«АДАСҚАН ЖҰЛДЫЗ» ТҮРІК САХНАСЫНДА
Қазақтың белгілі жазушысы Нұрғали Ораздың «Адасқан жұлдыз» пьесасы Түркияда сахналанды. Актердің сахнадағы өнері мен шынайы өмірдегі қарама-қайшы тағдыры сомдалатын спектакльді жергілікті жұрт жылы қабылдады. Терең ойға толы заманауи туындымен танысқан Трабзон қаласындағы театр ұжымының жетекшісі Нежеати Зенгин бірден қойылымды өз театрларында қою туралы шешім қабылдаған. «Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы жылда түркі дүниесінің театр саласындағы шығармаларынан құралған жинақ шығарады. «Адасқан жұлдызды» сол жинақтан оқыдым. Туындыда Қазақстанның кеңестік кезеңнен тәуелсіздікке өткен тұсы, сондағы халықтың ахуалы, өнер мен мәдениетке көзқарасы бейнеленген. Бұл – бәріне ортақ тақырып. Нұрғали мырзамен сөйлесіп, екі-үш айдың ішінде сахнаға дайындадық. Біздің ең үлкен арманымыз – осы қойылымды Қазақстанда қою», – дейді Нежеати Зенгин үлкен әсер алғанын баяндап. Түрік жұртына қоғам қайраткері Мәлік Отарбаевтың тәржімалауымен жеткен қойылым мамыр айына дейін сахналанбақ.