Жырларымен жылу шашқан жүрекке
14.03.2024
821
0

Киелі Жем-Сағыздың топырағынан түлеген парасатты перзент, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, өжет ойлы ақын Сәбит Баймолдиннің 82 жылдық мерейтойына орай Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №166 лицейдің ұйымдастыруымен «Жырларымен жылу шашқан жүрекке» атты әдеби-сазды танымдық кеш өтті.

Уақыт шежіресінің жаңа беттері парақталған сайын халық мұратын өзгелерден биік санап, туған елінің еншісіне айналған Сәбит Баймолдиннің асқақ поэзиясы оқырманның, жырсүйер қауымның жүрегінен өшпейді. Ақынды еске алу кешіне Сәбит Баймолдиннің қызы, Антон Чехов атындағы қалалық кітапхананың директоры Ләйла Сәбитқызы мен ақпарат саласының ардагері, Мәдениет қайраткері, жазушы Мақсат Дүйісмағанбетов қатысты.
Әкесінің рухына, рухани мұрасына арналған бұл шараның ұйымдастырылуы, ең алдымен, Ләйла Баймолдинаға ерекше әсер қалдырды. «Әкеме арналған бұл іс-шара Алматыда алғаш рет өткелі отыр. Жастық шағынан ел тынысы, Отан, туған жер, тіл тақырыбында қалам тербеген әкем намысшыл, шыншыл, патриот жан болатын. Ақтөбе қаласында да ана тілі үшін күрескен жандардың бірі болды. Есенбай Дүйсенбай, Қажығали Мұханбетқали, Әбу Сәрсенбаев, Бәкір Тәжібаев, Дүкенбай Досжан, Дулат Исабеков сынды жазушылармен жақын араласқан. Әкемнің есімінің әлі күнге дейін лайықты түрде ұлықталмауы жаныма батады», – деп көзіне жас алып, тебірене сөйледі.
Екі бөлімнен тұратын шараның алғашқы кезеңі – ақынның шығармашылығымен сусындау болса, екіншісі – «Сәбит Баймолдин оқулары» байқауына арналды. Байқауға Алатау ауданындағы жалпы білім беретін мектептердің 6-9 сынып оқушылары қатысты. «Сәбит Баймолдин оқулары» байқауы екі бағыт бойынша өткізілді. Атап айтсақ, бірінші бағыт – өжет ойлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу. Әділқазы алқалары әр қатысушының жас шамасына, өлең саны мен оқу мәнеріне, сахнада өзін ұстауына қарай әділ бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Мәнерлеп оқу сайысында жүлделі үшінші орынды Үміт Мақсұт, Ақерке Қуаныш, Сабина Айсаева, Дәулет Булаев, Динара Аман, Амина Қазыбек, екінші орынды Нұрқыз Еркінқызы, Алмас Қапабай, Ернұр Құрманәлі, Сәуле Фархад, бірінші орынды Ибраһим Жанабаев, Инабат Айдынқызы, бас жүлдені Нұрай Бақытбекқызы мен Рауан Болат иеленді.
Байқаудың екінші бағыты – иллюстрациялық сурет байқауы. Әр қатысушыға ақын шығармашылығы бойынша түрлі тақырып берілді. Сол берілген тақырыпқа байланысты суреткерлік шеберлігін көрсеткен байқау қатысушылары бірегей туындылар жасап шықты. Түстер үйлесімдігі мен суреттің тақырыпқа жан бітіру ерекшелігіне қарай үздіктер анықталды. «Іңкәр жүрек» бағыты бойынша бас жүлдені Мадияр Серік қанжығасына байлады.
Шараның негізгі мақсаты – байқауға қатысқан жеңімпаздарды анықтау ғана емес, артына өшпес із қалдырған Сәбит Баймолдиннің шығармашылығын өскелең ұрпақ санасында жаңғырту екенін ескерсек, әдеби-сазды танымдық кеш көздеген мақсатына жетті. Артына салмақты сөз, салиқалы ой қалдырған Сәбит Баймолдин есімі халықпен бірге мәңгі жасай беретініне тағы бір мәрте куә болдық.

Дана БОЛАТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір