«ПАТШАЛАР АЛҚАБЫНДАҒЫ» ЖАУҺАР ЖӘДІГЕРЛЕР
24.02.2024
162
0

Балалар әдебиеті дегеніміз – жас ұрпақ тәрбиесі. Ұрпақ тәрбиесі дегеніміз – балалар әдебиеті. Демек, балаларға арналған кітап. Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының сөзіне жүгінсек, кітап – тәрбиенің бас құралы. Ендеше, бұл үш ұғымды бір-бірінен бөліп қарай алмайсыз. Өзара үйлесім тапқан біртұтас ұғым.

Пікіріміз дәлелді болу үшін белгілі жазушы Қанат Қайымның әлі баспахана бояуы кеуіп үлгермеген «Патшалар алқабына саяхат» кітабын талдап, таразылап көрейік. Балаларға арналған танымдық романның «тарих», «археология», «этнография» деген қосымша анықтамалары тағы бар. Бұл атаулар да бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар екені айдан анық. Әйтсе де, бұрын-соңды балалар әдебиетінде көп қозғала бермейтін археология тақырыбы жас оқырмандарымызға қалай жеткізілді екен деген қызығушылықпен кітап бетін ашқан едік.
«Ат­тандық сапарға» деп аталатын алғашқы бөлім бізді де сапарлас етіп еліте жөнелді. Алматыдан шыққан лексус жеңіл көлігінде – бас кейіпкер Берен бала мен Әбдеш, Епеке есімді қазыналы қос қарт ғалым. Білмейтіндері жер астында екі атасы Алматыдан Ақсуатқа дейінгі осы ұзақ сапарда жол-жөнекей кезіккен әр ауыл мен әр асу белдердің қилы атауларын және неге олай аталу тарихын майын тамыза баяндаумен болады.
Диалогқа құрылған әңгіме-дүкен тұсындағы әр кейіпкердің өзіне тән сөз саптасы нанымды берілген. «Екі қарт­тың ортасындағы бала дана болады» дегендей, аталарының сөзіне ден қойған Берен тыңдаудан жалығар емес. Себебі олардың әр сөзі бала үшін тосын, тың жаңалық, кейбірінің шет жағасын естігенімен, толық білмейді екен. Мысалы, Дарабоз батыр – Қабанбайдың ерлігі жайлы біраз жайт­тарды естіп келе жатқанымен оның ұрыс тәсілдерін жетік білген шебер қолбасшы болғанынан хабары жоқ-ты. Тіпті барлаушылар тобы – «ертауыл«, үлкен ат­таныстағы «оң қол», «сол қол», «тұтқауыл», «тосқауыл», «бақауыл» дейтін жасақ топтарын естімеген де еді.
«Қазақ батырларының соғыс тәсілдері айрықша болған. Жай ғана былай тізбектеп шықсаң, сан жетпейді. Олар «Үш тоғыс соғысы», «Қаша ұрыс салу, «Екі аша соғысы», «Күре соғыс», «Жекпе-жек соғыс», «Үлкер жәрік соғысы», «Ошақ соғысы», «Қоян-қолтық соғыс», «Ай қораланды соғыс», «Қоян қашты жасау», «Шұбыртпалы соғыс», «Аламан соғыс», «Хилар соғысы», «Дода соғыс», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғыс» сияқты тағы да толып жатқан соғыс тактикасын, соғыс тәсілдерін пайдалана білген», – деумен қатар Әбдеш атасы әр тәсілді тәптіштей таратып, бүге-шігесіне дейін Береннің зердесіне құйып беруде.
– Бас сардар әр ұрыстың, әр шайқастың әдісін үнемі қадағалап, бақылап отырған, – дейді Епеке атасы. – Мысалы, «Құйрық жеу» әдісін алайық. Бұл әдіс бо­йынша, ұрыс кетіп бара жатқан ең артқы қосынның соңынан, екі бүйі­рінен тиеді. Жаудың алдыңғы қолының беті – алда, сондықтан тыныштықпен өткен жерден ұрыс күтпейді. Ал арт­тағылардың алдыңғы қолға баруына мұршасы болмайды.
Енді «Ай қораланды» ұрысына келсек, ол – жауды айналдыра сыртынан қоршап алып, содан соң біртіндеп қыса түсу екен. Бірақ мұндай тәсіл әскер саны жаудың қолынан аз дегенде бір жарым есе көп болғанда ғана қолданылатын көрінеді. Берен бала сонымен қатар «ер қаруы – бес қару» туралы білетіндерін толықтыра түсті. Сөйтсе, найзаның өзінің үш түрі болады екен. Әбдеш атасының айтуынша, олардың біріншісі – бетпе-бет айқаста сауыт кимеген жауға қарсы қолданылса, сауыт­ты дұшпанға қарсы қолданылатын – сүңгі, үшіншісі – жыда дейді. Сүңгінің жебесі үскідей үшкір, үш-төрт қырлы болып келеді екен. Жыда найзаға ұқсас болғанымен сабы қысқалау болып келеді. Оны жауға лақтырып қолданған.
– Найза мен сүңгінің басына шашақты әдейі байлаған. Ол найзаның ұшынан аққан қанды сабына жібермеу үшін және қарсыласына найзаның ұшын байқатпау үшін қажет болған. «Шашақты найзаны – сардар, ал қоңыраулы найзаны ұраншылар ұстаған. Найза қолдың қарына ілінеді. Бес қаруға кіретін семсер, қылыш, селебе кесу құралына жатады екен.
– Қылыш дегеніміз – қоян-қолтық айқаста жау­ды шауып, кесу үшін қолданылатын қару. Оның қолға ұстайтын бөлігін – сап, қолға іліп жүру үшін сабына тағылған қайысты – бүлдірге, қылыштың түзу бөлігін – алқымы, кесуге қолданатын бөлігін – басы, кесетін жері – жылан немесе жүзі, жүзінің қарсы жағы – сырты, түйрейтін жері, ұшы – жебе, қылыштың сапқа кіргізілетін бөлігі – жете, қолдың тіреліп тұратын темірі – «балдақ» деп аталады.
– Оу, айналайын-ау, сен әрбір қарудың «ішек-қарнын» ақтарып айта берсең, мына қалпыңда Үшарал, Қарақол, тұрмақ Шолпан ауылына да жетіп қалатын шығармыз, – деп қояды Епекең. – Осының бәрін қалай жат­тап алғансың, мынаның бәрін бірдей есте сақтап қалудың өзі қалай болар екен?
– Ата, айта беріңізші, қызық қой! – дейді Берен.
– Айтсам, қылыштың жасалған теміріне қарай «Ақ алмас», «Ақ балдақ», «Ақ берен», «Көк берен» деп те аталады. Әне, сенің есімің де осындай кесіп түсетін керемет қылыштың атауымен байланысты қойылған, – деді де, Әбдеш атасы замандас құрдасының ескертпесін елеусіз қалдырмағандай: – Езе берсек, Епекейден ыңғайсыз болар. Бес қарудың екеуін айт­тық па? Қалған үшеуіне қысқартыңқырап тоқталып өтейін, – деді.
Сөйтіп, бұл әңгіме барысында Берен бала өз атының түп-төркінінен хабардар болып, көңілі марқайып қалады. Сөзге араласқан Епекей атасының айтуынша, «Берен сауыт – береңгі» деген де бар көрінеді көнеден. Берен сауыт кеу­деше түрінде тұтас жасалынып, бастан сыпыра шешіліп, киілетін, баумен байланатын сауыт екен. Етектен шегенделгендіктен болат тақталардың жігі ашылмай, денеге оқ, қару дарытпайтын көрінеді.
Әңгіме арқауы ату қаруына ойысты. Аңшы мылтығынан бастап, әскери қарулардың біразын Берен кинолардан көріп, кітаптардан оқып, біліп жүргені болмаса, бұрынғы өткен замандағы садақтың түрлері мен құрылысынан бейхабар болатын. Сондықтан Әбдеш атасының ол жайлы айт­қандарын бар ынты-шынтысымен тыңдауға кірісті.
– Садақ деген – қат­ты, берік ағаштан иіп жасалған ертеден келе жатқан ату құралы, – деп бастады атасы. – Ол жасалған ағаш түрлеріне қарай «Қайың садақ», «Қарағай садақ», «Үйеңкі садақ», алтынмен аптап жасалған «Алтын садақ» деп аталады.
Бұдан басқа садақтың «батпан» деп аталатын кішкене түрі де қолданылыпты. Қайыңның қабығымен қапталып, сүйекпен әшекейленген сәнді садақты «саржа» дейді екен. Бұхар үлгісінде жасалып, елге сатып әкелінген садақ «бұхаржа» аталыпты. Татар үлгісіндегі садақты «санай» деген. Осылай садақ атаулары жалғаса береді.
Жебелердің де сан алуан түрі болыпты. Жалпақ жебе дегені сауытсыз жауға қарсы қолданылған екен. Оның аты – «қозыжауырын» дейді. Сауыт киген жауға қарсы басы үшкір, қырлы жебе «сауытбұзарды», «көбебұзарды» пайдаланыпты бабалары. Адамды, аңды жараламай ұрып құлатуға арналған ағаштан, сүйектен немесе мүйізден жасалған жебелер де болыпты. Ол «доғал оқ» деп аталған екен.
– Ату қаруы неге садақ қана болсын, – дейді Әбдеш атасы. – Садақты от­ты қару – мылтық алмастырған. Оны «от­ты қару» деп жүрген арабтар он үшінші ғасырда тапқан көрінеді. Тарихи деректер ХV ғасырдың аяғы мен ХVІ ғасырдың басында Қазақ хандығының құрылу кезеңінен бастап пайдалана бастағанын көрсетеді. Осы кез­де өмір сүрген Шалкиіз жырау «Ер Шобан» ат­ты қара найман Жақан батырдың мылтықпен қаруланғанын айтады.
Он екі құрсау жезайыр,
Қара мылтық жұмсаған.
Бұл жиынның ішінде
Қара найман Жақан бар, – дейді.
Осылайша, ер қаруы бес қару жайлы жан-жақты түсіндіріп берген атасы енді жол-жөнекей өздері басып өтіп келе жатқан жер, су, асу, белдердің атауларына қатысты ел аузындағы аңыз әңгімелерге де жетік болып шықты. Жағалбайлы тауы, Аягөз өзені хақындағы айт­қандары да бала Береннің көкейіне қонып, зердесіне құйыла түсуде. Қос қарияның сөзіне қараса, бұл аймақтың әр төбесі, әр қолаты тұнған тарих қой жатқан! Даңқты қолбасшы Қабанбай қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған дейді. Дарабоз батыр сансыз сұрапыл соғыстарға қатысып, басшылық жасап қана қоймай, 103 рет жекпе-жек айқасқа шығып, барлығында ата жауын жер жастандырған екен.
Жол үстінде Берен Шынқожа, Боранбай сынды батырлардың жорық жолдары мен ерліктеріне қанығып, ой үстіне ой қоса түскен сайын бабаларының ұлылығы мен жаужүректігіне тәнті болумен келеді.
Ер есімі – ел есінде. Шынқожа ауылы, Шынқожа батыр ескерткіші осы нақылдың айғағындай. Биік жота басындағы айбынды батыр ескерткішін көрген Берен кейіпкеріміз айрықша рухтана түседі.
«Оң аяғымен жер тарпыған тұлпар жаужүрек жанның тақымында жүргенін біліп, қос құлағын қайшылап, екі танауы еліре желп-желп етіп, осқырынып тұрғандай. Ереуіл ат­тың омырауындағы оюланған өмілдірігінің өзі қандай десеңші, паһ-паһ!».
Қызықтың көкесі Берен үшін «Қайдасың, патшалар алқабы?!» аталатын екінші бөлімнен басталады. Далалық зерт­теулерді жаны сүйетін Әбдеш атасының әңгіме төркіні енді кіл археологиялық барлау, қазба жұмыстары мен ұстаздары Әбдіманап Медеуұлы, ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, Есік өзені маңынан ең алғашқы «Алтын адамды тапқан археолог Кемел Ақышев, «Атыраудың Алтын адамы» атауына ие болған Аралтөбе қорығындағы екінші ескерткішті тап­қан экспедиция жетекшісі Зейнолла Самашев жайында өрбиді. Ал 2003 жылы Шіліктідегі үшінші «Алтын адамды» Береннің осы Әбдеш атасы тауыпты. Оны ойласа, бала Береннің бо­йын ерекше бір мақтаныш сезімі билейді. Жазғы демалысын атасының қасында, экспедиция құрамында жүріп өткізген алғыр да зерделі бала археологиялық қазба жұмыстарының «қызығы мен шыжығына», қолмен ұстап, көзбен көріп дегендей, тереңірек қаныға түседі. Ал мұндағы кеудесі алтын сандық қазыналы қарт­тардан үйренері де аз болмайды.
Кітаптың негізгі айтпақ ойы, лейтмотиві де – осы. Ол мақсат­тың орындалуы сәтсіз де емес. Олай дейтініміз, сонау сақ, ғұн дәуірінен бастау алатын шежірелі тарихымыз да, ел қорғаған батырлар ерлігін паш ететін жыр, дастан да, ұлт­тық салт-дәстүріміз бен көкпар, құнан жарыс, тай жарыс, аламан бәйге сынды ұлт­тық спорт жарыстары да, түрлі ырым-сырымдарымызға дейін – бәрі- бәрі осында. Алайда оның бәрін бір шолу аясына сыйғызып баяндап шығу мүмкін емес, әрине. Сондықтан кітапты тек оқу керек! Себебі бұл – жас ұрпақ үшін, жалпы қалың оқырман қауым үшін танымдық, тағылымдық ғибраты мол, «Алтын адам» мұрасындай жауһарлы жәдігерлерге толы кітап!

Арасанбай ЕСТЕН,
жазушы, Сайын Мұратбеков
атындағы әдеби сыйлықтың иегері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір