«Актермін мен, мың өліп, мың тірілген»

Алматы қаласындағы Тұран университетінде Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімұлының «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітабының таныстырылымы өтті.
Тұсаукесер шарасына Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы, жазушы Мереке Құлкенов, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты Мамай Ахетов, Тұран университетінің ректоры, профессор Рахман Алшанов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ф.ғ.д., ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Кенжехан Матыжанов, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының бөлім басшысы Арман Халбеков, саясаттанушы Әміржан Қосанов, театр және кино актері Азамат Сатыбалды және өзге де зиялы қауым өкілдері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Жинақта қайраткердің өмір жайлы, ғұмыр жолында кездескен жандар мен түрлі жайттар туралы ойлары топтастырылған. Кеш тізгінін ұстаған белгілі жазушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Президенті сыйлығының лауреаты Қали Сәрсенбай: «Асанәлі ағаның актерлігінен, қайраткерлігінен бөлек, қаламгерлігі де көпке мәлім. Алдарыңызда тұрған бұл кітап – Асанәлі ағаның бесінші кітабы. Ағамыздың өнер жолын, өмір жолын қамтыған еңбектердің басын қосқанда бұған дейін тоғыз томдық жинақ жарық көрді», – дей келіп, өнер иесінің жазармандық қыры жайлы сөз толғады.
Жиын барысында сөз алған Мереке Құлкенов: «Асекеңнің бұған дейін де бірнеше кітабы жарық көрді. «Мен актермін, мың өліп, мың тірілген» деген жай сөз емес. Осы бір ауыз сөзбен бүгінгі таныстырылымы өтіп жатқан кітаптың бүкіл табиғаты ашылып тұр. Асекең: «Менің жазғандарым көркем әдебиетке жатпайды», – деп айтқанымен, күнделік те – әдебиеттің көптеген жанрының бірі. Өйткені күнделікте сол күнгі оқиға суреттеліп, сол күнгі адамның қандай күй кешкені, жан дүниесі бейнеленеді. Толстойдың, Достоевскийдің, біздің Бельгердің күнделіктері секілді Асекеңнің күнделіктерінің де көтерер жүгі салмақты», – деп, жаңа жинақтағы ой оралымдарының өміршең екенін жеткізді.
Тұсаукесер кешке жиналған өзге қаламгерлер мен өнер өкілдері де Асанәлі Әшімұлының кино, сахна өнерлерімен қатар сөз өнеріндегі сара болмысы, ұстаздық келбеті турасында кеңінен айтып, жаңа кітаптың оқырманы көп болатынына сенім білдірді.