ДЕМОГРАФИЯ. ҚАЙТСЕК КӨБЕЙЕМІЗ?
26.02.2023
267
0

Демография мәселесі күн тәртібінде тұрған қазақ этносының жағдайында халық санының өсуі – маңызды жайт болып табылады. Обалы нешік, қазақ үкіметі елдегі халық санын өсіру мәселесіне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ерекше көңіл бөліп келеді.

Демография мәселесі күн тәртібінде тұрған қазақ этносының жағдайында халық санының өсуі – маңызды жайт болып табылады. Обалы нешік, қазақ үкіметі елдегі халық санын өсіру мәселесіне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері ерекше көңіл бөліп келеді.
Ол заңды да. Себебі, қазақтың жері кең, материалдық байлығы ұшан-теңіз. Ал халық саны жер көлемімен салыстырғанда аз.

Қазақстандағы халық санының аздығы алдымен Тәуелсіздік декларациясы қабылданар қарсаңда, тоқсаныншы жылдардың басында байқалды. Елдегі жергілікті ұлт өкілінің үлесі 41 пайызды ғана құрайтын сол шамада Қазақстан тәуелсіздігін он бес одақтас республиканың ішінде ең соңы болып қабылдады.
Себебі, Жоғарғы Кеңесте отырған депутаттардың дені басқа ұлттың өкілдері болатын. Одан соңғы сырттағы қандастарымызды елге тарту саясатының арқасында елдегі демографиялық жағдай біршама оңалғаны рас.
Дегенмен әлемдік деңгейдегі демографиялық ахуалдың бізді де айналып өтпейтіні белгілі. Қазір планетада демографияға қатысты бір проблема бар. Ол – жер тұрғындары санының күрт көбеюіне, планетаның қанша адамды асырай алу мүмкіндігіне байланысты.
Биыл адамзаттың саны 8 млрдтан асты. Яғни, бұл – салыстырмалы түрде жер планетасының тұрғындары елеулі қарқынмен өсуде деген сөз.
Дереккөздері жер жарықтықтың бас-аяғы 14 млрд адамды ғана асырай алатынын айтады. Статистикаға көз жүгіртсек, 14 млрд меже де алыс емес сияқты…
Осы проблемаға орай алдымен Үндістан дабыл қаға бастады. Себебі, халқының саны Қытайға жетіп қалған елде күнкөріс қамы былай тұрсын, байтақ жерінің өзі тарлық ете бастағандай (Үндістан жер көлемі жағынан әлемде 7-орын алатын мемлекет).
Ал, керісінше, жері кең, ресурстарға бай біздің еліміз халық санын өсіруге мүдделі. Оған соңғы кездегі геосаяси ахуал да мәжбүрлейтіні сөзсіз.
«Адамды тұрмыс билейді» деген қағида биігінен қарағанда, бүгінгі Қазақ­стандағы әлеуметтік-тұрмыстық ахуал аймақтағы басқа елдермен салыстырғанда біршама тәуір. Демек, біздің жағдайда халық санын өсірудің мүмкіндігі жеткілікті деген сөз.
Ал сонда демографиямызды қалай көтереміз? Әлбетте, алдымен бала тууға, сол туған баланы ештеңеден тарықтырмай өсіруге мүмкіндік жасалуы қажет. Яғни, басты гәп – мемлекет тарапынан көрсетілер әлеуметтік қолдауда, тұрмыста.
2023 жылдың 1 қаңтарында жалақының ең төменгі мөлшері 70 000 теңге деп бекітілді. Ал мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері – 24,341 теңге. Әлбетте, бұл осының алдындағы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
Өткен жылдың 9 айында қазақ­стандықтардың орташа жалақысы 25 пайызға өсіпті. Ірі кәсіпорындардағы оның мөлшері – 329 366 теңге. Яғни соның алдындағы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 24,6 пайыздық өсім бар.
Дегенмен ұлттық демографияны дамытудың басты факторларының бірі саналатын жалақы тұрғысында қарық болмай отырған салалар да жеткілікті. Оның үстіне республиканың әр аймағындағы жалақы мөлшері де әрқилы. Мәселен, Атырау облысында ол 562 мың теңгені, Маңғыстауда 500 мың теңгені құраса, Солтүстік Қазақстандағы жалақы мөлшері 231 мың, Шымкент қаласындағы көрсеткіш 246 мың теңге. Демек, жалақы саясатында әлі де айырма бар деген сөз. Демографияны өркендетуде бұл фактор да айрықша рөл атқарады.
Қазақстанда адамның қалыпты тіршілік шығынының ең төменгі мөлшері есебінде тіршілік минимумы белгіленген. Соған сәйкес тұтыну себеті нақтыланған.
Қазіргі азық-түлік республика бойын­ша 21 пайызға қымбаттап тұрған кезде осы тіршілік миинимумы мен соған сәйкес белгіленген азық-түлік себетінің мөлшері де маңызды.
2023 жылы тіршілік минимумы 40 567 теңге болып белгіленді. Яғни бір жылдың ішіндегі өсім 8,5 пайыз.
Қазіргі республикадағы қымбатшылықтың қарқынымен алып қарағанда, бұл да аз. Елдегі демографиялық ахуалды оңтайлы өзгертуді мақсат етіп отырған мемлекеттің жағдайында осы мәселелерге көбірек көңіл бөлу керек.
Қазіргі елдегі демографиялық ахуалды оңтайландырудың ең басты тетігі де сонда.

Өмірзақ Мұқай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір