«ӨЛІП КӨРГЕН» АҚЫННЫҢ АРМАНЫ ЖОҚ…
24.03.2023
507
0

Ескі архивімді ақтарып отырып, «Жас Алаш» тігіндісінің арасынан бір топ өлең тауып алдым. «Келеді екем зират­тардың ішінде…» деген ортақ тақырыбы бар екен.
Есіме бәрінен бұрын неліктен екенін де білмеймін қазақтың барша марқасқасы жатқан «Кеңсайдың» түскені. «Ойбай-ау, бұл қай марқұм болды екен?..» деп авторын іздесем, соңында Маралтайдың аты тұр.
«Ойпырмай, Маралтай туралы жаманат хабар естіген жоқ едік қой?..» деген ойдың, ықтимал суыт қауесет­тің санамда қылаң бергені де рас.
Құдай сақтасын!..
Алайда есіме бір жайт­тың түскені. «Арқасы буған сәт­те» Маралтай ақынның бейіт кезіп, дәруіш болып кететінін бұрыннан білеміз ғой… Ұзынқұлақ «арқасы қозғанда» Маралтай ақынды Мұқағалидің бейітін құшақтап, ұйықтайды дейтін.
Үрейлі көңіл бір сәт басылып, өзімізге-өзіміз әзер келгеніміз…
«Әйтеуір, аман екен ғой, байғұс…»
Есіме тағы да бір оқиға түскен. Бауыржан Момышұлының зайыбы – Жәмила апа Егембердиевамен көрші тұратынбыз. Денсаулығы жоқ апа ара-тұра бізден Баукеңнің зиратын тазалауды өтінетін.
Бірде сондай шаруамен «Кеңсайға» барғаным бар. Батыр бейітін тазалап жүріп, күннің кешкіріп қалғанын да байқамаппын. Алматының кеші тым жылдам түседі. Іле-шала төңіректі түн басқан.
Қараңғы түнде бейіт арасымен келе жатқан адамның жағдайы белгілі. Әуелі елеңдейсің, тас бітімдер арасынан өтіп келе жатқаныңда, солар саған тесіліп қарап тұрғандай күйге түсесің… Сөйтіп, елеңіңнің үрейге ұласуы да заңды.
Ойға еріксіз Маралтайдың «Балбалтас» өлеңі оралады.
«О, Балбалтас, сен Жерліксің,
мен жатпын,
Бұл бір тылсым жұмбағындай
әбжат­тың.
Сені көрем, сені көрсем сен менің
Қиялымды түпсіз көкке
самғат­тың».
Әлбет­те ақын қиялы белгілі. Арқалы ақынға мына дүниеден төртінші өлшемге – параллель әлемге барып келу – Қаскелеңге барып қайтқанмен бірдей. Алайда бізге оның қажеті жоқ қой.
Мына тас бітімдер арасынан тезірек шықсам екен деп елеңдеп келе жатқанымда, бір қабырдың түбінен бет-аузы жағал-жағал топырақ бір аруақтың атып тұрғаны!..
Жүрегің жарылып, жаның әйтеуір мәңгілік тұрағың «Кеңсайда» шығатындай жағдай, енді.
«Апа-а-а!..» деп айғайлап үлгердім бе, үлгермедім бе, ол жағы есімде жоқ, құдайдың аяғаны шығар, әлгі бет-аузы жағал-жағал «тірі аруақтың» күнделікті, бергі тіршіліктің тілімен «Ассалаумағалейкүм, аға!..» дегені…
Өлгендер қайтып келмейді демекші «өлгендер де сөйлейді екен-ау?..» деген сияқты көмескілеу бір ойдың қылаң бергені де рас. Жағал-жағал тірі аруақ тірі біреу болып шықты, әйтеуір… Тірі болғанда да таныс «адам, «Арқасы ұстағанда» «Жас Алаш» редакциясына келіп, боқтап кетіп жүрген кәдімгі өзіміздің Маралтай!..
Көңіл біршама орныққан. «Уағалейкүмді…» айт­тық па, айтпадық па, есімде қалмапты. Есімде қалғаны Маралтай сол жерде Кеңсайды күңірентіп, өзінің «Кеңсайдағы диалогын» оқыған.
«Жүрсе де шалқып қанша күн,
Ақыры – өлім баршаны…
– Шарабың бар ма, құйсаңшы!
Шылымың бар ма, шаршадым…»
Әрине, шарап болмаса да шылым бар. Маралтай шылымын шегіп отыр. Өз-өзімізге келгеннен кейін «Маралтай-ау, жеті қараңғы түнде бейіт арасында неғып жүрсің?» дейміз ғой, баяғы. «Мұқағали ағамның қасына қонып, қабірін құшақтап…» дейді ақын. Ізінше «Кеңсайдағы диалогтың» Мұқағалиға арнаған үзіндісін жалғастырған.
«…Сен мені танып тұрсың-ау,
Мен сізді… Иә, Жан-аға!
Қасыңда мәңгі қалсам ба?..»
«Қой, бауырым, бергі әлемге орал…» деген сияқты сөздің айтылуы да заңды.
Бірақ оған құлақ асар Маралтай байқалмайды. Өзіне төртінші өлшем, яғни параллель әлем ұнайтын сияқты ма-ау…
«Білмейсіз ғой, нағыз жан рахаты осында! Нағыз демократия! Қалаған аруақпен тілдесесің. Қалаған бейі­тіңді құшақтап ұйықтайсың… Бәрі сенікі… Бәрі періште…» деген ақын диалогының соңын:
«…Кеңсайды кезіп түнімен,
Осылай қаңғып жүремін…»
деп жалғастырғаны.
Қазір Маралтай ақын бергі дүниеге оралған. Тентектіктен де, «тентексудан» да арылған. Бірақ сол арғы дүние мен бергі дүние арасында шалқып жүргенде жазған табиғи, таза поэзиясы әдебиет тарихында қалды деуге толық негіз бар.
Дәл осы тұста Төлеген мен Мұқағали дәуірінен кейін «поэзияны техникамен емес, табиғи жазатын» ақындар кімдер деген ой келеді кейде. Алдымен «қоғасы көлдің қозғалады әрең…» Кеңшілік, сосын Жұматай түседі еске. Одан әрі «келеді екем зират­тардың ішінде…» Маралтай ақын, әлбет­те!..
Андрей Вознесенскийден: «поэзия жазылмайды, туады» деген қисынды афоризм қалды. Әрине, қазақ поэзиясында дарынды ақындар баршылық. Бірақ тылсым арасынан сыр тартқандар көп емес. Айбергенов поэзиясының лейтмотиві – сағыныш десек, Маралтайдың кереметі – осы жұмбақ дүниеге ене білуінде.
Ал одан абыроймен аман оралуды – ерлік дер едік.
Қазақ атаң ақындықты аруақтың қонуы деп қисындайды. Басы – тәт­ті, аяғы – қат­ты болған Біржан, Ақан тағдырын соған мысал етеді. Ал сөйткен өлеңсөздің құдыреті, киесі біздің кейіпкерімізді қазір мазаламай ма екен деген ойдың келуі де заңды.
Алдыңғы жылы Маралтаймен оңтүстікке сапарлағанымыз бар. Ұзақ жолда біраз әңгіме айтылады. «Қазіргі (астын арнайы сызып қойдық, авт.) келініңіз Созақтың қызы. Қайын атам бақсы. Сол кісі Созақтағы әлдебір қамысты көлді жын-перінің ордасы, дейді. Соны аралап, ортасында бірер күн қонып қайтсам деген ойым бар» дегені Маралтайдың.
«Қой, ей, Маралтай! Аруақтар әлемін біраз сайраңдап едің. Одан алты Алаш болып жүріп, әзер қайтарып алып едік. Енді тылсымды әлемге бармай-ақ қой!..» деуге тура келген…
Біздің қауіпімізді түсінгені шығар, ақын бір күліп алып, қайын атасы туралы «Бақсы» деген өлеңін оқыды. Ақын аруақты бақсы қайын атасын «Перінің сыбдыры бар жүрісінде…» деп сипат­тапты… Қайын атасы пері болса, оның қызының Перизат болуы да заңды деп ойладық. Демек, Маралтай ақын өлеңде де, өмірде де бақыт­ты. Ең бастысы, тылсымды әлемнен сыр тартуы арқылы қазақ поэзиясына тың да соны тақырып әкелді. Әлбет­те, ол – Мұқағалидің «Реквиемінен» кейінгі поэзиямыздағы өмір мен өлім тақырыбына жазылған ең қабырғалы үлес…
Ақиқатында «өліп көрген» ақынның арманы жоқ-ау, өзі. Нағыз табиғи поэзияның өзі де содан туа­тындай…

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір