Қазақ поэзиясының құс қанатты құбылысы
17.03.2023
672
0

Әрбір жақсы шығармадан көңілге сәуле іздейтін, қуаныш тауып, күш-қуат алатын, әрбір көркем әңгімемен, әрбір өлеңмен бірге жасап, өмірін ұзартып, жан рахатын табатын көпшілік оқырманның біріміз. Ес біліп, етек жапқалы кітап жастанып келеміз. Бас жағымызда бірер кітап тұрмаса, ұйықтай алмайтын әдетіміз бар. Көңіл орта тартып, жан жабырқағанда кез келген бетін ашып жіберіп, сананы сілкінтіп, сезімді серпілтіп алатын құдіреті күшті кітап атаулының қатары қанша рет жаңарды десеңізші. Дегенмен ширек ғасырдан астам уақыт­тан бері тапжылмай бас жағымызда тұрған, әлі күнге қолымыздан түспей, ауыспай келе жатқан бір киіз кітап бар, ол – кең шалқар қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановтың 1994 жылы баспадан шыққан таңдамалысы, «Қара бауыр қасқалдақ» кітабы.

 

Есенғали РАУШАНОВ

Есенғали Раушанов! Жүріс-тұрысы нартайлақ сияқты болғанмен, бойында көш бастайтын көсем түйенің мінезі бар. Шаңырақ артсаң – шақпайтын, кебеже артсаң – сындырмайтын, тең артсаң – түсірмейтін, алтын артсаң да ауырсын­байтын қазақтың нағыз атанжілік ақыны (Ә.Кекілбайұлы). Қадыр қаған Мырза Әлінің өзі «Қазақ поэзиясының классигi» деп мойындаған, «шығармаларының қай-қайсысы да қазақ поэзиясының шын мәнiндегi алтын қазынасы» деп баға берген «Есенғали Раушанов шығармашылығы – ғасырлар тоғысындағы қазақ әдебиетiнiң аса қызғылықты құбылысы. Шығыстың классик шайырларындай әр шумақтың сазды сурет құруын, әр өлеңнiң өзiнен өзi жырлап тұруын қамдайтын, әр теңеудiң, әр бейнелеудiң дәл, орынды шығуын, өлеңнiң тiлi де, пiшiнi де, уәзiнi де сондағы ойға, сезiмге сай келуiн қат­ты құнт­тайтын қаламгердiң өлең алдындағы жауапкершiлiгi жанкештiлiкпен барабар» (С.Абдрахманов).
Е.Раушанов пышақтың қырындай жұқа, пішімі алақандай ғана шағын «Бастау» тұңғыш өлеңдер жинағымен-ақ қазақ әдебиетіне, киелі поэзия әлеміне қалыптасып үлгерген, сезімі тұнық, ойы орнықты, сөзі салмақты бір дарынның келгенін паш еткен еді. Жинақта бас құраған тұма бұлақтай мөлдір, жүрек пернесін шерткен шынайы жырлар бірден баурап әкетеді, жеңіл, әсерлі оқылады.
Бұлт­тарды омырауға алып,
Найзағай дүркіретеді.
Шеңгелдер коңырау қағып,
Жас жауын бүркіп өтеді.

Қолат­ты керіп кеткенде
Қош иісі жусанды қырдың.
Бала – гүл өріп бөктерге,
Кең төсі бусанды құмның.

Заңымен ойшыл даланың
Жол-жолды жалғастырады.
Жабуын Ойсыл қараның,
Жазы кеп алмастырады.

Көк шалғын өседі ғажап,
Әуезге ұйып бар маңай.
Қыстаудан көшеді қазақ –
Көш жолы тұйықталмағай…
Ескірмейтін сурет! Өлең үлгісі, ырғағы қандай ұтымды болса, тілі де сондай тұщымды, ұтқыр. Мұндай жылы шуақты шумақтарды жинақтың кез келген бетінен алып, батыл көшіре беруге болады. Кішкентай ғана кітапшадағы өлеңдер баз бір жазармандар қанша жырласа да таба алмайтын тың теңеу, тосын тіркестер, ойлы образдарға толы. Осының өзі ақынның жас дарындардың бәріне тән болып келетін еліктеу-солықтауға соншалықты ұрынбай, бірден өзіндік стилін тауып, тынысы кең өлеңдер жаза алатынын көрсетеді. Табиғи болмыс-бітіміне көркем сөздің күш-қуаты мол дарыған ақынның образды ойлау жүйесі ешкімге ұқсамайды, мүлде бөлек. Тек өзіне ғана тән ою-өрнектермен сұлу да сүйкімді жырларды бірінен соң бірін сәнімен түзе береді.
Сезімімді төгейін, сел ғып бөлек,
Тізгінімді тарта ұста, кергітпе көп.
Көкмойнақ жыр –
ұмтылған көкжиегім,
Көкмойнаққа қора емес, кеңдік керек.

Өмір – тартыс, серпіліс-толқыныс көп,
Толқыныста көп толқын олқы түспек.
Кейде маған аспани шеңбердегі,
Жұлдыздар да кетеді қорқыныш боп.

Қоркыныштар қарайды түніменен,
Тау көшеді, кеудемде сынып емен.
Ғұмырнамам жазылып жатыр менің,
Жыр дейтұғын бір құстың тіліменен…
Жинақтағы «Қаракөк айғыр туралы баллада», «Жігіт пен үміт», «Қарабура» баллада, толғаулары ақынның кең тынысты, эпикалық туындыларды да ерте бастан еркін игергенін аңдатады. Ақынның алғашқы еңбек жолын туған елімізден тыс, шалғайдағы Қарақалпақ елінде бастап, ақындар астанасы – Алматыға сақа тартқан шағында келуінің өзі үлкен рухани оқиға ретінде қабылданғаны белгілі (С.Ақсұңқарұлы. «Есенғалидың Алматыға келуі»; С.Нұржан. «Елден келді Есенғали»).
Көрсе де ауыр күнді, қиын жылды,
Саудаға салмай өсті сүйіп жырды.
Өмірде кейін жүрді ол осылай,
Өмірде ол осылай биік жүрді.

Сол ақын, беу, Алматы, келдi саған,
Ол бүгiн керемет­тей сенгiш адам.
Өмiрдi үйретiңдер оған ендi,
Өмiрдi үйренiңдер ендi содан.
Қашаннан қазыналы, дүлдүл дарындарға онсыз да бай қазақ поэзиясына, міне, осындай ерен екпінмен енген Е.Раушановтың ақындық стихиясы, өзі де аса қуат­ты ақын достарын жазғандай, қатарластарының бәрінен жойқын болды. Бірден-ақ ақ маңдайы жарқырап, қатарластарынан қара үзіп шықты. Әрбір кітабы тұрмақ, жарияланған әрбір өлеңі, топтамасы қазақ поэзиясының жаңалығы, үздік үлгісі болып танылды. Әлі күнге көп айтылатын, ақын шығармашылығы дегенде алдымен ауызға ілігетін «Мұратберген оқудан құлап келді…», «Осы ауылдың шофері», «Кенбай ұста», «Моторшы Мұхи», «Жылқышы Тәліп», «Қайықшы Дәуімшар», «Өзбек әні», т.с.с. тамаша, тағдырлы жырлары топтастырылған «Келінтөбе» жинағы жарыққа шыққанда, 1984 жылы Есен­ғали ақын бар-жоғы «Ай-хой, 50-ден» енді ғана асқан жаста екен! Осының өзі ақынның айрықша қарым, талабы бір бөлек, әдебиет әлеміне өз мүмкіндігінің үддесінен шығуы үшін арғы-бергі озық нұсқаларды түгесе оқып, терең зерделей білген, таным өрісі кең, тұлпар текті тұлғаның келгенінің айқын дәлелі еді. Одан кейінгі, «Қара бауыр қасқалдақ» таңдамалысына дейінгі «Шолпан жұлдыз туғанша», «Ғайша бибі» кітаптары да шырайлы, шұғылалы өлең-жырларға, толғауларға толы. Бір ғана, экспромт түрінде жазылған «Бейнеуді көргендегі ой» өлеңіндегі мына шумақтарға назар аударалықшы:
Тізілген ісек қой деп жонды ұғасың,
Үзілген ішек қой деп жолды ұғасың –
Аты озған қазақтың бір қызба шалы
Тартқанда есерленіп домбырасын.

Тұмсығы секілденіп лашынның,
Имиіп бітісін-ай, мына асудың.
Соқпақтар – саумалаған арқаны екен
Құбырмен белін буған құба шыңның.

Құбырмен белін буған құба шыңға,
Осы айтқан дұрыс па екен, расында?!
… Асығып келешекке ұласуға
Шыңылдап бағаналар қыр асуда.
Әр ақынның дарынын даралап, болмыс-бітімін, бет-бейнесін танытып тұратын өзіндік әлемі болатыны белгілі. Есенғали поэзиясы адамшылық абзалдыққа, санаға салмақ түсірер, сартап болған сағынышқа, таңғы шықтай мөлдір мұңға, аяулы, аңсат сезімдерге, «жанға да, жүрекке де нұр құятын» мейірім, шапағатқа толы. Мұндай толғаныс, тебіреніс ештеңеге енжар қарай алмайтын, дүние­дегі барлық құбылыстан адалдық пен жарасым іздейтін, оны таппаған жағдайда қарадай қапылып, «күңгір-күңгір күмбездер» тілінде, күңіреніп сөйлеп кететін ерекше сезім иелеріне ғана тән болса керек. Оның өлеңдері – жақсылыққа деген зор сенімнің, сұлулыққа, тазалыққа деген іңкәр жүректің, адамдар арасындағы қиямет-қайым қарым-қатынастардың, ізгілік пен әділдік жолындағы күресте жан алып, жан беруге дайын мәрт, жомарт мінездің айнасы, көрінісі. Ақынның көркем кейіп­керлері де шетінен риясыз ақ пейілдің, қажыр-қайрат пен бұла күш-жігердің иелері. Мұратберген, Қанағат, Мұхи, Көркембай, Төребектердің қай-қайсысы да, күнбе-күн қатарымызда жүрген, өздерінің қарапайым, тақуа тірліктерімен-ақ бізге дүниенің ақ-қарасын, жақсы-жаманын, обал-сауабын ажырата білуге септесіп тұрған тағдырлы бейнелер. Бір ғана «Адам» өлеңін алайықшы?!. Төркінінен жүкті болып келген жарынан туған баланың шетінеп кеткеніне қайғырып, қамырыққан Көркембайдың азамат­тық нұсқасы әркімге ой салары сөзсіз.
Е.Раушановтың қазіргі қазақ поэзиясын жаңа бір биікке көтеріп, жаңаша түлетіп, өзіндік мектеп қалыптастырған ақындардың бірегейі екендігі бүгінде толассыз шындық. Есенғали поэзиясы – үлкенді-кішілі ақын, сыншылардың барлығы әлдеқашан мойындаған, классикалық поэзия.
Ақын шығармаларында көркем әдебиет­тің метафора, эпитет, теңеу, егіздеу, кейіптеу сияқты амал-тәсілдері молынан ұшырасады. Әсіресе кейіптеу тәсілімен сомдалған өлеңдері көп. Автор айтар ойын астарлап, басқа бір бейнелеу құралдардың көмегімен жеткізуге бейім. Мәселен, арманда кеткен ағасын еске алып жазған жыры мен дауасыз дертке дес беріп, мезгілсіз мерт болған аяулы қарындасын жоқтап жазған өлеңін саралап көрелікші.
Мен өлер ем сол сағыныш құрғырдан,
Өлмейді адам, майысқанмен зіл-мұңнан.
Домбырамды қайта құрап алсам ба,
Сен өлген күн өзім ұрып сындырған.
Домбыраның жазығы не? – дейді.

Соңғы күні төңірегін жай барлап,
«Қашан?» деді маған қарап қайран қап.
… Келіп тұрсың түк білмеген болып сен,
Бәрі біткен кезде, міне, жайраңдап.
Мен сені жек көремін, көктем, – ­
дейді. Осы өлең шумақтары-ақ тірліктің баянсыздығын, бірге туған бауырға деген сағынышты, өзекті өртеген өкінішті білдіріп тұр емес пе?!. Мұндай бейнелілік, астарлы ой, кейіптеу ақын өлеңдерінің көпшілігіне, тіпті баршасына тән.
Не жазса да мың ойланып, жүз толғанып, мұрат тұтқан шығармасын сана сарабынан, көңіл сүзгісінен өткізіп барып қолына қалам алатын сарабдал ақын алғашқы «Біз Гагарин қаласынан­быз», «Бәрдәулет пен Жоламан» поэмаларынан соң «Сарыөзен», «Ғайша бибі» поэмаларын дүниеге әкелді. Алғашқы екі поэмасы да жыр жарыстарынан жүлде алғаны белгілі. Дегенмен соңғы екі поэма ақынның эпикалық кең ауқымын молынан танытқан, тынысы кең, тамыры терең, өресі биік, көтерген жүгі салмақты, өткен тарихтың ащы ақиқатын бүгінгінің керек тағылымдарымен берік сабақтастыра білген кесек дастандар, «Ғайша бибі» поэмасы өзінің композициялық және архитектоникалық құрылымы тұрғысынан да, көне күрмеулер мен жаңа сарындардың ұласа үндесулері тұрғысынан да шоқтығы биік шығарма. Бұл поэма – тек ақынның ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің зор табысы!
… Біз дағы сол халықтың біріміз деп,
Күпіндік мақтан тұтар іріні іздеп.
Кең жаһан –
кемел тарих соқпағы, әне,
Бір шалға тіреледі түбіміз кеп.

Аулақпыз атасы арзан болжамдардан,
Жұртында әр ғасырдың олжаң қалған.
Жамиғат,
Біздің тарих – алтын шынжыр,
Әр жерден жиі үзіліп,
көп жалғанған!..
Сөз арасында айта кеткен жөн, осы, поэманың соңында айтылатын «Біздің тарих – алтын шынжыр, әр жерден жиі үзіліп, көп жалғанған» тіркесі ақынның «Иіріп кеп соққаның жауың емес, маңайың. Қолыңдағы шоқпарың кімдікі, өзі ағайын!..», «Қаңғып келген шүрегей көлге пана болмайды», т.с.с. мәтелге айналып кеткен, сан тарау жыр жолдарының қатарында, қалың қатпарлы, «…оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы» (Қ.Мырзалиев) қарт тарихымызға қатысты көп қолданылады.
Ақын поэмалары жөніндегі пікірімізді Е.Раушановтың қаламдас серігі, белгілі ақын Байбота Серікбайұлы Қошым-Ноғайдың мына бір сөзімен жандандырғымыз келеді: «Ұлт­тық үрдіске қайтадан бетімізді бұрған оның таңғажайып дастандары көркемдігі және көтерген проблемалардың ауқымдылығы, мәңгілігі, көкейкестілігі жағынан әлем ақындарының алтын қорға лайық жыр жауһарларымен шоқтық таластырып, бір сапта тұр деп айта аламыз».
Бір ғажабы, арғы-бергі ақын-жыршы­лары­мызбен салыстырғанда Есенғали ақын өлеңді мүлде аз жазған ақын. Бар өлең-толғаулары, поэмаларымен қосқанда, толық екі томды әзер құрайды. Мұның өзі ақынның киелі поэзияға аса ұқыптылықпен, барынша жауапкершілікпен қарағанын білдіреді. Өзіне қатал талап қойып, әрбір өлең, шумақ, әрбір сөздің орнында тұрмағын қатаң қадағалайтын қапысыз суреткер ретінде аз болса да саз жазуды, әрбір шығарма санада әбден пісіп-толған соң, жазбауға мүмкін болмай қалған жағдайда ғана қолына қалам алуды қаламгерлік қағидаға айналдырғаны анық байқалады.
Аз жазған дегеннен шығады, сөз ләмінде айтылған «Қара бауыр қасқалдақ» кітабынан кейінгі жыр жинағы «Амал деген айыңыз…» арада біраз жыл өткенде ғана жария көрген екен. Бұл аралықтағы «Періштелер мен құстар», «Бозаңға біткен бозжусан» кітаптары негізінен сол бұрынғы, «Қасқалдақтағы» өлең-толғаулардан түзілген. Ал «Амал деген айыңыз…» жинағына соңғы жиырма жыл көлемінде мерзімді басылымдарда жарық көрген белгілі өлең-жырлары топтастырылған. Онда да туғанына 60 жыл толуына орай, ақынның жанашыр іні-қарындастарының құрастыруымен жарыққа шықты.
Өлең-жырды аз жазды дегенмен Е.Рау­шанов әдебиет­тің басқа барлық жанрларында еркін қалам тербеді. «Нұрдан жаралған» романынан бастап, «Көктем еді…», «Айғырға ода» хикаят­тарын, көркем, деректі әңгімелерін еске түсірейік. Драма саласында «Нұх пайғамбардың кемесі», «Капподокия ертегісі», «O, tempora! O, mores! немесе Цицеронның айыбы», «Құнанбай мен Абай» драмаларын жазды. Олардың бірқатары еліміздің театрларында сәтімен сахналанды. Осы тұрғыда аударма саласына да барып, Джузеппе Вердидің «Аида», Уильям Шекспирдің «Гамлет» драмаларына еркін аударма жасады. Таңсық тақырып: «Құстар – біздің досымыз»,«Жыл он екі ай» сериясымен жазған танымдық мақалалары – Есенғалидың қайталанбас қолтаңбасы.
Сатпаған құстар ғана,
Әсіресе, бозторғай ұшқан дара.
Менің ессіздіктерімді қайталауды
Тілемеймін дос түгіл, дұшпанға да.

… Бізде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрі өтпелі – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бір құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар, –
деп жырлаған ақынның өлең-толғау­ларындағы құстар тақырыбы бөлек әңгіме. Сол тұрғыда қанат­ты құс біткеннің терең табиғатын қара сөзбен пайымдаған «Құстар – біздің досымыз» кітабын «Қара бауыр қасқалдақ», «Періштелер мен құстар» ат­ты жыр кітаптарының заңды жалғасы. Бірнеше рет, тіпті жақын шетел тілдеріне аударылып басылған бұл танымдық, тағылымды кітап – кезінде бір ауыздан ұлт­тық мәдениетіміз бен әдебиетімізді байытқан құнды қазына, тың жаңалық деп бағаланғаны белгілі.
Сондай-ақ қазақ руханиятының, қазақ әдебиетінің ақсақалдары, аға буын өкілдерінің, сондай-ақ алыс-жақын шетел әдебиеті мен мәдениетінің классиктерінің өмірі мен шығармашылығына арналған естелік-эсселері де мерзімді басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Тәуелсіздікпен тыныс тартқан егемен еліміз өміріндегі жаңалыққа да сергек қарап, қоғам өміріндегі қордаланған мәселелерге өз көзқарасын батыл, ашық білдіріп отырды. Оған әр кезеңде жазылған «Ауылға кетсек пе, әлде эмиграцияға ма?», «Айтпаса сөздің атасы өледі…», «Мүйіздің Мырзашөлде сырқырауы», «Қазақ­станнан басқа Отан жоқ», «Керек емес кезде айтылған керек емес әңгіме», т.б. жазбалары дәлел. Осының бәріне ақынның жиырма жылдан астам уақыт еліміздегі байырғы баспалардың біріне Бас редактор болған бейнет­ті қызметін қосыңыз. Есенғали қай кезде де қоғам өмірінің қайнаған ортасында жүрді, қай кезде де қаламын суытқан жоқ. Үнемі әрекет, ізденіс, жазу үстінде болды. Ұлт жоқшысы, әлеуметшіл ақын ретінде бәрі-бәрін көңіл таразысынан өткізіп, жүрек күшімен жеріне жеткізе айт­ты, жазды, жырлады.
Ақынның бар жазған-сызғандарын мүмкіндігінше үзбей қадағалап, сүйсініп оқып жүретін жанкүйер ретінде, автордың өз жазғандарына салдыр-салақ қарайтынын, «жоғалтқаны көп» екенін жақсы білетін біз, Е.Раушанов шығармашылығын тыңғылықты зерт­теп, «Көркемдік өріс» ат­ты толымды монография жазып, жариялаған ғибрат­ты ғалым, ғылым докторы Жанат (Әскербекқызы) досымды араға салып, әр жылдарғы естелік-эсселерінің басын біріктіріп, кітап құрастыруға ниет білдірген едік. Есағаң бұл талабымызды қуана қабыл алды. Басталған баталы іске ақынның тағы бір рухани бауыры, сырлас-мұңдас інісі, Алаштың Айт-Ман ақыны Светқали Нұржан қосылып, бас-көз боп, еселеп екпін берді. Жинаққа ақынның бүкіл өмірі мен шығармашылығын көктей шолып, кеңінен талдаған тамаша алғысөз жазды. Жиналған, жүйеленген еңбекті Есағаңның өзі қарап шығып, бұрнағы бір жазбаларына болмашы өзгерістер енгізді. Құрастырушылар кітаптың атауына естеліктерінен алып екі ат ұсынған едік: «Жаздың жұпар жаңбыры», «Адалдықты аңсау». Автор алғашқысын таңдады.
Дегенмен бас-аяғы бүтінделіп, қат­талып-шот­талып тұрған кітаптың жарық көруі кешеуілдей берді. Ол екі ортада жер-жаһанды адамзат баласы бұрын-соңды көрмеген алапат эпидемия жайлап, от басы, ошақ басына қамалып қалдық. Ақырында короно тажал деп айдар тағылған жымысқы дерт көлденеңнен килігіп, есіл ер Есағаңды да арамыздан мезгілсіз алып кет­ті.
Ақынның қайғылы қазасынан соң «Жаздың жұпар жаңбыры» қауырт қолға алынып, азамат­тардың демеушілігімен құдайы қырқына дейін кітап боп шықты. Жүйеленуі, түзілуі, пішімі, қат­талуына дейін айрықша, әсем безендірілген жинақ бірден көпшіліктің көңілін баурады. «Қанша жыл баспа директоры болып жүріп, өзі де бір кітабын мұндай сапалы, ұсынықты етіп шығара алған емес», – деп Светқали аға айтқандай, барша қауым жылы ықыласпен қабылдады.
Одан соң ақынның жүз күндігіне орай Е.Раушановтың өмірі мен шығармашылығы жайлы әр жылдары жазылған рецензиялар, мақалалар, өлең-толғау­лар, сондай-ақ ақын дүниеден озған кезде мерзімді басылымдарда, әлеумет­тік желілерде көптеп жарық көрген қазанама, қоштасу сөз, аза жырлар топтастырылған «Есенғали» ат­ты кітап құрастырып, бастырып шығардық. Аталған екі кітап та бұл күндері сұранысқа ие, көпшілік қолды дүниелер.
Мен өзім ақынды жүзбе жүз екі-ақ рет көрген екенмін. Алғашында, Қарағанды мемлекет­тік университетінің үшінші курсында оқып жүрген кезіміз. Елімізде Қырғызстан әдебиетінің онкүндігі өт­ті. Бауырлас ақын-жазушылар жер-жерлерге шығып, оқырмандармен кездесулер көптеп ұйымдастырылды. Құрамында атақты «Сынған қылыш» романының авторы Төлеген Қасымбеков, қазаққа күйеу болып келетін ақын Сооронбай Жусуев, тағы басқалар бар делегация­ны Қарағанды облысына сол кездегі Қазақ­стан Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбіш Кекілбаев бастап келді. Жанында Есенғали Раушанов бар. Есағаң Қарағанды университетіндегі кездесуде «Бақыт құшағында» өлеңін, ертеңінде «Ой өрісі» кітап дүкенінде өткен кездесу­де «қырғыздар үшін Шыңғыс Айтматов қандай қадірлі болса, қазақтар үшін Олжас Сүлейменов те сондай құрмет­ті» деп алып, «Мен сол кезде-ақ ит­терді жек көргемін» деп басталатын өлеңін оқыды. Ақын-жазушылардың қолтаңба беру сәтінде жанына жақындап, алақандай «Бастау» кітабын ұсындым. Кімге жазу керегін сұрағанда кідіріп, күмілжіп барып, бір бойжеткеннің атын атаған едім, мұрнының астынан жылы жымиды да: «Ә, қу бала, сырың белгілі болды!» – деп, келістіріп қолтаңба жазып берді.
Екінші рет ХХІ ғасырдың бас шамасында, дәлірек айтқанда 2003 жылы Қарағанды «Болашақ» институтында қызмет етіп жүріп, Алматы қаласында, «Атакент-Экспо» көрме орталығында өткен бір халықаралық кітап көрмесіне бара қалдық. Бір қарасам, есік алдында Есенғали аға ақын досы Байбота Қошым-Ноғаймен әңгімелесіп тұр! Жүгіріп барып сәлем беріп, өз кітабы жоқ, әлгінде ғана сатып алған Ж.Жұматаевтың «Ләйлә» кітабына қолтаңба жазып беруін өтіндім. Бұл жолы да өз атыма емес, балама жаздырдым. «Жарасқан балама! Жарасқан ақындай мықты бол, ең бастысы – аман бол!» деп жазылған кітапты ақын қолының табы бар қымбат жәдігер ретінде әлі күнге аялап ұстап келемін.
Ақынның Тәкен Әлімқұлов, Сырбай Мәуленов, Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Тоқаш Бердияров, Тұманбай Молдағалиев, т.б сынды айдынды ақын-жазушы ағалары, тұрғыластары жайындағы жазбалары ішінде, Мұратберген, Көркембай, Қанағат, Мұхи, Төребек сияқты алды аңызға, фольклорға айналып кеткен әдеби геройларының санатында қиямет­тік досы, ақын Аманхан Әлім образының жөні де, жосығы да бөлек («Н.Рубцов болам дейді Аманхан, сонда біздің Тоқашымыз кім болмақ?!.», «Таң атса екен тезірек, Аманханды тауып алсам сәріден. О байғұс та дәл өзімдей мезі боп, қажып жүр-ау бәрінен», т.с.с.).
Алдыңғы жылы досы мезгілсіз қайтыс болғанда: «Абай айтады: «Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда. Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда. Мұнан менің қай жерім аяулы деп. Бірге тұрып қалады кім майданда?» – деді. Қай майданға да бірге баруға тұратын жігіт еді… Абайдың әлгі шумағындағы бірінші тармақтың салмағы ерек боп тұр, әсіресе, соңғы жиырма, отыз жыл бойында. Қазақтың ахлақ әдебі, иман ұяты өзгерді. Үстем таптың сіз бен бізді жетелеп әкеп жеткізген жері – осы боп тұр. Қаншалықты ұсақталып, қаншалықты қор болып, қаншалықты лас, жиркенішті жылдарды бастан кешіргенімізді біз сатқын емес достар кеткенде ғана анық сезінеміз», – деп жазған еді. Досының асқақ рухын арулаған өлеңдерінің бірінде:
Көнбестен кермесіне ол кет­ті ортаның,
Барған күн дара шығып көптен қалың,
«Сен неге әділетсізсің?» – деп Құдайды
Жағадан алды-ау бірден деп қорқамын.

О дүние бір ғажап үй алып та асқақ,
Қайран дос жырмен жұрт­ты
жарып бастап,
Жоқ, әлде отыр ма екен басын ұстап,
Жұмақтың терезесін шағып тастап.

Бұл дүние жардан секір, ордан ат­та,
Ол неге жалғыз отыр тор қамақта?!
Сол жаққа кетсем бе екен,
жетсем бе екен,
Досыма ара түсіп қорғамаққа, –
деген жолдар бар екен… Аузына құдай салды ма, арада жыл өткенде досының артынан өзі де қайтпас сапарға ат­танды. Бұл күндері, шынында да, екі шаһбаз шайыр бастары қосылып ап, жәйін жұмақты жырмен баурап, сөзбен баулап жүрген шығар-ау!..
Ия, есенғалитану енді басталып жатыр. Біз, Светқали аға бас болып, Жанат үшеуіміз ақын шығармаларының толық жинағын құрастырып қойдық. Әуеліде жеті томға жоспарланған кітаптар көлемі сегіз томға шығып кет­ті. Ақындарын әулиеден ардақтаған Алаш жұрты, оның алдияр азамат­тары аман тұрса, ол кітаптар шоғыры оқырман олжасына айналатын сәт те алыс емес деп білеміз. Есенғалитанудың алғашқы қадамы, негізгі іргетасы осы томдықтар болар, бәлкім.
Адамдық бекзат­тық пен ақындық шеберліктің шын үлгісіндей ғұмыр кешкен ақ қанат ақынның өнегелі өмірі мен сан қырлы шығармашылығына арналған толымды ой-толғамдар, тұғырлы зерт­теулер бұрын қаншалықты көп болса, алдағы уақыт­та одан да мол боларына сеніміміз кәміл. Өйткені, оның шығармашылығы аспандай зеңгір, Алатаудай асқақ, теңіздей түпсіз иіріміне тарта беретін құдірет! Ол бізге енді өзі көп айтатын аспан жақтан жиі көрініп, тым биіктен тіл қатып жүретін болады. Оның жұлдызы саф алтындай, саумал самаладай жақұт жырларының тылсымына, тереңіне үңілгендердің саны көбейген сайын жарқырай түсетін болады.

Жомарт ОСПАН,
Қазақ­стан Журналистер
одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір