БҰЗАУТІС
КЕЗЕКШІ
Өрт сөндіру мекемесі. Түс мезгілі. Кезекші намазын оқып бітіре бере телефон шырылдады.
– Астапралла, астапралла. Кезекші Жалынбаев тыңдап тұр.
Трубканың арғы жағынан ентігіп жылаған баланың дауысы естілді.
– Не дейді? Астапралла, астапралла. Домбыра өртеніп жатыр деймісің? Машалла, машалла. Егер кім де кім домбыраның харам екенін біле тұра оны өшірсе, өзі де тозақ отында жанады, – дейді.
– Ойбай, өртеніп жатыр. Тез жетіңіздер!
– Алло… дом 1 «а» десеңші. Мекен-жайың ба?
– Иә, «Көк темекі».
– Көктемекісі несі? – Аааа… «Көктем-2» десеңші. Қазір жетеміз.
* * *
Құмар ойын дегеніміз – қазақтың футболы сияқты екен.
– Неге?
– Сол. Ұтылған сайын қайта ойнағың келіп тұрады.
– Ж-о-о-қ. Қазақтың тойы сияқты десеңші. Ақша берген сайын барғың келе береді.
НУМЕРОЛОГИЯ
Жасым алпысқа таяп, енді зейнеткерлікке құжат жинай бастағаным сол, аяқ астынан заң өзгеріп, зейнеткерлік жасты үш жылға ұзартып жібергені.
Құрылыста қайбір оңай жұмыс болсын. Бұрынғыдай күш-қуат жоқ, қозғалысың баЯУлап, жұмысқа қабілетің төмендеген сайын, қасыңдағы адамдардан ұялып, өзіңді кінәлі жандай сезіне бастайды екенсің. Қысқасы, үш жыл жаза арқалаған адамның күйін кешіп, күйзеліске түстім. Үкімет пен айтысатын шама жоқ.
Бірде интернетті қарап отырсам, сандарды сөйлететін «Нумеролог» деген маман бар екен. Санға қатысты мәселе болған соң, соған бардым. Нумеролог әкем екеуміздің туған күн, туған жылдарымызды жазып алған соң:
– Әкең баспаханада жұмыс істеген бе? – деп сұрады.
– Иә, сол жерде істеп, зейнеткерлікке шыққан, – дедім таңданысымды жасыра алмай.
– Атың Алпысбай ма?
– Иә.
– Ммм… әкеңіз зейнеткерлікке кетерден бір күн бұрын дүниеге келген екенсіз? – деп біраз үнсіз отырды да, содан соң:
– Сол күні ол екі қуанышты бірге тойлап, газетке «Песня – 63» сөзін «Пенсия – 63» деп қателесіп жазып жіберген екен. Сіздің тағдырыңызға сол сөз әсер етіп тұр, – деді.
Аузым ашылып қалыпты. Жоғарыдағыдай оқиға болғанын бала кезімде әкемнің өз аузынан естіген едім. Әкемнің айыпты емес екендігін білсем де, нумерологқа ризашылығымды білдіріп, ақшасын төледім.
Ойлана келе, басқалар менің әкемнен көріп жүрмесін деп бұл туралы ешкімге жақ ашпағанды жөн көрдім.
Үкімет басындағылардың жолдары болғыш-ақ!
БАЛА ТІЛІ – БАЛ
Санауды енді үйреніп жүрген Марат үйіне жүгіріп кіріп:
– Мама, мама! Үйге сегіз аяқ келе жатыр, – деді қуанып.
Анасы сыртқа шығып қараса, төркіні жағынан төрт кісі келе жатыр екен.
Нағашыларымен ойнау қанға сіңген әдет дерсің.
* * *
Бір жігіт үйленейін деп жүрген қызының суретін әке-шешесіне көрсетіпті. Әкесі суретке қарап отырып:
– Балам, мына қыздың қолының тырнақтары мынадай болса, аяғының тырнақтарынан үйде шалынып жығылатын шығармыз, – деген екен.
ТІЛ
Бір ел көрдім ана тілден күй кеткен,
Тілі барлар екен оны күйреткен.
Тілі жоқты мылқау дейді өздері,
Саусақтарға ана тілді үйреткен.
Мырзабай ТІЛЕУБЕРГЕНОВ