Томбыда Қарқаралының иісі аңқып тұр…
Мәскеуден түн жарымында ұшып шыққан күміс қанат лайнер Ресейдің азиялық бөлігіндегі рухани орталықтарының бірі – Томбы шәріне таңертең қонақтады.
«Ібір-сібір жұрты» деп, аталарымыз тегін айтпаған екен. Сібірлеп атқан таңы сыбырлап айтқан сөзіңдей алысқа естілмейтін. Әлбетте, біздің теңеу сөз ойнату ауылынан болса да, түбінде тегін емесін ішің сезеді. Томсырайып ағып, Том өзені жатты төңірегіне тұманнан тәж кигізіп, оған құятын Ушайканың суы жыланша ирелеңдеп жылжып, ол да өне бойынан бу атып, буырқанбай-ақ булыға бұралаң қағады-дүр. Қош.
Әлқисса, Том қаласына аталарымыздың ізін көрмекке, мұрағаттағы көне қолтаңба-жүзін көрмекке сапарлап келген едік. Алаш қозғалысының қайраткері, ғұлама Әлімхан Ермеков, қазақ ғылымның атасы Қаныш Сәтбаев, Азияның әз ұясына ғұмырын арнаған Григорий Потанин, Ядринцев, қазақ сахарасының аң-құсын түгендеп зерттеген аяулы жазушы-ғалым Максим Зверев, Марков, Казанцев т.б. сынды қалам сертін қазақия, Сиберия жұртында ұстаған ілкі заманғы әріптес аға, ата буын жайлы ізденіс себебімен келген едік.
Дәуірлеген тұсында сол заманғы көзіқарақты қауым «Шығыстың Афинасы» деп атаған бұл шаһарда сонау ХІХ ғасырдан бері, біздің елдің қаншама мықтысы оқыған…
«Еуразия сынды алып құрлықта кездескен екі ұлыстың – Қыпшақ (түркі) һәм Славян тілдері бір кеңістікте ғұмыр кешуге мәжбүр болды. Араласты. Қайда барады құрлықтан кетіп…» – деп Олжас Сүлейменов жазғандай, Тұран мен Сібір кеңістігінде ұшырасып, бірге үзеңгілескен қос ұлыстың әдебиеті де тарихи уақыт құзырымен араласты, ой астарымен бірге тыныстады. Бұл кеңестік отарлау тұсында, тіпті ішінара араласуға, іштесе жақындауға да жол ашты. Қазақ қаламгерлерінің Сібір жазушыларымен әдеби байланысы, ресейлік отарлау дәуіріндегі түркітілдес халықтардың ой-сана, салт-дәстүр, тіпті ата кәсіптерінен айырылуы, отырықшылану үрдісі қалай өрбіді, тағысын-тағы көптеген сауалдарға жауап-деректерді ерте бастан түрлі жазбалардан оқып келгенімізбен, нақты дәлел, сонарлы ізін көріп, ойға дәйек жұптау – мақсатымыз. Қазақстан Жазушылар одағының тапсырмасымен, тиесілі министрліктің құзырымен ұйымдастырылған бұл сапарда ресейлік тараптан елшіліктің Омбы-Томбы төңірегіне жауапты бірінші хатшысы Серікқали Қанатқалиев, аталмыш мекеменің Томбыдағы Халықаралық қатынастар департаментінің қызметкерлері Екатерина Ефремова, Анастасия Мищенко, Томбы Мемлекеттік университеті кітапхана-мұрағаты қолжазба бөлімінің меңгерушісі Кирилл Коневтің көмегі, жанашырлығы арқасында бірқатар құнды қолжазбаларды оқып, сол заман аурасына қиял көшін құлаттық.
Иә, Томбыда Қарқаралының иісі аңқып тұр. Қақталған қарағайдан қиып-қиюластырып салған ағаш үйлерінен де, қына жұтқандай қызыл кірпіштен өрілген патшалық дәуір ғимараттарынан да, Қарқаралының келбеті көрініс берді. Мұрағаттағы құжаттардан да, Шығысты отарлауда алғаш патшалық бекет-бекініс ретінде салған тарихи тағдырынан да ортақ бейне шалынады.
Әдеби байланыстар тақырыбын таңдауымыз да тегін емес. Ресейлік Азиядағы аталас аз ұлыстардың бізбен біраз заманғы тағдыр жолы ортақ, отарлық қамытын киген кезден бері күнге дейін кешкен ой-сана, рух жүлгесі де ортақ. Көшпелі ұлыстардың ана тілі, ата дәстүрінен, жерінен, тегінен айырылуын сонау Ахмет-Мағжан-Жүсіпбек дәуірінде қазақ руханияты бастан өткерсе, қаламына арқау етсе, Сібір жұрты кеңестік кезеңде осы кепті кешті. Біздің ел егемендікке қол жеткерді, Сібір жұрты жұтылып кете барды. Рух кеңістігінен ой жүгіртсек, бұл біздің ұлыс үшін үлкен сабақ, тарихи тәжірибе болары анық. Біздің сапардың мақсаты – осы еді. Томбыдан Арқадағы Қарқаралының өң-келбетін аңдап, ойымыз қиыс тартпағанына көз жеткіздік…
Серік САҒЫНТАЙ,
Қарағанды-Томбы