Әлемдік эпос қазынасының жауһар жәдігері
Классикалық қаһармандық эпос – қазақ фольклорының ең маңызды әрі көркемдік құрылымы аса күрделі жанры, оның қалыптасу кезеңі терең тарихи тамырлармен сабақтаса байланысып жатыр. Бұл эпостың негізгі өзегін ежелгі мифологиялық мотивтер мен сюжеттер құрайды. Ғалымдардың пайымдауынша, оның арғы негізі мифтік санамен байланысты болса, жанр ретінде қалыптасуына тарихи аңыздар мен әңгімелер ықпал еткен. Тайпалардың мемлекеттік құрылымға бірігу кезеңінде пайда болған классикалық эпос тарихи аңыздар мен деректерге сүйенеді. Мысалы, «Алпамыс» сынды эпостарда эпикалық уақыт пен мифтік санаға қоса, тайпа, халық немесе мемлекеттің тарихы туралы мәліметтер де көрініс табады.
Классикалық эпостың маңызды ерекшелігі – оның құрылымындағы екіұдай (дуалистік) сипатта көрініс табатын қарама-қарсы екі топтың күресі. Мұндай құрылым фольклорлық жанрларда жиі кездесетін қарама-қайшылықты күштердің қақтығысын бейнелеп, эпостың идеялық мазмұнын тереңдетеді. Көне эпостарда бұл күрес «өз әлемі» мен «жат әлемнің» арасындағы мифтік сипатта көрінсе, классикалық эпоста ол «шынайыланып», «жау», «дұшпан» тайпаға, мемлекетке қарсы күреске ұласады. Бертінде мифтік ұғым-түсініктер түрленіп, тарихи деректі ойға орын береді. Классикалық эпос мифологиялық элементтерден толықтай қол үзбегенімен, тарихи аңыз-әңгімелерге көбірек сүйенеді. Бұл эпостар өткен оқиғаларды мифтік сипатта емес, тарихи аңыздау тәсілімен жеткізеді, яғни баяндау шындыққа жақындай түседі. Классикалық эпостар көне эпостардан тек баяндаудың шынайылығы тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ жер-су атаулары, ру-тайпалар, патшалар, хандар, батырлар мен билер, тарихи тұлғалардың нақты есімдерімен ерекшеленеді. Батырлық эпос өз табиғаты бойынша ертедегі батырлық ертегілермен тамырласып, рулық-тайпалық қарым-қатынасты бейнелеген. Ал түркі халықтарының мемлекет құру дәуірінде бұл эпостық баяндар феодалдық құрылыстың өмір сүру ерекшеліктерін сипаттай бастады. Бұл кезеңде бұрынғы аңшылық пен терімшіліктің орнын мал шаруашылығы мен егіншілік басты. Бұл салалар айтарлықтай дамып, феодалдық мемлекеттер арасында жаңа әлеуметтік-экономикалық және саяси қарым-қатынастар қалыптасты. Ел мен жерді қорғау, сондай-ақ сыртқы жаулармен күрес тақырыптары қаһармандық эпостардың негізгі мазмұнына айналды. Эпостық шығармаларда енді тарихи оқиғалар, халықтың тұрмыс салты, әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері көрініс тапты, бұл олардың тарихи шындыққа жақын болуын қамтамасыз етті. Осылайша, Алтын Орда дәуірінде (шамамен ХІІІ – ХV ғғ) қаһармандық (батырлық) эпос өз заманының шынайы оқиғаларынан деректер беретін тарихи шығармаларға жанаса бастады. Енді батырлық жырлардан тарихи тұлғалар мен тарихи оқиғалардың елесін көре бастаймыз. Бірақ солай бола тұрғанмен, біз нақты тарихи тұлға мен тарихи оқиғаға арналған шығармалардың өзінен көне мифтік сарындардың (мифологема) айшықты бедерін әлі де көбірек кездестіреміз. Тіпті тарихи негізі бар деген эпикалық қаһарманның тегі ғайыптан туу мотивімен өрнектеліп, қиял-ғажайып оқиғалармен айшықталып отырады. Мәселен, Алпамысты «Қорасанға қой айтып» жүріп әулиелерден сұрап алады. Ал тарихи Едігені исламның әулиесі Баба-Тұқластан (Баба Түкті Шашты Әзиз) таратады, ал шешесі – Перінің қызы болып шығады. Едігенің арғы тегін пайғамбардан тарату – Алтын Орданың ислам дінін берік ұстанғанының ықпалы екені сөзсіз.
Алтын Орда билігінің аясында ұйысқан түркі халықтарының тілдік, мәдени және салт-дәстүрлік бірлігі бұрын-соңды болмаған деңгейдегі қарқынды ықпалдастық процесіне ұласты. Бұл үрдіс, әсіресе сол кезеңдегі жоғары дәрежеде дамыған фольклорлық мәдениетте айқын көрініс тапты. Эпостық жырлардың түрлі халықтық нұсқалары жекелеген тарихи тұлғалар төңірегінде шоғырланып, ортақ фабула негізінде құрылымданып, әртүрлі версияларға бөлініп, сала-сала болып дамыды. Әрине, бұл орайда, әр версияның оқиғалар таңдауда, тарихи қаһармандар мен кейіпкерлерді бейнелеуде, қақтығыстар мен мәселелерді шешуде, оларды уәждеуде (мотивировка) оны туғызушы халықтың тарихи-ұлттық ерекшелігіне байланысты өзгешеліктер болатыны табиғи нәрсе.
Алтын Орда мемлекеті халықтарының эпикалық шығармашылығы осы жанрдың кейінгі түркі халықтарының (Орталық Азиядағы) мәдениетіндегі даму үрдісін анықтаған қозғаушы күш болды деуге болады. Бұл жанрдың күрделі құрылымынан ежелгі дәуірде қалыптасқан батырлық ертегілер сілемін сақтаған көне эпос элементтерін («Алпамыс батыр», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» т.б), феодалдық мемлекет идеологиясынан туған батырлық эпостарды «Қырымның қырық батыры» «Ер Тарғын», «Қобыланды» т.б.), тарихи тұлғаларға арналған эпостарды («Ер Едіге», «Олжабай батыр» т.б.), таза Алтын Орда дәуірінен қалған Шығыстық сарындағы ғашықтық жырларды (Сейфүлмәлік, Жүсіп – Зылиха т.б) да көреміз.
«Алпамыс батыр» жырының ең көне версиясы алтайлықтардағы «Алып Манас» батырлық ертегісі екені белгілі. Шамамен, ол версияны ғалымдар VІ–VІІІ ғасырларда пайда болған деп болжайды. Алтын Орда дәуірінде түркі халықтарының арасына кеңінен тарап, түрлене жырланып, батырлық эпосқа айналған эпостық жырдың жаңа нұсқасында алтайлықтардың батырлық ертегісіне тән көне мотивтердің сарыны берік сақталған. Мәселен, қаһарманның алып тұлғасы, «шапса қылыш өтпейтін, отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын», бір ұйықтаса, алты ай ұйықтайтын ғажайыптығы – батырлық ертегіден келген мотивтер.
«Алпамыс батыр» – түркі халықтарының арасында кеңінен таралған, тарихи тамыры терең әрі құрылымы күрделі батырлық эпостардың бірегей үлгісі. Бұл эпостың алтайлықтардан бастап, қазақ, әзербайжан, татар, башқұрт, өзбек, қарақалпақ, түрік, тіпті тәжіктер арасында жазылып алынған жүздеген версиялары мен нұсқалары бар. Осы жыр нұсқаларының барлығына ортақ тарихи тамырластық айқын көрініп тұрады, сонымен қоса әр нұсқаға тән халықтардың тарихы, тұрмысы мен тіршілігіне, мәдени ерекшеліктеріне қатысты туындаған ұлттық сипаттар да анық бедерленген. Солай бола тұра, оларда жырға арқау болған негізгі сюжеттік желі, бас қаһармандардың аты-жөні (Алпамыс, Байбөрі, Байсары, Аналық, Гүлбаршын, Ұлтан т.б.) көп өзгеріссіз сақталған, тіпті көпшілігінде мәтіндік ұқсастықтар да молынан кездеседі. Сондықтан да бұл жыр кешегі кеңестік кезеңнің өзінде ғалымдардың үлкен қызығушылығын туғызып, іргелі зерттеулерге өзек болды. Оның айқын дәлелі ретінде 1956 жылы Ташкентте өткен «Алпамыс батыр» жырына арналған арнайы конференцияны айтсақ та жеткілікті.
Ғалымдардың пайымдауынша, «Алпамыс батыр » жырының алғашқы үлгілері VI–VIII ғасырлар аралығында Алтай өңірінде, түркі халықтарының бірлігі әлі сақталған Түркі қағанаты дәуірінде дүниеге келген. Бұдан беріде үдере көшкен оғыздармен бірге Сырдария бойына ойысып (ІХ–Х ғғ), Солар-Қазан туралы жырлар құрамында баян тауып, түркі жұртының біраз бөлігінің ауа көшуімен ілесіп, Кавказ бен Кіші Азия жұртына дейін жайылған. Оның «Қорқыт ата кітабының» «Байбөрі», оның ұлы «Бәмсі-Бәйрек» туралы жыр құрамына кірігіп жүрген кезі де осы кезең (ХІ ғ). Жырдың «оғыз версиясының» негізі де сол дәуірде құралды.
Қыпшақтардың Сыр бойынан батысқа қарай қоныс аударуына байланысты эпостың тағы бір нұсқасы Орталық Азиядағы түркі халықтары арасына (қоңырат, қыпшақ тайпаларының құрамындағы жұрттар арасында) кең таралып (ХІ–ХІІІ ғғ), іштей көптеген нұсқаларға тарамдалып, нағыз классикалық сипаттағы батырлық эпос дәрежесіне жеткен. Жырдың қоңырат, қыпшақ версиялары осы кезде тарамдала дамыды.
Сыр бойындағы жергілікті тарихи жағдайлардан туындаған сюжеттік эпостық жырлар, уақыт өте келе, өз заманының ерекшеліктерін бойына сіңіре отырып, Алтын Орда мемлекетінің құрамындағы тайпалық бірлестіктер мен рулардың мәдени дәстүрлерінде қалыптасты. Бұл жырлар кейіннен қазақ, өзбек, қарақалпақ, ноғай секілді халықтардың фольклорында батырлық эпос ретінде берік орын алды. Былайша айтқанда, «Алпамыс батыр» жырының версиялық тармақтары алтай-қыпшақ-қарлұқ-оғыз-қоңырат жүйесі арқылы салалана дамып отырды. Ал оның тарихи тұрғыдан тұтастанып, ортақ мемлекеттік мақсат-мұратқа жұмылдырылып, біртұтас елдің арман-аңсарын білдіретін, ерлік пен батырлықты ту етіп көтерген классикалық қаһармандық эпосқа айналуы Алтын Орда кезеңіне сай келеді.
Кейіннен сол ортада болған түркі халықтары оны өзінің төл мұрасы ретінде иемденіп, тарата дамытып алып кетті. Сондықтан «Алпамыс батыр» жыры түрлі тарихи кезеңдерде бірде бірігіп, енді бірде әртүрлі бірлестіктер құрамында болып жүрсе де дәстүрлі мәдениетін үздіксіз дамытып келе жатқан түркі халықтарының ортақ мұрасы болып табылады.
Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ ғалымдары да «Алпамыстың» мәртебелі мұрагері ретінде жырды ертеден зерттеп келеді. Қазіргі күнде қолжазбалар қорында жырдың оннан астам жазба нұсқасы сақталған. Солай бола тұра бұл нұсқалар әлі толық ғылыми айналысқа түсе қойған жоқ. Бұл жазбаларды іштей салыстырып, ортақ нұсқасын (инвариант) анықтап, оларды басқа түркі халықтарының версияларымен типологиялық байланыстарын тарата зерттеу – бүгінгі фольклортану ғылымының алдында тұрған елеулі міндеттің бірі.
Жоғарыда атап өткеніміздей, «Алпамыс батыр» жырының сюжеттік желісі сонау Сырдарияның жағасында ІХ–Х ғасырларда пайда болған Оғыз дәуірінің ескерткіші «Бамсы-Бәйрек» шығармасымен сарындас. Ал оның батырлық ертегі түріндегі нұсқалары оғыздардың Сырдария жағасына қоныстана бастаған VІ–VІІІ ғасырлардан да көп бұрын Алтай түркілерінің арасында кеңінен мәлім болған. Айта берсе, оның жекелеген желілері Гомердің Одиссея шығармасындағы мотивтермен тіндесіп келеді. Алтайлық, түркілердегі «Алып Манаш» есімі қазақтарда – Алпамыс, өзбектерде – Алпамыш, татарларда – Алпамша, қырғыздарда – Алып Манас болып өзгерістерге ұшыраған. Осының барлығы, айналып келгенде, алтайлықтардың «Алып Манашынан» тамыр тартып, «алып батыр» деген мифтік, эпостық қаһарман мағынасын береді. Бұл сөздің (Алып, Алпамыс, алпамса) осы мағынасы Махмұт Қашқари сөздігінде де, Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінде де ауытқымай кездеседі. Ал «алып» сөзі қазақ мифтері мен ертегілерінде өте жиі ұшырасады. «Алпамса(дай)» сөзі қазақтардың бүгінгі сөздік қорында да сол мағынасын сақтаған.
«Алыптың» дүниеге келуі де мифтік мотивтерден бастау алып, ертегілерге, эпосқа ауысатыны ғылымда мәлім жағдай. Бұл жерде көңіл аударатын мәселе, алтайлықтардың батырлық ертегілеріндегі алыптың ғажайып тууы жөніндегі мотивтің Алтын Орда дәуірінде эпостық дәстүрге берік еніп, түрік халықтарының кейінгі тармақталған эпостық желілерінде бұзылмай жалғасқаны. Әрине, «бір перзентке зар болып жүрген» Байбөрінің балалы болу жолында заманға сай енгізілген өзгерістер жоқ емес. Мәселен, алтайлықтарда баланы Тәңірден, Көктен тілесе, қазақ нұсқасында әулиелерді аралап жүріп сұрап алады. Ал жырдың оғыз нұсқасында бала сұраушыларға дәруіш бір алма береді. Олар алманың өзегі мен қабығын атына береді, содан алып бала дүниеге болашақ тұлпарымен қатар келеді. Өзбек-қоңырат нұсқасының бірінде олар баланы халиф Ғали Шахимарданның басына барып тілеп алады. Байқап отырғанымыздай, алғашында баланы Тәңірден тілейтін ұғым келе-келе ислам діні әулиелеріне ауысады. Мәселен, қазақ нұсқасындағы Әзірет Сұлтаннан бастап, Қаратау бойындағы әулиелердің барлығын аралайды:
«Әзіретті Қаратау,
Әулиенің кені еді.
Өзен, сайын тастамай,
Бәріне бір-бір түнеді.
Әзіреті Ысқақ бап
Бабатада дер еді.
…Ол уақытта Бабата,
Томпайып жатқан жер еді.
Атбесік салып басына,
Қабірін бұлар түзеді.
Қалған малын сарып қылып,
Бұған да үш күн түнеді.
Осымен өтті тоқсан күн…»
Бұлардың барлығы – қазіргі кезде Түркістан өңірінде аңызға айналған исламның қастерлі тұлғалары. Бірақ бұған қарап «Алпамыс батыр» жырының оқиғалары қазақ жерінде болған деген байлам жасай алмаймыз. Өйткені Алтын Ордадан тараған түркі халықтарының әрқайсысында осындай тарихтың жаңа «қоспалары» бар. Осыларды салыстыра қарасақ, батырлық эпостағы көне мифтік мотивтердің жаңа заман жағдайына бейімделу белгілерін байыптай аламыз. Жалпы алғанда, ислам дінінде «әулиелерден» бала тілеу салты жоқ, бұл да – ескі наным-сеніммен суарылған фольклорлық сананың жаңғырығы. Мифтік ұғым-түсініктердің тарихи шындық бояуын бойына сіңіруі, тарихи жағдаяттар элементтерін иеленуі тек әулиелерге ғана байланысты емес, кейіпкерлердің аттарынан бастап, жер-су, халық, тайпа атауларына байланысты толығып отырады.
Батырлар жырындағы «ғажайып туу» мотиві батырдың «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын», «шапса – қылыш, атса – оқ өтпейтін» жанкештілік (неуязвимость) мотивімен жалғасады (Бұл да фольклорда ежелден бар өте көне мотив). Алтайлық нұсқасында Алпамыс «Қызаратын қаны жоқ, өлетұғын жаны жоқ» деп басқа әлемнің пендесі ретінде суреттеледі. Сол сияқты жанын адам қолы жетпейтін құпия жерде сақтайтын ертегілердегі алып диюлар эпоста алып батырға айналады, бірақ барлығында оның адам қолынан «өлмейтін» мифтік сипаты сақталады. Оны өлтіре алмаған дұшпандары тереңдігі қырық кез зынданға салады. Бұл да батырлық эпостың заман шындығына бір табан жақындағанын көрсетеді. Алтын Орда дәуірінде болған «зындан» типтес абақтының Орталық Азия мемлекеттерінде бертінге дейін сақталғаны тарихи шындық. Шымкенттің ескі қала аймағында «зындан» үлгісін қазір де көруге болады. Жырдың бір нұсқасында зынданды Мұрат Төбе деген таудың астынан қазу жөнінде айтылады. Бұл да жырға жергілікті жағдайға байланысты бертінде қосылған атау.
Түркі халықтары мұрасында ежелден келе жатқан салттың бірі – балаға ат қою. «Алпамыс батыр» жырының басым көпшілігінде ол атты ата-анасына әулиелер аян беру арқылы айтады. Дегенмен Өзбек-Қоңырат нұсқасында бұл дәстүр бұзылады, туған кезде баланың аты Хаким болады. Ол жеті жасқа келгенде атасы Алпын биден қалған он төрт батпан мыстан құйылған жақты тартып, асқар таудың төбесін төңкеріп тастайды. Сол үшін ол «Алпамыс» деген атты иеленеді. Бұл – біздің кейінгі тарихи жырларда (Әбілмансұр – Абылай, Ізбасар – Қабанбай т.б.) жиі кездесетін фольклордағы халықаралық мотив. Оның үстіне, ат қою дәстүрі ерлік істер көрсету мотивімен қабаттасып, сабақтаса байланысып отырады. Соған қарағанда, өзбек нұсқасындағы бұл мотив түркі халықтарының ат қою дәстүрімен тамырласып, Алтын Орда дәуірінен кейінгі кезеңде батырдың ерлік көрсету, қайратын таныту сияқты мотивке ұласқан тәрізді.
Жырдағы батырдың тұлпар таңдау дәстүрінде көп алшақтық жоқ. Тек жоғарыда айтқанымыздай, бір нұсқада Алпамыстың ата-анасы әулие берген алманың өзегі мен қабығын жегендіктен батырдың аты да қатар туады.
«Алпамыс батыр» жырының әртүрлі нұсқаларында батырдың жар таңдау сәті мен жауды жеңіп оралған кезде өз жарының тойының үстінен шығу мотивтерінде елеулі айырмашылықтар байқалмайды. Бұл мотивтердің тұрақтылығы эпостың құрылымдық негіздерінің сақталуын көрсетеді және түркі халықтарының эпикалық дәстүріндегі ортақ сюжеттер мен идеялардың беріктігін айғақтайды. «Алпамыс батыр» жырының алғаш ғылыми назарға ілініп, хатталуы ХІХ ғасырдың соңына және ХХ ғасырдың басына сәйкес келеді. 1896 жылы жырдың алғашқы нұсқасын Ә.Диваев жазып алса, 1899 жылы Ж.Шайхысламұлының нұсқасы хатқа түсірілген. Бұл кезеңде эпостың жазба нұсқаларының пайда болуы, жырды зерттеудің және оның ғылыми айналымға енуінің маңызды кезеңі болды. Осылайша, жырдың эпикалық мұра ретінде сақталуы мен таралуы жүйелі түрде зерттеліп, құнды дереккөз ретінде ғылыми айналымға енгізілді. Ғалымдардың зерттеулерінде негізге алынатын және түрлі пайымдауларға арқау болатын дәл осы эпостық мәтіндер. Бұл шығармалардың барлығы Алтын Орда дәуірінде біртұтас мәдени кеңістікте қалыптасып, кейіннен жеке ұлт болып бөлінген түркі халықтарының рухани қазанында пісіп жетілді. Осы үдерісте эпостар түрлі версияларға тармақталып, ортақ тегі сақталғанымен, ұлттық ерекшеліктермен боялып, өзіндік өзгеше сипатқа ие болды. Эпостардың ішінде композициялық құрылымы күрделі, көркемдік бояуы айшықты және батырлық эпостың классикалық қасиеттерін толық қамтитын шығармалар шоғыры ғалымдар арасында «Қоңырат версиясы» деп аталады. Бұл версиядағы жырлардың ұлттық нұсқаларының арасында елеулі айырмашылықтар жоқ. Жырдағы «бір балаға зар болудан» басталатын жыр қаһарманының ерекше болмыс бітімі, ат таңдау, жар таңдау, ғажайып ерлік істер көрсету сияқты мифтік дүниетаным көріністері барлығында сабақтас суреттеледі. Ондағы кейпкерлер мен жер-су атаулары да біртектес. Демек, жырдың көне тамырлары бір діңге барып тіреледі. Жырдың кіндік бауы байланған Байсын атаулары да өзбек, қарақалпақ, қазақ нұсқаларында бірдей аталады. Ал жырға иелік етіп жүрген қоңырат тайпасы да осы үш жұртқа ортақ. Сондықтан да В.Жирмунскийдің: «Алпамыс – қоңыраттардың тайпалық эпосы», – деген пікірінің де жаны бар. Демек, «Алпамыс батыр» жырының тағдыр-талайында Қоңырат тайпасы аса маңызды рөл ойнаған және оны өзінің төл мұрасына айналдырып, үздіксіз жетілдірумен болған. Әсіресе Жошы ұлысы құрамында болған уақытта қоңыраттар бұл жырды рухани тірегіне айналдырып, оның батырлық эпос дәрежесіне көтерілуіне зор үлес қосқан сияқты. Тарихи деректерге сүйенсек, қоңырат тайпасының «Алпамыс батыр» жырын өздерінің дәстүрлі мұрасы ретінде қастерлеп, жоғары деңгейге жеткізген кезеңі ХV ғасырдың басына сәйкес келеді. Бұл уақытта қоңырат тайпасының басым бөлігі Жошы әулетінің мұрагері Әбілхайыр хандығының құрамына енген, бұл мемлекет ресми деректерде Өзбек хандығы деп аталған. Ол Жайықтан Балқашқа, Арал теңізінің оңтүстігі мен Сырдарияның төменгі ағысына, сондай-ақ Тобыл мен Ертіс аралығына дейінгі ұлан-ғайыр даланы бағындырған мемлекет болды. Өзбек хандығының Қазақстан тарихындағы маңызы зор, өйткені ол көптеген көшпелі тайпаларды біртұтас саяси құрылымға біріктіріп, кейіннен түркі халықтарының жекелеген мемлекеттерінің қалыптасуына негіз қалады. Бұл тайпалардың тілі, діні, әдет-ғұрпы және рухани мәдениеті біртұтас жүйені құрады.
Көшпелі өмір салтын ұстанған және жаугершілік заманда өмір сүрген бұл халық үшін батырлық эпос жанры ерекше мәнге ие болды, өйткені ол ерлік, батырлық және ел қорғау тақырыптарын көтерді. Жарты ғасырға жуық салтанат құрған өзбек хандығынан бөлініп шыққан қазақ хандығы үшін де батырлар жыры рухани құндылық ретінде жоғары бағаланды. Қазақ хандығын құраған негізгі рулардың бірі болған қоңыраттар «Алпамыс батыр» жырын өздерінің батыр бабасы ретінде дәріптеді.
Қазіргі қазақ қолжазбалары қорында сақталған бұл эпостық жыр Ұлық ұлыс дәуірінен бастау алып, ұзақ әрі күрделі жолды басып өтті. «Алпамыс батыр» жырынан қазақ батырлық жырларының пайда болу, қалыптасу және даму жолдарын айқын көруге болады. Эпостың тарихи кезеңдердегі өмір шындығын эпостық сана арқылы көркемдік бейнеге айналдыру әдіс-тәсілдері айқын байқалады. Сондықтан қазақ фольклорында Алтын Орда дәуірінен мұра болып жеткен жүздеген қаһармандық эпостың айрықша үлгісі ретінде «Алпамыс батыр» жырын атауға толық негіз бар.
Тұтастай алғанда, Алтын Орда дәуірінде, әсіресе оның алғаш құрылып қалыптасқан жылдарында, тұтас мемлекетке ұйысып, ішкі-сыртқы жауларға соққы беріп, халықты Отан қорғау идеясына біріктіруде батырлық эпостың маңызы өте жоғары болды. Сондықтан да халық мұрасындағы ежелгі дәстүрлі мотивтер мен сюжеттерді, фольклорлық әдіс-тәсілдерді сарқа пайдаланып, батырларды жаңа идеология тұрғысынан идеялизация (Жирмунский) дәрежесіне жеткізе жырлау өзекті тақырыпқа айналды. Соның нәтижесінде бүгінгі Еуроазия түркілерінің фольклорлық мұрасында «классикалық эпос» аталып жүрген теңдессіз рухани құндылық «батырлық эпос» жанры қалыптасты және ол әлемдік мәдениет қазынасына қосылған қайталанбас құбылыс болды. «Алпамыс батыр» сол әлемдік эпос аспанының жарық жұлдызы болып табылады.
Бұл феномен Еуроазиялық түркі халықтарының фольклорында кең қанат жайып, жыршылық дәстүр мен халықтың жауынгерлік рухын көтеретін, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын тамаша шығармалардың тууына қозғау салды. Сонымен қатар ол түркітектес халықтардың фольклорында соңғы бес ғасыр бойына халықты ерлік пен батырлыққа, адамгершілік асыл қасиеттерге баулитын теңдессіз туындылардың алдыңғы легінде болып келді. Осы дәстүрде қазақ фольклорында жүздеген батырлық жырлар, тағы да жүздеген ғашықтық дастандар дүниеге келді.
«Алпамыс батыр» жыры тек өткен дәуірлердің елесі немесе қолжазбаларда сақталған тарихи жәдігер ғана емес, ол қазіргі қоғамның рухани қажеттілігін өтеп, дәстүрлі халық мәдениетін жаңа ұрпаққа жеткізіп отырған жанды мұра болып табылады. Батырлық эпостың озық үлгісі ретінде «Алпамыс батыр» жыры мектеп бағдарламаларына енгізілген және жоғары оқу орындарында оқытылады. Сонымен қатар оқушылар мен жастар арасында бұл жырды жатқа оқу бойынша байқаулар тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.
Қазақстанда жыршылық дәстүр әр өңірде әлі күнге дейін сақталып келеді. Жырды орындаушыларды қазақтар «жырау» немесе «жыршы» деп атаса, өзбектер мен қарақалпақтар оларды «бақшы» деп құрмет тұтады және жиын-тойларда жыр орындату дәстүрі әлі бар. Бұл жыршылар ежелден келе жатқан дәстүрді атадан балаға, ұстаздан шәкіртке жеткізіп, мәдени мұраны үздіксіз жаңғыртып отырады.
Жыршылық өнерді насихаттау мен таратуға бұқаралық ақпарат құралдары да үлкен үлес қосып келеді. Бүгінгі күні жыршылар мен жыраулар мұрасын цифрлық технологияларға көшіру ісі белсенді түрде жүзеге асуда. Сонымен қатар эпосты жатқа мақаммен орындау өнері бойынша республикалық және аймақтық деңгейде музыкалық фестивальдар, байқаулар және бәйгелер өткізіліп тұрады. Мұның айқын дәлелі ретінде «Алпамыс батыр» жырын орындайтын жыршылардың санының айтарлықтай өсуін атап айтуға болады. Олардың қатарында жетісулық Ахан Әбдуәлі, Ерболат Шалдыбеков, Шаттық Уатхан, Бекарыс Қоштаевтарды; сырдариялық Бидас Рүстембеков, Берік Саймағамбетов, Демеу Жолымбетовтарды; қаратаулық Ербол Қалмырзаев; маңқыстаулық Амандық Көмеков; сарыарқалық Қазыбек Әдікеев; бесқалалық Аманқос Садықовтарды атауға болады.
Қазақстанның көптеген өңірінде «Алпамыс батыр» жырын орындау дәстүрі сақталған. Жыр Қаратау (Түркістан облысы), Сыр бойы (Қызылорда облысы), Жетісу жыршылық мектептерінде орындалады. 1999 жылы ЮНЕСКО көлемінде «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығы атаулы дата ретінде аталып өтті. 2019 жылы «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы аясында мектеп оқушылары арасындағы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауында «Алпамыс батыр» жыры орындалды.
«Алпамыс батыр» жыры соңғы жылдардың өзінде әлденеше рет мол таралыммен басылып шықты. Солардың қатарында «Бабалар сөзі» аталатын қазақ фольклорының жүз томдығын, «Дала фольклорының антологиясы» атты он томдық ғылыми басылымдарды, сонымен қоса сарындарын жинақтаған Т. Тоғжановтың «Алпамыс батыр. Музыкалық эпос» атты көлемді еңбегін де алпамыстану ғылымына қосылған зор үлес деуге болады.
Кенжехан МАТЫЖАНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА академигі,
М.О. Әуезов атындағы
Әдебиет және өнер институтының
бас директоры