Жұлдыз санап көрдіңіз бе?
11.11.2025
162
0

Шексіз ғарыш кеңістігін кезіп жүрген сансыз денелердің біреуіне ғана қазақ баласының аты берілген. Ол – Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың атындагы кіші планета. Қазақтан «таяқтың астында қалатынын» болжай тұрып, азаматтық ерлік танытып, өзі пір тұтатын тұлғаны соншалықты биіктеткен Шәміл Нығметұлы Сәбитов еді.

Ұлы Британ Премьер-Министрі Уинстон Черчилльдің: «Қазақтардың бәрі сіздей ірі денелі келе ме?» деген сұрағына, Қаныш Имантайұлының: «Жоқ, мен қазақтардың ішіндегі ең кішкентайымын!» деуі, ұлы тұлғаның еліне деген шексіз сүйіспеншілігін көрсетсе керек.
Адамзат қашан да замандасын бағаламаған! «Қолда барда алтынның қадірі жоқ!» деп санын соғып қала берген. Мен де, өкінішке толы зарға шалдықтырып, Шәміл о дүниелік болып кеткенде, қолыма қалам алып отырмын.
Шәміл өмірбаянында бір, бірінші деген сан есімдері жиі кездеседі. Әкеміз Нығмет Сәбитов Кеңес дәуірінде бірінші қазақ болып Н.Нариманов атындағы Мәскеу шығыстану институтында оқып жүргенде Шәміл дүниеге келеді. И.Сталиннің заманында, отаршының төрінде туған балаға, ырымдап, орыстың қас жауы болған зиялыларын да салып, (Л.Толстой, М.Лермонтов т.б.) 25 жыл соғысып, орасан шығынға ұшырап, әлемді түңілтетін қара күш арқасында имам Шәмілді тұтқындағаннан кейін ғана, Кавказдағы тау елдерін бағындырып, ақ патша айлалап Санкт-Петербургке, өз сарайына кеңесші етіп алған, имам Шәмілдің атын береді. Байқасаңыздар, Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған заманда да, қазақ зиялыларының ойынан тәуелсіздік кетпеген.
Шәміл Алматыдағы №25 орта мектепті бітірген соң, 1952 жылы Мәскеу университетінің механика-математика факультетіне бірден түсіп кетеді. Жоспарлы экономика тұтатын Кеңес қоғамында әр маманның орны айқындалып қойған. Сол үрдіске сай, атағы жер жаратын математик, академик А.Н.Колмогоровтың (ол кісі деканы болған) түлегі Ш.Сәбитов университетті бітіре салысымен, стратегиялық маңызы зор кұпия мекемеге («почтовый ящик») Сібірге аттандырылады.
Андрей Николаевич Колмогоров, басқа да дүлдүл оқытушы-академиктер, олардың ішінде 1951–1973 жж. университет ректоры болған математик, академик И.Г.Петровский студенттерді ғылымға ғана баулымай, адами, рухани биіктерге жетелеген. Үлкен театрға түнімен билет алуға кезекте тұрумен қатар, өздері де студенттік эусской театрында опералық қойылымдар жасап жүрген. Ал 1956 жылы Кеңес әскерлерінің танкілері Мажарстанды басып кіргенде біраз студент наразылық білдіргені үшін университеттен қуылған. Сонда оқытушылары, шеттетілген студенттерді, өз қалталарынан стипендия төлеп, құпия түрде оқытуын жалғастыра берген. Кейіннен, студенттер қатарына қайта енгізіп алған.
Сондай өмір мектебінен өткен Шәкеңді іргелес көрші, Шыңғыс ханның 24- буынындағы тікелей ұрпағы, (өзінің айтуы бойынша) биология ғылымдарының докторы, генетик Амангелді Шотаев Шәміл бақилықка кеткенде былай еске алды: «Мен Шәкеңмен кездескен жерде ұзақ әнгімелесуші едім. Пәлсапа ойлары, тарихи білімдері, өмірден түйгендеріне тәнті болушы едім! Мен Шәкеңнен көп нәрсе үйрендім, ойларының иірімін түсінбей қалған жерлерімді ұялмай, ашып түсіндіруін сұраушы едім! Мен ғылым докторымын, бірақ менің деңгейім Шәкеңнің қолына су құйғанға жарайтындай-ақ! Ауламыздың көркі, сәні еді, өз басым Шәкеңді ешқашан ұмытпаймын!»
Астрофизика институты бойынша әріптесі Геннадий Хонин мықты әуесқой радиотехник, кезінде атақты саяхатшы Тур Хейердал экспедицияларына қатысушы, кейіннен өзі де әлемдік жорықтар ұйымдастырушы, ХХ ғасырдың 70–80 жж. теледидардан «Клуб кинопутешественников» хабарын жүргізуші Юрий Сенкеевич мұхит түнегінде апатқа ұшырап қалғанда, көмекке шақырған СОС сигналын бірінші болып қабылдаған азамат. Шұғыл түрде тиісті мекемелерге хабарлап, Ю.Сенкеевич экспедициясын құтқарып қалған кісі. 1986 жылдың желтоқсанында Шәкеңе: «Кеңестер Қазақстандағы көтеріліс бойынша жазықсыз, жас балалы әйелді қамауға алыпты деп әлем шулап жатыр!» деген хабарлар тасып тұрады екен. Г. Хонин бірде үйге қоңырау шалып, әңгіме үстінде Шәмілді алып кеткенде, мені танғалтып: «Ол кісіні кім жек көруші еді?» дегені бар. Сол айтқандай, үлкенмен де, баламен де тіл табысып, лайықты тақырып, айтар сөзі әмсе дайын еді. Бір адамға зекіп, ашуланып көрген емес.
Сібірдегі жұмысы туралы, тіс жарып ештеңе айтпайтын-ды. Бір айтқаны, әжетханаға да конвой ілесіп баратын дегені бар. Ал жұмысының маңыздылығын ол қызметтен кеткенінен 45 жыл өткен соң, Кеңес Одағы тарағаннан кейін, «Ветеран ракетных войск стратегического назначения» деген белгі тапсырылуы көрсетсе керек….
Университеттің үшінші курсында студенттер өздері маман тандайтын мерзім келгенде, Шәміл «астрофизика» мамандығын таңдайды. Айта кету керек, Кеңес дәуірінде, бұл зерттеуге өте қиын ғылым мамандарын «орталықтық» дейтін, 5 университетте ғана дайындайтын Мәскеу, Ленинград, Киев, Харьков және Қазан университеттерінде. Осы мамандықты қазақтар ішінде бірінші болып игерген Шәміл еді. Алайда жоғарыда айтылғандай, алғашында, мемлекет бұны астрофизик емес, математик ретінде пайдалану тиімді деп шешіп, құпия мекемеге аттандырады.
Тағдырдың тәлкегімен, 1964 жылы Алматыға қайтуға тура келеді. Бұл жерде өзінің негізгі мамандығы бойынша, ҚазССР ҒА Астрофизика институтына қызметке орналасады. Көп ұзамай институт директорының ғылыми мәселелері жөніндегі орынбасары болып тағайындалады. Басқару жұмысымен қатар, жұлдызды аспанды бақылай жүріп, казақтың жалпақ тілімен айтқанда, «… жұлдыз санай жүріп» №2402 денені табады. Ерсі болса да, өз пайдасына шешуді қалап тұратын қазақ, ары тартып, бері тартып, ақыры ойдан шығарылған бабасының атын беріп жіберер деп қауіптеніп, Қырым обсерваториясының маманы
Н.Черныхпен келісіп (сол кісі ашқан болып), Қ.И.Сәтпаевтың атын беріп жібереді. Өзі дәл солай жазып кеткен.
(«Мир Сәтпаева», «Шартарап С», Алматы, 1999).
Еске алу кештерінде әріптестері бізге беймәлім ақпарат жеткізді. Шәміл «Фесенков», «Тихов», «Рожковский» және «Казахстания» кіші планеталары болуына қатысы бар екен.
Бірақ бұл әрекеті тек қысымға алып, ондай дәрежеге тұрмайтын әлдекімнің атын беруге келісімін қолқалаудан құтылу екен. Оны енді біліп жатырмыз. Шынында да, ақылға сыя қоймайтын көрініс сансыз жұлдыз болып көрінетін түрлі денелер: планеталар, астероидтар, кометалар, түрлі-түсті жұлдыздар (ақ, көгілдір, сары, қызыл), әдеттегіден тыс күйдегі жұлдыздар: нейтрон, квазар, сингулярлық ішінен жаңа дене тауып, жұлдыздар атластарын сапырып, беймәлім дене екенін дәлелдеу, «айтуға ғана оңай»! Сондай еңбекті біреу әсіресе еуропалық азамат азиатқа бере салды деу – бес қайнаса шындыққа сорпасы қосылмайтын әңгіме. Еуропалықтардың азиаттардың жетістіктерін өзіне теліп келген мысалдар, оған қарсы мысалдардан едәуір жиі кездеседі. Мәселен, еуропалықтар гелиоцентрикалық жүйені XV ғасырда Н.Коперник ашты деп санамызға құйып келді. Шын мәнінде, ІХ–Х ғасырларда эл Бируни Жер Күнді айналғанда оның осі эклиптика (Күн жолының жазықтығы) жазығымен құрайтын бұрышты қазіргі компьютер дәлдігіне пара-пар дәлділікпен есептеп кеткен. Ол бұрыш Жер бетіндегі жыл мезгілдері ауысуына жауапты.
Кеңес Одағы немесе Ресей тарихнамасында рейхстагқа Жеңіс туын тіккендер арасында Р.Қошқарбаев бар ма?
1941 жылдың маусымынан менің жерлесім Бақтыораз Бесікбаев істеген ерлігін бізге белгілі тарихнама Ник Гастеллоға теліп келді.
Дж. Нерудің: «Азия Еуропаны неше дүркін басып алып, оны өркениеттендірді!» деген аксиоманы еуропалықтар ешқашан мойындамайды!
Мен білетін шындық айтқан бір еуропалық бар. Ол – Би-Би-Си корпорациясының соғыс кезіндегі Ресейдегі тілшісі Александр Верт. «Россия в войне 1941–45 гг.» кітабында: «Қызыл Әскердің ең айбынды жауынгерлері болған казақтар!» деген…
Өзі болжағандай, ҒА президенті шақырып алып, «сазайын тартқызып», қызметінен босатады. Сонда Шәміл 50 жаста ғана. Күймей қайтесің! Отбасын қаражаттан айырып, бастапқысы жан-жақты білімін, адами, ғылыми потенциалдарын ел, мемлекет мүддесіне сарқылғанша сорып алудың орнына топыраққа ұшырудың шебері екеніміз өлердей қынжылтады!
Байқаймын, ел арасында Ж.Сәбитованы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жолдасы қолдамапты деген өсек жүреді екен!? Өзінің қазаққа істеген жақсылығы таяқ болып шекесіне тиіп, аузы күйіп отырған адам не десін? Маған, Омар
Хайямның бір шумақ өлеңін жатқа айтатын:
«Чем за общее счастье без толку
страдать,
Лучше счастье кому-нибуд ближнему дать!
Лучше друга своей обогреть добротою,
Чем от пут* человечество освобождать!»
(Ж.Сәбитова «Жан жарасы жазылар-ау…», Алматы, «Қазақстан», 1998).
Ал осы ұзақ әңгіменің тоқ етері: Шәмілдің болмысы Кеңес идеологиясының азамат тәрбиелеуіндегі мықтылығының айнасы. Қарапайым халық, зиялы қауым «Бізге мықты ұлттық идеология керек!» деп айтуға жағы талмайтыны содан. Мықты идеология – болашаққа сілтенген стратегия.
Менің анамның «Жеңілген күреске тоймас» деген мақалы бар еді. Дәл сол мақалға салып, республикалық олимпиадалар жеңімпазы ретінде кез келген жоғары оқу орнының гуманитарлық факультетіне сынақсыз түсуге құқығы бар қызымыз Маржанды ҚазМУ-дің физика факультетіне жібердік. Аттестаты кілең «5», алайда қызыл түсті қағаздың орнына жасылын алды, оған да қазақтың аурулары кінәлі. Ал біздер, ата-анасы осы тәуелсіздікке генофондтан айырылып, бас көтерер серкелерден жұрдай болып жеткенімізді сезінгеннен, жас, азат мемлекетімізді пәремен шірітуге түбегейлі қарсымыз! Өз күшімен, қабылданған 25 баланың қатарында түсті. Бірақ 13-і ғана бітірді, жартысы оқи алмады. Маржан, «Қатты денелер» кафедрасынан жалғыз өзі «Композиттік материалдар» мамандығын игеріп, қызыл дипломмен бітіріп шықты. Композиттік материалдар – жер шарлап, кен іздемей, жаңа технологиямен өзіңе, яғни өндіріске, мемлекетке, керекті қасиеттері бар қолдан жасалған материалдар. Дамыған елдерде ондай материалдар кеңінен қолдануда. Бакалавриатты бітірген, 2002 жылы мамандығын шыңдауға жол түсіп, Лондонға Британ Кеңесінің IAESTE бағдарламасы бойынша Queen Mary University of London университетіне екі айлық оқуға барып келді. Сол жылы күзде, біздің оқу министрлігі шетелде мамандық жетілдіруге конкурс жариялады. «Талапкер магистратураны тәмамдаған болу керек!» деген шарт қойып­ты. Маржан Лондонға ғылыми жетекшісі профессор Пол Хоггқа СМС хат жіберсе, 15 минуттан кейін оңтайлы жауап келеді. Біздікілер тістесіп жібермейді!? Егер маман жоспардан екі жыл бұрын дайын болса, ол мемлекетке едәуір олжа ғой! Өз пайдасын білмейтін шенеуніктерге не дерсің? Маржан қолын бір-ақ сермеп, ғылымнан кетіп қалды. 1-2 жылдан кейін ҚазМУ-дағы жетекшісі Ю.Зайкинді АҚШ қолқалап алып кетті. Ендігі жерде ҚазМУ Ю.Зайкинге шақырылған маман ретінде, айына 10 000 $ төлеп лекция оқытады…
Мен жазықсыз 5 жылға сотталып, неше айнала аудандық, қалалық, Жоғарғы сот, сосын қайтадан сол ретте 10 жыл соттасып жүріп алған өтем ақым 5000 $. Себеп баяғы жемқорлықты қолдамауымда. 2015 жылдың желтоқсанында білген біреулер бетін жыртып жатыр.
Өзім риза болатын бір ақпарат айта кетейін: 1998 жылы С.А.Қасимов төрағалық еткен Парламенттік Комиссияда 7-8 ай жұмыс істеп, 50 жыл өмірін Қытай түрмесінде өткізген өткір ойлы, ұшқыр қаламды жазушы Қажықұмар Шабданұлын бостандыққа шығарып *путы тұсау алғаным! Қазақстанға келгісі келіп, анда-мында хат жазған екен қол ұшын беретін жан таппапты…
Түсінер ел болса, Абай айтқандай,
«…білгенге маржан, білмеске арзан!» біраз әңгіме айтып, шер тарқатып, жаным сая тапқандай!

Жансая Сәбитова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір