ӘЛИЯ ХАНЫМ ӘЛЕМІ (Эссе)
25.03.2023
459
0

Түндік ашылғанда үй іші көрінсе,
үзік ашылғанда әлем көрінеді.
Ғабиден Мұстафин, «Көзкөрген»

Cөз жүзінде

Қалам жүріп тұрғанда жазуым қажет дүние еді. Созыңқырап алдым. Енді қалам тоқтамаса да кідірді, бүгінде қағаз бетіне түскен әрбір таңба (сөз) қымбат, еңбекпен келеді, ұзақ ойланудан соң туады, ең бастысы ойдың сөзге, сөздің әріпке, әріптің мәтінге айналғаны – кітаптың шаруасы біткендігін білдірмейді, басталғанын көрсетеді, екі ортада қолжазба тұр.
Біз жазудың қызығынан бейнеті асқан жасқа келдік, алайда таразы басын, бәрібір жазушылық тартып тұрады, мехнатына қарамайсың, бір сәт­тік қызығына жер дүниені айырбастап жіберуге дайынсың.
Қазір шығарманың жазылу кезеңдерін көрсететін қолжазбалар жоқ: нұсқалар компьютердің жадында қалады, әуелі виртуал із бұғып жатады, бір күні өшеді, электрон қоймаш нәрсеге кепіл емес, тұңғиығына құлаған ақпар-мәлімет, хат-хабар түбінде жатып-жатып жойылады.
Компьютер алдында азаптансам да, екі-үш сөйлемді жазып үлгеремін. Сосын бір қыдырып қайтқан жөн. Былайша айт­қанда бабымдамын, алайда қолым жүрмейді, кедергілер көп, кейде қажет­тіктен, кейде сағыныштан жазамын, жазғанды жақсы көремін, атмосферасы ұнайды, кеудемді кәдімгі бақыт сезімі кернейді.
Жазылуы тиіс бұл туынды – жанашыр әріптесімізден қамқор апайымызға айналған аяулы да асыл тұлға жайлы эссе болатын, көптен қол тимей, шегеріліп келді, енді, міне, уақыты жет­ті, тіпті асты, кім біледі, әлі күнге дейін елеңдеп, елегізіп, біздің жақтан хабар күтіп жүрген шығар, қандай әңгіме жазды екен, нендей ой айт­ты екен, жаңа шығармаларға пікір білдірді ме екен, әдебиет-өнер шырақшысы, керісінше, көрінбей кетсе, біз іздеу саламыз…
Кезінде Зейнолла Серікқалиұлын қазақтың Бас сыншысы атаған тұлға. Зекең – әдеби ортаның барометрі тәрізді еді.
Әлия ханым – постмодернде өмір сүріп отырған классикалық дәуірдің өкілі. Жұрт назарына ұсынған дүниелері мінсіз, кемел, дара. Соцреализмді бастан кешті, тәуелсіз танымды да көрді. Екеуін де жазды. Қазақ прозасы совет өкіметі шектеу қойса да шеңберді бұзып, еркін кеңістікке шыға білді. Егемендік тұсында ақын-жазушылар алдынан жаңа көкжиектер ашылды.
Жазудың қуанышы бейнет­тің бар түрін көтереді, қиналсаң да төзесің, меңдеп келе жатқан сырқат­тың бетін шығармашылық шабыт, көркем ізденіс тойтарады.
Біз танысқанда мен жиырма жеті жаста едім, қазір елудің бесеуіне шықтым. Зиялы шаңырақ, өнерлі отбасында дүниеге келген перзент Әлия ханым сын жанрында табаны күректей қырық жылдан астам уақыт еңбек етіпті.
Телегей теңіз кітаби білім иесінің сыншылық қызметін жасампаз идеялардың өміршеңденуі деп айқындай отырып, Мұрат Әуезов сыншы Әлияны өрелі шығармашылық өкілі тұрғысында бағалайды.
Ол Тараз өңірі, Саудакент ауылында ұстаздар отбасында туып, өсті.
Саудакент десең, Орта Азия алабы, сахарада бой көтерген бейбіт елді мекендер, гүлденген сауда жолдары, көркімен көз тартқан көгілдір аймақтар, алуан түрге еніп құлпырып, жайнап келе жатқан шаһарлар еске түседі. Зәулім үйлер, қымбат жиһаздар, дым бүркіп, су атқылаған субұрқақтар, ару қыздар шомылған әдемі хауыздар көз алдына келеді. Бөтен жер, қашық елден салқа жортып, үдере ауған салқар көш, жібек мата бастырып, ағыл-тегіл асыл тас үйіп-төгіп, екі арада дәулет, қазына, байлық тасыған ат-арба, ағаш күйме ойға оралады. Шығыстан Батысқа қатынаған, Батыстан Шығысқа созылған сауда керуендері, құзырлы патшасын, қара орман халқын, асқақ заманын жырлаған ақсұңқар ақындар, арқа-жарқа атмосфера орнаған өңір, қала, елді мекен: көшпен бірге терең таным, өнер-білім де сахараға көшіп, ойында, санасында, жадында бекіп, орнығып отырды, адамзат ақыл-ойын билеп-төстеп, сана-сезіміне үкім жүргізген, салтанат құрған сан алуан ілімдер, идеялар заманы еді.
Материалдық игілік, рухани қазынаға бай өңірдің перзенті, білімге құштар ұрпақтың алды – Әлия ханым ағасына ілесіп, ерте хат таниды, білгенін төңірегіне үйретіп, елдің мазасын алады. «Содан анам Жұмагүл мені бес жасымда мектеп кітапханасына жаздырды. Ең бірінші шағын кітапшаны алып, толық оқымай апарып бергенімде кітапханашы апай мазмұнын сұрады, шамасы, анам «сұраңыз» деп өтінген болуы керек. Мен толық айта алмай, қат­ты ұялып қалдым. Содан кейін алған сурет­ті кітапшаларды, кітаптарды толық оқып шығатын болдым. Мектеп пен үй арасы өте жақын, ішім пысып, зерігетін мен мектепке барып, анам сабақ беретін сынып есігінен қайта-қайта сығалай берген соң сол бес жасымда мені мектепке берді».
Арманшыл бала оқуға тиянақты, үй шаруасына ұқыпты болады. Әжесі Мәуиядан қазақ жыр-дастандарын естиді.
Әрине, тәрбиенің үлкені – өнеге. Әкесінің өнегелі өмірі жас Әлияға қат­ты әсер етеді, әсіресе ұйымдастырушылық қабілеті, кісілігі, жан-жақтылығы таңғалдырады.
Қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университет, жоғары оқу орнына қарасты механика-математика факультетін үздік бітіріп, елде, білім беру саласында ұзақ жылдар бойы үлкенді-кішілі мекемелерді басқарған екен. Кезінде академик Сокольскийден бастап, орыстың озық ғалымдары дәріс оқып, көкірегі даңғыл, көңілі ояу, сахара перзент­тері, киіз туырлықты қазақтың ғажап ойшылдары, тіпті ұлт қайраткері Қаныш Сәтбаев, Кенесары жыршысы Ермұқан Бекмаханов, тағы басқалар жас ұрпаққа, алаш баласына сабақ берген көрінеді.
«Көрнекті дирижер А.Мырзабеков, атақты опера әншісі А.Сенбин, әйгілі композитор І.Жақанов, қазақ өнерінің көзі тірі аңызы, жуырда ғана «Еңбек Ері» атағын алған А.Әшімов, белгілі жазушы, тарихшы Б.Қойшыбаев, ғалым, профессор А.Ахметов, жазушылар К.Ахметбеков, Б.Шаханов, еліміздің тағы да басқа көптеген қайраткерлері – әкемнің шәкірт­тері», – деп толғанады Әлия ханым.
«Ата-анамызға қосыла біздер де газет-журнал, кітап оқып өстік. Әкем Алматыға, Мәскеуге, Ленинградқа барған сапарларында көп кітап әкелетін. Біздермен әр тақырыпқа емін-еркін сөйлесетін».

 Іс жүзінде

Өмір тез бе, әлде өнер мәңгі жас па, әйтеуір уақыт жылдам өтеді. Уақыт­тың бедерін салатын, түр-келбетін сақтап қалатын суреткер ізденістері.
Әлия ханым – әділ сыншы, кәсіби әдебиет­танушы, терең ойшыл ғана емес, ол ұстанымы берік, ілкі ізгілік адамы.
Бірақ сыншы да пенде. Кейбіреуінің адал шығармаға әділетсіз кезі, таза туындыға талапсыз тұсы жоқ емес. Екеу­ара сыры – сынға тұсау, мақсатына кедергі. Көп рет­те тәртіпті тамыр-таныстық бұзады. Әлия ханым жат дағды, теріс мінезден ада.
Сын – кісіліктің үлкені, ал сындағы жалпақшешейліктің соңы – сор. Тоқмейіл­сіген көңіл ізденісін тоқтатады. Жалған мадақ – жарықтан адастырады, өсірмейді, өшіреді, талант көзін шел қаптайды.
Соны жеткізеді. Мұраты – шеп талқандар шабуыл емес. Күйе жақпайды, көлеңке түсірмейді, оның орнына керісінше, шығарманы да, шығарушыны да сәулелендіреді.
Сында сыншы – авторға жақ. Әлия ханымның тұрақты ұстанымы, өзгермейтін қағидасы. Ол туындыны түсіндіруге тырысады. Мұратын айқындаса, мазмұны да, мағынасы да ашылады. Сын – қолдаушы, қорғаушы, жебеуші. Жақсы сын – жарым ырыс. Әдебиет­тің ырысы.
Біздің ортада сыншыны не ақын, не жазушы бола алмаған дәрменсіз өнерпаздай көреді.
Ұшқары ой.
Сыншы – байыпты жазушы, ең сергек оқырман. Кез келген тура би, әділ қазы беделі – халыққа деген қызметімен өлшенеді. Демек, сыншы – ұлт қазынасы.
Сын міндеті – кеңістікпен уақыт­ты байыту, бағу. Хайдеггердің пайымдауынша, адам – болмыс бақташысы. Яғни, оқымысты би – ақыл-ой билеушісі, бағыт сілтеп, жол көрсетуші.
Әлия ханымға бойындағы асыл қасиет атаулының бәрі отбасынан жұққан, орта қалыптастырған құндылықтар жүйесі екеніне көзім жет­ті.
Бір қасиеті – назары түскен нағыз дарын, шын талант­тан көз жазып қалмау­ға тырысады, әдеби үрдіс, көркем үдерістерді қалт жібермейді, мүмкіндігінше, тағдырына араласып, шығармашылығына қатысып, табыстарына жанашырлық, қамқорлық танытып, атсалысып отырады.
Кең мағынасындағы, үлкен мақсат­тағы сыншы.
Сын – жаулық емес, жанашырлық, кеңдік. Іштарлықтан ірі тұлға тумайды, қызғаныштан еңбек өнбейді. Еңбек өнімдігі жақсы пейілден. Ниет­тің сайда, жырада аңдып жатқан жауы жоқ. Көңілі тыныш. Алаң көңілдің жазғаны да ала-құла, беймаза жан дүниесі тәрізді.
Өзгенікін өзіндікіндей көру – сыншының ту көтерген жалауы. Бұл қасиет­терді Әлия ханымның бойынан аңғарамыз. Ұстазына лайық шәкірт. Мінезіне лебізі келіскен, өсиетіне қасиеті үйлескен, сыншылдығына шыншылдығы жарасқан.
Әрине, ақиқатын ашық та, астарлап та айтады. Оңай дүние бар ма. Күрделі философияға ұмтылады: даналыққа құштарлық. Әлия ханым – кез келген әдеби ортамен тез тіл табысып кете алатын сыншы. Сірә, тақырыптары ортақ, танымы бір. Әзіз қаламынан әділ сөздер ғана құйылады. Бар жағдайда, ел басына күн туса да, досын жауға бермейді, қасын да құрмет­тейді, егер қас дұшпаны болып жатса…
Кез келген автордың қателік-кемшіліктерін бетіне баспай, жұрт алдында жария қылмай, абайлап, аялап отырып жеткізетін сыншы.

