүр-салтты тиғызды.
Аты олардың білінбес,
Соцсетке кіріп ап,
Ұрсып, жекіп «жарыспай».
Қаулап тағы көбейді,
Иекке шыққан сақалдай,
Көлге біткен қамыстай.
Ата жолдан тайдырып,
Аруақпен алысты-ай.
«Ақырет тілі араб» деп,
Қақсады жағы қарыспай.
Біз наданды сыйладық,
Болғасын сәлде, сақалды.
Білім – өмір кілті деп,
Ескермедік мақалды.
Мен болмасам сен барсың,
Дінкешпен күрес достарым,
Сендерге бердім батамды.
Жантық пен Тантық
Жантық пен Тантықтың жатарға төсегі бөлек демесең, айтарға өсегі де, киетін киім-кешегі де, қыртқаны мен құртқаны, жұтқаны мен ұққаны да ұқсас. Мінез-құлқы есектің екі құлағындай егіз, екеуі де тоқ қаздың бөтегесіндей бұлтиған семіз. Бар айырмасы беттерінде: бірінің жүзі бөдененің жұмыртқасындай безеу-безеу болса, екіншінің әлпеті – сары май салынған қарындай сазара жылтырып тұрады. Сосын бір «сәл-пәл» өзгерек жері Жантық – сақаулау, Тантық – мақаулау. Әрқайсысы әлденеше парақша ашып алған әлеуметтік желінің «әйдігі». Жұртқа көрсететін сықпыты болмаса да, ұлтқа тигізер бықпырты көп бұқпаның ішіндегі ең «белсенділері». Тасадан тұрып тас атуға келгенде, жауды жайратқан Төлеген Тоқтаровтан бетер. Адамды айыптаудан алдына жан салмайды.
Жантық – өзінің шұбар боп туғанын әкесі мен шешесінен емес, Басқадан көреді. Тантық шалбары сыймай шартиып, бетінің іреп алынған ісектің бітеу құйрығындай жалпиып, салпиып қалғанын Қасқадан көреді.
Жантық – жұмысынан қате кетсе, сөгіс алып, жұбайынан жапа шексе, «гендерлік саясаттан» деп боқтайды.
Тантық – жемсауы толмай қалса, тамаққа тоймай қалса «тендерлік саясаттан» деп оттайды.
Жантық – жел оңнан соқпаған күні Құдайды, солдан соқпаған күні Ығайды жазғырады.
Тантық – асқазаны ауырған күні Бас Дәрігерді сықпыртады, басқа жағы ауырған күні Жас Дәрігерді «ықтыртады».
Жантық – жақсылардың атағы бар деп қырын қабақ.
Тантық – «бақсылардың» «сақалы бар» деп ырылдамақ.
Жантық – жылп-жылт «нетіп…» «тесіктен тесікке» сыймай жүр.
Тантық – ырқ-ырқ етіп, есіктен есікке сыймай жүр.
Жантық – кейде көріп үреді, кейде еріп үреді.
Тантық – екі бұтын керіп жүреді, елдің теріс мінін теріп жүреді.
Жантық – «алтын арқалап, жантақ шайнаған нармын» деп «ойнайды».
Тантық – «халқым алқалап, ортақ «сайлаған» «ханмын» деп ойлайды.
Жантық – жұртты «ақымақ» көреді, «ақымақтарға» ақыл айтып «аһылап» сөгеді.
Тантық – ұлтты «батырақ» көреді, «батырақтарға» «батыра айтып» «бақылап» көреді.
Жантық – «сауатты, жауапты» көрінуден үмітті.
Тантық – «сауапты, қауақты» көрінем деп діңкесін құрытты.
Жантық – біреудің ақшасын есептеп ермек етеді.
Тантық – біреудің бақшасын өсектеп ермек етеді.
P.S.
«Бүкірді көр түзейді» деген, бұл екеуі осылай көрге кетеді.
БҮГІНГІНІҢ «ДІНКЕШІ»
Кәлима, төрт-бес дұға жаттағаны,
Бес мезгіл дәрет алып «баптанады».
Құдайға «ширк» қосып қоймау үшін,
Бабасын еске алудан сақтанады.
Беташар, сәлем салу, бәрі «күнә»
Халықтық дәстүр-салтқа сақ қарады.
Сипаты – қауға сақал, қысқа балақ,
Тілі де шұбар ала боп барады.
«Кім намаз оқымаса сол кәпір» деп,
Тозақта етіңді жүр қақтағалы.
Жұмақтың завхозындай шіренгенде
Үзеңгісі үзілуге шақ қалады.
Тегін жем мама қаздай маймаңдатқан,
Япырмау, бұлар кімнің бақпалары?
Заманауи жаңылтпаш
Абат арабтанғалы,
Қанат та қарап қалмады,
Қанаттан Марат қалмады
Абат, Қанат, Марат
«Жәннат» деп Жанатты арбады.
Абат, Қанат, Марат, Жанат сәлафтанғалы, арабтанғалы,
Шолтимаған балақ қалмады.
Кел, балалар, көкілік!
Бір күн, әйда, жиылып,
Кел, балалар, көкілік.
Көкігенде өтірік,
Кетсін езу көпіріп.
Посттың болар лайыгы,
Оттай берсең жобалап,
Хайптың бар кәйібі,
Сезбей кетсең обал-ақ.
Хайп – шаптап әр итті,
«Шоқуменен» табылған.
Малта қып дін, тарихты,
Көкуменен табылған.
Көкісеңіз балалар,
Алдан шырақ жағылар.
Депутаттық мансап та,
Іздемей-ақ табылар.
«Әлпештеген» аппарат,
Жалт таятын күн болар.
Жалт бергенге жалп етіп,
Мал таятын күн болар.
Аппаратың жалтарса,
Тіреу болар бұл көку.
Қолтығына кіруге
Тілеу болар бұл көку.
Кел, ағалар, көкілік,
Көкиміз деп түбінде,
Қалмаңыздар өкініп!
Абылай МАУДАНОВ
Қостанай