Бопай ханым мен Бопай ханша Ақтөбе өңірінде жерленген бе?
Кенесарының тарихына үңілсек ол былай болады екен: Кенесары 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Сол жерде атасы Абылай хан ордасын тіккен. Оның отыз ұлы болған. Абылайдың бір әйелі Топыш ханым – қалмақ ханы Қалдан-Сереннің туысы, Хошу мерген ноянның қызы. Одан Қамбар мен Қасым сұлтан туады. Қасымның бәйбішесі Айкүмістен – Кенесары, Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай мен Бопай. Ал Кенесарының інісі Наурызбай Қасым сұлтанның екінші әйелінен туған.
Қазақ халқы батыр қызға қай заманда да кенде болмаған. Арысы Тұмар ханым, яғни Томиристі еске алсақ, берісі кешегі 1941–1945 жылғы қанды қырғында өз ерліктерімен көзге түскен – Әлия, Мәншүк, Хиуа апаларымызды айта аламыз. Алайда тек осы апаларымызбен шектеліп қалмақ емеспіз.
Сондықтан бүгінгі әңгімемеміз қос Бопай жөнінде болмақ. Ырғыз өңіріне барсаң Бопайдың моласы, Бопай төбе дегенді жиі естисің. «Бұл сонда қай Бопай?!» – десең, дені бұл – Әбілқайыр ханның зайыбы Бопай», – дейді. Алайда 2024 жылы жерлес жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» деген тарихи романы жарық көрді. Сонда біраз нәрсенің анық-қанығына көзіміз жетті.
Бопай ханым (1695–1780) кім еді? Енді жазушы М. Айымбетовтің деректеріне сүйене отырып, Бопай ханым жайында аздап мағлұмат бере кетейін. Бопай – адайдың табынай бөлімшесінен тарайтын Сүйіндіктің ерке өскен қызы. Көркіне ақылы сай Бопай мен жас сұлтан Әбілқайыр ойда жоқта танысады. Аң аулуға шыққан Әбілқайыр атынан құлап мертігіп жатқан жерінен Сүйіндіктің баласы Мырзатай тауып алып үйіне әкеледі.
Бопайдың бұрыннан да көріпкелдігі мен емшілік қасиетінің бар екенін сезіп жүрген ағасы Мырзатай қарындасына «жас сұлтанды емдеп, жазуын» тапсырады. Бопай ағасының отауында жатқан Әбілқайыр сұлтанның аяқ сүйектерін орнына салып, емдейді. Кетерінде Әбілқайыр: «Бопай қарындасым, дәм бұйырса тағыда кездесерміз», – деп өзінің ризашылығын білдіреді.
Алайда Әбілқайырға Сүйіндік ауылына, өзінің аңсаған Бопайы қалған адай ауылына тезірек оралудың сәті жуық арада түсе қоймайды. Дегенмен тағдыр екеуінің бас қосуына кедергі бола алмайды. Бопай Нұралы, Ералы, Қожахмет, Айшуақ, Әділ деген ұл тауып береді. Тарихтан белгілісі осы ұлдардың Қожахмет пен Әділден басқа үшеуі өз рет-ретімен хан болған.
Орыс патшайымы Анна Иоанновна неміске шатыс ағылшын суретшісі Джон Кэстельді әдейі Әбілқайырдың сарайына жібереді. Ондағы мақсаты Әбілқайырдың тыныс-тіршілігінен мол мағлұмат алып отыру болатын. 1736 жылы суретші Әбілқайыр мен Бопайдың портретін салады. Сол суреттерін патшайымға әкеліп көрсеткенде патшайым: «Далалық Мадонна дейсің бе, әлде номад сұлуы ма!? Сіз мына Мадонна ханымның нәзік сұлулығын, өжет қайсарлығын да соншама дәл таныпсыз», – деп әлі танысып-біліспеген Бопайға деген өз көзқарасын білдіруінің өзі не тұрады.
…1747 жылы Әбілқайыр хан шағын тобымен жолаушылап бара жатқанда Барақ сұлтанның баскесер шабарманы Сырымбет жолын тосып Әбілқайырды өлтіріп кетеді.
Осыны естіген Шотан батыр өзімен бірге табынай Айбас, жеменей Қонай мен шөмекей Арғынбай батырды ертіп «біз кегімізді аламыз» деп келгенде, Бопай ханым «Жоқ, Барақты өлтіре салғаннан кек қайтпайды. Оған басқа жаза қолданамын», – деп тоқтатады. Ол жаза мынандай болатын:
— Барақты ұстаған жерінде халқының алдында табанға салып, алдымен, басындағы тәжін алыңдар, бұл сенің басыңды алғанымыз деген ишара болар! Содан соң беліңді сындырғанымыз дегендей, беліндегі кісесін ағытып алыңдар! Асасы мен бес қаруын сыпырып, саусағындағы мөр-сақинасын алыңдар, бұл сені төрелік, сұлтандық мәртебеңнен айырдық, енді ешкімге керегің жоқ дегенмен бірдей болар, сірә! Осының бәрінен соң қос құлағының азандығын тіліп, «сырғалық» жасайсыздар, бұл жаза бұдан бұлай сенің қатыннан айырмаң жоқ болды дегенді білдірер! Барақ сұмның шырқыраған шыбын жанын кеудесінде қалдырып, мен айтқандай істеп, намысын біржола жер қылып кетіңіздер! Бұны естігенде:
– Мынауың ешбір пенденің басына берместей сұмдық жаза ғой депті, – Шотан батыр.
Бопай ханым Әбілқайыр хан опат болғаннан кейін отыз екі жыл өмір сүріп, Әбілқайрдан кейін хан тағына отырған Нұралы баласына бас-көз болып, керек кезінде ақылын айтып ақылшысы бола білді. Бірде Бопай баласы Нұралы мен немересі Тойғараны ертіп ақ борлы төбеге қарай барды.
– Әкең Әбілқайырға ана бір замандарда Жоңғарлармен де, Еділдің қалмақтарымен де болған соғыстарда да өле-өлгенше тірек болған жарықтық тама Ер Есет «… аяғымды батысқа қаратып жерлеңдер, өлсем де, жауды бері келтірмей, тіреп жатайын» депті, – пәниден баз кешерінде…»
…Әні бір күні кеште Нұралыны қасына шақырып алып, әлдеқалай болып Алла бұйрығымен жарық дүниенің бетіндегі дәм-тұзым таусылғандай болса, бір қиырда қалған Өлкейікке әкелеріңнің жанына апарамын демей, денесін кіндігі тамған атақонысына, Елек бойының топрағында қалдыруды аманаттады. Хан әулетінің данагөй анасы бір пұшпағында қалуды өзі ниет еткен туған топырағымен сексен бес жасында мәңгілікке қауышты. Бұл хижра бойынша 1150 жылғы (1780) мамырдың соңғы күні еді…
Бопай ханым баласы Нұралы мен немересі Тойғараға «ақ борлы төбе» деп меңзегені, қазіргі Ақтөбе болатын. Осыдан біраз жыл өткеннен кейін осы жерге патшалық ресей өздерінің бекінісін сала бастады. Төбенің ақ болуына байланысты ол жер Ақтөбе аталып кетті, яғни жазушы Мәди Айымбетов осы деректерге сүйене отырып, Бопай ханымның сүйегі осы «ақ төбеге» жерленген деген тұжырымға келген сияқты. Олай болса, біз де Бопай ханымның жерленген жері Ырғызда, болмаса Орал, Орынбордың маңайында деп даурықпай осы төбеде (ақ төбеге) жерленген деп анық айта аламыз.
Ендігі әңгіме Бопай ханымнан (Әбілқайырдың әйелі) 110 жыл кейін өмірге келген Бопай ханша Қасымқызы, яғни Кенесары Қасымұлының туған қарындасының «жұмбақ» өмірі жайында болмақ. Бір ескеретін жағдай атақты тарихшылар Е. Бекмахановтың, Е. Ділмұханбетовтің, еңбектерінде Бопай ханшаны Кенесарының қарындасы деп айтылады да, тек М.Әуезовтің «Хан Кене» пьесасында Бопай ханша апасы еді деп жазады. Бұл мүмкін сол кездегі саясаттың әсері ме екен деп те ойладым.
Кенесары он жыл бойы (1837–1847) патшалық Ресейдің отарлау саясатына ашықтан-ашық қарсылық көрсеткен адам болғандықтан оның туған және қайтыс болған жылы архивтерде анық жазылған және сақталған, яғни 1802 жылы туып 1847 жылы қырғыз манаптарының қолынан қаза тапқаны анық жазылған. Ал Бопай ханша Кенесарыдан үш жылдан кейін дүниеге келгенін ескерсек туған жылын 1805 жыл болады да, қайтыс болған жылын еш жерден кездестіре алмадым
Қасым мен оның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары, Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай атты ұлдар мен Бопай атты қыз туған, яғни бұлар Абылай ханның немерелері. Әсіресе Кенесары Абылай атасына ұқсағысы келген. Соның ұстанған саясатын ұстауға тырысқан.
Бопай Уәлидің баласы Сәмекеге тұрмысқа шыққан (кейбір деректерде Әбілқайырдың баласы Сәмекеге шыққан дейді. Бірақ Әбілқайырдың Сәмеке атты баласы да, немересі де шежіреде жоқ). Абылай мен Уәли бірге туғанын ескерсек, бұлар қазақтың жеті атаға дейін қыз алысуға болмайды дегенді бұзып, «төре тұқымы тек төреден ғана қыз алуы керек» деген қағиданы басшылыққа алған.
Кенесары әкесі Қасымның жасап кеткен әрекетін жалғастырып патшалық ресейдің озбырлығына көнбей ашықтан-ашық қарсы шыққанда, Бопай ханым ағасы Кенесарыға алты баласымен келіп қосылады. Күйеуі Сәмеке де және оның туыстары да Бопай ханша қанша айтса да Кенесарының тобына қосылудан бас тартады.
…Бұдан басқа бір эпизодты келтірсек, жазушы (І. Есенберлин) ханшаның Хан Кеңесінде ел тағдырын, жерінің мәселесін патриоттық сенімде ойлайтынын және орыс өкіметіне берілген адамдарды ымырасыз суреттей кеткен:
– …Ақ патшаға жағынып, жаны шығып жүргенінің өзі де сол емес пе? – деді Бопай сәл қабағын шытып, – патша жандаралдары бекініс салып, келімсектеріне аздаған үлес бергені болмаса, жердің шұрайлысы әлі де Сәмеке, Нұралы, Бөкей, Уәли хандардың ұрпақтарында ғой. Мал үшін олар қазақтың жері түгіл, жанын берер. Бірі – бүкіл Есіл, Нұра бойын жайласа, бірі – сонау Сырымбет тауының, Құсмұрын мен Шұбарға дейінгі кең алқабын алып жатыр. Ал өзгелері бір Уәли ханның ана Айғаным қаншығы жайлап отырған бөктерге үш болыстың малы сыяды, – Бопай кенет ағасына ашулана қарады.
– Кенесары қасқыр көрген бүркіттей түйіле қалды.
– Қатын ауылын батыр шаппас. Қайын атам жұрты демесең, өзің шап!.. (яғни, қайын атасы Уәлиді, оның бәйбішесі Айғанымды айтып отырған жоқ па?)
«…Бір жеті өтісімен алты жүз жасақ ерткен Бопай, алдымен, Аманқарағай приказын, Кенесары қолы Көкшетау жақты шауыпты. Ескі кек қайтқандай. Ал батыр қарындасы Бопай Сырымбет саласындағы Уәлиханның жесірі Айғанымның кең сарай алты ағаш үйінің күлін көкке ұшырып, басулы киіз, иленген терісіне дейін қалдырмай барын сыпырып әкеп, ата кекті бір қайтарды.
Бопай ханшаның осы әрекетінен-ақ Сәмекенің Уәлидің ұрпағы екені айқындалып тұрғанын байқаймыз.
Бір сөзбен айтқанда, Бопай ханша жайында ел аузында жүрген әңгімелер өте көп. Соның бірі Ақтөбелік Сұлтан қариядан естіген, естеліктей қалған мына бір 1970 жылдардағы әңгіме арқау болар:
«…Атадан ержүрек туған Қасым сұлтанның алтын құрсақты бәйбішесі Айкүміс анамыз өмірге атақты ұлдарымен қатар бар қазаққа мақтанышқа айналған Бопай ханшаны да дүниеге әкелген. Жасында бұлаң өскен ерке ханша, Сәмеке сұлтанға ұзатылып, адал жар бола білді, алайда барған жері ағаларына қарсы болғанда, бәрін тастап, алты баласын ертіп, Кененсары ханға қосылды.
Хан Кене қырғыздарға екінші рет шабуға шыққанда Бопай ағасына: «Мен бүгін бір түс көрдім, «түсімде самай шашым өртеніп кетіпті, бұл жорыққа бармай-ақ қойыңыз», – дегенде ағасы тыңдамай кетеді. Бұл жерде Бопай ханшаның «көріпкелдік» қасиетінің де бар екенін байқаймыз…
Хан Кене, Наурызбай, Ержан, Құдайменді сұлтандар, көптеген батыр сарбаздар, оған қоса өз ұлдары да шейіт болған сол ұрыстан соң, Бопай ханша өз аяғын өзі шайнаған қақпанға түскен бөрідей күй кешкен. Дегенмен асылдың аты да, заты да – асыл, болған іске берік болып, қырғыздың манаптарына барып, келісімге келіп, көптеген тұтқындарды босатып алған екен. Оған өзінде қалған мал-мүлкін түгел жұмсаған. Содан, Арқаға қайтқан соң, Бопай ханша күшігін алдырған қасқырдай аласұрып, қасына сенімді жігіт-қыздарды жинастырып, кезінде Хан Кенеге қастасқан бай-би-сұлтандардан өш алуды бастаған. Өштескен орыс, казак-орыстардың да талайымен шайқасқа да түскен екен, тіптен олар Бопайды «Степная волчица», «Невидимка», «Амазонка»… деген атаулармен атаған деседі. Себебі ол ұстатпаған. …Алайда бір би ме, сұлтан ба аярлықпен «татуласайық» деп алдап шақырып, Бопай ханшаны қолға түсіреді де, Орынборға Орыс билігіне тапсырады.
…Бопай ханша тұтқыннан босатыла салысымен оның адал серіктері тағы топтала бастайды. Бірақ бұл жолы ханша оларды өзі таратып жібереді. Өзіне мүлде адал берілген екі жігітті ертіп, елден жырақ жаққа кетіп қалған деседі. Содан бастап өзіне «енді ханша да емеспін, ханым да емеспін, елге енді жоқпын! Кенесары мен Наурызбайдың күйігін өмір бойы арқалап, азалап қана өтермін» деп серт берген екен. Сол сөзінде тұрып, соңғы қасында қалған екі жігіттің біріне күйеуге тиіпті, содан кейінгі уақытта да бірер бала сүйген деген де сөз бар. Бопай ханшаның дүние салған жері Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданында, Ырғыздың бойында, зираты «Кілем Жайған» деген жерде, биігірек төбенің үстінде орналасқан. Міне, Бопай ханшаның бізге мәлім болған қысқаша «жұмбақ» өмірінің тарихы осылай өрбиді
Иә, сонымен, ардақты апаларымыздың екеуінің де мәңгілік мекен тапқан жері Ақтөбе өңірі екені анықталған сияқты. Бопай ханшаның жерленген жері анық, тек қазіргі күйі ойландырады. Жергілікті халық оны Бопайдың сүйегі жатқан жер деп емес, жай төбе дейді.
Ал Бопай ханымның (Әбілқайырдың әйелі) дәл «ақ төбеде» жерленген дегенді тек М. Айымбетовтің «Бопай ханым» романын оқығаннан кейін ғана біліп отырмыз. Ең болмаса, осы жерге бір белгі қойылса. Ал оны одан әрі зерттеу жас тарихшыларымыздың міндеті болып қалуы керек…
Ертеңгі күні ресей тарихшыларымен бірігіп онтомдық жазатын болсақ, масқараның көкесі сонда болады. Ресейліктер өз жағына қолайлысын жазатынына менің еш күмәнім жоқ. Бұрын «ел болам десең, бесігіңді түзе» десек, енді «ел болам десең, тарихыңды түзе» дегенен басқа амал қалған жоқ.
Жұмабай АСАРБАЕВ,
жазушы, ҚР білім беру
саласының үздігі,
Ақтөбе қаласы