 Шын жүзінде

Жақсы көретін жанры – сұхбат. Өмірде, өнерде сұхбат­тастықты бәрінен жоғары қояды. Сұхбат­тастық – ішкі форма тұрғысында, сыртқы форма – сұхбат.
Бүлікшілердің заманы өт­ті. Қазір жасампаз уақыт дәуірі. Адамның орны белгіленді. Бұрын адам ғарыштан тыс тұратын, өзін ғарыштан бөлек санайтын, кейінгі философия «пенде – ғарыштың ішінде» деп, тұжырымдады. Бүгінгі түсінік бойынша, ғарыштың ажырамас бір бөлігі.
Адам – ғарыш ішіндегі ғарыш еді. Өнер, оны тудыратын сана – ғарыш. Шексіз, шет-қиырсыз. Екі қарама-қарсы бағытында да түпсіз, тұңғиық.
Мәдениет­ті тезаурус шектесе де, оны тарихи таным тұрғысынан ғана шеңберлейді. Рухани ізденістердің шекарасы жоқ, ойға ештеңе бөгет бола алмайды. Ой – атқа шапқандай, әдемі. Адам ойда да өмір сүре алады.
Әлия ханым өнердің, мәдениет­тің күрделі мәселелерін қозғайды, мәңгілік пен бір сәт­тік дүниенің аражігін ашып, танығысы, зерт­тегісі келеді, сондықтан да сұхбат­тарында терең ой көп.
Театртанушы ретінде Әлекең қазақ сахнасы қайраткерлерінің галерея­сын қалыптастырды. Шығармашылық ғұмырнамасын жасады. Әлия ханым – асыл адам, әсемпаз тұлға. Сәулелі. Қашан көрсең де бабында, жүзінен күлкі кетпейді, нұр төгіліп тұрады.
Сізді алыстан байқап күліп келе жатады. Елді таныстырып, табыстырып жүретін әдеті бар екенін жоғарыда айт­тық. Сірә, қос өнерпаз етене араласып кетсін дейтін шығар. Тілеуқор. Өстіп орта толады.
Әлия ханымның назарына әуелі елдің тұлғасы түседі, кейін қаламына ілігеді. Бірінші, шығарма мұратын айқындайды, айқын мұрат, анық стильге жол ашады, форма таңдайды, жұмбағын шешеді, құрылымын түсіндіреді (интерпретациялайды).
Кейде жазушы қасаңдықтан қашамын деп, қарауыл қарап жүріп, шығандап, шекарадан асып, адасып кетеді, тақырып мазмұнға сай емес, мазмұн сюжет­тік желіге қайшы.
Компьютердің бір міндеті – қателік-кемшіліктерді қадағалап отыру. Бірақ ең үлкен қызметі – мәтін атаулыны кітап қалыбына келтіру.
Компьютер аралық кәсіптерді түгел жойды, аудармашы, терімші, түптеуші, редактор, корректор деген атауларды бүгінде көп жазушы біле қоймайтын шығар, білсе де түсінбесі анық, әлде баспалар кешегі шарт­тарын, талап-тәртіптерін тез ұмыта бастады ма?
Әлия ханым, сөз жоқ, асқартануға зор үлес қосты (жазушы-драматург Асқар Сүлейменовті айтады.-ред). Тақырыпты танып, мәтінді зерт­теуде, түсінуде қомақты табысқа қол жеткізді. Бұл – әдебиет­танудағы көп еңбегінің бірі еді. Ол жалпы, Ілияс Есенберлин, Қалихан Ысқақ, Зейнолла Серікқалиұлы, Төлеген Тоқбергенов, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Тынымбай Нұрмағанбетов, Төкен Ибрагимов, Фариза Оңғарсынова, Қанипа Бұғыбаева, Мархабат Байғұт, Ханбибі Есенқарақызы, Таласбек Әсемқұлов, Ардақ Нұрғазы, Маралтай Райымбекұлы, Мәдина Омарова, Мақпал Жұмабай тағы басқалар туралы зерт­теу еңбектері мен сыни мақалалар жазды.
2008 жылы «Қазығұрт» баспасынан Әлия ханым Асқардың (Сүлейменов) төрт томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды. Қыруар еңбек атқарылды, ащы тер төгілді, күллі дерлік шығармалары бір кітапқа топтастырылды, басы құралмай жүрген үлкенді-кішілі туындылары әдеби реестрге енді, тіркелді, жинақталды, «шашылған тіркестердің» есебі, тізімі жасалды, қисабы табылды, ол енді көркем таным айналымына түсті. Енді біздің көмегімізсіз-ақ өмір сүре береді.
Біздің эссеміздің қаһарманы – Әлия ханым еңбектерінде образы ашылған өнерпаз майталмандар, қазақ өнер-мәдениет саласына қомақты үлес қосқан қайраткер тұлғалар төмендегі тізімде зор құрметпен келтіріліп отыр.
Қалибек Қуанышбаев, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбекова, Бәйтен Омаров, Әзірбайжан Мәмбетов, Фарида Шәріпова, Хабиба Елебекова, Әнуар Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев, Шапай Зұлқаш, Есмұхан Обаев, Әшірбек Сығай, Нүкетай Мышбаева, Торғын Тасыбекова, Жұмабай Медетбаев, Әнуар Боранбаев, Құман Тастамбеков, Салиха Қожақова, Ғайникамал Байқошқарова, Әубәкір Рахимов, Бекжан Тұрыс…
Әлия ханым ұмытылып бара жатқан актерлердің есім-сойын қайта жаңғырт­ты.
Елгезек адам, ізденімпаз зерт­теуші, сыншы Әлия Бөпежанова хат таныған бала жасынан бастап, қазақ сөзіне қызмет етіп келе жатыр. Қалам тартқан сыни мақалалары бірталай кітапқа жүк болды. Мазмұнын айқындады. Сюжет­тік желілерінің арқауына айналды.
Ол – шығармашылық еңбекті миссия тұрғысында түсінетін тұлға. Абайлап жазуға, аялап оқуға шақырады. Өнердің мәдениетке айналатыны осы тұс. Әдебиет – жол-жөнекей соға кететін көп аялдаманың бірі емес, ол шыр етіп дүниеге келгенде алғаш жұтқан ауасынан бастап, соңғы демі үзілгенше кешіп өтуіне тиіс өмір жолы. Немесе ұзын жұрт, ұлы маршрут.Ұзақ сапарда үй қыдырып, ел аралап жүргендер бағдарынан ауытқымайды. Жолаушы әдет­те түзде адасады.
Әлия ханым күрделі мәселені күрделі күйінде шешеді. Қарапайым дүниені қиындатпайды. Қиын нәрсені жеңілдетпейді. Оқырман – сыншының шәкірті. Герменевтика ілімі тұрғысынан көз салғанда кез келген мәтін (горизонталь­текст) тыс-мәтін (вертикальконтекст) ішінде қарастырылады.
Ойынан құрылымдық лингвистика бой көрсетіп қалады. Жан-жақты білімді сыншы заманауи талап-таным тұрғысынан зерт­теп-зерделейді. Әрине, әр кейіпкердің өз әлемі бар. Алайда аталмыш әлемдер бір кеңістікте бірігеді.
Әлем әлемге ашылуға тиіс дейді Әлия ханым философиясы. Көркем өнер міндеті – танылу. Өнер адамды, қоғамды, қала берді, ғаламзат­ты бір-бірімен табыстырады. Өмірдің жұмбағы өнерде, шешімі өнерпаздың қолында.
Жабық мәтін ашқанға жақсы. Ашық қоғам – өмір сүруге қолайлы. Жат әлем жабылады. Әлия ханым, керісінше, сыншы ретінде әлемдерді бір-біріне ашады. Ол өз міндетін абыроймен атқарып келеді. Автордың ойын, кейіпкердің дүниетанымын паш етеді. Әдебиет – әлем көшірмесі емес, эстетикалық көзқарас. Мен түсінген Әлия ханым әлемі осындай.

Дидар АМАНТАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір