Әділдікке ұмтылған қоғам бар салада табысты болмақ
28.06.2024
67
0

Әділетті Қазақстанның басты ұстанымы – ашықтық пен әділдік. Осы мақсатта еліміздің құқық қорғау саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған реформалар, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң-заман өзгерген бүгінгі қоғамыздағы күрмеулі мәселелер туралы Алматы облыстық адвокаттар алқасының мүшесі Адайбек Бейімбетовке бірқатар сұрақтар қойған едік.

– Адайбек Шаңқұлұлы, Президент тапсырмаларына орай қазіргі таңда құқық қорғау саласында қолға алынған өзгерістердің басты мақсаты – заң үстемдігінің берік орнығуы, сот төрелігінің әділ атқарылуы. Осы тұрғыдағы жұмыстардың барысы туралы не айтар едіңіз?
– Мемлекетіміздің Конституциясына сәйкес оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Барлық құқық қорғау органдары, оның ішінде сот та, сот саласы да осы қымбат қазынаға қызмет жасауы тиіс. Алайда әр саланың өзіне тән ерекшеліктері болады. Біздің елдегі үш биліктің бірі болып табылатын сот билігін басқа саламен тең дәрежеде қабылдайтындар жоқ емес. Тіпті жоғарыда отырған өзім сыйлайтын абыройлы азаматтардың бірі жақында зейнеткерлікке шыққан судьяны Жоғарғы Соттың төрағасы өз өкімімен алты ай мерзімге жұмысқа шақыру құқығы бар екеніне таңданыс білдіріп, мұны сол судьяны жұмысқа тағайындап, зейнеткерлік жасына жеткен соң доғарысқа шығарған ел президентінің өкілеттігіне қол сұғуға балаған сияқты болды.
Рас, Президент судьяларды судьялық қызметке тағайындай отырып, осы қызметті әділ, адал, тәуелсіз және батыл түрде атқаруын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты мерзімге тағайындайды. Бейнелеп айтар болсақ, жоғарыда сөз еткен қазынамызды – адамдарды, олардың өмірі, құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қолдарына «қылыш пен қалқан» тапсыра отырып: «Міне, сен – тұрақты судьясың, саған ешкім қысым жасай алмайды, негізсіз жұмыстан шығара алмайды, доғарысқа шықсаң да қажеттілік туса сені Жоғарғы Соттың төрағасы шақырып алып, жұмысқа жегуі мүмкін», – дейді. Заңды түрде доғарысқа шыққан судья өз өкілеттігін сақтай отырып, Жоғарғы Сот төрағасының өкімімен өз қызметін жалғастыруы мүмкін. Жиырма жылдық судьялық еңбек өтілі болған, 50-55 жасында да доғарысқа шыққан судьялардың Жоғарғы Сот төрағасының өкімімен 65 жасқа дейін судья қызметін жалғастырып жүргендері баршылық. Сондықтан бұл жерде заң бұзушылық емес, түсінбеушілік қана бар. Мұнан да сорақысы, кейбір азаматтар судьяларды облыс әкімшілігінің лауазымды тұлғасына балап, оның судья екенін есепке алмауға тырысады.
«Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңда көзделгендей, елімізде сот төрелігін тек сот қана Қазақстан Республикасы атынан жүзеге асыратынына, судьялар сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынатынына, сот төрелігін іске асыру жөніндегі қызметіне араласуға жол берілмейтініне, бұл тиісті жауаптылыққа әкеп соғатынына, судьялар нақты істер бойынша ешкімге есеп бермейтініне, т.б. ерекше міндеттері мен құқықтары барлығына назар аударылмайды.
Айтулы биіміздің бірі аттың тұсауын ұрлаған адамға екі аттың құнын төлету туралы шешім шығарыпты. Таңғалған наразы жұртқа ардақты биіміз «Тұсау атты сақтайды, ат ерді сақтайды, ер елді сақтайды», – деген екен. Бар жігер-күшін ел үшін жұмсап жүрген елді сақтайтын ерлеріміз, ардақты азаматтарымыздың кейде арандатуға ұшырап, әділдік таба алмай жүргенін естігенде еңсеміз түсіп-ақ қалады. Боксшы Головкиннің кезекті бір жеңісінен кейін терезесіне Қазақстан Республикасының туын ілген азаматты жазалаған немесе кешегі жеңіс күнін тойлау кезінде кеңестік қызыл туды көтергендерге қарсылық жасаған азаматқа қатаң шара қолданған судьяларды түсінбеймін.

– Қоғам діңіне түскен жегі құрт секілді кеселдің бірі – парақорлық. Бұлай деуімізге бір себеп – бұл кеселдің мектептеріміз бен оқу орындарынан көрініс беруі. Жемқорлыққа қарсы күрес қайткенде нәтижелі болады деп ойлайсыз?
– Дұрыс айтасыз, жемқорлық, мемлекет мүлкін талан-таражға салу, алаяқтық, парақорлық сияқты қылмыстар әр салада байқалып жататыны жасырын емес. Мұндай қылмыстардың алдын тек қана жазаны күшейту жолымен алуға болады деп есептесек, қатты қателесеміз. Кеңестік дәуірдегі Қылмыстық кодексімізде мемлекет мүлкін он мың сомнан артық сомаға талан-таражға салу орын алса, ату жазасы көзделген еді. Бірақ бәрібір мемлекет мүлкін талан-таражға салу тоқтаған емес. Осы кезге дейін жалғасуда. Қайткенде азайтуға болады (түбегейлі жоқ ету туралы айтпай ақ қояйық)?! Көпшілік жағдайда түйені түгімен жұтқандар құтылып, сүйек-саяқ ұстағандар тұтылып жатыр. Миллиардтап ұрлағандар шартты жазамен құтылып жататын жағдайлар да кездесіп қалады. Осындай әділетсіздіктер жойылмайынша, дұрыс нәтижеге жететінімізге күмәнім бар. Қылмыстық заңның біркелкі және жалпыға бірдей орындалуы қамтамасыз етілмесе, дұрыс нәтиже күтудің өзі күлкілі.
Сонымен қатар, басты мәселе – құқықтық тәрбиенің, оның ішінде отбасы тәрбиесінің, қазақи дәстүрлі тәрбиенің кемшіндігі және халықтың жұмыссыздығы мен материалдық жағдайының нашарлығы десе болады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді халық даналығы. Балаларды патриоттыққа, адалдыққа тәрбиелеудің көңілге қонатын үлгілерін көптеп таратуымыз керек.
Сондай-ақ кезінде мектеп мұғалімдерін «қолбалаға» айналдырып, ұстаз беделіне нұқсан келтірдік. Мұның да ұрпақ тәрбиесіне кесірі аз болмайтыны белгілі. Тағы бір айта кететін жағдай, әлеуметтік теңсіздіктің өріс алуы десе болады. Бір көшеде тұрып, бір мектепте оқитын балалардың бірі тамағын таппай, мектептен соң біреудің автокөлігін жуып немесе тойхана, кафелерде даяшы болып жүрсе, екіншілері қымбат көлікте, қымбат киімде жүреді. Бұл да бала көңілдегі түрлі ойларға себеп болады. Оның үстіне, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға кіргізілген өзгертулердің бәрін дұрыс деуге болмаса керек.

– Жалпы, біздің соттарда ақтау үкімі тым сирек шығарылады, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Әр үкімнің артында нақты бір адамның өмірі, оның отбасы, бала-шағасын айтпағанда, болашағы тұр. Адам құқын қорғауда заң әділдігі қаншалық үстем?
– Жоғарғы Соттың дерегі бойынша 2015 жылы – 149 адам, 2016 жылы – 62, 2017 жылы – 70, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, әрі қарай да жыл сайын сол шамалас адам ақталған. Бұл қылмыстық жауапкерлікке тартылғандар санына шаққанда 1 пайыздың о жақ, бұ жағы болса керек. Еуропада бұл көрсеткіш 15-20 пайыз болса, АҚШ-та одан да көбірек, яғни бізде ақтау үкімдері өте аз.
Бір мысал келтірейін. Жуырда ғана Алматы облыстық соттарының бірі алқабилердің қатысуымен ірі лауазымды тұлғаның ісін қарап, ақтау үкімін шығарды. Үкім сотталушыларға тапсырылмай жатып-ақ, ақпараттық шабуыл басталып, тексерулер жүргізіліп, прокуратура үкімнің заңсыздығы, оған наразылық келтірілетіні туралы хабарлап үлгерді. Ақтау үкімін осылайша, «қанжар сермеп» қабылдаудан кейін судьялар ақтау үкімін шығаруға ынталы бола қояды деп ойламаймын.
Бабамыз Қазыбек бидің алдына ойнап жүрген баланы аты теуіп өлтірген адамды алып келіп, жаза тағайындауды сұрағанда ардақты биіміз «Егер кінәлі атын есіктің тұсына байлаған болса, ердің құнын, жабықтың тұсына байлаған болса жарты ердің құнын, төрдің тұсына байлаған болса, ердің құнының төрттен бірін төлесін», – деген екен. Аттың ат ағашқа байланған жеріне ойнап жүрген баланың өзі барып, оқиға сол жерде болғанын естіген Қазыбек атамыз әлгі азаматты кінәсіз деп тауыпты. Ешқандай университет бітірмей-ақ, ақыл-санамен әділдіктің ақ туын желбірете білген қайран бабалар-ай!

– Қазақстанды Ата заңымызда жария етілгендей, адам құқықтары мен бостандықтары басты құндылық болатын өркениетті елге айналдыру үшін көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстарлықтай оң өзгерістер керегін Президент халыққа жолдауында атап көрсетті. Соңғы жаңғыртулардан заң саласында қандай ауқымды өзгерістерді атап айтар едіңіз?
– Кейінгі жылдарда елімізде сот реформасы қарқынды жүргізіліп, бірталай жағымды өзгерістердің болып жатқаны жасырын емес. Әсіресе судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қолға алынып, оларды тек қана заңдық тұрғыдан емес, материалдық жақтан да қолдап-қуаттап, жағдайын жақсартуға әрекет жасалуы құптарлық жағдай. Сондай-ақ судьяларды дайындау мәселесіне көңіл бөлініп, судьялық қызметке дұрыс адамдарды таңдау қолға алынып жатыр. Әрине, бұл – өте күрделі мәселе. Мұндағы басты көрсеткіш судьялардың тазалығы, адамгершілігі мен әділдігі болу керек деп санаймын. Тағы да бір үлкен жаңалық – дербес кассациялық соттардың ашылуы. Бұл азаматтардың сотқа арыздануының қолжетімдігін арттырып, сот үкімдерінің заңдылығын қайта қарауды жеңілдетеді. Сот жюриінің жұмысын жетілдіру барысындағы өзгерістер мен сот төрелігінің сапасы жөніндегі комиссияның ұйымдастырылуы, қызмет тәртібінің өзгеруі де судьялардың жұмысын дұрыс бағалауға ықпал етіп, олардың жұмысының сапасын арттыруға әсер етеді деп ойлаймын. Аз ғана шыдайық, алдымызда көптеген жағымды өзгерістер күтіп тұр.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір