ӘДЕБИ ТАНЫМ ҚАЙТСЕК ЖАҢАРАДЫ?!
18.05.2023
202
0

Жуырда әдебиеттанушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әрмиябек Сағындықұлының «Көңілдің көркем көкжиегі» атты әдеби сын мақалалары топтастырылған кітабын оқып шықтық. Сыншының бұл кітабы биыл халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығын алған болатын. Кітапты толық оқып шыққанда бір ұлттың әдебиеті дамуы үшін әдебиеттану мен сынның қаншалықты өзекті екеніне дендей еніп, бүгінгі әдеби қауымның эстетикалық талғамы мен танымының неден ақсап тұрғанын бағамдағандай болдық. Әдеби талдау кеңестік жүйеден арылмаса, әдебиетші қауымның да сол жүйе қалыптастырған санадан арылмайтынын автор жан-жақты зерделепті.

Әдебиет өзінің заманға сай теориясы мен сыны кемелденбей, көсегесі көгермейді. Әдебиеттің кез келген жанрының дамуы үшін әуелде оның теориялық негізі мықты болуы керек. Теория алда жүре ме, әлде шығарманың жазылуы жаңа теорияға жол аша ма? Бұл сұрақ туралы пікірталас толастаған емес. Теориясыз әдебиет, әдебиетсіз теория болмайтыны анық. Дегенмен көп жағдайда әдебиеттің дам­уы үшін теорияның, әдебиеттанудың зор ықпал етері даусыз. Әдебиеттануы бұраң жолға түссе, тұтас дәуірдің әдебиеті де адасады. Қасаң түсініктер мен қағидалардың көшіне ілеседі. Оның дертін ұзақ уақыт тартуға келеді. Бұған біз өткен ғасырдағы қазақ әдебиетінің кезеңдік үрдістеріне көз жіберсек, анық біле аламыз.
Автор кітаптың кіріспесінде ХІХ-ХХ ғасырдағы философиялық ағымдар мен әдеби ағымдарды ретімен баяндай келіп, философияның әдеби танымның жаңаруына жасаған орасан зор ықпалына тоқталады. Өмір философиясы, болмысшылдық философиясы, психоаналитика мен психологиялық жаңа ізденістері әрі олардың негізгі өкілдері туралы ақпарат береді. Гуманитарлық ғылымдағы бұл ізденістердің адамның болмысы туралы терең зерделеуге ықпалының зор болғанын айтады. «Жаңағы айтқан әдеби ағымдар мен әдістер адамның жаратылысын, болмыс-бітімін ашуға арналған ілімдердің негізінде қалыптасты. Адам баласының болмысын жиі зерттеген осы ілімдердің негізінде адамның ішкі әлемін зерделейтін, әдеби, көркем шығармалар жазылып, жарыққа шыға бастады. Философиялық, психологиялық теориялардың дамуымен қатар өнер туындылары арты-артынан өмірге келді. Әлемдегі өркендеген елдердің әдебиеті адамды зерттеуге, оның сыры мен сыпатын ашуға қарай біржолата бет бұрды», – дейді автор. Кіріспедегі осы шағын абзацтан-ақ әдебиеттің, жалпы өнердің негізгі мақсаты адамды зерттеу, оның жаратылысы туралы ой толғау екенін аңғарамыз. Әрине, мұндай пікірді көп адам айтуы мүмкін, бірақ оны темірқазық ретінде ұстанған ұлттың ғана әдебиеті өрелі болмақ-дүр. Адам өзін-өзі танымай, өзін-өзі зерттемей, тұтас қоғамдық пропаганданың уысынан құтыла алуы неғайбыл.
Әдеби ағымдар туралы айтқанда қаламгер символизм, футуризм, сюреализм, интуитизм, экспрессионизм, сана ағысы, модернизм, пост­модернизм ағымдарының негізгі танымдық ойлары мен эстетикалық талғамдарын ашалай айтып, осы ағымдардың белді өкілдерін де атап өтеді.
Солардың ішінде символизм ағымының басты өкілінің бірі, франциялық Стефан Малларменің поэзия моральдық мақсатқа да, әлеуметтік-сая­си мақсаттарға да қызмет етпеуі керек. Поэзия – таза рухани шындыққа қол жеткізудің құралы, ол кез келген көсемсымақ алаяқтың қолындағы халықты саяси науқандарға үгіттеп, арандататын, топалаң тудыруға бағытталған құралы болмауы керек деген ұстанымын мысал ете отырып, ХХ ғасырдағы кеңестік жүйенің әдеби танымды, оның теориясын, жалпы бағытын қай арнаға бұрғанын, біздің әлі де сол көзқарастан арыла алмай келе жатқанымызды тайға басқан таңбадай айқындай түседі.
Бұл жерде автордың бүгінгі әдеби байқаулардың ішіндегі ең «өтімдісі» – қаптаған мүшәйралар туралы ашына жазғанын аттап өтуге болмайды. Әсіресе белгілі бір науқандық даталарға, батыр мен билердің мерейтойларына арналып өткізілетін мүшәйралардың шарттарын, арнау өлеңдер жайындағы тақырыптық тұсамалығын айта отырып: «Бұл – поэзия емес. Өнер емес. Әдебиет емес. Әдебиетті, поэзияны қорлау», – дейді. Яғни біздің әдеби процестердің таза әдебиет үшін емес, науқан үшін өтетінін, ақындардың көбі осы науқандардың қатысушысы болып келгенін меңзейді. Мұндай әдеби науқандар кеңес одағынан қалған дерттің әдеби ортада әлі де дендеп отырғанын көрсетеді. Әдеби таным түзелмей, әдебиеттің көсегесі көгермейтінін әлденеше тұрғыдан зерделей келіп, социалистік реализмнің түп мақсаты – әдебиет адам туралы емес, жүйе туралы жазылуы керек деген ұстанымының біздің әдеби ортаға әлі де ықпалды екенін жеткізеді. «Әдебиеттің бейнелейтіні кәмөністер тізеден басып, айтқызып келген партияның, «көсемнің» жырын жырлайтын, соның айтқанын тотықұсша қайталап, жаңғыратын жартасы емес. Объективті ақиқат та емес, керісінше, ол субъективті ақиқат, материя емес, ой-сезім, көңіл күй», – деген автор пайымынан жоғарыдағы ұстанымын одан ары нақтылай түскенін көреміз.
Ол сондай-ақ тағы бір қызық пайым туралы ой қозғайды. «Әйгілі Франц Кафка: «Өмір сүру дегенің – кез келген тұстан кездесе беретін жолдан адаса беру, ол тіпті сенің қай кезде адасып, жолдан шығып кеткеніңді де байқатпай жібереді» дегенді бекер айтпаса керек. Біз кез келген тұстан өзіміз адасқанымыз жоқ, біздің бетімізді зорлықпен бұрып, адастырып жіберді. Өнер де әркімнің өз жолы, ең бастысы қиялыңды көркем көкжиектерге еркін самғататын бостан кеңістігің болуы керек. Ұлттық әдебиет пен өнерге, ақын мен жазушыға ауадай қажет дүние тек қана осы. Өнер сондай өрісті өлкеде ғана өркенін жая алады».

Осы тұста автор мысалға келтірген Нобель сыйлығының иегері Гюнтер Грасстың әйгілі сөзін қайталасақ артық етпес. «Қолында билігі барлар ұлттың ар-намысын төгеді де, қолында билігі жоқ бізге оның жарақатын емдеңдер дейді, бұған төзуге болмайды» дейді Г.Грасс. Автордың бұл сөзді келтірудегі ойы түсінікті деп ойлаймыз. Социалистік реализм шеңберінен шыққан елдерде әлі де қолында билігі барлар өз халықтарын тоталитарлық режимнің жүлгесімен басқарып, авторитарлық жүйе арқылы ойына келгенін жасап келе жатқан жоқ па?!.
Бұл кітаптағы ең өзекті сұрақ әдебиет­тің мақсаты не дегенге саяды. Соның ішінде поэзияның орнына кеңірек тоқталған.
«Перси Шерли деген ағылшынның аса ірі сарыншыл (романтик) ақыны болды. Бір дәуір поэзиясының көркем көкжиегіне өзінің өшпес ізін қалдырған өзгеше дарын. Сол сабаз: «Нағыз поэзиялық жасампаздықты тежеп, ұстап тұра алмайсың, ол өзінен-өзі құйылып келеді, әрі ол тілмен айтып жеткізуге болмайтын шаттығын қосып алып келеді. Ақын: «Мен өлең жазайын деп жатырмын» деп біреуге сөз беруі бекершілік. Ең жақсы өлең қажырлы еңбек пен зерттеп-зерделеуден туады деу де мүлдем қате. Шабыттың қанатын қас-қағым сәті келген кезде, ақынның көкірегіне тілмен жеткізіп бере алмайтын өрлік пен қуаныш сыйлайды» деген болатын. Міне, поэзияға осындай құнарлы қисындармен келетін болсақ, шабытты шақ жанып, сөніп жатқан алау от іспетті, ұйтқып соғып тұрған жел сияқты болғаны ғой. Бұл сілкініс ақынның ішкі жан әлемінің тулаған толқынынан туады. Мұндай жұмбақ құбылыстың қашан туарын ақынның өзі де анық біле бермейді», – деген автор ұстанымына келісуге болады.
Бұл пікірден ақындарға ізденудің, оқудың, әдеби теориялар мен жаңалықтардан хабардар болудың керегі жоқ деген ой тумауға тиіс. Мұндағы айтпақ ой – «нағыз ақынның он сегіз мың ғаламды жасаушы» екенін түсіну, яғни ізденіспен қатар, поэзияның әу бастағы түп қайнары, тұмса бұлағынан сусындайтын эстетикалық талғам болуы қажеттігін аңғарамыз.
Автор Абай, Шәкәрімнен бастап, ХХ ғасырдағы тұтас қазақ ақындарының әр буынының өлеңдерінен мысал келтіре отырып, әлемдік әдебиеттегі алыптарды жиі мысалға келтіреді. Әлем поэзиясы үшін Э.Паунд пен Т.Элиоттың орны өбек екенін әдеби қауым жақсы білуге тиіс. Поэзия хақындағы сан ғасырлық көзқарасты өзгерткен тұлғалар осы екі ақын екені даусыз. Кітапта Элиоттың мынандай бір сөзін келтіреді. «Т. Элиот­тың өлеңді түп мағынасында өлең деп, басқа ештеңе емес деп қарауымыз керек дейтіні сондықтан. Осы Т.Элиоттан бір тілші: «Біраз сыншылар «Шөл» (Элиоттың дастаны) «бүкіл бір дәуірдегі адамдардың рухани күйреуін бейнелеген шығарма» деп бағалап жатыр, сіз бұл көзқарасқа басқаша қарайсыз. Бүгінде кейбір сыншылар бұл дастаннан христиан дінінің негізін тапқанын айтып жатыр. Сіз бұл пікірге қалай қарайсыз? Сіз жырыңызда осындай мазмұны бар деп ойлайсыз ба?», – деп сұрағанда: «Бұлардың барлығын мен солай орналастырдым деп айта алмаймын. Сіздің «ойладыңыз ба?» деген сұрағыңыздың нені меңзеп отырғанын білмеймін. Мен тек айтарымды айттым, оларды айтудан бұрын не айтарымды өзім де білген жоқпын, меніңше, ойлап алып өлең жазуға болмайды ғой…», – деп жауап берген болатын».
«Шөл» – әлемдік ұлы поэма. Ол туралы сансыз әдеби зерттеулер жарық көрді. Қазақ тіліне жас ақын Абзал Сүлеймен аударып, порталдарда жарық көрді. Ішіне бүккен жұмбағы көп ұлы жыр туралы қазақ тілінде соны зерттеу­лер әлі жасала қойған жоқ. Сыншы Әрмиябек Сағындықұлының Т.С.Элиот­ты қайта-қайта мысалға келтіруінде ерекше мән бар деуімізге болады. Әдеби эстетиканы үздіксіз жаңарту үшін ақын яки жазушы болсын, әлемдегі ұлы шығармалармен қатар, олар туралы жазылған мақалалар мен талдауларды оқып отыруы керек.
Біз «Көңілдің көркем көкжиегін» бірнеше қайтара парақтап отырып, автордың ең негізгі айтпақ ойы «Әдеби танымды қайтсек жаңартамыз?!» деген сұраққа жауап іздегенін білдік. «Кеңес одағы жазушыларының бір құрылтайында Михаил Шолохов: «Біз шығарманы өз жүрегіміздің қалауымен жазамыз. Бірақ жүрегіміз – партияның еркінде» деген кітаптағы сөзден-ақ әдеби таным жаңаруы үшін авторлардың социалистік реализмнің дертінен айығуы керектігін анық аңғаруға болады. Біздің әдебиеттегі көптеген сырқат, дерт Кеңес одағы санамызға құйған теориялық жасанды білімдерден туатынын ұққанда ғана, әдеби таным да, әдеби орта да, әдебиет пен оқырман, әдебиет пен қаламгер арасындағы қарым-қатынаста өзгереді. Кітаптың тұтас бөлімі осы ойды әртүрлі тақырып пен мазмұн аясында дәлелдей түседі. Әрмиябек Сағындықұлының бұл туындысын ЖОО-да әдебиет мамандығы бойынша оқитын студенттер мен жас қаламгерлер оқыса, ұтылмас едік.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір