Ай – бәйбішем, жұлдыз – жауһар ашынам…
28.03.2023
890
1

Исраил САПАРБАЙ

Өзіме өзім…

«…Ол халқын танудан жаза баспаса, өзін тануға келгенде ғажайып қайшылықтарға ұрынды».
Тәкен ӘЛІМҚҰЛОВ

Жөгі сырт­та,
Жегі іште;
Ой қашады еңіске…
Өзегіңе өлім құй
Өзіңді-өзің жеп-іш те!

Жүрек жадау,
Жан ғаріп…
Запы затым – Зарлауық.
Өзгелерге өнеге:
Өзіңді-өзің жалма, жұт!

Ауыз – апан,
Тіл – қауға
Тұнығымды былғауда.
Күнім құрсын құны жоқ
Түсіп жатқан күнде ауға.

Дәнеме жоқ бұл елде
Жыларға да күлерге.
Шақыратын кез келді
Өзімді-өзім дуэльге!..

У

«Мен ішпеген у бар ма,..»
Абай

Мен дерт­тімін…
Дәрменім де дәрім – У.
Көрген күнім – запы шегу, зарығу.
Көлеңкемнен қалай қашып құтылам?
Бар қауқарым – қара түнді жамылу.

Таң атады…
Асқынады тағы дерт,
Талғажауға татым-жұтым дәрі жоқ.
Ей, Жарық күн!
Уың қайда бір тамшы?
Маған мұңсыз мына өмірдің
мәні жоқ…

Уың керек…
Мезі болдым у-шудан,
Уақыт­тан,
былапыт­тан,
былшылдан!
Заман – зәлім,
Құдай атып қусынған
Шығып бара жатса қайтем
уысымнан?

Уың керек:
Құлқыныма құрғаған,
Көзден ұшсын бұлың-бұлың
бұл ғалам.
Бір тамшының құны артық па,
құдай-ау,
Жылап ағып бара жатқан жылғадан?
Уың керек,
Сары алтындай булаған
Жүрегіме –
Өлу үшін тумаған!!!

* * *
Екі күннің бірінде
Жабырқадым, жабықтым.
Сенсіз өмір сүруге
Үйреніп те қалыппын.

Өтіп жатыр ай, апта…
Сыртым бүтін, іште өлік;
Ұйықтап кетсем, оятпа,
Өзің жәйлі түс көріп.

Қоңыр әуен

Достан да, дұшпаннан да
қалған көңіл
Аңсап жүр аққулы әуен, арман көлін.
Күнгейге Күнікейдей қызды ұзатып,
Танакөз тағдырымды таңнан көрдім.

Қайталап маңғаз мұңын
«Маңмангердің»
«Қайран-ай, қайта оралмас жалған!..»
дермін.
Доңыз жеп, қоңыз терген Қодарқұлға
Келмейді Баянымды қолдан бергім.

Дабысы жер мен көкті жарған жердің
Дарақы жапалағын жардан көрдім.
Байғыздың мұңын кешіп бағзы бірде,
Баянсыз махаббат­ты тордан көрдім.

Қорланса қолы жетпей
Қорланға ердің,
Қозымды қоңыр мінез қолдан
көмдім.
…Қаңғып жүр ұрынарға қара таппай
Қайырсыз бұл қазақтан
қалған көңлім.
* * *
Менің екі қабатым бар:
Бірі – қамыт,
Бірі – анық.
Қабатымда қара түн бар
Қарағыздай жылауық.

Менің екі тағдырым бар:
Бірі – Зар да,
Бірі – Мұң.
Жарық күнде жарға ұрынған
Жазатайым ғұмырым.

Екі тағдыр, бір ғұмыр ем
Негізім бір егізбен.
Екеуін де Күн нұрымен
Есейгенше емізгем.

Қос бөлтірік қақпанымда:
Бірі – Сері!
Бірі – Сал!
…Ұрығыма тартқаным да
Ұлы жұрт­та ұлысам!!!
Өліара
Күн жылайды…
Тұнжырайды қас-қабақ.
Кеще өмірім кешегімнен басқарақ.
Сөздің мәні: жалаң,
желең,
желбуаз..,
Көздің бәрі алабажақ, ашқарақ!

Күн жылап тұр…
Тұнжырап тұр бар аймақ.
Мені қойшы,
Сенің халің қалай, Бақ?
Әлдекімге кіжінемін әйлеңкес
Алпыс екі тамырымда қан ойнап!!!

Күн жылайды…
Бұлжымайды бұл мәніс.
Тән – тақуа,
Жан – жадыгөй, былғаныш!
Ерінгеннің етегіне жармасып,
Көрінгеннің жетегінде жүр НАМЫС.

Күн жылап тұр…
Былжырап тұр бар маңай.
Өмірім-ай,
Өгіз жеккен арбадай…
Ұлы жұрт­та Айға ұлыған ұят-ай,
Бақыр ғұрлы бағасы жоқ арман-ай!..

…Күн жылап тұр,
Тұнжырап тұр бар маңай…

Хал-қадар

Түсінбейді мені ешкім, түсінбейді,
Ішіп-жейді..,
Өзінше «мүсіндейді».
Бір қора қой төменде маңырайды,
Бір үйір ат төбемде дүсірлейді.

Бір үйір ат…
Шетінен «тұқымы асыл»
Бір астаудан апшиды мұқым асын.
Олар жемін жатқанда күтірлетіп,
Сен ішіңнен сөліңді жұтынасың.
Бір қора қой…
Шетінен маңырауық
Жау қуғандай жан-жаққа
жамырауық.
Жарым түнде ұлисың ұлы жұрт­та
Тастөбеңнен кеткендей Тәңір ауып!..

Айдалаға ұлисың аранды ашып,
Ай, жұлдызсыз аспанмен амандасып.
Тұңғиыққа шым батып,
Бірде ұйыққа
Көз ұшынан ұзайды
Ғалам қашып…

Сен қаласың қараүйдің қапталында
Қарашыдан түңіліп, Хақ тануға:
Өзді-өзіңе өшігіп,
Өксік буып,
Қан-жыныңды қағазға ақтаруға!..

Жексұрын

Еніп барам ішіңе лайқалы,
«Лай емес, былай…» деп
кім айтады?
Сықсимадай көзіңді сығырайтып,
Сұқсырыма қарайсың сынай тағы.

Еніп барам ішіңе былшықтанған:
Өлі көлдей тіл жұтып
тыншып қалған.
Құрбақа да құрылдан айрылыпты
Мибатпаққа милығып
ыршып-қонған.

Еніп барам ішіңе — індетіңе,
Ішін бермеу «індет­тің» міндеті ме?
Бір түкірсем қайтеді өлі көлге?!
Бір түкірсем қайтеді құм бетіңе?!

Ит өмір
Өлдің:
көмді…
келді…
кет­ті…
«Қайыр, қош!..»
Ажал шіркін кімді кімнен айырмас?
Қорымжайға келгенімен қонбайды
Қосағың да күн кешегі қойындас.

Қу тірлік-ай…
Несіне оның дәндедің
Таусылған соң талқаның мен
әл-демің?
Тас молаңда тыншығанмен тіршілік,
Баспанаңда қыңсылайды Қанденің.

Бітпей, күтпей: «үйте жүр» мен
«бүйте жүр»,
Жібек еді…
Жүнге айналды жүйке – жыр.
Барда дат­тап,
Жоқта мақтап қинайтын
Ит өмір-ай,
Ит өмір-ай,
Ит өмір!..

Ғұмырқұс

Өлгеннен соң мың сұңқылда,
мың қайғыр,
Енді қайтып тумақ емес мұндай жыр:
Қыстыгүні қауырсыны түлеген
Құстың үнін құба таңнан
тыңдай жүр.

Сөйлейтұғын жер бетінде жоқ тілмен
Қанат­тыға кім қызықпас көк тілген?!
Түс болмасам..,
жүрмес пе едім өңіңде,
Құс болмасам…қай жаққа
ұшып кет­тім Мен!

Әрі аунасам – қабырғама
сол жақ тар,
Бері аунасам – омыртқама
оң жақ тар.
Қам-қаперсіз қайманадан не қайыр?
Бір жоқтаса, түбі, мені Сол жоқтар!..

Дүние

Түпнұсқаң – бір мысқал.
Көзімнің аясы сенен кең
Кеңдікке кенелген.
Көктегі Күн анау:
Сарыуыз сәбидей
Бесікке бөленген.
Айдың төсінен аңқыған ақ сәуле –
Анамның ақ сүті мен емген…

* * *
Қайғысыз, мұңсыз қайда бақ?
Жылай да жүріп күлерсің.
Ақ шәлі – ару Айды орап
Ақшамым, мейлі, түнерсін:
Қос өкпе қунап,
Төсекке
Құлшынып енгім келеді.
Өлеңге,
Өртке,
Өсекке
Тұншығып өлгім келеді!..

Арзу

Бар ма бақыт Сезімге тең:
Бар ғажабың көзіңде екен!
Домбыраңа қосылсын деп
Қобызымды безілдетем.

Шың басына Шынар көрік,
Мұңдасыма мұнар көрік.
Екі ішекке айналса екен
Екі жүрек бір ән болып!..

Ақ халат­тың түймесі
(экспромт)

Тәңір жазған бұйрық қой
Махаббат­тың жыр, әні…
Саусағыңды сүйріктей
Сүйгім келіп тұрады.

Тапқанша бір үйлесім
Көңіл қалай тынады?
Ақ халат­тың түймесін
Ағытқым кеп тұрады.

* * *
Әрлісің,
Әдемісің,
Аққұбасың…
Тәнтімін сені көрсем Хаққа, расым.
Айналған қазығына арғымақтай
Несіне, жазған Жүрек, аптығасың?

Арманның шабан атқа алды жырақ…
Жарығым, жақсы көрсең,
жанды жұбат.
Жүректің жүрдек соққан жазығы не?
Қайтейін, бір көргеннен
қалдың ұнап.

Қайыққа қара суда желкен көрік,
Жаныма жақындашы, еркем, келіп.
Бір күйде тоғыз перне, екі ішек бар,
Сол күйді екеуара шертер ме едік!..

* * *
Көргенім де,
Білгенім,
Сезгенім де
Өз демімде,
Көл тұнған көздерімде…
Өлеңімнен табамын талшығымды
Өмірімнен безінген кездерімде.

Сонан соң ба?
Сонан соң саған келем,
Санам сазып,
Сал желіп самалменен.
…Өзін таппай, өзгені іздейтұғын
Ақымақ қой,
Ақымақ адам деген?..

Тал мен Терек
/мини-поэма/

Балғын Терек балауса Талға иілді,
Тастай қашып тән мен жан
тар киімді.
Шалқайғанға еңкейген ептейленіп,
Зер жалатқан астауға бал құйылды…
Кескен терек кейіптес серігіне
«Тағы, тағы, тағы…» деп Тал қиылды.
…Керемет қой күн кешкен кеңістікте
Керек етпей ақ төсек, сән, бұйымды!

Обал мен Сауап

Қанша қыздың құшағына
құмарт­тым?..
Қанша мәрте мойыныма
күнә арт­тым?..
Қанша қыздың кірпігінен
тамды жас?
Күндерім-ай қамсыз,
мұңсыз,
қаңғыбас…
Төсегімде тұншыққанда түңгі Обал,
Көз жасына құлдық ұрдым құрғаған.
Солай, солай…
Күңкілдесіп Күнә, Әдеп,
Көре көзге көлгірсиді мына бет.
…Тағы, міне, ұйқым қашты тырағай
Қара түннің қарғысына шыдамай!..

* * *
Ернің жымиса, көзің күледі
Көргісі келіп өзіңді, мені.
Көңілім шалқып,
Тамырым балқып,
Шымырлап бойға сезім кіреді.

Дүниенің дәмі ерніңде ме еді?
Өбектеп өбе бергім келеді.
Көкірегім ояу,
Көзімді жұмсам,
Шыр айналады жердің көлемі.

Ақерке сезім..,
Аққырау көңіл,
Балдан да бетер тәт­тім-ау менің!
Тәңірге мың бір тәубемді айтып,
«Тағдырымды енді таптым-ау» дедім.

* * *
Өрт те, дерт те өзегін өртеп кірер
Әйел затын әзелден еркек білер.
Ерте туып кеш қалған ез болмаса,
Енші даулап жатпайды ер тектілер!

Жазмышымды жазғыра
жаздап тұрған
Азабыма қасқағым ләззат – құрбан.
Қызыл шоқтың шарпыған
шарапаты:
Қызғалдағым қылтиса
маздап қырдан!

Күнге ұялып,
Қараймын Айға тіктеп:
«Тұнжырыма түнейді
қай бақыт?» деп.
Жар екенің,
Рас болса бар екенің:
Жай соққандай жанымды
жайратып кет!!!

* * *
Амал қанша,
Амал қанша,
Бар ма амал:
Ұят үнсіз,
Аят құнсыз,
Ар жалаң…
Ақын емес, алтын болып тусамшы
Аруларды айдаһардай арбаған?!

Амал қанша,
Амал қанша,
Бар ма амал?
Бақыт – бақыр,
Ақыр-тақыр бар ғалам…
Ақын емес, әкім болып тусамшы
Адым сайын қанжығасын қандаған!..

Амал қанша,
Амал қанша,
Бар ма амал:
Тоты құсқа мұң шағады тордағы аң…
Тамшы болып кірпігімде тізілмей
Әнші болып туғаныңа таң қалам.

Амал қанша,
Амал қанша,
Бар ма амал…

* * *
Сен түгілі өзімді-өзім ұға алман,
Көрінбейді көк шеңбері мұнардан.
Қаным менің қауызында тасулы,
Жаным менің жалғыздықтан
жыларман.

Ай – бәйбішем,
Жұлдыз – аяр ашынам.
Айда мұң бар,
Менде ми бар ашыған.
Ашынамның жанарында
жайланып,
Бәйбішемнің қабағынан
шошынам.

Қиямет­тей қинаса да қилы күн,
Тәңірімнің тән алмадым
бұйрығын.
Су түбіне сусамырдай сүңгідім
Ұстаймын деп екі кеме құйрығын.

Мың жұлдыздың мұңы
жетпей бір Айға
Жабырқай ма?
Жамырай ма?
Жылай ма?..
Мұң-наласы құрғар ма екен
көзімнің,
Түн баласы арзу айтсам
Құдайға?..

Әлеміш

Жезөкшесі қалада,
Жезкиігі Далада.
Сауын айтып бола ма
Сәулесі жоқ санаға?

Жылтырақ пен Жынойнақ
Жын-жыбырға ұнайды-ақ.
Енді қашан жинайды
Етек-жеңін бұл аймақ?

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 09.11.2023 | 22:49

Керемет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір